Болат ханның үш жүздің басын қосуы

Жоңғар шапқыншылығы

Жоңғар-қазақ соғыстары (Отан соғысы деп те аталады) – Қазақ хандығы құрылған кезден бастап, 18 ғасырдың 50-жылдарына дейін оның аумағына ойраттардың бірде өршелене, бірде беті қайта жасаған шапқыншылықтары. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атаған. 15 ғасырдың 50-жылдары ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы өздерімен іргелес жатқан қазақ даласына шабуыл ұйымдастырады. Дешті Қыпшаққа баса-көктеп кіріп, Ақ Орданы ойрандады. Сыр бойына жетіп, қазақ ұлыстарын оңтүстік-шығысқа қарай ығыстырып, Түркістанды, Ташкентті басып алды. 15 ғасырдың 70-жылдары ойраттар шабуылдары жиілей түсті. Қазақ ханы Тайыр ойраттардың жолына кедергі жасау мақсатында Жетісуда ірі Жатан бекінісін салдырды. 16 ғасырдың екінші жартысында Ақназар хан тұсында қазақ әскері ойраттарға қарсы тойтарыс беріп, үлкен жеңістерге қол жеткізді. Тәуекел хан билік еткен тұста да қазақ жасақтары жау әскеріне қарсы күйрете соққы берген. Ойраттар Сырдария бойындағы сауда орталықтарын басып алғысы келді. Бұлай жорамалдауға ағылшын көпесі әрі саяхатшысы Дженкинсонның келтірген мәліметтері негіз бола алады. Ол 1557 жылы Орта Азиядан Қытайға өтпекші болғанда, оған қазақтар мен ойраттардың Ташкент қаласы үшін жүргізген соғысы кедергі жасаған.

Ойрат-қытай соғыстары

1690 – 97 жылдары ойрат-қытай соғыстары Жоңғар хандығы әскерлерінің бір бөлігінің оңтүстік майданға кетуіне мәжбүр етіп, олардың қазақ жеріне шабуылдарының қарқынын біршама бәсеңдетті. Осыны пайдаланып Тәуке хан 1698 жылы ойраттарға да, Еділ қалмақтарына да күйрете соққы берді. Жоңғарлардың жаңа шабуылының басталуы 17 ғасырдың 80-жылдарында Тәуке жоңғарлардың қолында қалған баласын қайтаруды талап етті. Баласымен бірге еріп келген 500-ге жуық жоңғар жауынгерлері Тәуке ханның шешімімен өлтірілгеннен кейін қазақ-жоңғар қатынасы одан әрі шиеленісе түсті. 1708 жылы жоңғарлардың жаңа шабуылы басталды. Бұл шапқыншылық Қазақ хандығының оңтүстік аудандарына айтарлықтай нұқсан келтірді. 1710 – 11 жылдары Жоңғар шапқыншылығы қазақтар мен оларға одақтас қарақалпақтарды Ташкентке қарай ығысуға мәжбүр етті.

Ш жүздің бірігуі

1710 жылы Үш жүздің басын қосқан Қарақұм жиынында жауға қарсы күш біріктіріп тойтарыс беру жөнінде шешім қабылданды. Бөгембай батыр біріккен жасақтың қолбасшысы болып бекітілді. 1711 – 12 жылдары 50 мың адамдық Қазақ хандығының әскері Жоңғар хандығына басып кірді. Бұл қыста болған жорықты ойраттар күтпеген болатын. 1713 жылы ойраттардың 3000 адамы бар әскер күшінің қарсы шабуылы жеңіліске ұшырады. 1715 – 23 жылдары ойраттардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатыр еді. 1722 жылы Цин императоры Кансидің өлімінен соң Севан Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына бағыштады. Кенеттен жасалған шабуылды күтпеген қазақ қолы соғысқа дайын емес болатын. Әскер күшін біріктіріп үлгермеген қазақ хандары елдің орталық аудандарына шегінуге мәжбүр болды. 1723 жылы Севан Рабданның 100 000 адамдық жасағын бастаған оның балалары Қалдан Серен мен Шоно қазақ ауылдарына басып кіріп, ойран салды. Мұндай қанды жорықтар 1723 – 27 жылдары аралығында тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл тарихта “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” деген атпен қалған ел басына күн туған ауыр кезең еді. Тек 1726 жылы Қазақ хандығының хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Күлтөбеде бас қосып, ойраттарға қарсы күресті қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Қазақ халқының үш жүзінің әскери күшін топтастыруда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер үлкен рөл атқарды. Бұланты – Білеуті өзендері аралығындағы жазықта болған жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ жасақтары жау әскеріне күйрете соққы берді (қ. Бұланты – Білеуті шайқасы). 65 000 қазақ қолы шамамен 40 мыңдық ойрат әскерлерін талқандап, ірі жеңіске қол жеткізді. Қазақ жасақтары құрамында қырғыздар, қарақалпақтар да ерлікпен шайқасты. Сыр бойына жеткен ойраттар қарақалпақ ауылдарын да шапқыншылыққа ұшыратып, осының салдарынан қарақалпақтар төменгі және жоғарғы болып екіге бөлінді

Болат ханның үш жүздің басын қосуы

1726 жылы Жоңғар шапқыншылығы қазақтар мен оған көршілес жатқан Орта Азия халықтарының шаруаларына ауыр зардаптарын тигізді. 1726 жылы Болат хан үш жүздің хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері мен батырларының, сұлтандарының басын қосып, Ордабасыда өткен жиында Әбілқайыр хан бас қолбасшылыққа тағайындалып, жауға қарсы жаңа стратегиялық шабуыл ұйымдастыру келісілді.

Аңырақай шайқасы

1728 жылдан бастап жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресте түбірлі бетбұрыс жасаған Итішпес көлінің маңындағы ауыр шайқасқа даярлана бастады. Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 ж. бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Аңырақай аталатын да осы өңір. Бұл шайқаста (40—45 күн) қазақтар ірі жеңіске жеткен. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр хан жүзеге асырды. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, қаракерей Қабанбай, Кіші жүзді тама Есет, шекті Тайлақ т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Шайқасқа болашақ қолбасшы шапырашты Наурызбай да қатысқан. Бұл шайқаста көптеген батырлар жекпе-жекке шықты. Бұл соғыста көптеген атақты батырлар қаза тапты. Соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай жөңкіле қашты. Қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмады. Оған шайқастың соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді. Көпшілік Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолы Сәмеке хан соңынан солтүстікке бет алды. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Халқымыз үшін Аңырақай шайқасының маңызы орыстардың Бородино даласындағы, Еуропаның біріккен қолының Ватерлоо, КСРО халықтарының Ұлы Отан соғысындағы Сталинград түбіндегі жеңістерімен бірдей.

Абылай хан

1738 – 41 жылдары қолбасшы Сары Манжаның 30 мыңдық әскерінің шабуылы – ойраттардың қазақ жеріне жасаған соңғы ірі шапқыншылықтарының бірі. 1745 жылы Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейінгі Жоңғариядағы билік үшін өзара тартыс олардың саяси жағдайын әлсіретіп жіберді. Осыны пайдаланған Абылай хан басқарған қазақ әскерлері жоңғарларға шешуші соққылар беріп, Жетісу мен Шығыс Қазақстанды қайтарып алды. 1755 – 58 жылы жоңғарлар Цин әскерлерінің шабуылынан кейін тас-талқан етіліп, дербес ел ретінде өмір сүруін тоқтатты. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін 1757 – 58 жылы Қазақ хандығы өзінің жаңа көршісі Цин империясы әскерлерімен соғыс жағдайында болып, кейіннен бітімге келді. Қытайлар Жоңғарияны толық жаулап алды, ал қазақтар өздерінің ежелгі ата мекені Жетісу, Тарбағатай, Алтай өңірлерін иеленіп, шығыстағы шекарасын бекітті. Кейіннен 1771 жылы батыста бөлініп қалған қалмақтар да Еділ – Жайық арасындағы қоныстарын тастап, қазақ жері арқылы Жоңғарияға ауды (қ. Шаңды жорық). Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Сәмеке, Жолбарыс, Болат, Әбілмәмбет, Әбілқайыр сынды хандар қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған тарихи тұлғалар ретінде ел жадында қалды. Көрнекті мемлекет қайраткері, есімі жауынгерлік ұранға айналған, даңқты қолбасшы, дарынды дипломат Абылай хан бастаған еркіндік пен ерлік рухы биік, соғыс даласында тегеуріні мықты Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Наурызбай, Саурық, Бөлек, Малайсары, Шоқантай, Жауғаш, Сәмен, Өтеген, Райымбек, Қарасай, т.б. батырлардың өшпес ерлігі тәуелсіздікті аңсаған қазақ халқының тұтастығын, бірлігін сақтап қала алатындығын дәлелдеді.

Наши рекомендации