Астарсыз орама материалдар
Астарсыз орама материалдар түрлі байланыстырғыш заттар – резинабитумды, резина-қара майлы, битумды-полимерлі, гудракомды байланыстырғыштыр негізінде өндіріледі. Құрылыста изол, бризол, кармизол, гидробутил, армогидробутил т.б. сияқты астарсыз орама материалдар кең қолданылады.
Бұл материалдар үлкен пластикалық деформацияға қабілетті, үзілмейді және оқшауланған конструкцияларда айтарлықтай деформация болғанның өзінде оқшауланған беттен бөлектенбейді. Жер үсті мен жер асты құрылыс жұмыстарында оларды кеңінен қолданады. Астарсыз материалдың ішінде көбірек қолданылатыны изол мен бризол.
Изол дегеніміз битумды-резиналы байланыстырғышты (вулканизацияланған резина мен мұнай битумын термиялық және механикалық өңдеу арқылы алынатын) асбест, пластификатор және антисептиктің араласпасын каландрларда қысып жаншу арқылы алынатын гидроизоляциялық және шатырлы шиыршық орама материал. Изолдың екі маркасы өндіріледі: М-БД (полимерлі қосындысыз) және М-ПД (полимерлі қосындымен) шиыршық орама, қалыңдығы 2 мм және ауданы 10 және 15 м2. Қабырғалардың жермен жанасатын қырларын, жерасты құрылыстарын, іргетастарды, құбыр өткізгіштерді коррозиядан сақтау, екі-үш қабатты көлбеу және тегіс шатырларды желімдеп оқшаулау үшін пайдаланады. Аталған материалда көтеріңкі деформациялық қабілеттілік, суөткізбеушілік, биологиялық тұрақтылық, икемділік қасиеттері бар. Бұл қасиеттері оны 350С-дан + 1500С-ға дейінгі температура аралығында қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шиыршық орама изолды желімдеу үшін изол деген мастиканы да өндіреді.
Изолды өндіру үшін резинабитумның құрамы: девулканизацияланған резина – 25...30%, БНД40/60 маркалы мұнай битумы – 20...25%, БН90/10 маркалы тұтқырлығы және жұмсару температурасы жоғары битум – 28...30%, толықтырғыш – 25...30%, креозот майы – 1...5%. Толықтырғыш ретінде изолда әктас, бор, тальк, асбестің ұнтақтары қолданылады.
Техникалық қасиеттері бойынша изолдың картон негізіндегі астарлы материалдардан басты ерекшелігі, изолдың тығыздығы жоғары болғандықтан сусіңіргіштігі төмен, соған сәйкес аязға төзімділігі жоғары болады. Изолдың тәуліктік сусіңіргіштігі 1% аспауы тиіс. Ылғал тек материалдың жоғарғы қабатымен сіңіріледі және оның әрі қарай диффузиялануы төмен болады.
Бризолды мұнай битумынан, майдаланған резина (тозған дөңгелектер), 7-сортты асбест және пластификатордан тұратын араласпаны жаншып араластырып, содан соң қаландрлау арқылы дайындайды. Бризолдың екі маркасын өндіреді: Бр-С орташа беріктіктегі бризол (созылуға берік бризол) созылғандағы беріктігі 1,5 МПа төмен болмайды.
Бризол өте тиімді, төзімділігі жоғары материал. Оны жерасты болат құбыр өткізгіштерді агрессиялы жер суларынан, сондай-ақ жерасты құрылыстарын судан оқшаулау үшін пайдаланады.
Бризолдың тәулік бойына сіңіретін суы гидроизолға қарағанда әлдеқайда аз, ал созылғандағы беріктік шегі гидроизолдан 1,5 есе жоғары болады. Бризол 1400С температура шамасында жұмсарады. Бризолдың негізгі кемшілігі, ішіндегі резинаның пайдалану кезінде құрылымын өзгертуі себебінен үлкен шөгінді деформацияның болу мүмкіндігінде.
Битумды полимерлі материал ГМП дегеніміз жоғарғы маркалы битум, полиизобутилен, фенолформальдегидті шайыр (№171) және тозаң талшықты толтырғыштар (тальк, асбест) араласпасын жаншып араластырып, қаландр арқылы өңделген астарсыз гидроизоляциялық материал. Бұл материал иілгіш және биологиялық, химиялық тұрақты, су өткізбейді, ұзақ уақыт жұмыс істеу барысында қасиеттері өзгермейді. Тоннель, бөгет, сондай-ақ тегіс шатырларды жабу мен металды құбыр өткізгіштерді бұзылуға қарсы жол бермей бүркемелеу үшін қолданады. Оның ГМП-8, ГМП-10, ГИП-12 деген маркалары өндіріледі.
Шынырубероид. Шыныталшық пен битум негізінде дайындалады. Қасиеттері жағынан бұндай рубероидтар құрылыста қолданылатын басқа рубероидтардан асып түседі.
Фольгаизол – екі қабатты шиыршықты материал. Төменгі қабаты битум сіңірілген шынылы талшықтан тұрады, ал жоғары қабаты фольгадан жасалған. Суға төзімді материал.
Шыныизол – суға төзімді шатырлық материал. Резиналы – битумды жабылымы бар түрде дайындалады.
Жылуизол. Ол құрамында қуыстандырғыш қоспасы бар (порофор) БН – IV немесе БН – V маркалы мұнай битумы мен ескі резина негізінде дайындалады. Ұзақ тұратын және қуысты материал. Оның жұмсақ (Ж) және қатты (Қ) түрлері болуы мүмкін. Жапсармаларды толтыруда саңылаусыздандыратын және жылу оқшаулағыш материал ретінде қолданылады.
Шыныбитум – шірімейтін, суға төзімді шиыршықты материал. Шынылы талшық пен битум негізінде алынады.
Полимерлі жабылым. Полимерлі ұнтақ бұйым қырына жанған газдың жәрдемімен тозаңданып жағылады. Бұндай жағдайда шайыр немесе эмальды ұнтақ жоғары қысымдағы ауаның әсерінен балқиды және бұйымның беткі қырында біркелкі жұқа полимерлі қабат түзеді.
Суспензиялы жабылым. Фторопластың полимерлі суспензиясын (эмульсиясын) бұйым бетіне төсейді, содан соң бұйым 260-270 оС-қа дейін полимерлерді балқыту үшін қыздырылады.
Шыныпластиктерді тозаңдату. Бұйымның бетіне жоғары қысымдағы ауаның көмегімен, полимерлі шайырмен араластырылған ұсақ шынылы талшық тозаңдатылады. Тозуға төзімді бүркеме кәдімгі бөлме температурасында бұйымның бетінде қатады.
Резиналы жабылым өзгелерден майысқақтығымен, жақсы диэлектрик қасиеттерімен, агрессиялы ортаға тұрақтылығымен, су және газөткізбеуімен ерекшеленеді.
Қабықшалы жабылым. Металды бұйымдар полиэтиленді, поливинилхлоридті және полиамидті қабықшалармен жабылады. Ол үшін металды қыздырып, полимерлік қабықшалармен бүркемелейді. Қабыршық балқып, металға жабысады. Полимерлік қабықшаларды бұйымның беттеріне желімдеуге болады.