Жұп.Қалижан Білдәшев(Шымкент) пен Болатбек Оразбаевтың(Алматы) айтысы

Қалижан Білдәшев:

-Құдайым сөз салмасын тілге дәмсіз,

Бұл өмір бірде мәнді,бірде мәнсіз.

«Тәуекел» деп тас жұтып топқа кірдік,

Көрсін ел кімдер мықты,кімдер әлсіз.

Алатаудың бауырында айтыс болса,

Жүйрікке берілетін жүлде даусыз.

Алматы,алты құрлықтың ажарысын,

Салған сурет секілді қыл қаламсыз.

Қонаев қорған қылып кеткен сені,

«Болмас»-деп«мінбе хансыз,ірге жаусыз».

Талай қан төгістердің куәсі едің,

Өмір,өмір бола ма шырғалаңсыз?!

Азаттықтың тойына келдік бүгін,

Жалғанда өмір сүрген кімдер әлсіз.

Барына шүкір айтқан ел аман ба?

Адамзат бірде малды,бірді малсыз.

Шым қаланың шашуын ала келдім,

Мерекеңде қалмайтын мүлде қамсыз.

Саған деген ықыласы Оңтүстіктің

Табиғаты сөйлейді-ау тілге жансыз.

Ақ басты Алатауға сәлем айтты

Қаратау бірде қарлы,бірді қарсыз.

-Шежірелі қарттары

Шешендей сөзі тақталы.

Батырлар өткен бұл мекен,

Алашқа ұран аттары.

Қарасай менен Райымбек

Бүкіл қазақтың мақтаны.

Сұраншы,Саурық аттанса

Дұшпанын илеп таптады.

Жәмеңке,Ұзақ кезінде

Басыңнан кімдер аттады.

Ақындар өткен бұл мекен,

Ұрпаққа қалған хаттары.

Мұқағалидың жырларын

Алты Алаш түгел жаттады.

Кешегі Соқпақбаевтың

«Менің атым Қожасы»

Москвада отырған

Қожаларға жақпады.

Тереңде жатқан қаласын

Тарихыңның қатпары.

Сексен алтының қысы еді

Жаныңа қатты батқаны.

Төгілген қызыл қаныңның

Қар үстінде қатқаны.

Қызғалдақ гүлің үзіліп

Мұз үстінде жатқаны.

Ол күндер өтті басыңнан,

Азап та сонымен тоқтады.

Қайрат,Ләззат,Ерболдар

Үмітіңді ақтады.

Жаратқан ием қазақты

Кесір заманнан сақтады.

Болмасын енді елімде

Қазақты қазақ атқаны,

Қазақты қазақ сатқаны.

Арайлай берсін мәңгілік

Азаттығыңның ақ таңы.

-Жырындай балқып азардың,

Қаратаудан келгенде

Алатауды көргенде

Аршынға құлаш сермеуге

Қанатымды жазармын.

Болатбегім,келдің бе?

Тәңіртауда ер жетіп,

Тау суымен тазардың.

Ары тартсаң құдаңмын,

Бері тартсаң бажаңмын.

Бажаң болып сөйлесем,

Басыңды бүгін жазармын.

Құдаң болып сөйлесем,

Сен ауылынан келдін Ораздың,

Мен ауылынан келдім Ажардың.

Ғұмыры ерте қиылды,

Құрығы ұзын ажалдың.

Аңырап қалды ел-жұртым

Зарындай Базар,Назардың.

Біз бақытты жандармыз

Дауысын естіп азанның,

Сыртында жүрген базардың.

Ал,«айтысамын»-деп келсеңіз,

Киесі бол қазақтың,

Күйесі болмай қазанның.

Ақылға көнбей сөйлесең

Тақымға салып тажармын.

Кезегіңді бір берейін,

Керілуің көп болса,

Берілуі оңай жазаңның.

Қытығыма тисеңіз,

Қытырлатып шайнаймын,

Қуанбасаң ондайға

Қашуы қиын мазамның.

Қателессең,Болатбек,

Қарымға түсуі оңай ғой

Қармаққа түскен сазанның.

Болатбек Оразбаев:

-Төзімің болса темірдей

Балқытам от бо(лы)п көмірдей.

Қалижан,найза тіліңді

Егеп-ақ ке(лі)псің ерінбей.

Қатпарланып маңдайың

Қатпақ сауған желіндей.

Айқайлайсың несіне

Ай толғақ қысқан келіндей.

Мен ауылынан келдім Ораздың

Қасқырға үйір бермейтін

Қасқа айғырдың төліндей.

Сен ауылынан келсен Ажардың

Тар сүйек құдам едің ғой.

Біріккен елміз бағзыдан

Бүйрегіндей сиырдың

Бөлшектеніп,бөлінбей.

Жақын тартып отырсам,

Жансақ қылып көрсетіп

Жабыса кеттін желімдей.

Айналайын,Қалижан,

Өкпелетіп төкпеңді

Өзің ке(лі)п бастын кетпенді.

Құдам болсаң егерде,

Әлім жібек көк жаға

Йығыңа жабам шекпенді.

Азаттық жолды түсінсен

Астарлатып-ақ жеткізіп

Ішіне симай кеткенді.

«Шауып алам(ын)»-деп шамданбай

Тісін қақпай бастартып

Түсіндірер едің өкпеңді.

Жауластыруға келдің бе,

Елдестіруге келдің бе

Түбінде жекжат текті елді.

«Тақымға салып тартам(ын)»-деп,

Қалижаным кектенді.

«Қытырлатып жұтам(ын)»-деп,

Әдептен досым шектелді.

Өрекпімей,бауырым,

Бір қарап өтші өткенді,

Өтіп е(ді)к қанша өткелді?!

Өз өзіне жау қылған

Жаттан емес жақыннан

Данышпан Ұлы Абай да

Дырау қамшы жек көрді.

Қара ниетті туыстан

Қаракесек Мәди де

Қара жерге еніп жоқ болды.

Шәкәрім де шерленіп

Шыңырауда азап шеккенді.

Өзтүріктің баласын

Өзегінен тепкенді.

Сұқ саусақты шошайтып

Сұмға жығып бергенбіз

Бес арыстай бектерді.

Махамбеттің әз басын

Ықылас оңай бөктірді.

Қозғап қайтем өткенді

Тәуелсіздік алғалы

Қазағым талай көшке ерді.

Қасірет қалмай қанымнан

Қанша қазақ босқа өлді?!

Алтын мен Заман адыра қап

Қолынан қарақшылардың

Қос шырағың өшкенді.

Жеті ай бойы жылатып

Құлдай тілген өкшемді

Жаңаөзенді кім ескерді?!

Ал,бүгінгі күнді қарасаң,

Тұңғышыңа арыстан

Айбаттанып сескенді.

Осыларды түсінсен

Білер едің,бауырым,не істеуді?

Алтын үшін айтыссаң

Достығыңнан жоқ еш белгі.

Ар көрмесен,егерде,

Өз қолыңды өзін кескенді.

Көрсете бер,Қалижан,

Көкейіңді тескенді.

Басқадан несін аяйын

Бөрі тартқан бөксемді.

-Бәсіне түсіп бәйгеңнің,

Бес қаруымды сай қылдым.

Алты Алашым,армысың,

Артыңа тастап өткердін

Қаншасын ауыр ай,күннің.

Мың жасаған Алматым,

Талайларға тұрақ боп,

Тарихқа тамыр жайдырдың.

Саған кімдер келмеді?!

Есігіңнен енгеннің

Екі езуін май қылдың.

Таяқ ұстап келгенді

Табағы алтын бай қылдың.

Қолтаңбасы сен едің

Қонаевтай жайлы ұлдың.

Кері заман оны да түртпектеп,

Түбі толқып айдынның,

Тұнығын былғап лай қылдың.

«Елім»-деген атаң жілікті,

Ешкі асығымен сай қылдың.

Сексен алтының тұсында,

Қарлы боран қысында,

Қан түкіріп қайғырдың.

Қайрат пенен Ерболдай

Қос қанатыңнан айырылдың.

«Қазағым»-деп шарқ ұрған

Қарлығаштардан айырылдың.

Көлдей төгіп қаныңды

Колбинді тақтан тайдырдың.

Тоқсан бірдің таңында

Тәуелсіздік боп жанғырдың.

Ақ киізде көтеріп

Азаматыңды хан қылдың.

Тәй-тәй басып кеткенше

Талқанды да нан қылдың.

Өзегіңде өртендің

Өмір дейтін тандрдың.

Жомарттығың да бір бөлек,

Күйеу балаңа тізгін ұстатып

Байлыққа мұртын малдырдың.

Алматым,сенің әлі де

Ақсап тұрған жерің көп,

Айтпай кеткенді ар қылдым.

Бес балалы ананы

Бір пәтерге зар қылдың.

Жаутаңдатып жанарды

Жетім бұрышта қанғырдың.

Құрық ұстайтын ұлдарың

Қызтеке болып құтырып

Маңдайыңды жарға ұрдың.

Жамандағаным емес бұл

Жайлы төсек жазбайды

Асқынғанын аурудың.

«Түзетсін»-деп айтамын

«Алтын сырға алып құлағына

Бауыржан Байбек бауырымның».

Әйтпесе,маған ыстықсын

Қайран да менің Алматым

Талмысын көрген тағдырдың.

-Ал,енді қолдап бір Аллам,

Бәледен сақта мың алуан.

Суыртпақтап сыр тартып

Сөз шығарайын құдамнан.

Қаратаулық Қалижан

Алатауға көшіп келіпсің

Қаңбақтай буып бұл жалған.

Ер азығы ежелден

Жолда жүріп құралған.

«Сен көшіп келді»-дегенде

Көтеріліп көңілім қуанғам.

Өйткені,мынау Алматы

Талайды төрге шығарған.

Шәмшідей атаң жүрген жер

Мұқағалимен мүңдасып

Сейіліп көңілі тұманнан.

Ағатығың бар,бірақ та,

Аулақпын сені сынаудан.

Салт атты сабау қамшыны

Жалғыз көшіп келіпсің

Бұл қылығыңды құп алман.

Атадан жалғыз ұл едің,

Асқар шыңда көктеген

Аумайтын аппақ шынардан.

«Баладан рахат көрсем»-деп,

Булығып іште ұлы арман.

Сен кеткенде,Қалижан,

Қамыққан шығар қарт әкең,

Сақал-шашы қуарған.

Айдай жарың да Шымкентте

Айна алдында сыланған.

Жарыңды ертпей келген соң,

Жең-жағаңды кір алған.

Бала-шағаң да сол жақта

Бөлтіріктерінен алыстап

Кетпеуші еді ғой шын арлан.

Мал өседі сылаудан,

Қар өседі қылаудан,

Бермедің неге бұған мән.

Бұлай етсең бауырым,

Құның артық болмайды

Хақтан жеген құланнан.

Ал,сөйлеші,құрдасым,

Арылтып мені күмәннан.

Қарымтаң болса қамданғын,

Қандай қауқар шығады

Қамшы тиген жыланнан?!

Қалижан Білдәшев:

-Шыңнан биік жер бар ма

Тауда ойнаған құлжаға?!

Төрден биік жер бар ма

Төрелік айтар мырзаға?!

Жауап күтіп отырсаң

Құлағыңды түр,бала.

Атам менен анамның

Ақ батасын алғанмын,

«Тастап кеттін»-деп-«екеуін»

Бетімнен бетер тырнама.

Жағдайын ойлап бөбектің

Бөлтіріктерімді сөз еттін,

Ұрпақсыз өмір мұң ғана.

«Тастап кеттің»-деп айтпа,

Атасына алданыш

Болып қалды бір бала.

Әжесіне алданыш

Болып қалды бір бала.

Жарығы болған әлемнің

Жайын айтасын әйелдің

«Болып жүр-ау»-деп-«кір жаға».

«Тастап кеттің»-деп айтпа

Батыра берме шынтақты

Күтіп жүргенді ұрпақты

Қайдан білсін бұл бала.

Дұшпаның емес,Болатбек,

Құдаң келіп отыр ғой

Көзіңді ашып бір қара.

Мен келмесем де білемін,

Кенде емессіңдер тұлғаға.

Бұйырған дәмін іздейді

Құдайына адал құл ғана.

Бір Қалижанды сыйдырар

Біразы сыйған бұл қала.

Отыз жыл бұрын осыдан

«Айналмаймыз»-деп-«құрбанға».

Жазықсыз жүрген жастарым

Шалынған кезде құрбанға.

Жас демей,кәрі деместен,

Абақтыға апарып қырғанда.

Ардақты ана тіліміз

Аяқтан ақсап тұрғанда.

Араша болып Шымкенттен

Шаханов келген бұл қала.

Бір кезде соқыр саясат

Халқымызға да қас қылды,

Салтымызға да қас қылды,

Наурызыңды да тойлатпай

Кеудемізден бастырды,

Сондай қиын заманда

Тыңдамай хан мен тақсырды

Алып қалуға салт дәстүрді

Жәнібеков келген бұл қала.

Байға да әнін салдырған,

Кедейге де әнін салдырған,

Баспана болмай басында

Көшеде қалып қаңғырған,

Сөйтіп жүрсе де қазақтың

Әнұранын қалдырған,

Қалдаяқов келген бұл қала.

Мені де қарсы ал.Болатбек,

Күмәніңді сейілтіп,

Көңіліңді босқа былғама.

Сізге де жетер бұл қала,

Бізге де жетер бұл қала,

Ағам келгенде қуанып,

Маған келгенде бұлдама.

-Қарсыласым бүгінгі,

Хан Тәңірдің ұлы екен.

Алматы деген әлемде

Мего Полистің бірі екен.

Мұқандар өткен мұңданып,

Жырларын жастап Жұмекен.

Алатауда не жаңалық?

Бауырында айқай шу екен.

Мен келмесем,Болатбек,

Біраз жағдайың мұң екен.

Төрт қу басына қасқайып

Төрт гей клуб тұр екен.

«Тарзан келді»-деп-«мойныма»

Асылған арзан қыздардың

Бойын билеген жын екен.

Өткенде бір Сауда үйі

Сенбеп едім,шын екен.

Киімсіз келген адамға

Тегін тамақ таратты

Бес мың теңгенің құны екен.

Айналайын,Болатбек,

Бұны жасаған кім екен?

Бұған алданған адамдар

Түгелімен жалаңаш жүр екен.

Бес мың теңгеге бола

Шешініп жатқан адамдар

Елу мың теңгеден берсе

Не істейін деп тұр екен?

Ұлтты жалаңаштандыру

Берен алғаны мұң екен.

Желтоқсанда кешегі

Мұзға жатқызып жастарды

Шешіндіре алмап ед(і),

Сол боздақтарым дүр екен.

Қайраттардың түбірі

Қайран ақшаның құлы екен.

Сәбираның сынығы

Ар,иманнан тұл екен.

Басу айтатын Болатбек

Той қуалап,қонақ боп,

Қол-аяғын жыланның

Санап өскен қу екен.

Бір кезегіңді берейін,

Бұл да солардың бірі екен.

Алматының атынан

Шешіліп сөйлейді ме екен,

Шешініп сөйлейді ме екен?

Болатбек Оразбаев:

-Қалижан,қандай ақынсын?

Зуылдаған зыр қағып.

Құлдилап бара жатырсын

Құлақ көзің суланып.

Сөз ұқпайтын адамдай

Мінезің сенің «ұр да жық».

Айналайын,бауырым,

«Алматыға көшіп келме»-деп

Айтқан жоқ едім бұлданып.

«Қуандым»-деп едім мен қайта

«Қос өзендей бірге ағып,

Жүреміз»-деп «нұрланып».

Сөзімді менің бұрмалап

Сес көрсетпе сұрланып.

Ол рас,Шәмші атаңның

Тебіренткен қазақты

Талай әнін тыңдадық.

Шаханов ағаң әлі жүр

Шабыттанып жыр жазып.

Жүгін мынау қоғамның

Жүрегіне тұнба қып.

Кім келсе де жолына

Кесе көлденең тұрмадық.

Төркіндеп келген қыздай боп

Қайтқысы келмей қалғанды

Қамшы сілтеп қумадық.

Сый көрмеген адам жоқ

Сыбағадан құр қалып.

Жұқалғанды жетілтіп,

Мұқалғанды шыңдадық.

Талай жақсы жайсанға

Торғыннан тон кидіріп,

Таңдап жорға міндіріп,

Танытқан елміз мырзалық.

Кең сарайдай жай беріп,

Кеңсайдан да жер беріп,

Кесенесін де сырладық.

Мың жасаған Алматым

Көлеңке болған талайға

Кәрі емендей ырғалып.

«Көшіп келсем не бопты?»-деп

Кеудем соқтық танытып,

Кесірленеді бұл нағып.

Сен түгілі,Қалижан,

Кім келсе де сиғызар

Құстай ұшып келгенге

Құшағын ашқан бұл халық.

-«Шешіліп сөйлеп ме екен?»-деп,

«Шешініп сөйлер ме екен?»-деп

Қалижан,сонша шамдандын.

Жауап күтіп отырсан

Жырымды сенің жалғармын.

Гей клубты сөз қылдын

Жазылмауға айналған

Жарақаты сол жалғанның.

Жасырған дерті сол еді

Жалпы қазаққа жаулардың.

Тақырып қылдын тағы да

Тайрандағанын тарзанның.

Арулар соған асылып,

Азғындағанға арландым.

Кей қылығы қинады

Қисық өскен талдардың.

«Соларға не айттын?»-деп

Өз сөзіне малдандын.

Айтпай қалған жерім жоқ,

Тыңдайтын құлақ таба алмай

Аяғы сынған арбамның.

Үні шықпай жалғыздың,

Шаңы шықпай жаяудың,

Заманды көріп зарландым.

Көкірегім толы арман мұң.

Қайраттардай бола алмай,

Қайраты көшкен нарлардың.

Ерболдардай бола алмай

Жер болуға сәл қалдым.

Айтпақшы,жаңа сен айтқан,

«Өтеуі сол»-деп «жасаған

Бес мың теңгелік саудамның».

Етек-жеңі ашылған

Ессіздігін көз көрді

Екі аяқты аңдардың.

Соларға бірақ демеймін,

«Сонша бір қатты таңғалдым».

Заманы ғой бұл онсызда

Мұржасы жоқ үйлер мен

Милары жоқ балдардың.

Қартайса да басында

Матасы жоқ кемпір мен

Батасы жоқ шалдардың.

Ит талаған адамдай

Сыйған-ау жеңі шалбардың.

Кесірі бұл кешегі

Орамал таққан қызбен алысқан

Кәләміна қарсы Алламның,

Көкелер жазған заңдардың.

Бітер ме жұмыс бекінбей,

Белден асып секірмей.

Бес мыңға бола шешінсең

Қарайғаны ғой,қазақ,бетіңнің

Қарақұйрықтың етіндей.

Саясат бар бұл жерде

Өтпек желдің өтіндей.

Құртқысы келген дұшпандар

Құныңды сынап отыр ғой,

Батыспен миың уланып,

Дәстүрің қалды жетілмей.

Жаутаңдадық әркімге

Асықты жілік ұстатып

Асырап алған жетімдей.

Айналайын,Қалижан,

Алматы ғана емес-ау,

Алаңдасын түгел бар Алаш.

Болғанмен бүтін денесі-ау,

Сезімім жүдеу сан алас.

Жұмыссыздықтың кесірі

Құлқынға құл болуды

Кей жастар намыс санамас.

Өйткені,оның себебі,

Қиналып тапқан қаржысы

Қатық суына жарамас.

Кебеже қарын мырзалар

Қажып жүрген халыққа

Қайырып мойын қарамас.

Бас көз болудың орнына

Сұлуларға сұқтанып

Сезімге боп жүр шала мас.

Ісіңіз адал болмайды

Ішкені болса арам ас.

Қыздарымыз да секілді

Қарашадағы қара ағаш.

Жағдайы киген киімінің

Жабайылармен шамалас.

Әй дей тұғын әже жоқ,

Қой дей тұғын қожа жоқ,

Қосылып бірге жайылды

Қой мен доңыз аралас.

Қазіргі жосық осындай

Қатын ауру,бала жас.

«Өркениет» деп жүріп,

Өскеніміз осы ма

Жамылғы киім түгілі

Жан дүниеміз де жалаңаш.

-Бәйгіде талай аламан

Бақ пенен қатар бап шапқан.

Бас бермейтін жүйрікті

Батыраштар болған ақсатқан.

Айналайын,Қалижан,

Берекелі елде өскенсін,

Басына қонған бақ батпан.

Шежіресін тыңдап шалдардың

Шиыршықтап шақша атқан.

Қазақылықты бойына

Құранша тоқып жаттанқан.

Арғымақтың бірі сен едің,

Қайыннан шауып қырманын

Қайыспенен қаптатқан.

Алматы келдің ал,бүгін,

Алматы деген атқан жер

Азаттық дейтін аппақ таң.

Көсіліп шапқын сондықтан,

Кербестідей баптатқан.

Сом алтын үшін айтыспай

Сөзін айт мынау халықтың

Ханға да жетсін тақта отқан.

Жалыққан шығар патша да

Жағымпаз дейтін тақпақтан.

Кезеңді кешіп жатырмыз

Бұзақыны ақтатқан,

Буазға түсіп тасты атқан.

Арам қылып адалды

Арамзаны мақтатқан.

«Сөз етем»-десең жағдай көп,

Сегіз көзіңді қақсатқан.

Өт деген өлім өгізге,

Ақынға өлім емес пе

Ақиқаттан бастартқан?!

«Айтпаймын»-десең өзің біл,

Балдырда туған бақаға

Бақыт жоқ асқан батпақтан.

Мәймүнкілеп кетпегін

Майтабан түйе секілді

Табанын қорғап тастақтан.

Ақылға салып түсінсен

Алаштың артық мұң-зары

Алтын жалатқан аспаптан.

Қалижан Білдәшев:

-«Ақиқат ақындардың жалауы»-деп,

Құдамның мына меннен қалауы көп.

«Мәймүнкілемей халықтың мұңын айт»-деп,

Болатбек оқты көзін қадады кеп.

Тұрған соң беделіміз жоғары боп,

Бұл күнде елге айналдық қонағы көп.

Сол қонақтар түсінбей жүр дейді ғой,

«Қазақтар өзі қандай болады?»-деп.

Өзім де түсінбеймін көп қазақты

Байланған өзге тілдің боданы боп.

Қазақтың қуанышы ұл қайса да,

Қазақ тілдің қайғысы барады үдеп.

Кірсең де қазір қандай мекемеге

Өкісігін өңешіңе толады кеп.

«Добро пожаловать!»-дегенді естіп,

«Бекер кеппін»-деген ой қалады кеп.

Мекеме былай тұрсын,кей мектепте

Қазақ тіл мұғалімнің сағаты жоқ.

Сағаты жоқ болған соң,сабағы жоқ.

Радионың күйі де күйдірді ғой,

Қазақтың күйі менен төл әні жоқ.

«Қазақстан» арнасынан басқа арналар

Басқа тілдің сойылын соғады кеп.

Орыс тілін білмесең,жұмыс та жоқ,

Жұмыс берушілердің талабы көп.

«Балық деген басынан шірейді»-деп,

Қазақ айтқан мақалдың жаманы жоқ.

Шенеунік те шүлдірлеп өзге тілде

Шекесі шым-шым тер боп шабады кеп.

«Қазақстанда қазақша сөйлесің»-деп,

Осындай заң шықса деп қалады көп.

Күнде мың заң еститін бұл қазақтың

Бір заңға зар болардай заманы ме ед(і)?!

Тілімді менсінбейтін тексіздердің

Тілін кесіп алса да обалы жоқ.

-Қайран да менің қазағым,

Қаратауымдай қадірлі

Әулиедей сабырлы,

Көк миядай тамырлы.

Жауға бермей жаныңды,

Кірлетпей ұстап арыңды.

Күйгемей келе жатырсың

Сөндірмей Құдай шамыңды.

Айтыс деп келген ағайын,

Жақсы көремін бәріңді.

Қошеметің мен ақ батаң

Келтірген менің бабымды.

Болатбек,

Сөйлетпейм(ін) тіл мен жағыңды.

Халқым үшін бірақ та,

Аямаймын барымды.

Ағайын,енді аман бол,

Іштей тілеп отырған

Сынбасын деп сағымды,

Сөнбесін деп бағымды.

Осы елге ие деп білем,

Сіздердей туыс бауырды.

Аласартпайтын ешқашан

Асқарлы Алатауымды.

-Не пайда мен шөккеннен,сен шөккеннен?

Бауырым,бір болайық өлсек те елмен.

«Құдам»-деп,«құрдасым»-деп құшақ аштын,

«Жарасар»-деп-«орынын берсек төрден».

Анаңнан арда туған ақынсын ғой,

Шырылдап «шыңдық» дейтін емшекті емген.

Ақиқатты айтатын бауырымсын,

Дәметпей арзан атақ,шен-шекпеннен.

Жаныма жақындардың бірісін ғой,

Жарты сағат тісіңді көрсеткенмен.

Құдайым,бөлінуден сақта бізді,

Бір бітімге келе алмай бөлшектенген,

Ал,Болатбек,аман бол,көріскенше,

Пейіліңнен айналдым көрсеткеннен.

Өлшеусіз сыйластықта өтейікші,

Мына бес күн жалғанда өлшеп берген.

Болатбек Оразбаев:

-Қалижан қылыш тілін қайрағанда,

Тамсанды таңдай қағып қайманам да.

«Ана тілін білмейтін тексіздердің

Тілін кессек»-деп салдын байбаламға.

«Кесірбі жасаймын»-деп қорқытатын

Дәрігердің тәсілін пайдаланба.

Кескеннен де емдеген дұрыс шығар,

Қаншама ауру бар айналаңда.

Өзі де аз қазақты мылқау қылып,

Мәселені болмайды-ау майдалауға.

Жастардың жанын жырмен емдеу керек,

Тілім сонда сайрайды сайрағанда.

Тал шыбықты тәртіппен өсіре алсақ,

Түзу терек болады жайнағанда.

Әйтпесе,құр айқайдан үсенбейді,

Біреудің жайын біреу ойлаған ба?!

Тамырынан қураған бәйтеректің

Бұтағын қырқығаннан пайда бар ма?!

-Жарлылықтың кесірі

Жалғыз тон түссе жамауға.

Жалғыздықтың кесірі

Жау қолы тұрса жағаңда.

Жұмыр жерде сынақ көп,

Жұмыр басты адамға.

Талайын соның біз көрдік,

Шер толтырып кеудеге,

Жас толтырып жанарға.

Қалмақпенен қырқысып,

Жоңғарменен жұлқысып,

Сары орыспен сілкісіп

Қаншама бас қырқылды

Қан сасыған далаңда?!

Қаратаудан ел көшіп,

Қара нардан бел кетіп,

Сансырап еді санаң да.

Ақтабанда аңырады

Ақ сақалды атаң да,

Асық ойнаған балаң да.

Қымызыңды жат ішіп,

Қызымызды жат алып,

Қонысың түсіп талауға.

Шұбырып көшкен ел едік

Шөңге кіріп табанға.

Ақ патша келіп балаңды

Қара жұмысқа аларда.

Қарттар қарсы тұрмап пе ед(і)

Халыққа жайсыз хабарға?!

Тап қылғанда Тәңірім,

Ашаршылық дейтін тажалға.

Сары шұнақтың етін де

Сары қазыдай жегенбіз

Алдырмас үшін ажалға.

Қуғын-сүргін кезінде

Қасқыр ұлып, түсіп қамауға.

Қырық бірде қан кешкен

Марқасқаның талайын

Майдан тыққан мазарға.

Жылынған қазақ емес пе е(ді)к,

Желтоқсандағы кешегі

Мұз үстіндегі алауға.

Тоқсан бірде сезілді

Тәуелсіздік иісі танауға.

Алтын күнді зерледік

Аспан түстес жалауға.

Бейнетпен келген күніңнің

Бағасын халқым бағамда.

Баянды қылсын барынды

Билеуші жалғыз Хақ Алла.

Есепсіз төккен қаныңның

Еселеп қайтсын өтеуі

Ендігі келер заманда.

-Кермені соғып кеудемен,

Көсіліп шапқан күн бүгін.

Әр күнім өтпес елменен

Түрейін жырдың түңлігін.

Жоғарыға жетсе екен

Шырылдап айтқан шыңдығым.

Ағайын,өзің болмасаң

Ақынның білер кім құнын?!

«Балам»-деп құрмет білдірсен

Болайын сенің құлдығын.

Қазақ деген елміз ғой

Астана қылып таңдаған

Азияның кіңдігін.

Еркіндік туын көтеріп

Екі мүшелге кеп жатқан

Бозбаламыз ғой біз бүгін.

Ақсақал қартқа айналып

Аузыңа қаратқай

Әлемнің алты құрлығын.

«Ақ Ордада» патшам жүр,

Арқалап елдің зіл жүгін.

Аман жүрсін ортаңда

Алаштың ойлап бірлігін.

Ағайын,саған тілерім

Адымдап бассын алдыға

Табандап тұрған тірлігін.

Кемел болсын келешек

Кірпігіңді шік тантып

Көңіліңе салмай кірбінің.

Ал енді,Қалижан,сен де аман бол,

Алды бол қатар құрбының.

Орда болып отауын

Он шақты болсын ұл-қызың,

Жарқырай берсін жұлдызың.

Мұқалмасын тіліңіз

Жүзіндей өткір сүңгінің.

Тату болып тартайық

Осы жерден тартайық

Тіліміздің тізгінің шылбырын.

Жыл.

Алматы қаласы

Республика сарайы

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылына арналған Республикалық ақындар айтысы(Алтын домбыра)

Күн

Наши рекомендации