Аллаһтың о дүниеде мумин пенделеріне көрінуі

Әһли сүннет бойынша ақыретте муминдер Аллаһ Тағаланың көрінуін әрі ақли тұрғыдан, әрі нақли тұрғыдан уәжіп деп есептейді[8]. Олай болса, ақыретте муминдер Аллаһты көретін болса, қалай, немен көреді деген сауал еріксіз ойға келері анық. Ғалымдарымыз бұл сұрауға былай деп жауап беруге тырысады: «Аллаһ бір мекенде, бір бағытта, бір жерде болмастан, бетпе-бет те болмастан, көзге шағылыспастан және көруші мен Аллаһ Тағала арасында белгілі бір қашықтық болмастан көрінеді». Сонымен қатар, Аллаһты көру үшін осы дүниедегі тіршілік әлемін көрудегі шарттар қажет емес дейді [9].

Әһли сүннет ғалымдары Аллаһ Тағаланың мүмин пенделеріне көрінетіндігіне мынадай дәлелдерді келтіреді:

1. Құранда: «Қиямет күні кейбір жүздер жарқылдап, Раббына қарайды» (75.Қиямет, 22–23) мағынасында айтылған аят муминдердің қиямет күні жәннәтта Аллаһты көре алатындығының дәлелі.

2. «Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық әрі артығы да бар» (10.Юнус-26) аятында айтылған артық – сөзінің екінші бір мағынасы Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтқаны секілді Аллаһты көру. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Жәннәттықтар жәннәтқа кірген кезде Аллаһ Тағала жәннәттықтарға: Тағы да беруімізді қалаған бір нәрсе бар ма? – дейді. Олар: Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннәтқа кіргізіп, оттан құтқармадың ба? Тағы не сұраймыз? – дейді. Осыдан кейін Аллаһ пердені ашады. Бұдан кейін жәннәттықтарға Раббыларына қараудан да ұнамды болатын бір нәрсе берілгендей болмайды», деп айтып болған соң, жоғарыда айтылған аятты оқыған» (Муслим, Иман – 80; Тирмизи, Жәннәт – 16)[10].

3. Бұл тақырыпқа келесі бір дәлел ‑ Хазіреті Мұсаның (а.с.) Аллаһ Тағаладан өзіне көрінуін өтінуі. Ағраф сүресінің 143-ші аятында Хазіреті Мұса (а.с.): «Раббым маған өзіңді көрсет. Сені көрейін» дейді. Шындығында Хазіреті Мұса (а.с.) Аллаһтың ең ұлы елшілерінің бірі болғандықтан Аллаһты жетік біліп, жаратылғандарға ұқсаудан пәк екендігін айдан анық білетін. Сонда да ол Аллаһтың көріну сипатына сеніп, өзіне көрінуін өтінеді. Егер Аллаһты көру мүмкін болмағанда, Хазіреті Мұса (а.с.) мұндай тілек білдірмес еді. Аллаһты көре алмайтындығын біле тұра Хазіреті Мұсаның бұлай деуі, Аллаһты толық білмейді, білімі жетпейді қала берсе, Аллаһтың заты мен сипаттарын білмейді деген ұғымға келеді. Пайғамбарға мұндай кемшілік айтудан Аллаһ сақтасын. Асылында пайғамбарлар ақылды, алғыр, білімді болады. Олай болса, уахи келген пайғамбар Аллаһтың сипаттарын білмейді деп айту дұрыс болмас.

4. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) Аллаһтың ақыретте көрінетіндігі жайлы басқа бір хадисте былай дейді: «Жәрир б. Абдуллаһтан (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір толған ай түнінде айға қарап былай дейді: «Әлбетте, сіздер мына айды көрген сияқты Раббыңызды да осылай көресіздер. Оны көруде қиыншылыққа кездеспейсіздер. Күн шықпастан және батпастан бұрын сіздерге ауырлық келтірмейінше, күшіңіз жетсе, намаздарыңызды уақытында оқыңыз, уақытын жіберіп алмаңыздар». Жәрир: «Аллаһтың Елшісі осыдан кейін мына аятты оқыды», - дейді. «Күн шығудан бұрын да, батудан бұрын да Раббыңды мадақта» (Таһа-130). (Бухари, Мәуақит-6, 26; Муслим, Мәсәжид-211)[11].

5. Сүннит кәламшыларының көпшілігі бұл жайында «уужуд» дәлелі деген дәлелді алға тарта отырып, Аллаһтың ақыретте көрінетіндігін айтады. Бұл дәлел бойынша, бір нәрсенің көрінуінің басты себебі, оның бар болуында. Аллаһ Тағала бар болғандықтан Оның көрінуі хақ[12].

6. Сахабалар Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) Миғражда Аллаһты көріп-көрмегендігі жайында тартысады. Бұл дегеніміз Аллаһтың көрінетіндігіне дәлел бола алады. Себебі ақылды кісілер тек мүмкін болатын нәрсе жайында ғана тартысады[13].

7. Бір күні Имам Шафииге қолдарында қағаз ұстаған бірнеше адам келеді де, имамнан мына аят жайлы сұрайды: «Жоқ олай емес. Негізінде олар ол күні Раббыларының дидарынан махрұм қалады» (83.Мутаффифин-15). Имам Шафии олардың қолдарындағы қағазына былай деп жаздырады: «Олай болса кейбіреулер азапқа душар болғандықтан, Оны көруге күнәләрі кедергі болады. Ал Оның разылығын алғандар Оны көретіндігі осы мағынадан шығып тұр». Сонда әлгілер имамнан: «Тақсыр, сіз осыған сенесіз бе?» деп сұрайды. Имам Шафии: «Аллаһқа ант етемін. Мұхаммед б. Идрис (Шафии) қиямет күні Раббысын көретіндігіне толық сенбегенде, дүниеде Оған ешқандай құлшылық пен ғибадат етпес еді»,- деп жауап береді[14].

Қорыта айтар болсақ, Аллаһ Тағаланы екі көзімізбен бе әлде жүрек көзімен бе көретіндігіміз беймәлім. Оған біздің ақылымыз жетпейді. Дегенмен сеніміміз мол.

Кейбір адасқан мәзхабтар әһли сүннеттің бұл сеніміне қарсы шығып, Аллаһ Тағала ақыретте көрінбейді дейді. Бұл пікірді айтушылар Муғтазила мен Жәхмия мәзхабының өкілдері. Олардың пікірі бойынша Аллаһтың көрінетіндігін қабыл ету, Аллаһты жаратылғандарға ұқсатумен тең. Негізінде Аллаһ жаратылғандарға мүлдем ұқсамайды. Олар өздерінің пікірлерін қуаттау үшін: «Көздер Оған жете алмайды» (6.Әнғам-103) аяты мен Хазіреті Мұсаның (а.с.) талабы мен сұранысына қарсылық ретінде Аллаһтың: «Мені ешқашан көре алмайсың» (7.Ағраф-143) деген аятты дәлел ретінде келтіреді. Яғни, Аллаһ Тағала Хазіреті Мұсаға (а.с.) аятта «Лән тәрони», «Мені ешқашан көре алмайсың» деуі бұл дүние мен о дүниені бірдей қамтиды. Сондықтан адамның екі дүниеде де Аллаһ Тағаланы көруі мүмкін емес деп, сенімдерін жариялайды.

Бұл мәзхабтардың келтірген дәлелдерін әһли сүннет ғалымдары былайша түсіндіреді: бірінші аяттың мағынасы көздің көрмейтіндігі емес, меңгере алмайтындығы туралы болса, екінші аятта Аллаһ Хазіреті Мұсаның (а.с.) бұл өмірдегі сұранысына жауап берген. Сол үшін мумин осы дүниеде Жаратушысын көре алмайды. Матуриди мектебінің ғалымдарынан Нуреддин әс-Сабуни былай дейді: «Аяттағы «Лән» сөзі мәңгілік деген ұғымға келмейді, тек тәкид (қуаттау) мағынасын береді. Бұған дәлел ретінде ол Мариям анамыздың яттағы уәдесінде қолданған мына сөзін негіз ретінде келтіреді: «Лән укәллимәл яумә инсия» (19.Мариям-26), «Бүгін ешбір адаммен сөйлеспеймін». Аллаһ бұл аятта «лән» сөзін «әл-яум» сөзімен бірге қолданып, шектеулі уақыт үшін айтып отыр. Олай болса, «мәңгілік» пен «шектеулі» бір-біріне қарама‑қарсы түсінік болып тұр. Сондықтан «лән» сөзі мәңгілік мағынасын білдіргенімен тек осы дүниеде деген ұғымға келеді[15].

Аллаһтың ең соңғы Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар Миғражда Аллаһ Тағаланы көре алмай тек перде арқылы сөйлеседі. Пайғамбарымыз ең ұлы пайғамбар бола тұра мұндай мүмкіншілікке ие бола алмады. Ал Хазіреті Мұса (а.с.) Аллаһтың нұры тауға түсіп, тауды түтілген жүндей етіп бытыратып жібергенде, қос жанары оған қарауға шыдай алмай есінен танып құлаған еді.

Иә, Аллаһ Тағаланы бұл дүниеде ешкім көре алмайтындығы анық. Алайда кейбір мұсылман бауырларымыз Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Миғражда Раббысын көргендігіне сенеді. Әрине, бұл мәселе адамды сан сұраққа жетелейтіні рас. Дегенмен мына хадиске назар аударсақ:

«Бірде бірнеше кісімен бірге Мәсруқ деген кісі Хазіреті Айшадан (р.анһа): «Әй, анашым! Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді ме?» - деп сұрадық. Хазіреті Айша (р.анһа) анамыз: «Айтқан сөзіңнен денем тітіркеніп кетті. Сенің үш қателі сөзден хабарың жоқ па еді? Кім оларды айтса өтірік айтқан болады.

1. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) Раббысын көрді десе, өтірік айтқан болады, деп «Көздер Оған жете алмайды, Ол көздерді көреді» (6.Әнғам-103) аятын оқыды.

2. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) ертең болатын нәрсені біледі десе, өтірік айтқан болады, деп «Ешкім ертең не істейтінін білмейді» (31.Луқман-34) аятын оқыды.

3. Кім саған: «Мұхаммед (с.а.у.) уахиден бір нәрсе жасырып қалғанын айтса, ол өтірік айтқан болады. Себебі аятта: «Әй, Пайғамбар! Раббың тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең, елшілік міндетті жалғастырмаған боласың» (5.Майда-67) деп жауап береді» (Муслим, Иман-287)[16] деді.

Олай болса, біз де Хазіреті Пайғамбарымыздың Миғражда Раббысын тікелей көре алмай, тек перде арқылы нұрын ғана көргендігі жайында айта аламыз. Бірақ, Пайғамбарымыздың Миғражда Аллаһтан Жәбірейл періштенің көмегінсіз тікелей уахи алғандығы рас. Бір күні Әбу Зәр әл-Ғыффари (р.а.) Хазіреті Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Сен Рабб Тағаланы миғражда көрдің бе?», - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Ол нұр ғой! Мен Оны қалай көремін»,- деп жауап береді (Муслим, Иман-291)[17].

Иә, қалай болғанда да Аллаһ Тағаланың пенделері үшін қайырлы болатын жағын нәсіп ететініне иманымыз кәміл.

Кейбір жандар: «Аллаһты бұл дүниеде адам баласы не үшін көре алмайды?», - деп сұрауы мүмкін. Бұған жауап ретінде ислам әлемінің әйгілі ойшылы әл-Фарабидің мына сөзін келтіруге болады: «Адам баласы Аллаһтың жаратқан күніне тіке қарап тұруға күші жетпейді және екі жанары оған қарауға дәрменсіз. Ал, Аллаһтың нұры күн нұрынан сансыз дәрежеде қуатты болғандықтан біздің сезім мүшелеріміздің Оны меңгеруге мүлде күші жетпейді»[18]. Расында адам баласы Аллаһтың жаратқан күніне тіке қарауға күші жетпесе, бұл дүниеде Аллаһтың Өзін қалайша көрмек?

[1]

[3]

[4]

[5] Сайд Рамазан әл-Бути. Яратжынын варлыы яратанын гөреви Ислам акаиди, Истанбул, 1986, 120-бет.

[6] Сайд Рамазан әл-Бути, ж.к.е., 118-125-бет; Осман Нұри Топбаш, Ислам иман ғибадат, 63-83-бет; Хамди Дөндүрен, ж.к.е., 80-85-бет.

[7] Имам Газали, Ихияу улумид-дин, 1-том, 276-281-бет; Осман Нұри Топбаш, ж.к.е., 83-106-бет

[8] Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаятул фи усулид-дин, 38-бет.

[9] Мәтуну акайди ли-Умари ән-Нәсәфи, 5-бет, Сайм Клавуз, ж.к.е., 231-бет.

[10] Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси, Кутубус ситте, Истанбул, 1998, 14-том, 286-бет.

[11] Ибрахим Жанан, Хадис ансиклопедиси, Кутубус ситте, 14-том, 285-бет.

[12] Сайм Клавуз, ж.к.е., 230-232-бет.

[13] Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаятул фи усулид-дин, 39-41-бет;

[14] Сайд Рамазан, ел-Бути, ж.к.е., 181-бет.

[15] Нуреддин әс-Сабуни, әл-Бидаяту фи усулид-дин, 39-бет.

Наши рекомендации