Тарақты иірімжіп және одан алынатын бұйымдар
Тарақты иірімжіпті екі иіру жүйесі – жіңішке-тарақты және дөрекі тарақты бойынша алады. Жіңішке тарақты иіру жүйесі бойынша 14-тен 50 текске дейінгі иірімжіп, ал дөрекі тарақты жүйе бойынша – 31,2-ден 500 текс-ке дейінгі иірімжіп өндіреді.
Жіңішке тарақты жүйе бойынша иірімжіп алу үшін 64с және одан жоғары сапалы жіңішке біртекті жүнді пайдаланады, тек қана 31 текс иірімжіп үшін 60с жіңішке жүн қолданылуы мүмкін, ал 41 текс иірімжіп үшін – 58с және 56с жартылай жіңішке жүн қолданылады. Мұндай жүннің талшықтың орташа ұзындығы 55-тен 110 мм-ге дейін. Дөрекі тарақты иіру жүйесі бойынша тарақты иірімжіп алу үшін талшықтың орташа ұзындығы 130-150 мм және одан жоғары жартылай жіңішке және жартылай дөрекі жүнді қолданылады.
Камвольды иіруде жүннің әртүрлі түрлері мен сорттарынан басқа химиялық талшықтарды пайдаланады. Химиялық талшықтардың параметрлерін (ұзындығы мен сызықтық тығыздығын) дұрыс таңдаған кезде жүнмен бірге қоспаның иіру қабілеттігі жоғарылайды, иірімжіптің көптеген сапалық көрсеткіштері (беріктігі, үйкеліске тұрақтылығы, бірнеше рет иілуге және т.б.) жақсарады.
Тарақтыиіруге негізінен әртүрлі түске боялуға болатын ақ және ашық-сұр түсті жүн талап етіледі. Әлсіз жүн (беріктігі төмен) камвольды иірімжіп алуда қолданылмайды.
Тарақты иірімжіптің келесі қасиеттері бар: сызықтық тығыздығы төмен (14-тен 50 текске дейін); тегістігі; жоғары беріктілігі (иірімжіптің түріне байланысты қатысты үзілу күші 3,1-ден 7,5 сН/текске дейін құрайды); жоғары ұзаруы (қатысты үзілу ұзаруы 5,5-тен 13%-ке дейін); біркелкілігі (I сортты иірімжіп жіп үшін жалғыз жіптің беріктігі бойынша тегіссіздігі 19-20%, ал ширату бойынша -17% құрайды); тазалығы (иірімжіпте қоқысты қоспалар, түйіндер болмауы қажет); иірімжіп түріне байланысты май құрамы 1,7-2,5% көп болмауы керек.
Тарақты иірімжіпті жүннен жасалған боялған таспа мен сол сияқты химиялық зауыттарда боялған химиялық жіптердің жгуттарынан алынған немесе камвольды кәсіпорындарда боялған химиялық талшықтан тұратын таспадан өндіреді. (3-сурет)
3-сурет. Тарақты иірімжіптен алынған бұйым түрлері
Тарақты иірімжіп өндірісі процесінде қалдықтар (кардты тарау машинасынан түскен қалдықтар, тарақты тарам, сыдырғы, таспамен созба ұштары және т.б.) алынады. Қоспадан тарақты иірімжіптің шығуы 80-82%-тен аспайды.Тарақты иіру өндірісінде тек қана таза және ұзын талшықтары сақталынған қалдықтарды қолданады. Мұндай қалдықтарға таспа және созба ұштары, иіру машинасының бункерінен алынған мычка жатады. Қалған барлық қысқа талшықтардан тұратын қалдықтарды әрі қарай қолдану үшін шұғалы фабрикаларға жібереді.
Тарақты иірімжіптен тарақты маталар, орамалдар, трикотаж бұйымдар, ал дөрекі тарақтыдан – кілемдер мен техникалық маталар өндіріледі.
Тарақты маталарды жіңішке және тегіс тарақты жалғыз жіпті немесе ширатылған иірімжіптен өндіреді, олар шұғалыға қарағанда жіңішке және жеңіл болады. Тарақты маталардың беті тегіс және сыртқы түріне әдемілік беретін арқау және негіз жіптерінің айқасу суреті анық айқындалған. Тарақты маталарды көйлектік (130-250 г/м2), костюмдік (220-440 г/м2), пальтолық (230-440 г/м2), шалбарлық (230-410 г/м2) маталарға бөледі. Жақша ішінде маталардың беттік тығыздығы көрсетілген.
Тарақты маталар негіз және арқау бойынша үлкен тығыздыққа ие. Иірімжіптің сызықтық тығыздығы мен матаның құрылымына байланысты оның 10 см-ге келетін жіптер саны бойынша тығыздығы: негіз бойынша 200-ден 470-ке дейін, арқау бойынша – 170-тен 340-қа дейін құрайды.
Ең жақсы таза жүнді костюмдік маталарды сызықтық тығыздығы 19 текс х 2 жіңішке ширатылған иірімжіптерден өндіреді. Мұндай маталардың беттік тығыздығы 230-250 г/м2. Әдеттегі костюмдік маталар болып бостондар, шевиоттар, трико және коверкоттар табылады. Оларды көбіне ширатылған иірімжіптен алады. Талшықты құрамы, иірімжіптің сызықтық тығыздығы, айқаспа суреті мен түр-түстері бойынша ерекшеленетін бұл маталардың әртүрлі артикулдары көп.
Бостон – жіңішке немесе жартылай жіңішке жүннен жасалған туынды саржалы айқаспалы таза жүнді тегіс серпімді мата. Әдетте бостондар тегіс боялған, көбіне көк, қара және қоңыр түсте болады. Олар ерлер костюміне арналған, бірақ оларды балалар пальтосы мен костюмдеріне қолданады.
Шевиоттар – жартылай дөрекі жүннен туынды саржалы айқаспамен тоқылған, беті түкті жабық түсті тегіс боялған маталар. Едәуір тығыздығы және жартылай дөрекі жүнді қолданудың арқасында мата мықты, қатты және серпімді болады. Шевиот артикулдарының көп көлемі жартылай жүн түрінде өндіреді.
Трико – оюлы сызықтары, тор көздері бар шұбар тоқылған немесе меланжды маталар тобынан тұрады. Туынды саржалы немесе қиыстырылған айқаспалы болып келеді. Жартылай жүнді трико артикульдарын аралас иірімжіптен өндіреді.
Коверкот – жабық фонда ұсақ ашық түсті ұсақ нүктелер беретін екі түсті, ширатылған негіз жіптен және біртүсті ширатылған немесе жалғыз жіпті арқау жібінен тұратын маталар. Коверкоттар таза жүнді және жартылай жүнді болады. Костюмді коверкоттарды сынық саржалы шырша түрінде жасап шығарады, ал пальтолықтарды – туынды саржалы айқаспамен.
Пальтолық маталар тарақты маталар ассортиментінде аз орын алады. Олардың ішіндегі ең негізгілері болып габардиндер мен жоғарыда аталған коверкотттар табылады.