Параграф. Өрт сөндiрушiнiң (аға өрт сөндiрушiнiң) мiндеттерi
159. Өрт сөндiрушi - өртте тiкелей арнайы жұмыстарды жүргізетін қарауылдың лауазымды тұлғасы.
160. Өрт сөндiру кезiнде өрт сөндiрушi:
өзiнiң жауынгерлiк тапсырманы, сондай-ақ бөлiмше тапсырмасын бiлуге;
командирлердiң және бастықтардың тапсырмалары мен бұйрықтарын сөзсiз, нақты және дер кезiнде орындауға;
командирдiң рұқатынсыз өз шебін тастап кетпеуге;
өз бөлiмшесiнiң командирiмен және өрт сөндiрушiлерiмен байланыс ұстауға;
жауынгерлiк тапсырманы орындау кезiнде ынталық пен тапқырлық танытуға;
адамдардың өмiрiне қауiптi байқаған жағдайда оларды ескертуге, құтқару шараларын қолдануға, ол жөнiнде бөлiмше командирiне баяндауға;
жарақат алғандарға алғашқы дәрiгерлiк көмек көрсетуге;
ӨТЖ түзулiгiн бақылап отыруға және оларды ұқыпты ұстауға;
техника қауiпсiздiгi ережелерiн сақтауға;
жұмыс бiткен соң берiлген ӨТЖ тексеруге, нәтижесiн бөлiмше командирiне баяндауға мiндеттi.
161. Барлау құрамына кiретiн өрт сөндiрушi:
қажеттi жабдықтарды және ӨТЖ өзiмен бiрге алып жүруге;
барлауды басқарушыдан қалмай жүруге;
төңiректi ұқыпты бақылап отыруға;
қауiптi жағдайда адамдарды байқаған кезде, бөлмелерде және ғимарат құрылымдарының қуыстарында от немесе түтiн пайда болғанда, барлауды басқарушыға жедел баяндауға мiндеттi.
162. Адамдарды құтқару кезiнде өрт сөндiрушi:
командир көрсеткен құтқару тәсiлiне қажеттi ӨТЖ өзiмен алып жүруге;
бөлмеге кiрген кезде құтқарылатындарға көмек көрсететiндiгi туралы хабарлауға;
командир көрсетпеген жағдайда, құтқарудың ең қауiпсiз тәсiлi мен қысқа жолын таңдауға;
құтқарылушыны от пен түтiннiң әсерiнен қорғаудың шараларын қолданып, жоғары температура мен қалың түтiн аймағынан тек айрықша жағдайларда ғана құтқарылушымен бiрге өтуге мiндеттi.
163. Жең жолдарын жүргiзу кезiнде өрт сөндiрушi:
оқпаншылар шебіне барынша қолайлы және қысқа жолды таңдауға;
жеңдердi өткiр немесе жанып жатқан заттардың, сондай-ақ күйдiретiн заттар төгiлген жерлер арқылы тартпауға. Егер басқа жол болмаған кезде, жеңдердi тарту үшiн қолдағы бар материалдардан төсенiш салуға және зақымданудан оларды қорғау үшiн басқа құралдарды пайдалануға;
жең жолдарымен ғимараттардың өтетiн жерлерi мен басқыштарын кедергiлемеуге, көбiне жең жолдарын басқыш шарбағының белдеулері аралығынан тартуға;
жең жолдарын көшенiң, жолдың, ауланың шетiмен, мүмкiндiгiнше жолдың жүрмейтiн бөлiгiмен, ал темiр жол төсемiнде рельстердiң астынан тартуға;
жолдың (көшенiң) жүретiн бөлiгiне салынған жеңдердi жең көпiршелерiмен қорғауға;
тарамдарды жолдың жүретiн бөлiгiне орнатпауға, жеңдердiң ширатылуына және бүгiлуiне, жалғанатын жерлерiнiң жолдың қатты бетiне соғылуынан, сондай-ақ кедергiлердiң үстiнен тартқан кезде жеңдердi күрт бүгiлуден сақтауға;
жоғары тартылатын жең жолдарын жең ұстағыштармен бекiтуге;
оқпаншының қозғалуы үшiн және оқпанмен маневрдi қамтамасыз ету үшiн қажеттi мөлшердегi жең қорын жасауға;
қажет болғанда жең жолдарын оқпан тұсынан ұзартуға;
әдеттегiдей, жайлардың iшiнде резиналы жеңдердi пайдалануға;
автосатыда жең жолдарын басқыштар аралығында, оны жең ұстағыштармен бекiтiп орналастыруға мiндеттi.
164. Материалдық құндылықтарды басқа орынға көшiру кезiнде өрт сөндiрушi:
командир көрсеткен орынға көшiру ретiн сақтауға;
басқа орынға көшiрiлетiн материалдық құндылықтарға ұқыпты қарауға және олардың сақталу шараларын қолдануға;
басқа орынға көшiру жолдарын кедергiлемеуге мiндеттi.
165. Оқпанмен жұмыс iстеу кезінде өрт сөндiрушi:
жең жолдарының қажеттi қорын жасап, жану орнына мүмкiндiгiнше жақындауға;
барынша өрши жанған жерге, түтiнге емес, жану байқалған құрылымдар мен заттарға су ағынын бағыттап, оқпанмен алға жылжуға;
су ағынын оттың таралуына қарсы, бiрiншi кезекте құрылымдардың жану немесе берiктiгi өзгерген жағдайда қызу бүкiл құрылымның немесе құрылыстың бiр бөлiгiнiң құлауын туғызуы мүмкiн бөлiктерiне бағыттауға;
тiк жерлердегi отты өшiру кезiнде су ағынын жоғарыдан төменге бағыттауға;
шепті ауыстыру кезiнде су берудi уақытша тоқтатуға немесе оқпанды төмен қаратып ауыстыруға;
биiктiкте ең қауiпсiз шепті таңдап бөлiмнiң сақтау құралдарын қолдануға;
сатыларда тек карабинмен бекiтiлгеннен кейiн ғана оқпандармен жұмыс iстеуге;
су беру тоқтағаннан кейiн де оқпанды қараусыз қалдырмауға;
егер техника қауiпсiздiгiнiң барлық талаптары орындалмаса, кернеуде тұрған электр сымдарына су ағынын бағыттамауға және тимеуге;
оңай сынатын немесе шыны ыдыстары бар кездегi жануларды, суды шашырата себу арқылы немесе көбiкпен сөндiруге;
жеңiл тұтанатын және жанатын сұйықтары бар ыдыстарды, сығымдалған газы бар баллондарды, қысымда тұрған қондырғыларды және аппараттарды, жылу әсерiнен сақтауға, қызған жердi бiрқалыпты салқындата отырып қорғауға;
ғимараттың немесе құрылыстың жеке бөлiктерiне от қаупін төндiрген құрылымдарына су ағынын бағыттап, жылу әсерiнен қорғауға;
көбiк беретiн жерге су ағынын бағыттамауға;
жану өшiрiлгеннен кейiн оқпанды жабуға немесе сыртқа шығаруға мiндеттi.
166. Ғимарат құрылымын ашу және бөлшектеу кезiнде өрт сөндiрушi:
бөлiмше командирi көрсеткен шекте жұмыс атқаруға;
механикаландырылған өрт құралдарын пайдалануға;
өшiру құралдары дайын болғаннан кейiн жану ошағын сөндiру үшiн құрылымдарды ашуға;
ашу және бөлшектеу жұмыстарын ғимаратқа, құралдарға және материалдық құндылықтарға барынша аз зияндармен атқаруға;
олардағы құбыр өткiзгiштер мен арматуралардың, сондай-ақ байланыс және электр жүйелерiнiң зақымдануына жол бермеуге;
әр түрлi құрылымдарды командирдiң рұқсатымен, сақтық шараларын қолдана отырып жоғарыдан тастауға;
биiк тiк құрылыстардың, құрылымдардың (металл құбырлардың, антенналық қондырғылардың және т.б.) құлауынан сақтану үшiн олардың бекiтiлген жерiнiң зақымдануына (тарту, керме, тiрек және т.б.) жол бермеуге мiндеттi.
167. Өрт сөндіруші-байланысшы:
командирдің бұйрықтарын алып және анықтағаннан кейін, оларды дер кезінде бұрмалаусыз бұйрықты орындаушыға жеткізуі керек, содан кейін бастыққа келіп бұйрықтардың тапсырылғаны жөнінде баяндауға;
радиостанция және телефон арқылы ӨБОП (ББП) жедел штабымен үнемі байланысты орнату және үнемі байланыста болуға;
өзімен бірге жылжымалы радиостанцияны, телефондар анықтамасын, шақыру белгілерінің тізімін, таза парақтары бар блокнотты, қарындаш пен шамды алып жүруге міндетті.
168. Өрт сөндiрушi сөндiрiлген өрт орнында:
өрт жойылған бүкiл аймақты бақылауға, жану ошағын байқаған кезде ол туралы кезекші диспетчерге хабарлауға және оны өшiруге кiрiсуге;
қарауыл кезекшiсiмен тұрақты байланыста болуға, оған күзету учаскесiндегi жағдайды хабарлап отыруға;
өз бастығының бұйрығынсыз күзету учаскесiн тастап кетпеуге;
кетуге рұқсат алғаннан кейiн объект әкiмшiлiгiн ескертуге мiндеттi.
169. Өрт сөндiрушi өрт сөндiру барысында «Жауынгерлiк есептоптың негiзгi міндеттерінің тізімімен» белгіленген жұмыстарды атқарады.