Сырт киім туралы мӘлімет
Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Кәсіби-шығармашылық факультеті
Кәсіптік білім кафедрасы
МАТЕРИАЛДЫ ӨҢДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ПӘНІНЕН
ДІСТЕМЕЛІК НҰСҚАУ
Ақтөбе 2013
5В012000-«Кәсіптік білім» мамандығының студенттеріне арналған «Материалдарды өңдеу технологиясы» пәні бойынша әдістемелік нұсқау МЖМББС, типтік оқу бағдарламасы негізінде құрастырылды.
Құрастырған: оқытушы Мухангалиева Ш.А.
Кафедра отырысында талқыланды
Хаттама № 3 13 қараша 2013 жыл
Кафедра меңгерушісі Шаштыгарин М.М.
Алғы сөз
Киім күнделікті практика негізінде адамдарды киіндіру өнерінде атақты үлгішілерден қатардағы тігіншілерге дейінгілердің қай қайсысы да суреткер болу керектігіне көз жеткізеді. Тіпті конструкциялау, технология тәрізді қажетті арнаулы білімді жетік меңгергенмен де, көркемдік қажеттілікті түсінбей табысқа жету мүмкін емес.
Қоғамның дамуы, мемлекеттердің құрылуы, тарихи формациялардың ауысуына байланысты киімнің дайындалуы және үлгілерінің өзгеруі күрделене түскен. Уақыт өткен сайын адамдар өмірдегі жетістіктерге, тұрмыс тіршілігіне, шен – шекпендерге сай қоғамдағы алатын орнын киімдеріне қарап бірден тануға болатын дәрежеге жетті.
Киім әр уақытта да адамның әлеуметтік белгісінің, қоғамдағы дәрежесінің куәсі болып келеді. Әрбір адамның өз талғамына, қажетіне сай киіну мүмкіндігі бүгінде бар. Бұл үшін кез келген нәрсені сатып ала беру қажеттілікке жатпайды. Оқушыларды өмірге даярлау, шығармашылық еңбек, олардың еңбекке деген шеберлігін, эстетикалық талғамдарын үйрету мұғалімдердің міндеті болып табылады. Осыған орай «Материалды өндеу технологиясы» курсының бөліктерді өңдеудеу операцияларын орындауға арналған әдістемелік нұсқау студенттердің өз бетінше оқып үйренуіне көмектеседі.
Негізгі мақсаттары:Болашақ мамандарды, күнделікті тұрмыста тұтыну бұйымдарын, киім топтарын дайындау және оларды көркемдеп сәндеу барысында қолданылатын тігін машиналарының түрлерін толық меңгеру тігін ісінде орынды пайдалану, қол және машина тігістерін, машина кестесін, дымқылды жылумен өңдеу жұмыстарының түрлерін киімнің бқліктерін өңдеу барысында қолдануға үйрету арқылы шығармашылық қабілетін дамыту. Студенттерді тігін ісінің құрал-жабдықтарымен жұмыс жасауға және қол және машина жұмыстарын орындауға бейімдеу. Машинамен кестелеудің практикалық жұмыстарын меңгеру, сапалы еңбек өнімін шығаруға білімі мен іс-әрекет ептілік дағдысын қалыптастыру.
Міндеттері: Студенттерді тігін ісінің құрал-жабдықтарымен жұмыс жасауға бейімдеу:
- сапалы еңбек өнімін шығаруға білімі мен іс-әрекет ептілігін, алғашқы дағдысын қалыптастыру;
- қол тігіс жұмыстарын киім өндірісінде орынды қолдану;
- тұрмыста және өндірісте қолданылатын тігін машиналарының құрылысы, түрлері, қызмет жасау жолдарын толығырақ меңгеру;
- арнайы тігін машинасын бұйым әзірлеу барысында пайдалану;
- автоматты технологиялық тігін машиналары;
- киім өндірісінде қолданылатын машина тігістерінің түрлерін орындау;
- қол және машина тігістерін орындау;
- машинамен кестелеудің практикалық жұмыстарын меңгеру;
- киім бөлшектерін өңдеу тәсілдерін үйрену әрі меңгеру;
- еңбек етуге шығармашылық қабілетін дамыту.
СЫРТ КИІМ ТУРАЛЫ МӘЛІМЕТ
Киім адам үшін бірегей қажет нәрсе болып табылады. Ол адам тәнінің 80 проценттен астам жерін жауып тұрады және сыртқы ортаның қолайсыз жайттарынан қорғайды, организмді күйлі ұстауға көмектеседі, сондай-ақ адамға көрік береді.
Сырт киімге: пальто, қысқа пальто, сулық плащ, жакет, юбка, шалбар, желет, көйлек, халат, блузка, тағы басқалар жатады.
Киімді маусымдық кездерде киілуіне қарай қыстық, көктем-күздік, жаздық деп бөледі.
Киімге қойылатын талаптар алуан түрлі болып келеді. Оларды гигиеналық, әсемдік, пайдалану, техникалық, үнемділік талаптары деп бөледі.
Гигиеналық талаптар киімнің жылуды сақтауын, киімнің ішкі қабаттарында ауа алмасуын қамтамасыз етеді, шыққан тердің сорығуына себепші сыртқы дымқылдан сақтайды.
Пайдалану талаптары киюге ыңғайлы және пайдалануға төзімді болуды қамтамасыз етеді. Киюге ыңғайлылық — адамның еркін қозғалып, тыныстауына, киімнің оңай киіліп, шешілуіне, ал пайдалануға төзімділігі — тастағанға немесе әбден тозғанға дейін киюге төтеп беретіндікке байланысты болады.
Ә с е м д і к талаптарына — бұйымның көркем безендірілуі, материалдардың және түйме-ілгектердің түр мен түске қарай іріктелініп алынуы жатады.
Техникалық талаптар киімді тігіп шығару барысында мемлекеттік стандарт және техникалық шарттар талабына толық сәйкес келетіндей болып орындалуы тиіс.
Ү н е м д і л і к талаптары бұйымдарды дайындаудың өзіндік құнын төмендетуді, материалды мейлінше аз жұмсауды, бұйымдарды әзірлеуге кететін уақытты қысқартуды, типтендіруді, бөліктер мен бөлшектерді жымдастыруды тағы басқа жайттарды қарастырады.
Сырт киім ассортименті алуан түрлі, ол киім сатып алушылардың талап-талғамдарының үздіксіз өсуі, халықтың хал-ахуалының және мәдени деңгейінің көтерілуі әсерінен үнемі жаңарып отырады. Сырт киім бұйымдары пайдаланылу тәсіліне қарай жоғарғы және белден төменгі киімдер болып бөлінеді. Сәніне қарай бұйымдардың кескіні, кейпі әртүрлі болып, негізгі бөлшектері мен сәндік элементтері ерекшеленіп келе береді. Кескініне қарай бұйымдар тік пішінді, жартылай қынамалы, қынама және кең етекті болып бөлінеді. Бұйымдар қатқыл немесе жұмсақ түрде боп келуі мүмкін.
Конструкциясы жөнінен бұйымдар омырау ортасынан немесе айқастырыла түймеленетін болып келеді. Ортадан түймеленетін бұйым өңір омырауының екінші өңір омырауын сәл ғана басып тұратындығымен (қап-сырыну сызығынан 4—6 см) және омырау ортасындағы бірқатарға тізілген түймелермен түймеленетіндігімен ерекшеленеді.
Өңірі қаусырыла түймеленетін бұйым қапсыру сызығында молырақ айқастырылуымен (10—12 см) және бір қатары түймеленетін екі қатарға тізілген түймелері болатындығымен сипатталады.
Киімнің өңірлері мен арқасы тұтас, бүрмелі немесе тігінен немесе көлденеңінен тілініп тігілген болып келуі мүмкін.
Моделіне қарай бұйым қыстырмалармен (көлемі және түр-ұсқыны әртүрлі), жапсырмалармен, белдікшелермен, желбіршектермен әсемденуі мүмкін. Киімнің өңіріне сан түрлі қалталар (тілінген, тілінбеген және жапсырмалы) орналастырылады.
Артқы ортаңғы тігістің етек жырығын модельге лайықтап өңдейді. Бұйымның кеудесі әртурлі жағалы (қайырма жаға, орама жаға, тік жаға) немесе жағасыз боп келуі мүмкін.
Пішілуіне қарай бұйымдар қондырма жеңді, доғал иықты, тұтас пішілген, екі түсті матадан аралас пішілген болып және басқаша айрықшаланады.
Жеңі түрліше: белдемшелі, жапсырмалы, жырықты, қайырма болып т. б. өңделуі мүмкін.
Әйел сырт киімін әзірлеу үшін шикізат құрамының әртүрлігі: тігілу тәсілі, құрылымы мен қасиеті жағынан ерекшеленетін кең көп түрлі материалдар пайдаланылады.
Жамылғы материалдар ретінде (сырттық немесе негізгі материалдар) маталарды, тоқыма және тоқылмаған материалдарды, жасанды және табиғи былғарыны, түкті былғары мен елтіріні, көпқабатты, сүргіленген және сырма материалдарды қолданады. Киімнің сыртқы көрінісі астар және астармен екі аралыққа салынатын материалдар сапасына, тігетін жіптерге де байланысты. Бұл түрдегі материалдар ассортиментінде синтетикалық талшықтар кеңінен қолданылады.
Киімді тігіп әзірлеу процесі үш негізгі кезеңнен тұрады:
1) модельдерді, конструкцияларды және үлгілерді жасау;
2) материалды пішуге әзірлеу және пішу (яғни әзірлеу пішу учаскесіндегі жұмыстар);
3) бұйымдарды тігу.
Киімдерді көптеп шығарған кезде модельдерді жасаумен және бұйымдарды конструкциялаумен сән үйі, ал жеке тапсырыс бойынша әзірлеген кезде – Модельдер үйі, ЦОТШЛ және сән үйі мен бірлестіктердің эксперименттік цехтары айналысады.
Болашақта тігін бұйымдарының ассортиментін көбейту және сапасын арттыру мынадай шараларды қарастыруды талап етеді: модельдердің ауысуын арттыру қажеттілігі мен тігін бұйымдарын аз сериялармен шығаруды есепке ала отырып, комплексті механикаландырылған тасқынды жүйелер мен линиялар жасау және ендіру;
арнаулы технологиялық жабдықтарды, автоматтандыру және механикаландыру құралдарын пайдалану, технологиялық процестерді типтендіру, озат технологияны және техникалық құралдарды, бөлінбейтін операциялардың, роботты техниканың, микропроцессорлы каналдардың тиімді тәсілдерін таңдап алу;
жабыстыру, қорыту жолымен физикалық-химилық технологияны, тігін бұйымдарының бөлшектерін химиялық материалдар және композициялар мен формасын сақтап қалатын өңдеуден өткізуді қолдану.