Гендік модифицирленген азықтар шикізаты мен азық-түліктер айналымын реттеудегі отандық, халықаралық тәжірибелер
ГМО-нен алынған компоненттер және өнімдер өндіру мен айналым барысында қатаң бақылауды қажет етеді. Бұл мәселені шешуде барлық әлем бойынша ұлттық заңдылықтарға негізделіп, мемлекеттермен келісе отырып, халықаралық міндеттемелерді орындайды.
Канадада федералдық деңгейде биотехнология саласы бойынша биотехнологиялық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарының мүддесін ұлттық ассоциация BIOTECCanada қадағалайды. Онда инновациялық және биотехнологиялық азықтар дайындайтын және өндіретіндер өндірушілердің 85%-ы кіреді. Осы ел бойынша қол жеткізген жетістіктер заңдылық актілер жүйесіне негізделіп, мемлекеттік қатаң реттелуге сүйеніп жүзеге асырылылады. Жаңа биотехнологиялық өнімдерді құрастырып, таратуды реттеу мен бақылауды 3 басты мемлекеттік ұйымдар: Канадалық азық-түлік инспекциясы, Денсаулық сақтау министрлігі, қоршаған ортаны қорғау министрлігі атқарады. Канадалық тіркеу жүйесі азық-түлік нарығына тек тағамдық және экономикалық құндылығы кепілденген, адамдар, жануарлар, қоршаған ортаға қауіпсіз, тексерілген азық-түліктер жіберуге есептелген.
Еуроодақта ГМО-нен алынған азықтар мен ГМО туралы құқықтық актілердің келісілген жүйесі жұмыс істейді. ГМО туралы Еуроодақтың заңнамалары 1990 жылы 90/220/ЕЭС «Қоршаған ортаға гендік модифицирленген организмдердің түсуіндегі сақтық туралы» Директивасын қабылдаумен пайда болды. Осы құжат 2002 жылға дейін Еуроодақ бойынша басты регламент болып саналды. 2002 жылдың 17 қазанында ГМО айналымы бойынша Қоғамдастықтың негізгі актісі 2011/18/ЕС болды. Бұл Директиваның басты қағидасы- нарыққа шығу немесе қоршаған ортаға түсіру үшін міндетті түрде рұқсат ету-ескерту прцедураларынан өту болып табылады. 2004 жылдан ЕО-та ГМ азық-түліктерге арнайы №1829/2003 және №1830/2003 Регламенттері күшіне енді. Осы жылы ГМА бойынша үш жаңа Регламент күшіне еніп, ГМО қатысты жаңа еуропалық саясаттың бастамасы сияқты бағаланды.
2003 жылғы Регламенттер ГМ азықтардың мемлекеттік реестрге енуіне, 10 жылға берілетін рұқсат ету процедураларын анықтайды. Бұрынғы заңдылықтарға сүйеніп, рұқсат етілген өнімдер айналымда жарамды болып қала береді. 2003 жылы ЕО қазіргі заманғы Еуропа жағдайындағы Картахен хаттамасының қағидаларын іске асыру тәртібін бекітетін құжатты қабылдады. Бұл ГМО шекаралас аумақта ауыспалығы жөніндегі 15 шілде 2003 жылғы №1946 ЕО Регламенті.
Ресей басқа Еуропа елдеріне қарағанда гендік модифицирленген дақылдар өсіруге тыйым салған ел болып отырғанымен, ГМӨ мен ауыл-шаруашылық дақылдарын елге енгізу мен тұтынуға рұқсат берілген. Ресейде Батыс елдерімен салыстырғанда ГМО-ді мемлекеттік тіркеу ережелері өте қатаң тәртіппен жүргізіледі. Ресейде 2004 жылдың 1 маусымынан ГМО-нен алынған өнімдерді таңбалаудың еуропалық стандарттары енгізілген. Қазіргі уақытта ЕО-ғы сияқты құрамында 0,9 % мөлшерде ГМО болса, затбелгіге көрсетудің қажеттілігі жоқ. ГМО туралы Еуропалық заңдылықтары Ресей мемлекетіндегі ГМӨ келешегіне әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, 2004 жылдың 1 мамырында тағы да 10 жаңа ел ЕО-қа мүшелікке кірді. Оның ішінде Латвия, Литва, Эстония т.б. Мемлекеттік қадағалау орталығының мамандары РФ субьектілерінде ГМО-құрамдас азық-түліктер өндіру, айналымына жолдама құжаттарын, азық сынама үлгілерін сараптап, бақылау кезіндегі шаралар бойынша мониторинг жүргізуде. Осындай жұмыстар негізінде өңделген, қолданылып жатқан Ресейдегі заңдылық, нормативтік және әдістемелік база Еуроодақ пен Халықаралық ұйымдардың талаптарымен едәуір үйлестіріліп құрастырылған.
Гендік модификацияға (ГМО-ға) байланысты Қазақ Тағамтану академиясының қазіргі таңдағы міндеттері мен болашақтағы жоспары:
1) халықаралық тәжірибе негізінде Қазақстанда азық-түліктердің айналымын мемлекеттік реттеу концепциясын құрастыру;
2) гендік модификацияланған азық-түліктерді тіркеу тәртібі туралы нормативті құжаттарды құрастыру, гендік модификацияланған азық-түліктердің және өнімдердің ақпараттық базасына талдау жүргізу;
3) азық түліктерде ГМО мөлшерін анықтау мониторингті зерттеулер жүргізу;
4) ГМО таңбалануын бақылау;
5) Казақстанның тағам нарығына бірінші рет келген гендік модификацияланған азық-түліктерді тіркеу жүргізу;
6) гендік модификацияланған азық-түліктердің қауіпсіздігін зерттеу;
7) гендік модификацияланған азық-түліктердің адам және жануар организміне әсерін зерттеу;
8) Қазақстан Республикасындағы заңдылық және әдістемелік базаны Еуропа елдеріндегі заңнамалық құжаттар базасымен үйлестіру;
9) ГМО айналымын реттейтін проблемалар – ол халықаралық масштабтағы проблемалар, сондықтан олар шешімді қажет етеді.
ЕО-ғы гендік түрлендірілген оргаизмдерді реттеу бойынша деректерді зерттеп, талдау жүргізгенде егіп-өсіру, импорттау, тағам немес азық-түліктің ингредиенттері ретінде қолданылуы қадағаланып, реттелуін көрсетті. ЕО-тың құқықтық құралы ретінде Директивалар, регламенттер, келісімсөздер, ЕО (27 ел) қаулылары, Еурокомиссиясының шешімдері қолданылады.
Олардың негізгілері: 1. 90/219/ЕО ГТО шектеп қолдану жөніндегі директивасы;
2. 2001/18/ЕО Қоршаған ортаға ГТО қасақана шығару директивасы;
3. 1829/2003 ГТ азық-түлік пен жемдер жөніндегі ЕО Қаулысы;
4. №1946/2003 гендік өзгертілген организмдер мен басқа өнімдердің
ауысуы туралы ЕО Қаулысы;
Әрбір ел ГТО жасау, қолдану немесе олардан алынған өнімді тарату жағдайларын, қызығушылық танытқандармен серіктестік құру туралы осы құжаттар негізінде анықтайды. ЕО-ғы ГТО-ді реттеуде негізінен «сақтық ұстындары» және таңбалау мен мониторингілеу қағидаларын қатаң қадағалау қамтылған. Еуроодаққа кіретін барлық елдер осы құжаттарды негізге алып, өздерінің ұлттық заңнамаларын өңдейді.
АҚШ заңдылықтары:
Гендік түрлендірілген азық-түліктерді АҚШ-та реттеу үшін, «Биотехнологияны реттеудің келісілген жүйесі» бар.
-FDA (Азық-түліктер мен дәрі-дәрмектерді бақылау бойынша басқармасы)- нарықтағы гендік түрлендірілген азық-түліктер мен жемдердің реттелуіне жауапты;
-APHIS (Өсімдіктер мен жануарлар денсаулығы инспекциясының қызметі) қоршаған ортаға трансгенді өсімдіктерді шығару мен штаттар арасындағы қозғалысын, импортты реттейді;
-EPA (Қоршаған ортаны қорғау агенттігі) трансгенді өсімдіктерді тіркеп, пестицидтердің рұқсат етілген қалдық деңгейін бекітеді;
-FFDCA (Азық-түліктер, дәрі-дәрмектер мен косметикалық заттар туралы федералдық акт) азық-түліктерді реттеу жөнінде FDA құзыреттілігі кең;
-USDA ( АҚШ-ғы жер өңдеу министрлігіндегі ауыл шаруашылық зерттеулері мен ауыл-шаруашылық Департаменті) ауыл-шаруашылық дақылдарын өсіруге рұқсат береді.
Канада заңдылықтары:
Канадада биотехнология саласындағы ҒЗИ мен биотехнологиялық компаниялардың мүддесін федералдық деңгейде «BIOTECCanada» ұлттық ассоциациясы қорғайды. ГТО-і бақылау мен реттеуді негізгі үш мемлекеттік мекеме жүзеге асырады:
-Канадалық азық-түлік инспекциясы;
-Денсаулық сақтау министрлігі;
-Қоршаған орта министрлігі.
Канада, АҚШ, Австарлия, Жаңа Зеландия елдерінде ГТ өнімдерді реттеуде дәстүрлі жаңа ГТӨ-ге қойылатын талаптарды негізге ала отырып, сол стандарттарды қолданады.
Ресей Федерациясында гендік түрлендірумен шұғылдану, тарату, қолдану қызметіне қатаң бақылау жүйесі бекітілген. Қазіргі уақытта 150-ге жуық үкіметтік заңнамалар мен биотехнология саласындағы кез-келген қызметті қадағалайтын, регламенттейтін нормативтік-құқықтық басқа да актілер қабылданған. ГТӨ-ді өндіру, импорттау, тарату саласында «Гендік-инженерлік қызмет саласындағы мемлекеттік реттеу туралы» 05.07.1996ж. РФ Заңы басты нормативтік құжат болып табылады. ГМО-нен алынған азық-түліктердің сақталуы, таратылуын РҒА зертханалары мен ғылыми мекемелер, Ауыл-шаруашылық министрлігі мен РФ Денсаулық сақтау министрлігі, салалық академиялар мемлекеттік бақылау жүргізеді.
Халықаралық келісімдер
ГТО-мен байланысты туындайтын түрлі мәселелерді шешуде халықаралық қауымдастыққа мүше елдерге регламенттейтін талаптар мен ережелер, халықаралық келісімдер қабылданған:
-Биоқауіпсіздікке байланысты Картахен хаттамасы (2003) –ГМО қауіпсіздігін реттейтін негізгі халықаралық құжат.
-CBD (Convention jn Biological Divercity) –сыртқыэкономикалық қарым-қатынас жасауда, импорттау-экспорттауда мемлекеттерге шектеу қоятын келісім, биоәртүрлілік бойынша конвенциясы.
-Орхусс конвенциясы әрбір адамның қазіргі және келешек ұрпақтың қоршаған ортада денсаулығы мен өмір сүруіне қолайлы болуындағы құқығын қорғайды.
- «Табиғаттың бүкіләлемдік хартиясы» БҰҰ 1982 ж. Бас Ассамблеясының резолюциясы.
-Алиментариус Кодексінің Халықаралық стандарттар жүйесі.
-Бүкіләлемдік сауда ұйымы (ВТО) – ел экономикасын дамытуда ел ішілік өндірісті ұлғайту үшін, сауда көлемін арттыруда елдің өз қызығушылығын тиімді қорғауға мүмкіндік беретін құрал.
БСҰ-на кіру- бұл тамақтың қауіпсіздігі мен сапасының қабылдауға болатындай деңгейін қамтамасыз еткеннен кейін күшіне енетін тиісті ұлттық заңды белгілейтін процесс. Ол азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғайды, сонымен бірге ішкі және сыртқы саудада талаптар мен стандарттарды кемсітпей қолдануға ықпал етеді. БСҰ мүшелерінің, қазіргі халықаралық келісілген стандарттарды, нұсқаулықтар мен ұсыныстарды пайдалануы осылайша орайластырылған. Алиментариус Кодексі, Жануарларды қорғау жөніндегі дүниежүзілік ұйым (OIE) және Өсімдіктерді қорғау жөніндегі Халықаралық Конвенция (ӨҚХК) халықаралық ынтымақтастықты, үйлестіруді және техникалық алмасуды әлемдік деңгей шеңберінде қамтамасыз ететін үш негізгі ұйым болып табылады. 170-ке жуық ел осы ұйымдардың әрқайсысына кіреді.
Алиментариус Кодексі – бұл 300-ге жуық стандарттарды, практика кодекстарын, нұсқаулықтар мен ұсыныстарды жинау, олар тамақ өнімдерімен саудада тамақ қауіпсіздігін және адал практиканы қамтамасыз етеді, СФК Келісімімен сәйкестікті бағалау үшін үлгілер ұсынады. Кодекстің мазмұны жаһандық консенсус процесі арқылы әзірленеді. Олар жалпы да, сондай-ақ бір өніммен немесе өнімдер тобымен байланысты ерекше де болуы мүмкін, өндірістік процесті басқару мен оның қызметі тамақ қауіпсіздігін немесе тамақ қауіпсіздігін мен тұтынушыларды қорғауды реттеудің үкіметтік жүйесінің қызметін қамтамасыз ету үшін қажет деп есептеледі. Қамтылатын аумақтарға мыналар кіреді: тұтыну тауарларына арналған стандарттар, тағам қоспалары мен ластаушы заттар, уыттар, пестицидтер немесе ветеринариялық препараты, таңбалау, таңдау мен іріктеу әдістері, тамақ қаупін бағалау, инспекциялау мен сертификаттау рәсімі. Әсіресе тамақ гигенасының Жалпы Принциптері маңызды болып табылады, ол тамақ қауіпсіздігін басқару жүйесінің Зиянды Талдау және Сын тұрғысынан Бақылау Нүктелерінің (НАССР) принциптерін айқындайды. Бұған қосымша, пестицидтік қалдықтар (JMPR) және тамақ қоспалары (JECFA) мәселелері бойынша FAO/БДҰ ұйымдарымен бірлескен кездесу кезінде дүниежүзі мойындаған уыттылық деректері тұжырымдалады.
Жануарларды қорғау жөніндегі бүкіл дүниежүзілік ұйым(OIE) малдың және мал өнімдерінің бүкіл дүниежүзілік саудасын қорғайды. Ол мал және зооноз (малдан адамға берілетін аурулар) ауруларын болдырмау, бақылау және жою үшін БСҰ мойындаған стандарттар мен ережелерді белгілейді. Қатысушылар негізсіз немесе заңсыз санитарлық кедергілер белгілеуді болдырмау үшін осы стандарттар мен ережелерді өздерінің ұлттық шараларына негіз ретінде пайдалана алады. Негізгі мазмұны жер бетіндегі және судағы жануарлардың саулығына арналған Кодекс және осыларды диагностикалық сынау бойынша Басшылық болып табылады. Қазақстан OIE қатысушысы болып табылады.
Өсімдіктерді қорғау жөніндегі Халықаралық Конвенцияөсімдік пен өсімдік өнімдері зиянкестерінің таралуын болдырмауды көздейді. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі ұлттық міндеттемелерді сипаттауға қосымша ол саудадағы кедергі ретінде өсімдіктерді қорғау жөнінде шаралар қолдануды болдырмау үшін стандарттарды халықаралық үйлестіруді ынталандырады. ӨҚХК-ні қолдануөсімдіктерді қорғаудың ұлттық мемлекеттік қызметтері арасындағы тығыз ынтымақтастықты және ӨҚХК-нің өңірлік ұйымдарын үйлестіруді қамтиды.
Қазақстандағы заңдылықтар. Гендік-түрлендірілген объектілерді әкелуге, орын ауыстыруына, жасауға және пайдалануға қойылатын талаптарды сақтауға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті Алматы қаласындағы «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» зертханалары мен Астана, Өскемен, Петропавл, Орал қалаларындағы Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталықтарының базаларында ГТО-ны сандық және сапалық анықтау бойынша 5 зертхана ашты
Тамақ өнімдерінде ГТО-ны анықтау қазіргі заманғы жабдықта тамақ өнімдерінде ГТО-ның болуын, сондай-ақ оның мөлшерін анықтауға мүмкіндік беретін полимераздық-тізбекті реакция (ПТР) тәсілімен жүргізіледі. Осындай зерттеу тәсілдеріне арналған жабдық реакцияны жүргізудің жоғары жылдамдығымен, нақтылығымен, жоғары ерекшелігімен және сезімталдығымен ерекшеленеді. 2012 жылдың өткен кезеңінде ГТО-ны анықтау бойынша жүргізілетін жоспарлы зертханалық мониторинг шеңберінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптама зертханалары 27 елдің тамақ өнімдерінің, соның ішінде 41,2%-ы отандық өндіріс өнімдерінің 1939 сынамасын ГТО-ға зерттеді. Бұл ретте 6 сынамада, соның ішінде Ресейде шығарылған «Bonduellе» тәтті жүгерінің және Венгрияда шығарылған «Коррадо» тәтті жүгерінің 2 сынамасында ГТО-ның болуы 0,9%-дан асты. Қазақстан Республикасының, Кеден одағының талаптарына және халықаралық талаптарға (Кодекс Алиментариус стандарты) сәйкес құрамында ГТО 0,9%-дан асатын тамақ өнімдері «Өнім генетикалық түрлендірілген» немесе «Құрамында генетикалық түрлендірілген көздер бар» деп міндетті түрде таңбалануы тиіс. Бұл ретте көрсетілген өнімдердің таңбасында ГТО-ның бар болуы туралы мәлімет жоқ. Бұдан басқа, түйіршікті «Глобус» (Ресей) тәтті жүгері, вакуумдық «Экос» (Қытай) десерттік жүгері, «Фа-Фа» (Иран) кексі, «Звезда общепита» (Ресей) селолық пісірілген шұжық – 4 сынамада генетикалық түрлендірілген көздердің болуы жол берілген нормалар (0,9%-ға дейін) шегінде болды. Барлық нәтижелерді Мемсанэпидқадағалау комитетінің тамақ қауіпсіздігі жөніндегі республикалық референс-зертхана растады. Тамақ өнімдеріндегі ГТО-ны анықтау ағымдағы жылғы наурызда Милан университеті Degli Studi Di Milano базасында өткізілген республиканың санитариялық-эпидемиологиялық қызметінің 11 маманын гендік-түрлендірілген (трансгенді) өсімдіктер мен жануарлардан алынған тамақ өнімдерін зерттеу әдістемелеріне оқыту нәтижесі болып табылады. МСЭҚ комитетіне келіп түскен NK603 генетикалық түрлендірілген жүгерінің егеуқұйрықтың денсаулығына теріс әсері туралы ғылыми зерттеулер нәтижелерінің ғылыми басылымдарда жариялануы туралы ақпаратқа байланысты ағымдағы жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстан Республикасының аумағына Раундап гербицидін қолдануға төзімді генетикалық түрлендірілген жүгеріні әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу туралы қаулыға қол қойды. Осы қаулымен МСЭҚ комитетінің аумақтық бөлімшелеріне ГТО-ны әкелуге және оның айналымына бақылауды күшейту тапсырылды. Республиканың санитариялық қызметі зертханаларының тамақ өнімдерінде ГТО-ның болуын зерттеуі оларды пайдалану және орын ауыстыруын бақылау бойынша жағдайды айтарлықтай жақсартады.