Пайдаланылған әдебиеттер
Алпысбай Марғулан
Дінтану мамандығы, 3 курс
Ислам және қазақ дәстүрі
Аннотация
Қазақтарда да мыңжылдықтар ішінде өз мәдениетін қалыптастырып, дәстүрін дәріптей білген халық. Ислам құндылықтарымен біте қайнасқан қазақ халқының салт-дәстүрлері ұлтты ұйымдастырып, халықты ынтымағымен баурап келеді. Өзара сабақтасып, үндесе білген дін мен дәстүр бүгінге дейін үлкен маңызға ие болды. Қазақтың исламның аясында мың жыл үстінде өмір сүрген, халықтың бойына сіңген, өмірінен орын алған әдет-ғұрып пен дәстүрімізге ерекше мән берілу қажеттілігі айқындалады. Қазақ халқы ерлік пен батырлықты имандылықпен түсіндіре білген. Қазақ халқы үшін дін мен дәстүр егіз ұғымға айналды. Қазақ дәстүрінде ислам мәдениеті ерекше көрініс тапқан. Сол үшін де ұлт болып қалыптасып, дінімізді берік ұстап, дәстүрімізді дәріптеу қажет.
Түйін сөздер:салт-дәстүр, қазақ ұлты, толеранттылық, діни ахуал, иман.
Алла Тағала өзінің Қасиетті Құранында: «Біз сендерді бір еркек, бір әйелден жараттық. Руларға, тайпаларға, халықтарға бөлдік. Бірін-бірі білсін деп»(Хужрат, 13 аят.) деген. Сонымен бірге, Қасиетті Құранда былай делінеді: «Ей, муминдер, әр біріңе бір шариғат, бір жол бердік. Алла қаласа, сендердің барлығыңды бір үммет жасар еді»(Маида, 5/48). [1, 116 б.]
Мал-мүлкінен, дәулетінен иманын жоғары бағалаған қазақ «Ер жігіттің үш байлығы бар: бірінші – иманы, екінші – ырысының тұрағы, үшінші – дәулетінің тұрағы» деп аталы сөз қалдырған. Иман–қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата-бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі – осы. Барлық бет-болмысының, мінез-құлқының айнасы. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Имандылық деген бір ғана сөздің бойына ұят, ар, ынсап, қанағат сықылды бүкіл жақсы қасиеттер түгел сыйып тұр. Оны Абай атамыз «үш сүюмен» байланыстырып, «иманигүл» деп ат береді:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп
Және хақ жол осы деп әділетті, — дейді.
Имандылық қасиеттің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазақ халқы имандылықтың үш негізін өздеріне тірек еткен. Ол, біріншіден – дін. Яғни, ерте ғасырлардың өзінде-ақ ұлан-ғайыр қазақ сахарасына кең тарап, жергілікті ұлттардың (оның ішінде түркі тектес тайпалардың) арасына сіңіп, олардың өмір-тіршілігімен қабысып кеткен ақиқат діні – Ислам діні. Пайғамбарымыз Мұхаммед жайған діннің ең тазасын қаймағын бұзбай, сол қалпында елдің санасына жеткізген әулие аталарымыз. Екінші тірегі — салт-дәстүр. Қазақ тұрмысында «тал бесіктен жер бесікке» дейін қайталанып жататын далалық өркениеттің жарқын көрінісі. Салтынан, әдет-ғұрпынан қол үзбеген жұрттың кезінде талай өзге елдің өкілдерін, ғалым-зерттеушілерді тамсандырғанын білеміз. Имандылықтың үшінші тірегі – ана тілі.
Қазақтың ұлттық: имандылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, дәстүрлері, меймандостық, қонақжайлық рәсімдері ұлттық мәдениеттің айқын белгілері болып табылады. Кісі күту дәстүрі бойынша қонақ қабылдау, қонақасын беру, қонақ кәде жасау ұлттық мәдени рәсімдер арқылы орындалады. Үлкен Кеңестік энциклопедияда: «Әдет-ғұрып – ислам діні тараған елдер арасындағы халықтық дәстүрлі құқығы»,- делінген. [2]
Ер адамның алдынан кесе-көлденең өтпей, ауыл-аймақтың анасы атанып, жаулығының шетінен шашының бір талын шашау шығармай, бойларындағы барын біздерге сіңіріп, өткеннің өнегесін аманаттаған әжелеріміздің де дүниеден өткені кеше ғана. Осының бәрін саралай келе, Кеңес үкіметі кезеңінде ата-апаларымызды дінсіз өмір сүрді деп айтуға аузымыз бармайды.
Қазақта «азан шақырып қойған аты» деген тіркес бар. Мұның өзі халқымызда осы мұсылманшылық дәстүрдің әу баста бар екендігін айғақтайды. Негізінде, нәресте туылған соң оң құлағына азанды, сол құлағына қаматты айту шариғатта сүннет амалға жатады.
Бір хабарда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімнің баласы туылғанда оның құлағына азан айтып, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге жын-жыбыр әсер етпейді», — деген. Бір сахабадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Әлиұлы Хасанды туған кезде Хасанның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқан». Мұның өзі мұсылман ұрпағының дүние есігін ашқан кезде еститін ең алғашқы сөзі кәлима шәһәдат болсын деген ниеттен шықса керек. Һәм ғұмыры аяқталып, дүниеден өтерде де айтатын сөзі осы болады.
Қазақ халқында жаңа туылған нәресте үшін Жаратқанға шүкіршілік етіп құрбандық мал сойған. Сәбидің өмірге сау келіп, Аллаға шүкіршілік айтып, шілдехана тойын жасауымыз дінімізде әу баста қалыптасқан дәстүр.
Қазақтың игі дәстүрлерінің бірі – ұл баланы сүндетке отырғызу. Сахих хадистер жинақтарында жазылған риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Бес нәрсе фитрадан (әуелгі жаратылыстағы әдеттерден). Олар: сүндетке отыру, денедегі түктерді алу, мұртты басу, тырнақтарды алу, қолтық түгін тазалау». Қазақ халқының бұдан да басқа мұсылмандық дәс-түрлері жетерлік. Осындай рухани құндылықтар ұлттық болмысымыздың арқауы болып келеді әрі оларды қаз-қалпында сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу жалпы ұлттық жауапкершілік.
Салт-дәстүрімізде көрші ақысына ежелден көңіл бөлініп, оған баса назар аударылған. Бұл қазақ халқының мәдениеттілігінің бірден-бір көрінісі. Сол үшін де халқымыз «Көрші ақысы – Тәңір хақысы»,«Үй алма, көрші ал» деп қанатты сөздер қалдырған.Ал оның шығу тарихына қарасақ, Пайғам- барымыздың:«Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан кісі мумин емес»;«Үйден бұрын көрші ал»;«Үйден бұрын көрші тап, жолға шықпай тұрып жолдас тап» – деген хадистерінен басталғанын анық аңғарамыз.
Қазақтың дәстүрінде қайтқан кісінің жақындарына «көңіл айту» жоралғысы бар. «Алдынан жарылқасын!» «Иманы жолдас болсын!», «Артының қайырын берсін!» деген секілді сөздермен жұбату айтып, көңілін білдіріседі. Бұл да шариғатымызбен байланысып жатқан құндылық. Осының өзі мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы болып табылады.
Ислам діні анаға жақсылық жасауға шақырады, әйел адамға ілтипатпен қарауға үндейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Адамдардың ішінде кіммен ең жақсы қарым-қатынаста болуым керек?» деп сұрап келген жанға үш ретінде де «Анаңмен» деп жауап береді[3].
Дініміз қыз баласына әурет жерлерін жабуды бұйырады, сырт көзден сақтайды. Өйткені, дінімізде әйел атаулы аса құрметті, ер адамдар оны қорғауы керек, сақтауы тиіс. Әйелдің ар-намысы, ұяты алғашқы орындағы дүние.Ал қазақ «Қыздың намысы – елдің намысы» деп түсінген. «Қыздарына үлгі-өнеге көрсете алмаған елдің іргесінен ырыс кетеді, толысы төгіліп, тұнығы лайланады, ұрпағы жидіп-жүнжиді». Бұрындары бір қыздың намысы үшін бір рулы ел атқа қонған дүбірлі кезеңдер өткен. Қазақта да қыздың намысын ер-азаматтың қорғауы парыз. Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» атты кітабында қазақ қызына қатысты мынандай жолдар кездеседі: «Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. Отырған қыздың аяғын аттамаған, мұны кесір деп түсінген.
Жігіт қыздың қолын ұстатқаны үшін жеңгелеріне сый ұсынады. Ал бойжеткен болса, жарының қолын алғаш рет ұстап, жаннан таралатын алақан жылуын болашақ жарына ғана арнайды, сөйтіп ұятын сақтайды. Тұрмысқа шыққанынша қолын ешкімге ұстатпай, арын сақтаған қыз, болашақ жарының табалдырығын ерекше әдеппен аттайды. Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апай өз анасының естелігін былайша еске алады: «Біз басымыздан өткізген «қолұстатар» талғамы берік, тілегі тұнық, тәрбиесі мол, әдемі ғұрып еді-ау, шіркін! Қыз деген әр еркекке қолын ұстата берсе, алақанының қытығы кетеді. Қытығы деген – ұяты. Ұят кетсе, қыз қасиетін сақтау сезімі сұйылады. Қолын жігіттерге қымсынбай жиі ұстатуға дәніккен бойжеткенде қызға тән нәзіктік, пәктік, сыпайылық жұтайды. Қылықтары дарақыланып, жүрі-сінен жаңылады. Оның жүрісін бір күн ши жасырар, бір күн туырлық жасырар. Бірақ «көп жүрген жылан да аяғын көрсетіп алады» дегендей, ойнақтап жүріп от басып, өкінішке ұрынады. Құдайым сондайдан сақтасын де!».Ислам дінінде де, Пайғамбарымыз сахабаларына: «Ешбірің бөтен әйелдер отырған жерге кірмеңдер!», – деп ескертті. Ер мен әйел оңаша қалса, үшіншісінің шайтан болатыны да дінімізде айтылады. Тіпті, бір-біріне бөтен әйел мен еркектің қол алысуы – зина жасаумен тең екені жөнінде ескертулер бар.
Сондай-ақ, қазақтардың мынадай «Таспен атқанды аспен ат», «Алланың көзі түзу болсын», «Періштенің құлағына шалынсын» сияқты пікірлері қазақ мұсылмандығының дәлелі екенін көрсетеді.Тарихқа көз жүгіртсек, баяғы қазақ хандығының құрамына тек мұсылман рулары қана кіретін болған. Ал, исламды қабылдамай, өз сенімдерінде қалған рулар қазақ хандығына кірмеген.
Қазақ – болмысынан қонақжай халық, бұл қасиеті жерімізге Ислам діні келгеннен кейін тіпті арта түскен секілді. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.): «Аллаға және ақырет күніне сенген адам қонағына сый-сыяпат көрсетсін», – деген болатын. Исламның даңқты ғұламасы Имам Ғазалидың «Ихия ғулумаддин» атты атақты еңбегінде қонақ күту әдебіне қатысты қонақтың қолына су құю, қонақтан «тамақ жейсіз бе, әкелейін бе?» деп сұрамастан әкелу, үй егесі тамақтан қолын соңғы болып тарту, әркім өз алдынан жеуі, қонақтың ас иесіне дұға жасап, бата беруі керектігі жөнінде айтылған. Ғазали айтқан қонақ күтуге қатысты Исламның осы әдептері әр қазақтың бойынан табылады.[4]
Халқымызда ырым мен тыйым сөздер өте көп. Аналарымыз: «Табалдырықты баспа», «Есікті керме», «Тамақты сол қолмен жеме» деген секілді тыйымдарды бала кезімізде бізге де көп ескертетін. «Егер солай етсек не болады?» деп сұрасақ, «жаман болады» деп, өз анасынан естіген жауабын қайтаратын. Қазір байқап қарасақ, қазақ тыйымдарының түп негізі де дінімізден алынған екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Омар ибн Әбу Сәләмәдан жеткен хадисте: «Алдымен «Бисмилләһ» деп айт. Содан соң оң қолыңмен, өз алдыңнан же», – деген, яғни аналарымыздың «тамақты оң қолмен же» деуінің астарында үлкен ғибрат жатыр. Қазақ «жер бауырлап жатпа» деп етбетінен жатқан адамға тыйым салады, Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) да: «Бұлай жату – жәһанамдықтардың жатуы» деп, етбетінен жатпауға бұйырады.
Түркі даласын, оның ішінде сан ғасырлық өз тума мәдениетін жасап, оны өмірлік ұстанымы етіп жүрген қазақ халқы туралы қалам толғағандар әлі де мұсылмандық мәдениет аясында жазылған және тарихи еңбектерде сақталып қалған мұраларымыз мол. Оларды ортамызға қайтаруымыз керек, мәдени мұраларымыздың мұрты бұзылмай тұрған қырларына назары түсетін жаңа жас буынға жол ашуға тиіспіз. «Арқасына екі рет қараған ешнәрсесін жоғалтпайды» дейді атам қазақ, оны «ескі сарын» демей көненің көзі деп көзге сүрме, басымызға бастырық етуге тиіспіз. Құдай жазса алдымыздан әлі де бұл тақырыпқа қалам толғаймыз деп ойлаймын.
Қазақтың діні мен дәстүрін бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес. Ата-бабаларымыз Құран мен сүннетке бекем болып, оның негізгі ұстындарын, өзінің дәстүріне айналдыра білген. Ұрпақтан-ұр-паққа жеткен дәстүріміз дінімізді қуаттаудан ешқашан тыс қалған емес және солай жалғасын табары сөзсіз. Кезінде қазақ «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп, ар-иманын малынан да, жанынан да артық қойып еді. Өкінішке қарай, бұл күндері сол қазақы болмыстан, ар-иманнан ажырап бара жатқандаймыз. Анығын бір Алла жақсы біледі.[5]
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Халифа А. Құран Кәрім.Қазақша мағына және түсінігі. —Медина: Фахд, 1991. — 517 б.
2. Әділбаева Ш. Хадис – ғұрпымыз, сүннет – салтымыз. — Алматы, 2011. — 148-159 бб.
3. Маямеров Е. Дін мен дәстүр. —Алматы, 2014 . — 64 б.
4. Кенжеахметов С. Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. —Алматы: Ана тілі, 1994. — 182-183 бб.
5. Байділдаев Б. Ата салтын аздырма, қалқам. — Алматы: Бастау, 2012. — 128 б.