К1. Көлік техникасын өндіру бойынша негізгі терминдер мен анықтамалар

М. С. Кульгильдинов

К. Ә. Жүсіпов

Р. Ә. Қозбағаров

Көлік техникасын өндіру және жөндеу технологиясы негіздері

Оқулық

Алматы, 2013

ӘОЖ 621.01/03 (075)

КБЖ 34.5 я 73

К 83

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бекіткен

Пікір жазғандар:

А. Г. Акчурин – техника ғылымдары докторы, профессор;

Ә. Т. Тұрдалиев – техника ғылымдары докторы, профессор;

Ж. С. Мұсаев – техника ғылымдары докторы, профессор.

М. С. Кульгильдинов және т.б.

К 83 Көлік техникасын өндіру және жөндеу технологиясы негіздері:Оқулық. /Авторлар ұжымы: М. С. Кульгильдинов, К. Ә. Жүсіпов, Р.Ә.Қозбағаров / Алматы, 2013.-280 б.

ISBN 978-601-7427-15-3

Оқулық негізгі екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде көлік техникасын өндірудің технологиясы негіздері берілген. Машина жасау технологиясының теориялық негіздерімен қатар, бөлшек беттерін өңдеу тәсілдері мен типтік бөлшектерді өндіру технологиясы қарастырылған. Сонымен бірге жинақ процестерінің технологиясы мен машина бөлшектері және агрегаттарын жинау үлгілері келтірілген. Роботталған өндіріс технологиясы бойынша да мағлұматтар берілген. Екінші бөлім көлік техникасын жөндеу технологиясына арналған. Мұнда машиналарды жөндеудің теориялық негіздерімен қатар, машиналарды техникалық күту мен жөндеуді (қалпына келтіруді) ұйымдастыру және көлік техникасын күрделі жөндеудің өндірістік процесі кеңінен қарастырылған.

Оқулық көлік техникасы және технологиялары мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен көлік техникасын жасап шығару және оларды жөндеу саласында қызмет етушілерге арналған.

ӘОЖ 621.01/03 (075)

КБЖ 34.5 я 73

© М. С. Кульгильдинов және т.б., 2013

© ҚР Жоғары оқу орындарының

ISBN 978-601-7427-15-3 қауымдастығы, 2013

КІРІСПЕ

Адамзат қоғамы әртүрлі мақсатқа арналған тұрақты өнім шығармайынша және оны үнемі дамытып отырмайынша өмір сүре алмайды. Ал өндірісті өз кезегінде машинаның қолданылуынсыз елестету мүмкін емес. Машиналарды дайындап шығару машина жасау технологиясы заңдылықтарын қолдануға негізделген адамзат тіршілігінің ерекше саласы болып табылады.

Машина жасау өндірісінің технологиясы әртүрлі технологиялық үдерістердің (құю, қалыптау, термиялық өңдеу, бояу және т.б.) жиынтығы болып саналады. Сонымен бірге машина жасау технологиясы машина жасау өндірісінің соңғы сатысын, яғни дайындамалардың дайын детальға және жинақ бірлігіне айналуын қамтиды.

«Көлік техникасын өндіру және жөндеу технологиясы негіздері» атты оқу пәні салалас технологиялық және техникалық пәндерге негізделген. Бұл пәнді оқығанға дейін білімгерде материалтану, конструкциялық материалдар технологиясы, метрология, өзара ауыстырымдылық пен стандарттау, машиналарды жобалау негіздері бойынша мағлұматтар болуы тиіс. «Көлік техникасын өндіру және жөндеу технологиясының негіздері» пәнінің басты мәні машиналарды жинау мен детальдарды дайындау және жөндеудің технологиялық үдерістерін заманауи талапқа сай құрастыра білуді үйретуде болып табылады. Оқулықтағы оқу материалдары технологиялық та, конструкторлық та мамандықтар бойынша білім алатын студенттерге арналып жазылған.

Машина жасаудың жалпы қағидаларына сәйкес оқулықта машинаны жинау мен оның детальдарын дайындау және жөндеудің сапасына ерекше назар аударылған. Сапа мәселесі машинаны шығару мен жөндеудің технологиялық үдерістерін автоматтандыру негізінде шешілген. Технологиялық үдерістерді құрастыру барысында электрондық есептеу машиналарын пайдалану машина жасау технологиясының ғылым ретінде дамуындағы жаңа саты болып есептеледі.

Машина жасау республика экономикасының маңызды салаларының бірі болып табылады. Өнеркәсіптің, құрылыстың, көліктің әр саласындағы жаңа машиналар мен механизмдерді пайдаланудың экономикалық тиімділігі осы саланың дамуымен тығыз байланысты болады. Машина жасаудағы технологиялық үдерістерді жетілдіру көлік техникасын жасау саласының жедел дамуына әсерін тигізеді. Көптеген жаңа машиналар жасалды, атап айтар болсақ, жол төсемелерін жылдам салатын шынжыр табанды машиналар жиынтығы, автоматтандырылған бетон және асфальтараластырғыш қондырғылар, өнеркәсіптік тракторлар базасындағы жоғары өнімділікті бульдозер-қопсытқыштар, жүк көтеру крандарының, автомобильдердің, қуатты локомотивтердің жаңа модельдері.

Саланың бүгінгі таңдағы шешетін стратегиялық мәселелеріне жаңа техника жасау және тозған негізгі қорларды жаңарту, жаңа технологияларды іске асыруды жатқызуға болады. Еліміздің көліктік кешеніндегі маңызды мәселелердің бірі – негізгі қорларды, яғни көлік өндіретін заводтардың технологиялық жабдықтарын техникалық тұрғыда жаңарту болып саналады.

Қазіргі кезең көліктің арнайы түрлерін, оның ішінде машина жасау мен құрылыс индустриясын осы саладағы шетелдік фирмалармен кооперациялау негізінде сапасы жоғары жаңа көлікті өндіруді дамытумен сипатталады.

Механикаландыру саласына қойылатын өндірістік, технологиялық және экономикалық талаптар сан алуан, ал әсіресе нарық жағдайында кереғар пікірлер (мысалы, машинаның қуатын арттыру және массасын азайту) болады, бұл машинаның конструктивтік массасын азайтуға мүмкіндік беретін болаттар мен басқа да материалдардың жаңа да сапалы маркаларын қолдануға жағдай жасайды.

Машина жасауда гидравликаланған, автоматтандырылған машиналар өндіру көлемін өсіру жоспарлы түрде жалғасуда. Соңғы жылдары ҚР президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» бағдарламасына сәйкес еліміздің көлік саласындағы техникалық оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кеңінен қолға алынған. Қазіргі отандық экономиканың құрылымдарын қайта құру заманында машина жасау өндірісін техникалық қайта жарақтау көлік техникасын жасаудың әлемдік нарыққа сәйкестенген материалдық базасын құруды қамтамасыз етуге тиіс.

К1. Көлік техникасын өндіру бойынша негізгі терминдер мен анықтамалар

Автоматтық манипулятор– қозғалу функцияларының орындалуын оператордың қатысуынсыз қамтамасыз ететін құрылғы.

Агрегат– машинаның белгілі бір функцияларды орындайтын және оның бөлшектерін, топтамаларын, буындарын аяқталған конструктивті-жинау элементіне біріктіретін бөлігі.

Ағымды өндіріс– бұйымды белгілі бір интервалмен шығару және технологиялық жабдықтарды технологиялық үдерістер операцияларының орындалу кезегімен орналастыру арқылы сипатталатын өндіріс.

Айналымға беру (Sа) – аспаптың немесе дайындаманың бір айналымына сәйкес келетін беру.

Ақпараттық жүйе – өнеркәсіптік роботтар (ОР) мен сыртқы ортаның жағдайы жайлы ақпаратты алу, өзгерту, өңдеу және беруді қамтамасыз ететін өзара байланысқан және өзара әсерлескен техникалық құралдар жиынтығы.

База– дайындамаға немесе бұйымға тиесілі болып және базалау үшін қолданылатын жазық бет немесе осы функцияларды орындайтын жазықтықтар қатары, ось, нүкте.

Базалық деталь– бұйымның күрделі элементтерін жинау басталатын деталь.

Базалық буын – машинаның күрделі элементін жинау басталатын буын.

Басқару жүйесі – оқытуды (бағдарламалауды), бағдарламаны сақтау және оны қайта жаңартуды (ақпаратты санау және басқару белгілерін өнеркәсіптік роботтың орындау органына беру) қамтамасыз ететін өзара байланысқан және өзара әсер ететін басқару құралдарының функционалды жиынтығы.

Бекітпе – өңделетін дайындаманың немесе жинақ бірлігінің мықтап бекітілген кезінде орындалатын технологиялық операцияның бір бөлігі.

Беру– дайындаманың немесе кесу жиегінің қарастырып отырған нүктесінің беру қозғалысы бойынша осы нүктенің траекториясы бойымен жүріп өткен қашықтығының қозғалыс циклдарының сәйкес санына қатынасы.

Беру қозғалысы (Дб) – жылдамдығы кесудің бас қозғалысы жылдамдығынан кем болатын дайындаманың немесе кесу аспабының түзу сызықты немесе айналма қозғалысы.

Беру қозғалысының жылдамдығы (Vб) – беру қозғалысындағы кесу жиегінің қарастырылып отырған нүктесінің жылдамдығы.

Беттік ақау – деталь бетіне шығып тұратын капилляр түріндегі ақау немесе сызат.

Бұйым – өндірістің соңғы сатысындағы өнім. Берілген жөндеу өндірісінің нысанына байланысты жинақталып аяқталған өнім (мысалы, экскаватор, локомотив және т.б), сонымен бірге жеке элементтер де (мысалы, агрегат, буын, деталь) өнім бола алады.

Бұйым жасаудың еңбексыйымдылығы – жұмыс уақыты бірлігінде анықталатын бұйымды шығаруға жұмсалған еңбек шамасы.

Бұйым конструкциясының технологиялылығы – бұйымды шығару, жөндеу және техникалық күтуді шығарылуы, пайдаланылуы және сапа көрсеткіштері бірдей жағдайдағы конструкциялармен салыстырғандағы ең тиімді технология бойынша қамтамасыз ететін конструкция қасиеттерінің жиынтығы.

Бұйым конструкциясы технологиялылығының деңгейі (Кд) – технологиялылықтың қол жеткізген көрсеткішінің техникалық тапсырмада берілген базалық көрсеткіштің мәніне қатынасы.

Бұйымның материалсыйымдылығы – масса бірлігімен анықталатын бұйымды өндіру мен оны пайдалануға жұмсалатын материалдар көлемі.

Бірліктік өндіріс – ереже бойынша қайта өндіру қарастырылмаған және бірдей өнімдерді кіші көлемде шығарумен сипатталатын өндіріс.

Дайындау-аяқтау уақыты – орындаушының технологиялық операцияларды орындауға, дайындауға және технологиялық жабдықтарды ауысым соңында ретке келтіруге жұмсалатын уақыт аралығы.

Даналық уақыт – технологиялық операция циклінің бір мезгілде дайындалатын немесе жөнделетін бұйымдар санына қатынасына немесе жинау операциясының күнтізбелік уақытына тең уақыт аралығы.

Деталь (бөлшек) – әртүрлі бірлесулердің жоқ болуымен сипатталатын машинаның элементар бөлігі.

Детальдардың (буындардың) өзара ауыстырымдылығы– детальдың (буынның) кез келген машинаға ауыстырып-салуға болатын өндіру кезінде қарастырылып қойылған қасиеті.

Жону – айналмалы басты кесу қозғалысындағы және оның траекториясының радиусының өзгеру мүмкіндігіндегі жұқалап өңдеу.

Жұмыс жобасы (жұмыстық сызбалар) – ғимараттар мен құрылымдарды салу, жабдықтарды орналастыру және кәсіпорынды пайдалану бойынша барлық жұмыстарды орындауға мүмкіндік беретін және бекітілген техникалық жоба негізінде дайындалатын құжаттар жиынтығы.

Жұмыс нормасы – сәйкес біліктілікті бір немесе бірнеше орындаушының белгілі бір ұйымдастыру-техникалық жағдайлардағы уақыт бірлігінде орындалуға тиіс шектелген жұмыс көлемі.

Жұмыс орны – жұмыс орындаушылар, олар күтетін технологиялық жабдықтар, конвейер бөлігі, шектеулі уақытқа қойылатын еңбек құралдары орналасатын кәсіпорын құрылымының элементарлы бірлігі.

Жұмыс орнын күту уақыты – орындаушының жұмыс орнын күтуге және технологиялық жабдықтарды жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге жұмсайтын даналық уақыттың бір бөлігі.

Жүріске беру (Sж) – аспаптың немесе дайындаманың бір жүрісіне сәйкес келетін беріс.

Кесудің бас қозғалысы (Дк) – ең жоғары жылдамдықпен кесу үдерісі кезіндегі дайындаманың немесе кесу аспабының түзу сызықты немесе айналма қозғалысы.

Кесу жылдамдығы (V) – басты кесу қозғалысында кесу жиегінің немесе дайындаманың қарастырылып отырған нүктесінің жылдамдығы.

Кесумен өңдеу – жоңқа пайда болуымен сипатталатын материал қабаттарын кесу арқылы жаңа беттерді алу операциясы.

Кесу режимдері – кесу жылдамдығы мен берудің немесе беру қозғалысы жылдамдығы мен кесу тереңдігі мәндерінің жиынтығы.

Көліктік өнеркәсіптік робот – қосымша өту немесе жылжыту операцияларын орындауға арналған робот; тасымалдау операцияларында негізгі технологиялық жабдықтарды күту, дайындамаларды бекіту және детальдарды, аспаптар мен жабдықтарды босатып алу, детальдар базаларын тазалау және де тасымалдау-қойма операцияларын орындау кезінде, «ал-қой» түріндегі іс-әрекеттерді орындайды.

Қозғалыс циклі – кесу аспабының немесе дайындаманың толық айналымы, жүрісі немесе екі мәрте жүрісі.

Қосымша уақыт– еңбек құралын өзгертуді және оның одан соңғы жағдайын анықтауды қамтамасыз етуді қажет ететін жұмыстарға жұмсалатын уақыт.

Манипулятор – кеңістікте нысанның жылжуы кезінде адам қолының функциясына сәйкес қозғалыс функцияларына арналған жұмыс органымен жабдықталған машина немесе басқару құрылғысы.

Массалы өндіріс – көптеген жұмыс орындарында бір ғана жұмыс операциясы орындалатын, ұзақ уақыт үздіксіз жасалатын немесе жөнделетін үлкен көлемде бұйым шығарумен сипатталатын өндіріс.

Машина жасау өндірісі – машина жасау технологиясы басымдықпен қолданылатын өндіріс.

Машина металқұрылымы – машинаның басқа бөліктері мен табанына қабылдап алған жүктемені беретін машинаның есептік құрылымы.

Металқұрылымның жауапты элементі – жұмыс істеу мүмкіндігі жойылған кезде машинаны ары қарай пайдалануға рұқсат етпейтін элемент.

Негізгі уақыт – еңбек құралын өзгертуге және оның одан кейінгі жағдайын анықтауға жұмсалатын даналық уақыттың бір бөлігі.

Номинал қалыңдық – шақтама ескерілмеген жағдайда сызбада көрсетілген қалыңдық.

Нормативтік құжат – өндірістік қауіпсіздік талаптарын қарастыратын құжат (стандарт, ереже, техникалық шарттар, әдістемелік нұсқаулар және т.б).

Операцияны бекіту коэффициенті (Ко.б) – ұзақтығы бір ай болатын жоспарлы период кезінде орындалған және орындалатын барлық әртүрлі технологиялық операциялар санының жұмыс орындары санына қатынасы.

Осьтік өңдеу (бұрғылау, үңгілеу, тесу) – тек басты кесу қозғалысы осінің бойымен ғана беру қозғалысы мен траекториясының радиусы тұрақты болған жағдайдағы айналмалы басты кесу қозғалысы арқылы жұқалап өңдеу операциясы.

Өндірісті технологиялық дайындаудың автоматтандырылған жүйесі (ӨТДАЖ) – «Адам-машина» жүйесіндегі инженерлік жұмыстың барлық көлемінің едәуір бөлігі ЭЕМ-да (электрондық-есептегіш машиналар) орындалатын және ӨТЖБЖ (өндірісті технологиялық дайындаудың бірыңғай жүйесі) стандартына негізделген жүйе.

Өндірісті технологиялық дайындаудаң бірыңғай жүйесі (ӨТДБЖ) – технологиялық дайындау үдерісін ұйымдастыру мен басқарудың мемлекеттік стандарттармен бекітілген жүйесі. Мұнда типтік технологиялық үдерістерді, стандартты технологиялық жабдықтарды, өндірістік үдерістерді механикаландыру мен автоматтандыру құралдарын, инженерлік-техникалық және басқару жұмыстарын кеңінен қолдану қарастырылған.

Өндірістік үдеріс – берілген кәсіпорында бұйымды шығару мен жөндеуге қажетті адамдар мен еңбек құралдарының іс-әрекеттері жиынтығы.

Өндірістік үйлесімді жүйе (ӨҮЖ) – сандық бағдарламалық басқарудағы (СББ) жабдықтар жиынтығы. Олар әртүрлі қосылыстар түрінде, яғни роботталған технологиялық кешендер (РТК), өндірістік үйлесімді модульдер (ӨҮМ), технологиялық жабдықтардың жеке бірліктері және берілген уақыт аралығында автоматтық режимде жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жүйелер түрінде болады.

Өнім сапасы – арналуына сәйкес белгілі бір талаптарды қанағаттандыруға қабілеттілікті тудыратын өнім қасиеттерінің жиынтығы.

Өңдеу циклы – технологиялық немесе өндірісітік үдерістің қандай-да бір периодты қайталанатын операциясының басынан бастап аяғына дейінгі өлшенетін уақыт аралығы.

Өтпе – дайындаманы өңдеу кезінде материалдың бір бөлігін бір рет кесіп өту.

Припуск (әдіп)– өңделіп жатқан беттің қажетті қасиеттеріне қол жеткізу мақсатында дайындама бетінен алып тасталатын материал қабаты.

Припуск шақтамасы– припуск өлшемдерінің ең жоғарғы және ең төменгі мәндерінің айырмасы.

Сапа деңгейі – берілген бұйым сапасының көрсеткіштерін сәйкес көрсеткіштердің базалық мәндерімен салыстыруға негізделген өнім сапасының қатысты сипаттамасы.

Сәйкестік сертификаттау – машинаның немесе өндірістің сертификаттау органдары жүргізген отандық немесе шетелдік нормативтік құжаттар талаптарына сәйкестігін бекіту.

Сериялы өндіріс – бұйымдарды шығару немесе жөндеуді периодты қайталанатын партия бойынша қамтамасыз ететін өндіріс.

Технологиялық құжаттаманың бірыңғай жүйесі (ТҚБЖ) – барлық машина жасау және машина жөндеу кәсіпорындарында қолданылатын және технологиялық құжаттамаларды жасау, рәсімдеу, топтау, айналысқа түсіру тәртібі бойынша өзара байланысқан ережелерді анықтайтын жүйе.

Технологиялық операция – бір жұмыс орнында орындалатын технологиялық үдерістің аяқталған бөлігі.

Технологиялық өтпе – тұрақты технологиялық режимдер мен қондыру кезінде технологиялық жабдықтаудың бірдей құралдармен орындалатын технологиялық операциясының аяқталған бөлігі.

Технологиялық үдеріс – еңбек құралдарының жағдайын өзгерту бойынша мақсатты бағытталған іс-қимылдан тұратын өндірістік үдерістің бір бөлігі.

Типтік (топтық) технологиялық үдерістің картасы – бұйымды шығару мен жөндеудің технологиялық үдерісін, оның бір түрінің жасалуының, өңделуінің, жиналуы мен жөндеуінің өтпелерді, технологиялық құралдар мен материалдарды және еңбек шығындарын ескере отырып, технологиялық кезегімен сипаттауға арналған құжат.

Тұрақ (орын)– операцияның белгілі бір бөлігін орындау барысында мықтап бекітілген өңделетін дайындама мен жиналатын жинақ бірлігінің аспапқа немесе жабдықтың қозғалмайтын бөлігіне қатысты алғандағы бір орынға бекітілген жағдайы.

Тірек нүктесі – таңдап алынған координаталар жүйесіндегі дайындаманың немесе бұйымның байланыстарының бірін көрсететін нүкте.

Уақыт нормасы – сәйкес біліктілікті бір немесе бірнеше орындаушының белгілі бір өндірістік жағдайларда кейбір жұмыс көлемін орындауға жұмсалатын шектелген уақыты.

Фрезерлеу– аспапқа беру қозғалысын бірден-бір перпендикуляр бағытпен беретін және кесу траекториясының радиусы тұрақты болған кездегі айналмалы басты кесу қозғалысы бойынша жұқалап өңдеу. Аспап пен дайындаманың жанасу бетінде кесудің басты қозғалыс жылдамдықтарының векторлары мен дайындаманың аспапқа қатысты алғандағы беру қозғалысы қарама-қарсы бағытталған фрезерлеу қарсы фрезерлеу деп, ал бір жаққа бағытталған фрезерлеу жолай фрезерлеу деп аталады.

Шығару такті – машиналарды, детальдарды немесе дайындамаларды шығарудың периодты түрде жүргізілгендегі уақыт аралығы.

Наши рекомендации