Кредиттік сағат саны – 1

Морфологиялық категориялардеп жеке сөздердің өзгерілуі (түрленуі) арқылы туатын жалпы грамматикалық мағыналарды айтамыз. Сөйлемдегі сөздер өзара бір-бірімен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде әр түрлі морфологиялық өзгерістерге ұшырап та, оған ұшырамай-ақ әр түрлі синтаксистік тәсілдер арқылы да өзара байланысады. Осындай грамматикалық құбылыстардың арқасында сөз тұлғаларының түрленулеріне, тіркесу тәсілдерінің құбылуларына қарай, ол сөздерге әр түрлі грамматикалық мағыналар үстеліп, әр қилы грамматикалық қызмет атқару қабілеті пайда болады. Бірақ ол грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар тек нақтылы бір ғана сөйлемдегі нақтылы бір сөздің ғана қасиеті ретінде емес, жалпылама сөйлем атаулыда қолданылатын барлық сөздердің де бойындағы жалпы қасиет ретінде көрініп отырады. Осы себептен де грамматикалық мағыналар мен грамматикалық формалар әрқашан тек жалпы грамматикалық құбылыс делініп есептеледі. Сонымен қатар, мұндай жалпы грамматикалық мағына мен жалпы грамматикалық форма тұтас бір грамматикалық құбылыстың әрі өзара бірі мен бірі тығыз байланысты екі жағы ретінде әрі сол екеуінің бірлігі ретінде қаралады. Міне, осындай біртұтас грамматикалық құбылыс әдетте грамматикалық категория деп есептеледі. Демек, тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады.

Грамматикалық категория деген ұғым, бір жағынан, әрі грамматикалық мағынамен байланысты, әрі екінші жағынан, олардың жалпы жиынтығынан күрделі де жүйелі болып келеді. Грамматикалық категория деген ұғымға грамматикалық мағыналар жиынтығының белгілі грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады. Демек, грамматикалық категория ұғымы негізінен алғанда кез келген грамматикалық мағынамен емес, оның категориялық грамматикалық мағына түрімен байланысты. Грамматикалық категория болудың алғы шарттары: 1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелдіктегі жақ сияқты, яғни 1-жақ 2-жаққа, я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа, 3-жаққа қайшы келуі; 4) сөйтіп барып, әрі тектес, әрі ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы; 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұтастық сәйкестік бір жиынтық болуы. Міне, осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады (сан категориясы, тәуелдік категориясы, жақ, шақ категориясы).

Грамматикалық категориялардың өресі мен өрісі біркелкі болмайды. Демек, кейбір категориялар тым жалпы, әрі өрісті, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тайыз, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тайыз, қарымы аз, тіпті жалқы да бола береді. Мысалы, тым жалпы категория деп сөз таптары категориясын, қосымшалар категориясын алсақ, олардың әрқайсысын іштей саралап, әлденеше ірілі-ұсақты жалқы категорияларға бөлуге болады. Айтайық, сөз таптары категориясын іштей жалпы ерекшеліктеріне қарай, әуелі есімдер категориясы, етістіктер категориясы, т.б. деп топтасақ, одан әрі есімдер категориясы зат есім категориясы, сын есім категориясы, сан есім категориясы деген сияқты жіктерге бөлумен тынбай, олардың әрқайсысын тағы да әрі қарай саралап отырамыз. Мысалы, есімдіктер категориясын жіктеу есімдігі, сілтеу есімдігі, сұрау есімдігі, топтау есімдігі, белгісіздік есімдік, болымсыздық есімдік деп, одан әрі бір ғана жіктеу есімдіктерін тағы да дараландырып, жақ категориясын анықтаймыз. Сол сияқты, қосымшалар категориясын әуелі жалғау категориясы және жұрнақ категориясы деп жіктеп, одан әрі жалғауларды көптік жалғау категориясы, тәуелдік жалғау категориясы, септік жалғау категориясы, жіктік жалғау категориясы деп бөлеміз. Жұрнақтарды әуелі сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияларға, одан әрі іштей жеке сөз таптарына тели бөліп, олардың өзара жіктері мен сыр-сипаттарын ашамыз.

Грамматикалық категория сөздің негізгі (лексикалық) мағынасына тек жанамалай ілесіп қана я жарысып қана отырмайды, ол екеуі бірі мен бірі іштей ұласып, өзара бір-біріне ықпалдарын да тигізіп, тығыз қарым-қатынасқа түседі. Сол себептен бір сөздің бойына әлденеше грамматикалық категория сыя береді, демек, бір сөздің бойынан бірнеше категорияны табуға болады.

Апта

Кредиттік сағат саны – 1

Дәріс № 2

Наши рекомендации