Тамышы сөздер мен қамшы сөздер
· Адамның үш тағаны – пиғыл, кешірім, тазалық.
· Ауыр сөз – найзағай, түссе өртейді.
· Күнге басын бұрған күнбағыс сияқты жақсылыққа бастарыңды бұрып, өмір сүріңдер.
· Кеудесі көрге жарық пен қараңғының айырмасы жоқ.
· Адам – ой көтерген ойдың қабы.
· Махаббат ұшуды үйреткенімен, қонуды үйретпейді, сондықтан ғашықтар көп жараланады.
· Өсекті де сүзгіден өткіз. Саған біреуді жамандаған адам дәл осылай сені де біруге жамандап отырғанын көз алдыңа елестетіп көр.
· Құдайдан қорықққан – пиғылы мен тіліне сақ болсын.
· Артыңда қалған опасыз дүние-байлық дау туғызады, қалдырған ізгі ісің бау тұрғызады.
· Дүниеге сараң адам жақсы сөзге де жомарт болмайды.
· Ұрлап ішкен арақтың басы – жасырын, арты – ашық, түбі – қайғы.
· Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайратпен Алланың нұрлы жолына сапар шегу керек.
· Сабырлы болу – ақылды, иманды адамның ісі.
· Бақытсыздықты, көңілсіздікті қар күрегендей күреп тастап отыру керек, әйтпесе қалыңдай береді.
· Жайнаған жаздай жайдарлы жан жаныңның самалы сияқты.
· Ата-анаңа айтқан рақметің – елден алған алғысың,
Ата-анаңды сыйламағаның – елден алған қарғысың.
· Кешірімділік – кемеңгерлік.
· Күн – ғаламның ошағы, қасиетті жердің қосағы.
· Біреулер туралы жақсы ой ойлағаның - өзіңді рухани азықтандырғаның.
· Алтынын бақырға айырбастағанға сөз шығын.
· Бар жағынан кемеңгер адам болмайды, кемеңгерден де кемшілік табылады.
· Орысшылдық дініміз бен ділімізді отап еді, ағылшын тілі тіліміз бен рухымызды өлтірмек.
· Жастарды рухсыздық дертінен қалайда сақтап қалу керек.
· Пенделікке салынғанда адам күлбеттеніп кетеді, періште, таза ойда болғанда нұрланады.
· Мен мұндалама көргісі келгендер көреді, көргісі келмегендердің көз алдында тұрсаң да, көрмейді.
· Дұшпаның сенің кемшілігіңді есептегіш мәшинкесіз-ақ көбейтіп отырады, жақсылығыңды азайтып отырады.
· Адал адамның адалдығын біле тұра, ауыр сөз айтпа.
· Бірге жүргеннің қадірін білмеген - өмірде ешнәрсе көрмеген.
· Адам жақсы ойын да, жаман ойын да жасыра алмайды.
· Ақыл – жігіттің айбыны, қыздың ай жүзі.
· Басшының бақаны болсаң бол, байпағы болма.
· Қарауыл боп туғанға төрді берсең де, есікке алаңдап тұрады.
· Ана баласын сүтпен қоректендіреді, көз нұрымен нұрландырады.
· Әжелік дәурен келгенде, аналық дәурен ойға батар.
· Қызың ана болғанда - сабырлы бол, ұлың әке болғанда - қажырлы бол.
· Ұлың ұялтпаса, қызың қызартпаса, немерең еркелесе, шөберең жетектесе, әй, бақыт деген сол шығар?
· Өмір - өте әдемі.
· Адамдардың көбі – жақсы.
· Әдемі өмір ақшалы өмір емес, оның құрамында көп нәрсе бар, ақша соның біреуі ғана.
· Тұнық суды лайлау – тексіздің ісі, шындықты өтірік деу –имансыздықтың белгісі.
· Туған жерге деген сағыныш - санадан тыс.
· Әйел – ердің бапкері, баптаушысы, тоқтамы, сабыры.
· Өзін «ақымақпын» дейтіндер жоқ.
· Басқаларды «жоқ» деген, сені «бар»демейді.
· Адамдар өмір ұршығында иірілген жіп сияқты, бірі – ширақ, бірі – бос.
· Өз жүгіңді біреуге арқалатпа, ол апармайды, себебі өз жүгі көп.
· Есті еркек әйелінен бір бас жоғары болады.
· Дінді зұлымдыққа жұмсаған адамнан асқан жауыз жоқ.
· Пиғылы жаман нұрлы жерде отырып, қараңғы жер іздеп отырады.
· Надан адам нас болады, дүние бітсе мас болады.
Ақымақ адам өмір бойы жас болады.
· Алланың бергенін сақта, берерін күт.
· Тамақ ішудің тәртібін сақтаған адамның тәні сау болады.
· Жақсы сөйлеу сөз оқуын бітіргенге қарамайды.
· Ерттеулі атқа отырған соң, барар жеріңе барып ал, түсіп қайта отырамын дегеніңше, ерттеулі ат сені тосып тұрмауы мүмкін.
· Бөтен бөлуге даяр тұрады, жақының жақындатуға асығады.
· Сабыр түбі – қайыр.
· Жағдайыңды жауыңа айтпа, сен қайғырсаң, ол қуанады.
· Адами қалыбыңды жоғалтып алсаң, қандай қалыпқа түсеріңді кім білсін?
· Жалғыз аяқты көпірдің үстіндегі досыңа артынан айғайлама, арғы бетке аман-есен өтіп алсын.Уақыт содан кейін де жетеді...
· Үлкен адамдар да баланың ойнын ойнап, сөзін сөйлейді. Үлкендерге мүлдем жараспайтын іс.
· Жарқылдап өтер жастық дәуреннің қадірін біл, бұлттана берсең, қар боп жауып, мұз боп, қатып қаласың.
· Ер ортасы жасқа келгенде, тәрбиесіз адамды қайта тәрбиелеуге ниет те білдірме, сенің оған қабілетің де, ғұмырың да жетпейді.
· Жолбарысқа қарсы шыға алмасаң да, сенде де тіс бар екенін көрсетіп қойған дұрыс.
· Жолбарыс кейде өзінің жолбарыс екенін жасырып, мысықша мияулауы да мүмкін, алдауына түсіп қалма.
· Өмірде дана адамдар өте сирек, сөзінде, ісінде, қарым-қатынасында тәртіпті адамдарды қарапайым даналарға жатқызуға болады.
· Асаулық мертіктіреді,жайбасарлық кешіктіреді.
· Адамдарға қуаныш сыйлап жүрген адамның иманы тасып жүреді.
· Қатты шалқайма, биігіңнен құлап кетесің, қатты еңкейме, есердің аяғының астында қаласың.
· Біреудің сырын біреуге айтпа, ол - кісінің қазынасы.
· Ақылдың пырағын ерттеп мінбей, ер жігіт бақыттың дәмін татпайды.
· Досыңның талабын тартпа, ол – достық емес.
· Адалдық ақ дастархан сияқты, бәрі көрініп тұрады.
· Сөйлер ауыз өзіңдікі болғанмен, естір құлақ өзгеніңкі екендігін ұмытпа.
· Өзгенің уақытын ұрлау – қылмыспен тең.
· Өзгенің қуанышын қызғанған адам – қасиетсіз адам.
· Тілде сүйек болмағанмен, отыз тіс қорған болу керек.
· Өтірікші адам үшін өмірде шындық жоқ.
· Ессіздің етегінен ұстадым дегенше, еңіреп жыладым дей бер.
· Достыққа адал болсаң, өмірің мәнді болады.
· Өзіңді өзің жас кезіңде аямасаң, қартайғанда аялайсың.
· Жасына тән киім кимесе, ол да ұят.
· Келіннің кесек сөйлегенінен, ұлдың ұсақ сөйлегенінен без.
· Ақылы аздың адасумен өмірі өтеді.
· Бауырына ет жүрегі елжіремеген адам, басқаларға тасжүрек.
· Жас кезіңде жақсылыққа ұмтыл.
· Жігітке жыртаңдау жараспайды.
· Жігерсіз ұл тұманды күндей тұнжыратады.
· Қызың ақылды болса – жаныңның серігі,ұлың ақылды боса – адамзаттың көрігі.
· Жан дүниесі сұлу адам әдемі сөйлейді, әдемі күледі.
· Сағыныш деген - сары ауру.
· Тілің өтпеген соң, амалсыз тісіңді батырасың.
· Көңілге көлеңке түскен сайын, адам сола береді.
· Жақындарыңа да жалбалақтай берме, қадірің болмайды.
· Бағасы бардың құны арзан, бағасыздың құнын, қадірін біл.
· Шамаң келсе, жақыныңнан жарты күлше сұрама.
· Жылай берсең жанарың солады.
· Өмір сүргісі келмегеннен дүние қызығын қызғанба.
· «Мен» деген аурумен ауыратындар, жазылмайды.
· Алла адамды жаратқанымен қоймай, оларға ел, жер, тіл дегендерді береді екен, оны қорғаймын деп, көп адам өмірден өтеді екен.
· Жай адам саяз болса түк емес, ғалым адам саяз болса – қасірет.
· Ойланып ой түбіне жетпейсің, себебі ойдың түбі жоқ.
· Қуанып, көкке ұшып кетпейсің,себебі адамның қанаты жоқ.
· Аз сөйлесең, аузың демалады, өсек тыңдамасаң, құлағың демалады, демалыстан жақсы ешнәрсе жоқ.
· Өзіңе өзің «маған не болған, мен бұрын мұндай емес едім ғой?»- деп сұрақ беріп көрші, жауап бермесең де, ойланарсың. Өзіңе пайдасы да болар, әсіресе, басқаларға пайдасы болатынына сенімді бол.
· Ойланбай айта салған ойсыз сөз, ойсыратып жіберуі де мүмкін.
· Шегелеп тастаған есікке ұқсамай, ашылып, жүрегіңдегіні өміріңде бір рет шығарсаңшы.
· Сұм сұмды іздеусіз табады. Адалдар адасып жүреді.
· Кішіні кісі демеген, өмірде кіші боп көрмеген, өр көкірек, көр кеуде адам.
· Жақсылардың қатар тұрғанын көрсең қуанасың, жамандардың қатар тұрғанын көрсең түңілесің. Сондықтан көп жағдайда олар араласып тұрады.
· Сұм өмір сұсты әйел сияқты. Безе қашқың келеді.
· Адамдар азғындай берсе, Алла Жер-допты теуіп жібере ме деп, қорқамын.
· Балаң жаның екен, базарың, тағың екен.
Балаң бақыт екен, өмір кеудеңдегі жақұт екен.
· Асықпа, алда барлық адамды өлім күтіп тұр.
· Адам - өз өмірінің президенті.
· Адам бүктеулі қағаз сияқты, ішіне не жазылғанын білмейсің.
· Қасыңдағының бәрі қамқоршы емес, жақынның бәрі жанашыр емес.
· Өзіңді өзің күзет,өзіңе өзің қарауыл бол, тіліңе ие бол.
· Бітпейтін күйбең тірлік үшін күйінбе, ол мәңгілік бітпей келе жатқан тірлік, сен де бітіре алмайсың.
· Ақтарылып саған біреу сыр айтса, ақымаққа оны санама, оның саған сенгені, адал достық таныт.
· Жақсы аузын ашпаса, жаман да мақау болса, артағыға сөз қайдан қалады?
· Ойламағанның ойында да бірдеңелер бар.
· Көңіліңде жадырамас күз тұрса, көктем боп күлімдей алмайсың.
· Көрікті сөз тыңдаушыны таңдайды. Тыңдаушысы жоқ болса, зорлансаң да болмайды.
· Асырып жіберер ағаң болмаса, жебеп жіберер жездең болмаса, қанша жерден талантты болсаң да тасада қаласың.
· Туғаныңа қуанып, өлгеніңде жылайтын бауырың болғанға не жетсін?..
· Көңіл деген сабынның көпіршігі сияқты...
· Сараң сары алтынға малынып отырса да, тиын санайды.
Тілек айтып үйрен
Тілек айта білу – парасат көрінісі.Тілек қысқа да, тұжырымды болғаны жөн. Елдің бәрі айтатын сөзден қашу керек. «Денсаулық тілеймін, аспанымыз ашық болсын» деген сөздерді бақшадағы баладан бастап, егде тартқан қартқа дейін айтады. Жақсы сөз, жақсы тілек, оған талас жоқ. Бірақ барлық адамның аузынан шыға берген соң жүректен шықпай, жаттанды сөзді айта салғандай көрінеді. Одан да шын көңілден қарапайым болса да өз сөзіңді айтуға тырыс.
Досқа тілек: Адам баласы үшін өзінің өмірге келген күні, жарық дүниені көрген күні – ең бақытты күні. Сондықтан жыл сайын сол күнді тойлау, қуаныш ету, өзіне жақын адамдардың да сол күні қуануы - заңды нәрсе. Мен үшін де досымның (не бауырымның т.б.) өмірге келген күні – мен қуанатын күн. Дәл сол күні ата-анамыздың тілегін беріп, Алла барлық сәтсіздіктерден қорғап-қоршап, « жарық дүние, мен келе жатырмын» деп, шар етіп жылап келген досым бүгін жиырмаға толып отыр. Маған осындай адал дос сыйлаған Аллаға, анамызға, әкемізге алғыс айтқым келеді.
Досым, жиырма жас деген – орда бұзар отыз жас емес, бірақ сол отызға ірге болар негіз қаланатын, дайындық жас. Балалық дәуренмен қоштасып, азаматтық дәуренді бастайтын жас. Мен саған жастың жалынын ерте сөндіріп алма, алға қойған мақсатыңа жетер табандылық, зор денсаулық, басыңа амандық тілеймін.
Әкеге тілек:Әке, біздің халқымыз: «Әке - асқар тау, ана –мөлдір бұлақ» деп айтып жатады ғой. Ол сөздің қаншалықты рас, өтірігін білмеймін. Мен үшін Сіз, өнегеңізбен өмір бойы көз алдымда тұратын – ұстазсыз. Өмір сүруге үйреткен ұстазсыз. Ұстаз деген дәріс оқыған оқытушы емес, өмір сүруді үйреткен адам. Мен Сізден өтірік сөйлемеуді, ешкімді алдамауды, адал еңбек етуді, ата-ананы қалай қадірлеу керек екенін, жарды қалай сүю керектігін, баланы, немерені еркелетудің түрлерін, достармен адал қарым-қатнаста болу керектігін, бәрін-бәрін үйрендім. «Әкенің жақындығы жездедей» деген сөзге мен өз басым басы бүтін қарсымын, Әкеге әлемде адам жетпейді. Оның орнын ешкім ауыстыра алмайды. Алладан тілер тілегім, бақытты, денсаулықпен, немере-шөбере қызықтарымен безендірілген сұлу Өмір! Әкелік, аталық, бабалық дәуреніңізде тек бақыт көріңіз!
Анаға тілек:Анашым, мен үшін барлық бөтен адамдарға тілек айту сізге тілек айтудан әлдеқайда жеңіл. Оның себебі сіз менсіз, мен сізбін. Ал адам өзіне-өзі тілек айта алмайды ғой, Мен Сізге шексіз алғысымды айта аламын. Алғысым шын мәнінде, шексіз. Анаған алғыс айтамын, мынаған алғыс айтамын деп бөлшектеп айтарым жоқ. Барлық бақытты, жарық дүниенің нұрын, қасиетті, қадірді, тіптім мен сөйлеп тұрған тілім,ана тілімді де Сіз бердіңіз. Анашым, ақ сүтіңнің қарызын айтпағанда, мен үшін көрген қиындығыңның,бөлінген ұйқыңның, көзің талып күткен кездеріңнің қарызын да өтеу маған қиын болып тұр. Мен Сізге ана, тек Сіз үшін мен ауырмауға, жылы киініп жүруге, жаман әдетке салынбауға, өзің айтқан адам атыма лайық өмір сүруге уәде беремін.Одан басқа Сізге ешнәрсе керек емес екенін мен білемін. Ана, дүниенің жарығын сыйлаған ана, өзіңнің «мен бақыттымын» деген үніңді есітуден артық бақыт маған да жоқ. Сол бір ауыз құдіретті сөзді сіздің айтуыңыз үшін өмірімді сол тілекке арнаймын. Алладан Сізге сұрарым, ауырмасаңыз екен, аман болсаңыз екен.
Үйлену тойында айтылатын тілек: Адам өмірінде тұңғыш рет өте көп тілек айтылатын күн - үйлену тойы. Сондықтан үйлену тойында тілекті қысқа да нұсқа айту керек деп ойлаймын. Жас жұбайлар, үйлену деген жауапкершілігі көп, ауыр қызметке өз еріктеріңмен, бейнелеп айтсақ, махаббаттарыңмен кірдіңдер. Күйеу, әйел, келін, ана, әже,әке, ата,қайын ата, қайын ене дәуреніне бастайтын жолға түстіңдер. Жолдарың ақ болсын, қызметтеріңнен қысқарып қалмаңдар, бақыт деген желкенді кемені екеулеп соғып, өмір-дарияда бірге жүзіңдер дегіміз келеді. Бақыт деген дәулетті, сәулетті достарың болсын!
Шілдехана,яғни,баланы қырқынан шығару тойында айтылатын тілек түрі: Дүниеге сәлем беріп келген сәбидің тұңғыш тойын тойлауға жиналып отырмыз. Өмірге келген сапары оң болсын, бақты тұтас болсын.
Қырқынан шығару деген сенім ғой, бірақ негізі бар сияқты. Қырық деген киелі сан. «Қырықтың бірі - қыдыр», «қайып ерен қырық шілтен, «қырық жыл соғыс болса да, ажалды өледі», «отыз күн ойын, қырық күн тойын» т.б. Дүниеге келген сәбидің ана құрсақтағы шашын, тырнағын қырық күннен кейін алуда да үлкен мән бар сияқты. Қырық күнге дейін бала осы өмірге үйреніп, ана құрсағынан алып келген қаруы - тырнағын, түгі-шашын тастап, адамдар мекен ететін, өмірге аяқ басады. Баланың осы қуанышын етжақын туыстары тойлайды, үлкен кісілер бата береді. «Батаменен ер көгерер» деген сөз рас болса, сәбиіміз көктеп өссін, шынардай биік, емендей мықты, қайыңдай сұлу, көркем болсын, елдің елеулісі болсын!
Баланың тұсаукесер тойында айтылатын тілектің түрі:
Бір жасқа толып, тәй-тәй басқан баламыздың күрмеуін шешіп, тұсауын кесіп, үлкен өмірге жолын ашуға жиналып отырмыз. Ала жіппен аяғын күрмеп байлап, (ала жіптің мағынасы - өмір, күн мен түн деген мағынаны білдіреді), қайшымен оп-оңай етіп кесетін салт-дәстүріміз де жақсы ырым. Күрмеуін шешіп, тұсауын кескен абзал ағамызға (я апамызға) тартып, үлкен азамат болсын. Тән саулығы мен жан саулығы үндесіп, рухы асқақ, елжанды азамат болып өссін. Қадірлі ағайын, осы сәбидің бақытты ғұмырының негізін салуға баршамыз үлес қосайық, ол үшін бәріміз аман болайық!
Тілашар тойында айтылар тілектің түрі:Баламызды саналы өмір әлеміне ендіруге жиналып отырған қадамдарыңызға гүл бітсін.Білім жолы –нұрлы жол деп тегін айтпаса керек. Балам, білім сапрың оң болсын, білімің терең, мәртебең зор болсын! Он бір жылдан соң аман-есен кездесіп сенің мектеп бітіргеніңді көріп, сенен бәріміз емтихан алатын болайық. Сол емтиханнан сүрінбей өтсең, біздің тілегімізді Алланың бергені деп санаймыз. Алла сол жақсы күнге баршамызды жеткізсін!