Тақырыбы: Етістік. Негізгі және көмекші етістіктер. Аналитикалық форманттар

Дәріс мазмұны:

1. Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері.

2. Етістік категориялары.

  1. Негізгі және көмекші етістік.
  2. Аналитикалық форманттар.

Негізгі әдебиеттер:

1. Қарымбаева К.М. Қазақ тіліндегі күрделенген аналитикалық форманттардың мағынасы мен қолданысы. Ф.ғ.к.дис. автореф. А., 2003.

2. Алтаева А.К. Көмекші етістіктердің көпмағыналық қызметке ие болу процестері. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 2003.

3. Омарова А.Қ. Профессор Қ.Қ.Жұбановтың етістіктер туралы ғылыми еңбегі, оның ғылымның кейінгі дамуына ықпалы. Ф.ғ.к.дис. автореф. Алматы, 1999.

4. Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. А., 1966.

5. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің аналитикалық форманттары. А., 1975.

6. Хасенова А. Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты. А., 1971.

Қосымша әдебиеттер:

1. Алтаева А. Көмекші етістіктердің грамматикалану процесі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 8, 2002, 51-52-б.б.

2. Байғонысова Ф. Етістіктің зерттелу сипаты // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2006, 101-105-б.б.

3. Зиядаұлы Б. Қазіргі қазақ тіліндегі қосарлы етістіктер лексикалануы және қолданылу ерекшеліктері. Филол. ғылымд. канд. дисс. авторефераты. Алматы, 1995.

4. Қарынбаева Г. Күрделенген аналитикалық форманттардың мағыналық сипаты // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2002, 43-45-б.б.

5. Қарынбаева Г. Күрделенген аналитикалық форманттар құрамында белсенді қызмет атқаратын форманттар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 11, 2002, 69-72-б.б.

Қазіргі қазақ тілінде етістік ең күрделі сөз табының бірі. Бұл оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формаларының қат-қабаттылығынан және олардың арақатынасынан, грамматикалық категорияларының әртүрлілігінен, жаңа сөз жасау жүйесінен, қолданылу аясынан, сөйлемде атқаратын синтаксистік қызметінен т.б. лексика-грамматикалық қасиеттерінен байқалады. Етістіктің зат есім сияқты көне сөз табы екендігі, басқа сөз таптарын жасауға негіз болатындығы, яғни тарихи-генеалогиялық ерекшеліктеріөз алдына бір төбе.

Ең алдымен, етістік семантикалық жағынан тілімізде қимылды, процесті, әр түрлі өзгеріс, құбылысты білдіретін сөздер болып табылады.

Етістіктер басқа да мағыналы сөз таптары сияқты түбір күйінде де, өзіне тән әртүрлі грамматикалық тұлғаларда да қолданылады деп асығыс айтып жүрміз. Бірақ етістіктің осындай түр-тұлғаларының қолданылуында бірден сырт көзге іліне бермейтін ерекшеліктер бар екенін көрсеткен жөн. Ең алдымен, ол ерекшелік етістіктің түбір тұлғасының лексика-грамматикалық сипатымен тығыз байланысты. Етістіктің түбір тұлғасы қимылды, іс-әрекетті, процесті т.б. білдіреді және ол – еістіктің жеке сөз табы ретіндегі жеке тұрғандағы семантикалық белгісі, негізгі жалпы грамматикалық мағынасы, ал бұйрық райдың 2-жағы сол етістіктің сөйлеу процесінде басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсудің нәтижесінде пайда болатын, грамматикалық нөлдік форма арқылы көрінетін түрлену мағынасы, яғни категориялық грамматикалық мағынасы болып табылады.

Қазақ тіліндегі сөз таптарының бірі болып танылатын етістік өзіне тән белгілі мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады. Етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір ала-құлалығы немесе тіпті кейде оның мәніне түсінбеушілік етістік категорияларының ерекшеліктерін анықтап, оларды жіктеуден де байқалып жүр. Әдетте етістіктің түбірден өзге формаларының жүйесі мынадай грамматикалық категориялар ыңғайында қаралады: 1) қимыл атауы категориясы, 2) салттылық және сабақтылық категориясы, 3) етіс категориясы, 4) болымдылық және болымсыздық категориясы, 5) амалдың өту сипаты категориясы, 6) есімшелер категориясы, 7) көсемшелер категориясы; 8) рай категориясы, 9) шақ категориясы, 10) жіктік, көптік жалғауларының шаққа қатысы. Етістіктің грамматикалық категорияларын лексика-грамматикалық (салт-сабақты етістік, етіс, күшейтпелі етістік, немесе көрініс, болымсыз етістік категориялары) және таза грамматикалық (рай, шақ, жақ немесе жіктелу) категориялары деп екіге бөліп қараған жөн. Өйткені рай, шақ категориялары етістіктің мағыналық жағынан оны өзгеріске түсірмейтін ғана тұлғасы емес, сонымен бірге етістікті басқа сөздермен байлансқа түсуге дәнекер болып, жіктеліп, сөйлем ішінде қолдануға негіз болатын тұлғалары. Бірақ бұл категориялардың ішіне есімше, көсемше, тұйық етістік немесе қимыл атауы енбей қалады. Өйткені бұлар етістіктің грамматикалық категориялары емес, ерекше түрлері болып табылады.

Тіліміздегі етістіктер қолданыста түрлі құрамда қолданылады. Солардың бірі жетекші етістік пен көмекші етістіктің тіркесі. Мысалы, келген еді, айтса екен, келе қалды, құлай жаздады, біліп алды, айта салды, көріп қойдыт.б.

Келтірілген мысалдардағы әр тіркестің алдыңғы сыңарлары – жетекші етістіктер, соңғы сыңарлары – көмекші етістіктер. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.

Жетекші (негізгі) етістіктер толық лексикалық мағынаны, яғни, қимыл атауын білдіреді. Мысалы, келе қалды дегенде жетекші етістік келу лексикалық мағынасын білдіріп тұр, ал осы тіркестегі қал етістігінің үйде қалды деген қолданыстағы (қалу) мағынасы болмағандықтан, ол жетекші етістік емес, көмекші етістікке жатады.Сөйтіп жетекші етістікке лексикалық мағыналы етістіктер, көмекші етістікке лексикалық мағынасы жоқ етістіктер жатады.

Қолданыста жетекші етістік атаулының бәрі сөйлемдегі субъектінің қимыл-әрекетін білдіреді, өйткені жетекші етістік қимыл атауын білдіретінлексикалық етістіктерден ғана болады.

Жетекші етістіктің келесі белгісі оның қолданылу орнына байланысты. Жетекші етістік пен көмекші етістік тіркесінде жетекші етістік үнемі бірінші тұрады, басқаша айтқанда көмекші етістіктен бұрын тұрады. Бұл орын тәртібі өте тұрақты, оны өзгертуге болмайды, ол өте ертеден тілде әбден қалыптасқан заңдылық. Жетекші етістіктің көмекші етістіктен бұрын тұруы тіліміздегі жалпы грамматикалық көрсеткіштердің сөз соңында қолданылу заңдылығына сай қалыптасқан.

Жетекші етістік сөйлемде белгілі ойды білдіретін мағыналы сөз болғандықтан, оған сөйлемде қосылатын түрлі грамматикалық мағыналардың берілу тәсіліне байланысты ол көмекші сөздермен де тіркеседі, көмекші сөздерсіз қосымшаларды да қабылдай береді.

Көмекші етістіктердің саны шектеулі, олар жетекші етістіктер сияқты саны өте көп құбылыс емес.Көмекші етістіктер жетекші етістікке көсемше, есімше жұрнақтары арқылы тіркеседі.Ол жұрнақтар жетекші етістікке жалғанған соң көмекші етістік тіркеседі. Мысалы, оқы+п алды, көрі+п қойды, кел+ген еді, айт+атын болды, біл+се екент.б.

Бір жетекші етістікке бірнеше көмекші етістік тіркесетін болса, екінші, үшінші көмекші етістіктер алдындағы көмекші етістікке қосымша арқылы тіркесе береді. Мысалы, айқында+п қал+ып едіт.б. Көмекші етістіктер жетекші етістікке тіркесетін болғандықтан, сөйлемде жетекші етістікке қосылатын басқа да грамматикалық көрсеткіштер көмекші етістіктерге өз ретімен қосыла береді.

Жетекші етістікке қанша көмекші етістік тіркессе де, олардың бәрі жетекші етістіктің құрамына кіреді де бір сөзге бірнеше қосымша жалғанғандағы сияқты бір сөздің қызметін атқарады. Мысалы, көрмекшімін деген үш қосымшалы етістік сөйлемде қандай бір сөз қызметін атқарса, көре бергісі келіп едідегендегі үш көмекші етістікпен қолданылған көру етістігі де жоғарыдағы үш қосымшалы етістік сияқты бір сөз қызметін атқарады.

Көмекші етістіктер грамматикалық дамудың нәтижесінде алғашқы лексикалық мағынасынан айрылып, грамматикалық қызметке көшкен етістіктер. Көмекші етістіктердің санфы да аз емес, бірақ олардың тілдегі құрамы тұрақты. Қазақ тілінде отыз көмекші етістік бар. Олар: ал, бақ, бар, бер, бол, біл, біт, жазда, жат(ыр), жөнел, жүр, жібер, де, еді, екен, емес, ет, кел, көр, қал, қой, қыл, отыр, өт, сал, таста, тұр, түс, шық.

Көмекші етістіктер қазақ тілінің грамматикалық құрылысынан кең орны алады. Етістіктің грамматикалық категорияларының көбінің көрсеткіші қызметін көмекші етістіктер атқарып, категориялардың мағынасынг жасауға қатысады. Атап айтқанда, нақ осы шақ (келе жатыр), қатыстық өткен шақ (келіп еді), қалау рай (оқығысы келеді, оқыса екен, оқыса игі еді), бұйрық рай (айтушы болма, айта көрме), шартты рай жасайды: Ол бір сәт тағы бір айналып келер болса, бар өнерімді салар едім. (Мұқанов). Көмекші етістіктер мүмкіндік модальдықты (айта алады, келе алмайды, сене біледі) және төл сөзді жасйды (- Кет! – деді ол.). Етістіктің болымдылық, болымсыздық категориясының көрсткіші қызметін атқарады: келген жоқ, келер емес.

Көмекші етістіктер қимылдың қалай жаслғанын нақтылы сипаттап, дәл көрсетуде ерекше қызмет атқарады. Мысалы, құлап қала жаздап барып қалды, дегенде құлау қимылының жаслуға жақындап, бірақ жаслмағаны айтылады. Оны дәл суреттеу қажет болмса, ол құламады деген бір сөзбен айтылар еді. Онда нәтиже бар, бірақ оның қалай құламағаны көрінбейді.

Қимылдың жасалу тәсілін білдіруге қазақ тілінің грамматикалық құрылысының бай мүмкіндігі бар. Оған көмекші етістіктер де, қосымшалар да қатысады: айта сал (немқұрайды жасалуы), айтып бақты (ерекше ынтамен), жасаған бол (жасандылық), айта жаздады (жетімсіз қимыл), жазып ал, айтып бер (кімге бағытталғаны), келе қалды (күтпеген жерден), кесіп түсті (қысқа, батыл жасау), итеріп кеп қалды (ерекше қарқынмен), келе береді (қимылдың созылуы), қарай тұр, отыра тұр (шек қойылу), келе жатыр (асығыссыздық), жауайын деп тұр (жасауға бейімділік), ойланып қалды (бір қалыпқа көшу), келе сала, құлай кетті, айта сала, күліп жіберді (бір қимылдың соңынан іле екінші қимылдың жасалуы) т.б.

Осымен байланысты ғылымда қимылдың өту категориясы танылды, ол оқулыққа да кірді. Осы мағынаға бай категорияның жасалуы негізінен көмекші етістіктерге қатысты.

Көмекші етістіктер сөзжасамға да қатысады. Мысалы, адам қыл, жәрдем ет, қызмет қыл да, медет қыл, еңбек ет, жақсы бол, көмек бер, т.б. Осы келтірілген мысалдарда көмекші етістіктер есім сөздерге тікелей тіркесіп, оған қимыл мағынасын қосып тұр. Осындағы көмекші етістіктің қызметін есім сөзден етістік жасайтын жұрнақтың қызметімен салыстыруға болады. Есім сөзден етістік жасайтын жұрнақтар да есім сөзге қимыл мағынасын үстейді. Мысалы, ақта, сыйла, әндет т.б. Есім сөзге тіркесіп оған қимыл мағынасын қосып, одан құранды етістік жасайтын көмекші етістіктердің дәл осы қызметті атқаратыны оларды салыстырғанда анық көрінеді. Мысалы, жәрдем ет-жәрдемдес, еңбек ет-еңбектен, жақсы бол-жақсылан, көмек бер-көмектес т.б.

Көмекші етістіктердің басым көпшілігі лексикалық мағынасынан айрылғанымен, дыбыстық құрамын толық сақтап қалған. Олар: ал, бақ, бар, баста, бер, бал, біл, біт, жат, жөнел, жүр, жібер, де, кел, көр, қом, қай, қыл, отыр, өт, сал, таста, тұр, түс, шық. Сондықтан олардың жасалуына негіз болған лексикалық мағыналы етістіктермен көмекші етістіктердің дыбыстық құрамында айырма жоқ және бұл көмекші етістіктерге негіз болған лексикалық мағыналы етістіктер тілде сақталған. Олардың бірі тілде толық мағыналы сөз ретінде, екіншісі көмекші құбылысқа жатады.

Аналитикалық формант деп қосымша мен көмекші етістіктің бірлігінен тұратын, категория мағынасын білдіретін күрделі морфологиялық көрсеткіш аталады. Мысалы, Апам болса ауданда сырқаттанып жатыр. Ақбөпе екеуміз таңертеңнен айтып жүрміз (Жүнісов). Осы екі сөйлемдегі сырқаттанып жатыр, айтып жүрміз деген аналитикалық формалы етістіктер –ып жатыр, -ып жүр деген аналитикалық форманттар арқылы нақ осы шақ мағынасын білдіреді. Нақ осы шақтың жүйесі бойынша бұл форманттарға жіктік жалғауы тікелей жалғанады. Ол заңдылық сақталған: сырқаттанып жатыр дегенде 3-жақ болғандықтан, онда жіктік жалғау жоқ, ал айтып жүрміз дегенде жіктік жалғау аналитикалық формантқа тікелей жалғанған.

Қазақ тілі етістіктің аналитикалық формантына өте бай. Етістікке жетпістен аса аналитикалық формант бар. Олар: -а ал, =п бақ, -п ал, -п бар, -а бар, а баста, е бер, -п бер, -ған бол, -п бол, -с біл, -п біт, -а жазда, -п жат(ыр), -е жөнел, -п жүр, -е жүр, -п жібер, -йін де, -са игі еді, -са екен, -ғай еді, -са еді, ø екен, ø жоқ, -п кел, -е кел, -п кет, -а кет, -п көр, -е көр, -п қал, -а қал, -п қой, -а қой, -п отыр, -а отыр, -п өт, -сал, -а сал, -п таста, -п тұр, -а тұр, -п түс, -е түс, -п шық, -а шық, -п сала бер, -п кеп жібер, -п кеп қал, -ғалы отыр, -ғалы жат(ыр), -гелі жүр, -ғалы тұр, -а сала, -п қоя бер, -п кележат, -п бара жат, -п болыа қал, -ғы кел, -ушы болма, -а көрме, -ған болса, -р болса, -пжүре бер, -п кеп кет, -п сала бер, -п кеп бер, -уге бол.

Аналитикалық форманттардың құрамының түрлі болуына байланысты олар жалаң және күрделенген аналитикалық форманттар болып бөлінеді. Жалаң аналитикалық форманттарға бір морфемалы, екі морфемалы, үш морфемалы аналитикалық форманттар жатады. Күрделенген аналитикалық формантқа төрт морфемалы аналитикалық форманттар жатады. Олар екі морфемалы аналитикалық форманттардық бірігуінен жасалған. Күрделенген аналитикалық форманттың белгілері: 1. күрделенген аналитикалық формант бір мағына береді, бір форманттың қызметін атқарады. 2. Күрделенген аналитикалық форманттың құрамындағы морфемалардың орны тұрақты, олардың арасына бөтен морфема қосыла алмайды. 3. Күрделенген аналитикалық форманттың бәрі қимылдың өту сипаты категориясының көрсеткіштері. 4. Күрделенген аналитикалық форманттар тек қана етістікпен қолданылады. Қимылдың жасалу тәсілі негізінен аналитикалық форманттар арқылы білдіріледі.

1. Қимылдың жасалу тәсіліне жалған, жасанды қимыл мәнін білдіреді: - Сіз де сүйтесіз бе? – деген Дәурен қалжыңдаған болып.

2. Жеткіліксіз қимыл тәсілінде қимылдың жасалуға жақындап барып, аяғына жетпей үзілуін білдіреді: Қыз отқа құлай жаздап, әрі шошып, әрі ашуланып, булыға жаздады.

3. Қимылдың субъект өзі үшін, я өзінен басқалар үшін жасауын білдіру қимылдың бағыт-мақсат тәсіліне жатады: Мен өз пәтеріме көшіп алдым.

4. Қимылдың ерекше ынтамен жасалуын –п бақ форманты білдіреді: Дегенмен Нүрке шыдап бақты.

5. Қимылдың жасалуына немқұрайды қарап, оның жол-жөнекей жасалуын білдіретін аналитикалық форманттарға: -а сал, -а отыр, -е жүр форманттары жатады: Менікі әншейін айта салған қалжың ғой.

6. Қимылдың ойда-жоқта, қиындықсыз жеңіл, күтпеген жерденжасалуын –а қой, -а кет, -а қал аналитикалық форманттары білдіреді: Алақаныма қыса қойдым.

7. Қимылдың қысқа, батыл, аз уақыттың ішінде жасалуын –п таста, -п жібер, -п түс, -п кел форманттары білдіреді: Итемген зекіп тастады.

8. Қимылдың ерекше қарқынмен, күшпен жасалуын –п кеп жібер, -п кеп қал күрделенген аналитикалық форманттар білдіреді: Мен шықшыттан періп кеп жібердім.

9. Қимылдың жасалуы ұзаққа созылуын, жалғасуын, қайталануын –е бер, -е түс форманттары білдіреді: Әкесін мазалай берді.

10. Қимылдың жасалуына шек қоюды –а тұр форманты білдіреді: Сәл күте тұрыңыз.

11. Қимылдың жасалуының асығыссыздығын –а жатар форманты білдіреді: Үйрене жатар.

12. Қимылдың жасалуға дайын тұрғанын, бейімділігін –йін де, -ғалы отыр, -гелі жүр, -ғалы тұр, -ғалы жатыр форманттары білдіреді: Жер құрғайын деді.

13. Қимылдың бір қалыптан тұрақты қалыпқа көшуін –п қал форманты білдіреді: Мен сені бөрілердің аузынан сақтап қалдым.

14. Бір қимылдың соңынан ілесе екінші қимылдың жасалуын –а сала, -салып форманттары білдіреді: Әкесін көре сала, жүгіре жөнелді.

Апта

Наши рекомендации