Тақырыбы: Сан есім. Сан есімнің мағыналық топтары

Дәріс мазмұны:

  1. Сан есімнің лексика-семантикалық сипаты.
  2. Сан есімнің морфологиялық ерекшеліктері.
  3. Сан есімнің мағыналық топтары.

Негізгі әдебиеттер:

  1. Төлеуов Ә. Сөз таптары. А., 1982.
  2. Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасам жүйесі. А., 1988.
  3. Қазақ грамматикасы. Астана, 2002.
  4. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А., 1991.

Қосымша әдебиеттер:

1. Шаһарман Г.П. Қазақ тіліндегі сан есім сөздерден жасалған туындылардың мағыналық ерекшеліктері. Ф.ғ.к.дис. автореф. А., 1998.

Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімдер – заттың немесе заттық ұғымдар мен құбылыстардың санын, мөлшерін, бөлшегін, ретін білдіретін сөз табы. Қазақ тіліндегі барлық сан есімдер жиырма шақты сөздер арқылы жасалады. Оларды бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар деп беруге болады. Миллион, миллиард сан есімдері түркі тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де орыс тілі арқылы енген. Қазақ тілінде қолданылатын түмен сөзі монғол тілінен енген сансыз көп деген мағынаны білдіреді.

Морфологиялық құрамы жағынан сан есім дара, күрделі болып бөлінеді. Бір түбірден құралған негізгі және туынды сан есімдер дара сан есімдер деп аталады: екі, бес, үш, он, жүз. Дара сан есімдер іштей негізгі және туынды болып бөлінеді. Негізгі дара сан есімдерге морфемалық бөлшектерге бөлінбейтін сөздер жатады: екі, бір, үш. Туынды дара сан есімдер әр түрлі грамматикалық жұрнақтардың жалғануы арқылы жасалады: үшеуі, бірер, төртінші. Күрделі сан есімдер дара сан есімдердің тіркесуі және қосарлануы арқылы жасалады: он төрт, бір-екі, жүз жиырма бес.

Сан есімнің негізгі бір ерекшелігі – басқа сөз таптарынан жасалмауы. Барлық сан есімдер есептік сан есімдердің өзара тіркесу, қосарлану, әр түрлі жұрнақтардың жалғануы негізінде қалыптасқан.

Сан есім зат есіммен, заттанған сөздермен тіркесе келіп, оларды сан мөлшері жағынан айқындап, анықтауышы болып табылады. Бұл шоқ орман екі-үш шақырым жерде оқшау тұр (Есенжанов).

Сан есімдер кей жағдайда зат есімсіз де қолданыла береді. Мұндай қолданыста сан есім заттық мағынаны, оның мөлшерін және сандардың өз атауы ретінде жұмсалады. Алтау ала болса, ауыздағы кетер, төртеу түгел болса, төбедегі келер.

Қазіргі қазақ тілінде семантикалық жағынан сан есімге жақын біраз сөздер тобы бар. Олар:

- салмақ өлшемдерін білдіретін сөздер: қадақ, пұт, келі, батпан.

- Көлем мөлшерін білдіретін сөздер: бір уыс, бір тілім, бір құшақ.

- Қалыңдық өлшемін білдіретін сөздер: екі елі, пышақ сырты.

- Қашықтық өлшемін білдіретін сөздер: адым, шақырым, таяқ тастам.

- Ұзындық өлшемін білдіретін сөздер: тұтам, құлаш, аршын.

- Сан есімдердің тура мағынасындағы сөздер.

- Жарты мағынасын білдіретін сөздер: жарты, жарым.

- Бір мағынасын білдіретін сөздер: жеке, дара, жалғыз, жалқы.

- Екі мағынасын білдіретін сөздер: егіз, қос, пар.

- Төрттен бір мағынасында: ширек.

- Уақыт мөлшерін білдіретін сөздер: шай қайнатым, сүт пісірім уақыт.

Бұл сөздер мөлшерлік мағынада қолданылғанымен, лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай басқа сөз таптарына жатады.

Сан есім – дербес лексика-семантикалық ерекшеліктері, өзіндік морфологиялық белгілері, синтаксистік атқаратын қызметі бар сөз табы. Сан есімнің басқа сөз таптарынан негізгі айырмашылығы – зат есіммен тіркесіп, сандық жағынан анықтау және зат есімсіз қолданылып, сандық атауды білдіру. Сан есім басқа сөз таптарынан жасалмайды. Сан есімнің негізгі қызметі заттық ұғымдар мен құбылыстарды сандық жағынан анықтау болғандықтан, әдетте морфологиялық өзгерістерге түспей қолданылады. Бес нәрседен қашық бол (Абай). Сан есімдер зат есімнің жалғауларын қабылдап, заттық мағынада да қолданыла береді.

Қазіргі қазақ тілінде алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сан есімдерінің құрылысы ерекше.

Ал-пыс, жет-піс сөздеріндегі –пыш, -мыш элементі ескі дәуірде он мәнін берген, ал сексен, тоқсан – сегіз он, тоғыз он сөздерінің бірігуі арқылы жасалған сан есімдер.

Сан есімдер қолданылу ерекшеліктеріне қарай бір тобы зат есіммен тіркесіп, оны анықтап, есебін, ретін, мөлшерін білдірсе, біразы жинақтылық ұғымды, бөлшектік үлесті, шамалық, болжалдық мағыналарды білдіреді. Осындай мағыналық ерекшеліктеріне қарай сан есім алты топқа бөлінеді. Олар: есептік сан есім, реттік сан есім, жинақтық сан есім, топтау сан есімі, болжалдық сан есім, бөлшектік сан есім.

Есептік сан есім заттың нақтылы санын және абстракты сандық ұғымды білдіріп, қанша? неше? деген сұрақтарға жауап береді. Есептік сан есімнің арнайы грамматикалық көрсеткіштері жоқ, олар түбірден тұрады. Мысалы: екі, жүз, бес. Қазақ тілінде есептік сан есімдер деректі санауға болатын зат пен заттық ұғымдарды білдіретін сөздерді ғана айқындап, солармен сөз тіркесін жасай алады.

Есептік сан есімдер құрылысы мен дәрежесіне қарай бірлік, ондық, жүздік, мыңдық сандар болып бөлінеді. Бірлік сандарға бір санынан бастап он-ға дейінгі, ондық сандарға он, жиырма, отыз, қырық, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан сандары жатады. Жүздік, мыңдық сандарға жататын сөздер: жүз, екі жүз, ..., мың, екі мың. Осы аталған топтарды құрамына қарай дара және күрделі деп бөлуге болады. Дара сан есімдерге бірлік, ондық сан атаулары және жүз, мың сөздері жатады. Күрделі есептік сан есімдер жоғарыда аталған сан есімдердің бір-бірімен өзара тіркесуі арқылы жасалады. оларға он бірден басталған, жүздік, мыңдық атауларға дейінгі сандар жатады.

Есептік сан есімдер төмендегідей тұрақты сөз тіркестер құрамында кездеседі:

БІР:бір жасап қалу, бір киер, бір сөзді, бір шөкім, т.б.

ЕКІ:екі дүниеде, екі жарты бір бүтін, екі жеп биге шығу, екі жүзді, екі ойлы, екі ұшты, екі еткізбеу, екі кеменің басын ұстау.

ҮШ:үш қайнаса сорпасы қосылмау, үш ұйықтаса түсіне кірмеу.

ТӨРТ:төрт түлік мал, төрт құбыласы сай, төрт көзі түгел, төрт тағандау.

БЕС:бесаспап адам, бес бересі, алты аласы жоқ, бесенеден белгілі.

АЛТЫ:алты қырдың асты.

ЖЕТІ:жеті қабат жер асты, жетісін беру, жеті ата, жерден жеті қоян тапқандай.

ТОҒЫЗ:тоғыз жолдың торабы, тоғыз қабат торқа, бір тоғыз.

ОТЫЗ:отыз күн ойын, қырық күн тойын, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды.

ҚЫРЫҚ:қырықтың бірі қыдыр, қысқа күнде қырық шабу, қырқын беру.

Есептік сан есімдер өзге сөз таптарынан жасалмайды. Тілдің тарихи даму процесінде есептік сан есімдер арқылы сөзжасамның әр түрлі тәсілдері арқылы жаңа сөздер жасалған. Есептік сан есімдердің ішінде лексика-семантикалық және грамматикалық жағынан бір сан есімінің қолданылу, стильдік ерекшелігі сан алуан.

Реттік сан есім заттың саналу ретін, орын тәртібін білдіріп, нешінші? деген сұраққа жауап береді де, есептік сан есімдерге –ыншы, -інші, -ншы, -нші жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: бірінші, бесінші, он екінші. Реттік сан есімдер құрамына қарай дара және күрделі болып бөлінеді. Дара реттік сан есім бір сан есім арқылы жасалады. күрделі реттік сан есім бірнеше сан есімдердің тіркесіп келуі арқылы жасалады. қолданылу стильдік ерекшелігіне қарай реттік сан есімдерін жасайтын жұрнақтар ондық, жүздік, мыңдық сандарға қарағанда, бірлік сандарға жиі жалғанатыны байқалады.

Синтаксистік қызметі жағынан реттік сан есім зат есімнің алдында келіп, анықтауыш болады. Бұл - оның негізгі қызметі. Екінші мәселе: жұмысшыларды топқа бөлу. Реттік сан есім сандық ұғымды білдіруімен қатар заттық мағынада қолданылады. Осындай мәнге ие болуымен байланысты әр түрлі грамматикалық формалармен түрлене алады, яғни көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Біріншісі Каспий теңізінің статусына байланысты болса, екіншісі - әлемдік мұнай тасымалдау жолдарына шығу болып саналады. Реттік сан есім басқа тұлғада түрленбей тұрып және шығыс септігінің көнеленуі арқылы жасалған реттік мағынаны білдіретін қыстырма сөздің де қызметін атқарады: біріншіден, екіншіден, т.б.

Қазіргі қазақ тіліндегі жинақтық сан есім заттың жинақталған сандық мөлшерін білдіріп, нешеу? деген сұраққа жауап беріп, сан есімдерге –ау, -еу жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: біреу, екеу, үшеу. Жинақтық сан есімдер бір мен жеті аралығындағы сан есімдерге –ау, -еу жұрнақтарын жалғау арқылы жасалады. Мұнда екі, алты, жеті сөздеріндегі қысаң –ы, -і дыбыстары түсіріліп қолданылады. Жинақтық сан есімдердің бір ерекшелігі, әдетте, зат есімдерсіз жеке қолданылып, заттық мәнге ие болып, әрі сандық, әрі заттық мағынаны бірдей білдіріп тұрады. Екеуі көп отырмай, үйге қайтты. Жинақтық сан есімдер зат есімдердің орнына жүретіндіктен, зат есімнің грамматикалық формаларымен түрленеді, яғни көптеледі, септеледі, тәуелденеді: екеуі, үшеуіміз, біреуің. Жинақтық сан есімдер құрамы жағынан тек дара түрінде ғана қолданылады.

Қазіргі қазақ тіліндегі топтық сан есімдер заттар мен құбылыстардың санын топтап көрсетіп, қаншадан? нешеден? деген сұрақтарға жауап беріп, есептік, болжалдық сан есімдерге шығыс септігінің көнеленген қосымшаларының жалғануы арқылы жасалады: бір-бірден, екі-үштен, екеуден, т.б. топтық сан есімдер морфологиялық құрамы жағынан дара және күрделі болады. Дара топтық сан есім есептік сан есімдерге көнеленген шығыс септігінің жалғануы арқылы жасалады: екеуден, үшеуден, біреуден. Күрделі топтық сан есімдер бірнеше есептік сан есімдердің тіркесіп, соңғысына көнеленген шығыс септігінің жалғауы жалғану арқылы жасалады: үш-үштен, он-он бестен. Топтық сан есімдер грамматикалық көрсеткіштермен түрленбейді және жаңа сөздер жасай алмайды.

Қазіргі қазақ тіліндегі болжалдық сан есімдер заттар мен құбылыстардың санын дәл білдірмей, шамамен болжамдап, тұспалдап көрсетіп, қанша? неше? қай шамалы? қаншадай? секілді сұрақтарға жауап береді. Болжалдық сан есімдер, біріншіден, сан есімдерге немесе сан есім анықтап тұрған есім сөздерге әр түрлі қосымшалар жалғану арқылы жасалады, екіншіден, сан есімнің қосарлануы арқылы жасалады. Осымен байланысты оларды синтетикалық, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған болжалдық сан есімдер деп бөлуге болады. Болжалдық сан есімдердің синтетикалық тәсіл арқылы жасалуы:

1. Есептік сан есімдерге –лаған, -леген, -даған, -деген, -таған, -теген жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалады: мыңдаған, жүздеген.

2. Сан есімдерге –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары жалғану арқылы жасалады: төрт мыңдай, екі жүздей.

3. –лап, -леп, -дап, -деп, -тап, -теп жұрнақтары сан есідерге жалғану арқылы болжалдық есімдер жасалады: ондап, мыңдап.

4. –ер жұрнағы бір сөзіне жалғану арқылы болжалдық ұғым білдіреді. Бұл өте көне форма қазіргі қазақ тілінде тек бір ғана бірер сөзінде сақталған.

5. Есептік сан есімдерге көптік жалғауы, сонан соң жатыс септігінің жалғауы жалғануы арқылы болжалдық мағына туындайды: он сегіздерде, бестерде.

Болжалдық сан есімнің аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы:

1. Есептік сан есімдердің қосарлануы арқылы жасалады: қырық-елу, жеті-сегіз.

2. Есептік сан есімдерге (түбір және барыс, шығыс тұлғаларында) шақты, шамалы, қаралы, таман, жуық, астам, тарта, таяу сөздерінің тіркесуі арқылы жасалады.

Бөлшектік сан есімдер – заттар мен құбылыстардың бөлшектік санын, үлесін білдіреді. Бөлшектік сан есім морфологиялық құрамы жағынан күрделі болып келеді. Ол сан есімдердің белгілі бір грамматикалық формалары арқылы тіркесуінен жасалады. Бөлшек сандар сан есімдер тіркесінің бөлімі шығыс немесе ілік септігінің бірінде, ал алымы тәуелдік тұлғада тұру арқылы жасалады: үштен бірі, бестің екісі. Бөлшектік сан есімдер есептік сан есімдерге жарты, ширек, жарым сөздерінің тіркесуі арқылы және жеке тұрып қолданылуы арқылы да жасалады: бір жарым, екі жарты, ширек ғасыр.

Сан есімнің негізгі қызметі мағынасы жағынан заттың нақты санын білдіру болғандықтан, әдетте, сөйлемде сан есім анықтауыш қызметін атқарады. Сонымен бірге сан есім белгілі жағдайда сөйлемнің барлық мүшелерінің қызметін де атқара алады.

Сан есім заттың мөлшерін, санын, ретін, бөлшегін білдіретіндіктен, зат есім алдында келіп, анықтауыш болады: Ортасында бес үлкен ақ үйлері бар көп үйлі ауыл.

Сан есім атау септігінде тұрып, бастауыш қызметін атқарады: Екеуі де жарасымды қалжың сияқты.

Сан есім сөйлем аяғында келіп жіктеліп, баяндауыш болады: Екінші – ұят, сосын шындық – үшінші.

Сан есім барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, өзі бағынып тұрған сөзге меңгеріле байланысып, жанама, тура толықтауыш қызметін атқарады: Құран мен Інжілдің бірін жазып отырғандай, сәнмен, баппен отыр.

Сан есімдер септік жалғауын қабылдамай-ақ, етістік алдында тікелей келіп, пысықтауыш болады: Үстінен «бес», «төрт» деп сатылай толтырылған жиырма бес көк аттестат қолымызда отырды.

Сан есім зат есіммен немесе қатыстық сын есіммен тіркесе келіп, сөйлемнің күрделі мүшесі, тіпті кейде үйірлі мүшесі де бола алады: Бұл шатыр төрт бұрышты, кеңдігі жүз адым, биіктігі үш найза.

Апта

Наши рекомендации