Леуметтанулық зерттеудің ғылыми ұйымдастырылуы. Әлеуметтанулық зерттеу бағдарламасы.

Қолданбалы социологиялық зерттеу бағдарламасы зерттеудің барлық кезеңдерін жүргізудің теориялық-методологиялық негізін – мәліметтер жинау, оларды өңдеу мен талдауды қамтиды. Бағдарлама методологиялық, әдістемелік және ұйымдастырушылық сипаттағы үш түрлі қызмет атқарады.

Методологиялық қызмет – қарастырылатын проблеманы айқындауға, зерттеудің мақсаты мен міндетін белгілеп, нысаны пен пәнін анықтауға, алдын ала талдау жүргізіп, болжам жасауға, негізгі ұғымдарды бөліп алуға, оларды түсіндіріп, тексеруге мүмкіндік береді.

Әдістемелік қызмет – зерттеудің қалай жүзеге асатындығын, мәліметтер жинаудың қандай әдістері қолданылатындығын, сұрыптаудың қалай жүргізіліп, алынған мәліметтердің қалай өңделіп, талданатындығын көрсетеді.

Ұйымдастырушылық қызмет – зерттеуді тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ететін жұмыс жоспарын, зерттеу ұжымының міндеттері мен тапсырманы орындау мерзімін, жұмсалатын шығын бөлігін анықтауға арналады.

Бағдарламаның бірінші әдіснамалық тарауында бірнеше құрамдас бөлімдер болады. Оларға жататындар:

1) проблеманы талдау мен проблемалық жағдайды анықтау;

2) зерттеу нысанын айқындап, оны алдын ала ой елегінен өткізу;

3) зерттеу пәнін анықтау, оны алдын ала сараптау;

4) зерттеудің мақсаты мен міндетін айқындау;

5) болжам жасау;

6) негізгі ұғымдарды іріктеп алып, оларды түсіндіру.

Социологиялық бағдарлама жасағанда алдымен зерттелуге тиісті проблема ой елегінен өткізіліп, талданады. Әлеуметтік проблема дегеніміз – оны шешуге бағытталған іс-әрекеттер ұйымдастыруды талап ететін өмірдегі әлеуметтік қайшылықтар.

Бағдарламаны жүзеге асыру зерттеу түріне байланысты. Оның түрін анықтағанда зерттеу нысаны мен пәнін зерттеу тереңдігі негізге алынады.

Социологиялық зерттеудің нысаны ретіндегі әлеуметтік өмір белгілі бір дәрежеде әлеуметтік қайшылықтары бар әлеуметтік институттардың, топтардың, процестердің қарым-қатынастарының жиынтығы болып табылады.

Эмпириялық социологиялық зерттеудің пәні нысанның әлеуметтік проблеманы шешу үшін аса маңызды жақтары, өзіндік ерекшеліктері мен қарым-қатынастары болып табылады. Зерттеу пәнін нақтылау нәтижесінде социологиялық нысанның зерттелініп отырған проблемалық жақтары туралы пікірлер жүйесін түзетін болжамдар пайда болады.

Болжам дегеніміз зерттелінетін социологиялық нысанның құрылымы, оның құрамдас бөліктері арасындағы байланыстардың сипаты, әлеуметтік проблеманы шешудің мүмкін боларлық жолдары жайлы алдын-ала жасалынған пайымдаулар. Болжам ғылым дамуының деңгейін көрсететін білім түрі де болып табылады. Жұмыс болжамдары деп құбылыс пен процесті алдын-ала түсіндіретін және зерттеудің алғашқы сатысында қолданылатын болжамдарды айтамыз.

Болжам жасауға белгілі бір талаптар қойылады. Болжам арнайы не жалпы социологиялық теорияға сәйкес, ғылыми негізді (яғни дәлелденгенге қайшы келмейтін), зерттелінетін проблема бойынша мағыналы, эмпириялық жолмен тексерілетін, логикалық тұрғыдан қайшылықсыз болуы керек.

Бағдарламаның методологиялық бөлімінің соңғы тарауы «Негізгі ұғымдар, оларды түсіндіру, амалдандыру» деп аталады. Бағдарлама жасағанда негізгі ұғымдарды іріктеп алу маңызды. Бұл жұмыс зерттеу проблемасы мен пәнін талдау барысында атқарылады. Әлеуметтік құбылысты құрылым ретінде қарастыру белгілі бір абстрактылы ұғымдарды бөліп алу арқылы жүзеге асады.

Оның алғашқысы – ұғымды түсіндіру. Негізгі ұғымдарды логикалық талдаудың бұл сатысында ұғым туралы түсінік теориялық жағынан негізделеді. Анықтамалардың көмегімен ұғымды айқындап алу оның зерттеліп отырған әлеуметтік құбылыс пен процестің жалпы және елеулі қасиеттеріне қатысын да анықтау болып табылады. Ұғымдармен жұмыстың келесі кезеңі – оларды амалдандыру, яғни ұғымды оның мәнін дәл беретін терминдер деңгейіне дейін бөлшектеп, бөліктерге бөлу, шынайы өмірдегі олардың көрінісін табу (басқаша айтқанда эмпириялық көрсеткіштер табу). Талдамалық зерттеуде амалдандырудың екі түрі: құрылымдық және факторлық амалдандыру жүзеге асады. Құрылымдық амалдандыруда негізгі ұғым құрамдас бөліктеріне, зерттеу пәнінің басты белгілеріне бөлшектенілсе, факторлық амалдандыруда зерттеліп отырған құбылыстың сипатын айқындауы мүмкін белгілер талданады.

Осылайша логикалық талдаудың бүкіл процесінде теориялық (абстрактылы) ұғымдарды амалдандырып, соның көмегі арқылы эмпириялық мәліметтер жинауға қажетті құрал жасау жүзеге асады. Осымен бағдарламаның бірінші (методологиялық) бөлімі аяқталып, екінші бөлімінің жұмыстары басталады.

Наши рекомендации