Этносоциологиялық зерттеу методологиясы
Ұлтаралық қатынастар саласы барлық мемлекеттік құрылымдардың және ғылыми-зерттеу институттарының, әр түрлі бағыттағы ғалымдардың айрықша көңіл бөлуін талап етеді. Осыған орай қалыптасқан жағдайды зерттеуге және болжауға мүмкіндік беретін әдістемелік және тәжірибелік құралдар жиынтығын таңдап аса өзектілік алып, тиісінше зерттеу әдістемесіне талап жоғарылайды.
Бір жағынан, қазақстандық қолданбалы социология этносаралық қатынастарға байланысты өткізілген түрлі зерттеулер барысында қалыптасқан қажетті әдістемелік құралдар жиынтығына ие. Сонымен қатар, этносоциологияда бүгінгі күнде әдістемелік сипаттағы проблемалар елеулі күйде қалып отыр. Этносоциологияның “этнос, этногенез” сияқты негізгі категорияларының және осы түсініктермен байланысты басқа да ұғымдарының мазмұны қазіргі күнге дейін анықталмай отыр. Осы тосын пікір этностардың қалыптасуын, дамуын және қызмет етуін зерттеумен айналысатын ғылыми қауымдастықта “этникалылықтың” табиғатына қатысты бірыңғай көзқарастың жоқ болуымен түсіндіріледі.
Осымен қатар, әдетте этносоциологиялық зерттеулердің жарық көрген нәтижелерде көп жағдайда зерттеуді дайындау және өткізудегі әдістемелері жөнінде ақпараттар болмайды. Жекелген жағдайларда тек іріктеу көлемі, сұрау формасы (сауалнама, сұхбат, фокус-топ) ғана айтылып кетеді. Бұл ескертуді жалпы социологиялық зерттеулерге қатысты айтуға болады. Сонымен бірге кез келген социологиялық зертттеу оның бағдарламасын құрудан, теориялық амалдарын, ғылыми болжамын, логикасын және объектісі мен пәнін қойылған міндеттерге сәйкес талдауды келтірумен басталатыны мәлім [33].
Бұдан әрі мысал ретінде зерттеу құрылымдары тарапынан жасалынған және іске асырылған этносоциологиялық зерттеулердің екі бағдарламасы[1] толығымен келтірілген.
“Қазақстанның полиэтникалық жағдайындағы этносаралық өзара әрекеттесудің тұрақтылығы” атты тақырыптағы социологиялық зерттеуді дайындау барысында оның авторлары тарапынан зерттеліп отырған проблемалардың мазмұнына негізделетін қажетті әдістемелік талаптар есепке алынған зерттеу бағдарламасы жасалды [34].
Социологиялық зерттеудің бағдарламасы:
“Қазақстанның полиэтникалық жағдайындағы этносаралық өзара әрекеттесуінің тұрақтылығы”.
Проблемалық жағдай - Қазақстан Республикасы шаруашылық-экономикалық тәртібінде, ұлттық, демографиялық, рухани-діндік, мәдени-тілдік және басқа да сипаттамаларында айтарлықтай айырмашылықтары, өзіндік ерекшелігі бар геосаяси кеңістікті білдіреді. Қазақстанның аймақтарында қалыптасып отырған этносаралық қатынастар екі ерекшелікті анықтайды. Біріншісі - ол жерлердің унитарлық мемлекет - Қазақстан Республикасының құрамында және оның саяси-экономикалық және әлеуметтік жүйесінде болуы. Екіншісі - оңтүстіктегі тұрғындардың - Өзбекстанға, Қырғызстанға және басқа Орталық Азия республикаларына, ал солтүстігінде көрші Ресейге тарихи қалыптасқан жақындығы мен жақын тартуы.
Негізгі этносаралық әрекеттесу екі ірі топтар - славяндар (негізінен орыстар) мен қазақтар арасында болады. Орыстардың аймаққа енуі ХVІІ ғасырда басталып ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Уақыт өте славяндар тұрғындар құрылымында айтарлықтай басым бола бастады. Нәтижесінде, мысалға қазір орыс тілі үстемдікке ие болып қана қоймай, шын мәнінде қазақстандықтардың түрлі өмір салаларында, тұрмыстық ортаны қоса алғанда, кеңінен қолданылатын жалғыз тілі болып отыған жағдай сақталып отыр.
КСРО-ның ыдырауы тәуелсіз мемлекеттің құрылуына және қазақтың ұлттық мемлекеттілігін құру идеясын іске асыруға мүмкіндіктің пайда болуына алып келді. Бұл жағдай психологиялық қабылдау, дүниеге көзқарас ұстанымдары мен жүріс-тұрыс салаларында республика тұрғындарының (әсіресе орыс тілде сөйлеуші) өмірінде түбегейлі өзгерістерге алып келді.
Республика аймақтарында одаққа ұмтылулар, КСРО-ны сағыну, Ресейді ұнатуды әркім өзінше көрсетеді. Көбірек айқын көрінген саяси және мәдени артық көру мен ұнатушылықтар, ТМД шеңберінде барынша бірігу үшін, әр түрлі экономикалық, саяси және мәдени негіздерде Ресеймен жақындасу немесе бірігу үшін атсалысып жүрген күштер осыған негізделеді. Республика аймақтары бүкіл Қазақстанға тән егеменді ұлттық дамудың шығындарынан еркін емес. Ұлтаралық саладағы жағдай соңғы жылдары түбегейлі өзгерді, қазақ мемлеккеттілігінің негізі қаланды және ол диаспоралар жағынан саналы және жалпы құптарлық қатынаста жасалды. Қазақтар республикада шындығында “үлкен аға” болып, шешуші позицияларды қолға алған және өмірдің барлық салаларында үстем болып отыр. Бұл процесс мақсатты саясат сипатында болмаса да, билік элитаның рулық-этникалық корпоративті ұмтылыстарына қарсы тұруға қауқарсыз. Солай бола тұра, қазақтар өз мәдениеті мен тілінің жағдайына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Кейбір зерттеулердің нәтижесі бойынша жалпы, мемлекеттік тілдің таралуы мен қолданылуы кейбір міндеттер енгізілген салаларды қоспағанда өсіп отырған жоқ.
Қазақстанда ұлттық саясатта нақтылы табыстарға қол жеткізілгеннен кейін тынышталу пайда болды.
Қазіргі кезде этникалық аз топтар үшін жоғарғы оқу орнына қабылдануда квота алып тасталынған. Мемлкеттік қызметке қабылдауда бір кездері мемлекеттік тілді (қазақ тілін) білу міндетті түрде енгізілген, бұл жағдай орыс тілді тұрғындардың бір бөлігінде алаңдаушылық туғызды.
Бұл жағдай қоғамдық-саяси тұрақтылықтың жаңарған негізін іздеу проблемасын ерекше көкейтестендіре түсті. Бұл этносаралық шиеленусішіліктің табиғатын, себептері мен динамикасын потенциалды этноәлеуметтік жанжалдарды бақылау және алдын алу мақсатымен зерттеуді жете ұғындырады.
Этноәлеуметтік қатынастарды және оның жаңа тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы өміріндегі рөлін зерттеу тек қазақстандық ғана емес сонымен қатар шет елдік ғалым-қоғамтанушылардың, құқықтанушылардың, саясаткерлердің назарын аудартуда. Кейбір ерекшеліктерімен Қазақстан этносаралық қатынастардың көрініс беруі бойынша бұрынғы КСРО кеңістігіндегі көптеген аумақтармен ұқсас аймақ болып көрінеді.
Бұл проблема саяси пікірталастар мен ғылыми айтыстардың, бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздіксіз талқылаудың дәні болып табылады. Алайда бұл тақырыпқа қатысты көптеген ғылыми танымдық мақалалардың саяси сипат алғаны, ресми түрде айтылғандығы, эмоционалдығы, көп жағдайда дәлелденбегендігі ерекшелеп тұрады. Қазіргі уақытта республикада әлеуметтік қатынастардың бұл саласындағы жағдайды түсіндіріп бере алатын объективті социологиялық зерттеулердің жетіспейтіндігі айқын болып отыр.
Зерттеу тұжырымдамасы этносаралық қатынастардың үш сипаттамасын - тыныштық, шиеленушілік және жанжалды мойындауға негізделеді.
Қазақстандағы өмір сүретін ірі этникалық топтар арасындағы үлкен жанжалдың туындау қаупі жоқ болумен қатар, белгілі бір этносаралық шиеленістің бар екенін мойындау керек. Бұл тікелей бақылаулармен және Қазақстанда жүргізілген социологиялық, саясаттанулық, әлеуметтік-психологиялық және жанжалдық сипатындағы зерттеу нәтижелерімен расталады.
Этносаралық шиеленіс деп этникалық топ үшін қолайсыздықты күтумен байланыстырылған көңіл-күй жағдайы түсіндіріледі. Көңіл-күй жағдайы әрекеттесуші этнос өкілдерінде ортақ қолайсыздықты, алаңдатушылықты, сенімсіздік пен үрейді сезінумен жалғасады және сонымен бірге, өзіне жағдайды қолдан шығармауға дайындығын, белгілі бір күйде әрекет жасауын қамтиды. Бұл жағдай, ашық соқтығысу жоқ, бірақ қауіп анық күйде сезіле бастаған кезде әрекеттесуші этностар мүдделерінің соқтығысына жасырын дайындық кезеңі болып табылады.
Этносаралық шиеленісуішілік белгілі бір жағдайларда этносаралық жанжалдарға ұласып кетуі мүмкін, оны біз өмірлік артықшылықтар үшін (билікке, аумаққа, беделді мемлекеттік қызметтерге, меншік пен табыстарға, білімге ие болу) күресте әр түрлі этностар мүдделерінің ашық соқтығысу ретінде түсінеміз.
Топ деңгейіндегі этносаралық жанжал этникалық немесе конфессиялық негізде бақылаусыз соқтығысумен, басылым беттеріндегі тарихи, аумақтық тақырыптарда айтысуымен, айқын этникалық мақсаттар бар моноэтникалық қозғалыстардың құрылуымен сипатталады.
Институттар мен ұйымдар деңгейіндегі жанжал биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот органдарының этникалық белгісі бойынша бөлінуін, құқықты шектейтін заң актілерін қабылдауда, шет елдік одақтастардың қатысуын, бұқаралық ақпарат құраладарының бөлініп кетуі мен үгіт-насихат “соғысын”, ұлттық қарулы құрылымдардың құрылуын, қарсы тұрушы этностар арасындағы ашық түрдегі соғысты білдіреді.
Этносаралық қатынастардағы тыныштық келесі факторлар қызметінде қалыптасады: қоғамдық бәсекелестік, этникалық және мәдени ұқсату үшін этникалық топтардың қабылдауында дені сау және әділетті жағдайлар жасау; өзгеруші жағдайлар мен жаңа қоғамдық қатынасқа ділді (менталитетті) бейімдеу.
Әлеуметтік-экономикалық даму болашағын жағымды жағынан қабылдау, басым ұлт пен қалған этникалық топтар арасында отан сүйгіш сезімдер негізінде өзара сенім және артықшылықтар мен игіліктерге ие болу саласында бірінен-бірі жоғары тұрмайтындай жағдай туғызу да өте маңызды.
Зерттеу мақсаты - әлеуметтік-психологиялық, саяси және мәдени факторлар негізінде, этносаралық келісімге немесе шиеленісудің өсуіне жағдай туғызатын субъективті түрде жете түсінетін этникалылықтың өзгермелі шекараларын анықтау.
Зерттеу нәтижелерінің тәжірибелік маңыздылығы зерттеу жобасын іске асыру, қоғамдық дамудың стратегиялық мақсаттарына түзету жасауда, мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдар тарапынан мәдени саясатты және ұлтаралық қатынастар саласындағы саясатты іске асыруда, әлеуметтік саяси іс-шаралар өткізуде қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Зерттеушілер Қазақстандағы этносаралық қатынастарға мониторинг жүргізу үшін базалық мәліметтер ала алады.
Зерттеу объектісі этносаралық қатынастардың субъектілері, шиеленісушіліктің белгілі бір деңгейіне себепші немесе тұрақтылық үшін әлеуетке ие, қарама-қарсы мақсаттар ұстанушы немесе ортақ құндылық ұстанушы тұлғалар, топтар болып табылады.
Зерттеу объектісінде бірінші кезекте, ұлтаралық қатынастарда басым жағдайға және олардың сипатын анықтаушы ретінде екі этникалық топ - қазақтар мен орыстар, сонымен қатар бірқатар белгілері бойынша орыстарға жақын славяндар тобы, қазақтарға - туыстас түркі тілдес халықтар тобы жеке бөлініп қарастырылады.
Зерттеу пәні - тұрақтылық пен келісімге жәрдемдесетін немесе этносаралық шиеленісушілік пен жанжалдық жағдайларды туғызатын себептер, жағдайлар мен факторлар.
Факторлардың бірінші тобына этносаяси және геосаяси сипаттағы проблемалар жатады: Қазақстанның егемендік алуы және мемлекеттіліктің қалыптасуы, билік органдары мен оның өкілдеріне сенім деңгейі, қоғамдық жанжалдарды шешудің ескіден қалған формалары мен тәсілдерінің қайта пайда болуына кедергі болушы қоғамдық қатынастардың тұтас кешенінің шартты түрдегі өркениеттілігі. Ұлтаралық қатынастарда, республиканың ішкі процестеріне Ресей, Қытай, Орталық Азия және исламдық-азиялық аймақ елдерінің ықпалын реттейтін мемлекеттік саясаттағы қандай да бір өзгерістерді талдау да аса маңызды.
Зерттеліп отырған факторлардың келесі тобы - әлеуметтік-психологиялық. Оған мыналар кіреді: бұқаралық көңіл-күйлер мен психологиялық жағдайлар, мифологиялық елестер мен дүниетанымдық ұстанымдар, индивидтердің елдегі өзінің ұлттық және мемлекеттік ұқсауын ұғыну, ұлтаралық қатынастардың сапасы мен деңгейін және олардың болашағын қабылдау. Онымен қоса бұл факторлар қатарына қазақ халқының шыдамдылығының жоғары деңгейін, орыстарда басқа халықтармен бірігіп өмір сүру тәжірибесін, күшейіп бара жатқан барлық халықтар мен қауымдастықтардың өздерінің тарихи тағдырын ұғыну процесін жатқызуға болады.
Жанжалдық факторлар қатарына ең бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық сипаттағы факторлар тобы жатады. Оның құрамына өмір сүру деңгейінің төмендеуі, әлеуметтік қорғалмағандық, жұмыспен қамту деңгейі, өмір сүру сапасындағы жіктелудің тереңдей түсуі, меншікті бөлу, этникалық белгісі бар еңбек бөлінісі және өтпелі кезеңдегі экономикалық сала жағдайымен байланысты басқа да проблемалар.
Әлеуметтік-мәдени факторлар тобын ерекше айтып кету керек, ол түрлі типтегі мәдениеттердің өзара әсерімен және өзара сіңісуімен, оларды қабылдау және кері қайтару процестерімен, мәдениеттің ортақ “Еуразиялық” жағдайының қалыптасуымен, оларға түрлі халық өкілдерінің көзқарасымен, т.б. байланысты.
Зерттеу жобасының міндеттері қатарына мыналар кіреді:
- тұрақтылық пен келісімнің өсуіне немесе этникалық шиеленістің күшеюіне алып келетін экономикалық, саяси, әлеуметтік-психологиялық, мәдени факторларды анықтау;
- саяси, әлеуметтік және әлеуметтік-психологиялық салалардағы мәдени айрықшылық кеңістігін анықтау, этникалық шекаралардың қатаңдын немесе айқындылық деңгейін белгілеу;
- топтық этникалық қолдаушылық (бейілділік) нормаларымен үйлес қабылданатын құндылықтардың жаңа жиынтығы жөнінде түсініктерді жасау;
- әр түрлі ұлт өкілдерінің өз өмір сүру жағдайларымен қанағаттану деңгейін, экономикалық жаңартулар мен әлеуметік перспективаларға көзқарастарын анықтау;
- тұлғалар мен ұлттық топтардың өмір саласын ұйымдастырумен әлеуметті дамыту үлгілерінің белгілі бір жүйелеріне қатысты бағыт ұстануды зерттеу;
- тұрғындардың қанағаттанбаушылығы мен алаңдаушылығын туғызатын қоғамдық өмірдің проблемаларын, әлеуметтік шиеленістердің факторларын анықтау;
- тұрғындардың және ұлттық топтардың саяси тұрақтылық, мемлекеттік және ұлттық дербестік проблемаларына, бұрынғы КСРО шеңберіндегі ингеграциялық және кері интеграциялық процестердің этникалық аспектілеріне көзқарастарын анықтау;
- белгілі бір ұлттық саясатты жасап шығумен іске асыруда билік органдарына сенім деңгейін анықтау;
- тұрғындардың билік органдарының этнократизм деңгейі, ұлттық және этникалық топтардың азаматтық, саяси, экономикалық құқықтарының теңсіздігі мен шектелуі жөніндегі ойларын зерттеу және осы ойлардың түбінде жатқан жанжалдың потенциалын анықтау;
- әр түрлі этникалық топ өкілдерінің әлеуметтік кәсіби құрылымда қандай да бір орындарды алудағы ұстанымдарын, олар үшін әрекет етудің қандай да бір түрінің мәртебелілік деңгейін, қалыптасқан этникалық белгісі бар экономикалық, әлеуметтік және мәдени рөлдерді қабылдамау деңгейін анықтау;
- отбасылық, өндірістік, тұрмыстық салаларда моноұлттық немесе көпұлттық сипатқа қатысты ұстанымдары мен қалауларын анықтау;
- топтық және тұлғалық деңгейде тілдесу барысында басқа ұлт өкілдеріне қатысты өшпенділік көріністеріне байланысты іс-қимыл жасау сипаты мен қабылдамау деңгейін анықтау;
- ұлтаралық шиеленіс деңгейінің жоғарылауы және жанжалдар туындаған жағдайда индивидтер мен топтардың қандай да бір әрекет жасауға көзделгендігін және жүріс-тұрыс сипатын анықтау;
- саяси, әлеуметтік, құқықтық, мәдени жағдайлар мен факторларды және Қазақстан тұрғындарының ұлттық және азаматтық ұқсатуындағы қалаушылықтарын анықтау;
- ұлттық индивидтердің өз халқының тіліне, мәдениетіне, өмір бейнесіне, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарына жақындық деңгейін анықтау;
- өзге ұлттың мәдени, этникалық-эстетикалық құндылықтарын қабылдамау деңгейін анықтау;
- респонденттердің өзіндік және өзге діни жүйелердің маңыздылығына баға берумен жақындық деңгейін, олардың шыдамдық деңгейін анықтау;
- респонденттердің екі негізгі этникалық топ - орыстар мен қазақтардың ұлттық сипаты белгілеріне байланысты баға берумен ойларын анықтау;
- ұлттық индивидтердің шыдамдылық деңгейі мен дүниетанымдық және құндылықтық ұстанымдарын, қоғамдық белсенділігін, Қазақстанда өмір сүру ұзақтығын, әлеуметтік-кәсіби мәртебесін, білім деңгейін, жасын, жынысын, тұратын жері арасындағы өзара байланысты тәуелділігін анықтау;
- жанжалды ұлттық тұлға мен топтың әлеуметтік-психологиялық бейнесін жасау.
Зерттеудің ғылыми болжамы:
1) Жалпы Республикадағы және оның жекелеген аймақтарындағы этноәлеуметтік жағдай жалпы алғанда этносаралық шиеленіс күйімен сипатталады. Тұлғалар және топтар деңгейіндегі этносаралық шиеленіс төмендеу тенденциясына ие, ал ұйымдар деңгейіндегі этносаралық шиеленістер бұрынғы күйінде сақталуда немесе жоғарылауда.
2) Өздігінен болатын этносаралық әрекеттесу мемлекет пен азаматтық қоғамның түзетулері мен араласуынсыз-ақ Қазақстан қоғамының сигменттену процесін, әзірге жасырын сипатта болып келе жатқан, этникалық топтардың мүдделерінің қарама-қайшылығын белсендете түсті.
3) Этносаралық саладағы қазіргі қолайсыз тенденциялардың сақталуы Ресейдің халықтық-партриоттық, ұлттық-париоттық қозғалыстары тарапынан Қазақстанның ішкі саяси өміріне араласуын белсендете түседі.
4) Тұрғындардың әлеуметтік-психологиялық көңіл-күйіне билік құрылымдарына сенбеушілік, ертеңгі күнге сенімсіздік тән және бұл көңіл-күйлер байырғы халыққа қарағанда орыс тілді халықтарға көбірек тән.
5) Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы Қазақстандағы этносаралық қатынастардың сипаты мен жай-күйіне екі жақты бейнеде әсер етеді: сегментациялаушы және біріктіруші сипатқа ие. Әлеуметтік-экономикалық фактор этносаралық қатынастарға өзінің жағымсыз жағынан әсер етуінде саяси-құқықтық және мәдени факторға жол береді.
6) Көшіп-қонудың күшеюі әрі қарай енді бүкіл факторлар кешенінің әсер ету күшіне байланысты болады. Орыс тілді тұрғындардың көшуі экономикалық, саяси, әлеуметтік, құқықтық және мәдени факторлардың жиынтығына байланысты, олардың арасындағы этникалық фактор алғашқы орындағы факторлар қатарында емес.
7) Көпшілік ұлттық топ өкілдерінің шыдамдылық мөлшері, басқа этностарға сенім деңгейі айтарлықтай жоғары және жанжалдық жағдайлар тек төтенше, әдеттен тыс оқиғалар жағдайында ғана тұтануы мүмкін немесе ықпалды топтардың саяси қарама-қарсы тұруында дәлел ретінде жоғарыдан арандатылуы мүмкін.
8) Мүмкін деген этносаралық жанжалдың пайда болуы мен жайылуы кезінде тұрғындардың әрекеті көбінесе оны шешудің өркениетті шараларына бағытталатын болады, ал қауымдастықтар және қызмет атқарушы саясаткерлер деңгейіндегі әректтер арандатушылық және экстремистік сипатта болады.
Зерттеудің дерек көздеріне статистикалық мәліметтерді, ресми құжаттарды, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының актілерін, БАҚ материалдарын, бұрынғы зерттеулердің жинақталып қорытылған мәліметтерін, ағымдағы социологиялық және сарапшылық сұраулар нәтижелерін жатқызуға болады.
Зерттеудің негізгі әдістеріне құжаттарды талдау, басылымдарды контен-талдау, тұрғындар арасында сұрау өткізу, сарапшылармен тереңдетілген сұхбат жүргізу қатыстырылған. Осы зерттеудің мақсаты үшін Қазақстандағы этностардың әлеуметтік әрекеттесуін зерттеу сауалнамасы құрастырылады.
Келтірілген бағдарламада негізінен тек зерттеу әдістемесін тікелей немесе жанама түрде анықтаушы негізгі жағдайлар, проблемалық жағдайдың мақсаты, объектісі мен пәні, ғылыми болжамы ғана айтылған. Түсініктерді операциялау, құралдар жиынтығына талап, іріктеу есептері және респонденттермен далалық кезеңде, құжаттар және мәтіндермен жұмыс істеу тәсілдері, бағдарламалық статистикалық-математикалық өңдеу әдістері бұл жерде келтірілмеген, бірақ олар зерттеу бағдарламасының мазмұнынан байқалып тұрады.
Зерттеудің іріктеуі Қазақстандағы этносаралық әрекеттесуді, осы процеспен ілесіп жүретін жанжалдық факторларды тиімді зерттеп білуді анықтап берді. Ол геосаяси процестерге белсенді түрде қатыстырылған әр түрлі тарихи және этномәдени әсерлерді бастан өткізіп отырған өзіндік әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне ие екі аймақта - солтүстік және оңтүстік облыстарда жүргізілді. Бұл аймақтарда 2001 жылы жарты жылдақ аралығымен әрқайсысынан 1000 респонденттен сұралды.
“Қазіргі кездегі Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар контекстіндегі көші-қон процестері” атты тағы бір социологиялық зерттеудің авторлары төменде келтірілген социологиялық зерттеу бағдарламасын жасады.
Социологиялық зерттеу бағдарламасы
“Қазіргі кездегі Қазақстан Республикасындағы этносаралық қатынастар контекстіндегі көші-қон процестері”.
Қазақстан өзінің сипаты жағынан полиэтникалық мемлекет болып табылады. Халықтың жалпы санын 55,8 % - қазақтар, 28,3 % - орыстар құрайды. Ең ірі диаспоралар ішінен украиндарды -3,3 %, өзбектерді - 2,6 %, немістерді - 1,8 %, татарларды - 1,6 %, ұйғырларды - 1,5 және басқаларды айтуға болады.
Сол себептен этносаралық өзара қатынастарды зерттеу мәселелері қазіргі уақытқа дейін өз өзектілігін жоғалтпайды.
Қазақстан тұрғындары құрамының өзгеріске ұшырауы жалғасуда. 2002 ж. қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанға келгендер саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4419 адамға немесе 8,3 %-ға артқан. Олардың ішінде басқа елдерден келген иммигранттар есебінен 4467 адам немесе 8,1 %. иммигранттар негізінен Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында орын тебеді.
Қазақстаннан кеткендер саны 21570 адамға немесе 15,2 %-ға кеміді. Эмигранттардың 70,8 %-ы ТМД елдеріне бағыт алады. Оның ішінде 66,6 % Ресей Федерациясына, 27,3 % Германияға, 1,5 % Белоруссияға, 1,3 % Украинаға, т.б.
Эмигранттардың ең көп бөлігі Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстарынан көшіп кетеді.
Иммигранттардың ұлттық құрамы көбінесе қазақтар, орыстар, украйндар, татарлар, немістер болды. Эмигранттардың жалпы санында ең көбі орыстар, одан кейін немістер, украйндар, қазақтар және татарлар.
Халықтың сыртқа кетуі немесе жағымсыз көші-қон сальдосы 11 облыста байқалуда, олардың ішінде ең жоғары кері сальдосы Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында. Жағымды көші-қон сальдосы немесе халықтың өсімі Батыс Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау облыстарында, Астана және Алматы қалаларында байқалады.
Қазақстан қоғамының этникалық құрылымындағы өзгеріс этносаралық өзара қатынастардың өзгеруіне аз әсерін тігізбей отыра алмайды. Байырғы ұлт азаматтарының және бірқатар түркі тектес халықтар санының ұлғаюы этноәлеуметтік құрылымда еуропалық емес, азиялық компонеттің артуын түсіндіреді; ол тиісінше қоғамдағы өзара қатынасқа, әлеуметтік жүріс-тұрысқа әсер етеді. Көші-қон процестері әсіресе Оңтүстік облыстарда аса қарқында, өйткені иммигранттардың негізгі ағымы осында келеді.
Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері
Негізгі мақсат Қазақстан қоғамындағы көші-қон жай-күйлерінің дамуындаға этносаралық қатынастар факторының маңыздылығын және азаматтардың тұрақты мекен-жайын ауыстырудағы түрткілерін анықтау болып табылады.
Зерттеудің міндеттері мынадай:
1. Азаматтардың елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық жағдайларға баға беруін анықтау.
2. Азаматардың қалыптасқан этносаралық және дінаралық өзара қарым-қатынастарға бағасын анықтау.
3. Мемлекеттік органдардың этносаясат және көші-қон процестерін реттеу саласындағы іс-әрекетін бағалау.
4. Халықтың бұқаралық ақпарат құралдарының, саяси партиялардың, мемлекеттік емес ұйымдарының этносаралық өзара қарым-қатынастар саласындағы қызметіне қанағаттанушылық деңгейін бағалау.
5. Азаматтардың өзінің болашақтарын қарастырғанда басым жақтарын табу.
6. Азаматтардың өзін-өзі сәйкестендіру сипатын анықтау (мемлекеттік, этникалық, мәдени, аумақтық).
7. Этникалық топтар арасындағы әлеуметтік арақашықтықтың болуын және оларды қалыптастырушы факторларды табу.
8. Этностардың әлеуметтік бейімделу деңгейін, олардың ассимилятивті процестерге көзқарасын анықтау.
9. Елдің тілдік даму мәселелеріндегі маңызды жақтарын анықтау.
10. Тұрақты мекен-жайды сақтау мен өзгерту дәлелдемелерінің тепе-теңдігін анықтау.
11. Көші-қон көңіл-күйлеріндегі аймақтық, этноұлттық, әлеуметтік, еңбек және басқа аспектілерін анықтау.
12. Көшу үшін қолда бар және ойда бар мүмкіндіктер арасындағы айырмашылықты және көшу үшін ең қолайлы кезеңді анықтау.
13. Тұрғындардың көшіп келуші және көшіп кетушілерге көзқарасын, тиісінше соңғыларының олардың көшіп келуші елді мекенде өмір сүретін тұрғындарға көзқарасын анықтау.
14. Тұрғылықты мекен-жайларын ауыстырудың нақтылы себептері мен дәлелдемелерін анықтау.
15. Азаматтардың көші-қон көңіл-күйлеріндегі географиялық бағыт ұстануларын айқындау.
16. Азаматтардың өмір сүруге қолайсыз және болашағы жоқ халық орналасқан жерлерді оңтайландыруға көзқарасы.
17. Көші-қонның баламасын немесе көші-қон процестеріне қатысты шектеуші рөл атқаратын факторларды анықтау.
Зерттеудің пәні мен объектісі
Зерттеудің пәні көші-қон күтімдері, азаматтардың қалаулары мен ұстанымдары және олардың қалыптасқан этносаралық өзара қатынастарға баға беруі.
Зерттеудің объектісі - Қазақстан қоғамының негізгі әлеуметтік-демографиялық және кәсіби топтары.
Зерттеудің негізгі ғылыми болжамдары
Бірінші болжам. Жалпы, азаматтар елдегі қалыптасқан этникалық қатынастарды жағымды жағынан бағалайды, алайда аймақтарға байланысты елдегі жағдай және этносаясатқа көзқарас өзгеруі мүмкін.
Екінші болжам. Көші-қон көңіл-күйлері көп деңгейде әлеуметтік-экономикалық факторлармен айқындалған. Сонымен бірге бұл фактор көші-қон процестеріне қатысты ынталандырушы да, шектеп тұрушы да рөл атқарады.
Үшінші болжам. Халықтың белгілі бір бөлігінде, әсіресе байырғы емес этникалық топтар арасында белгілі бір эмиграциялық көңіл-күй бар, алайда кетуге мүмкіндігі барлардың саны кеткісі келетіндердің санынан едәуір аз.
Төртінші болжам. Этникалық құрылымдардың өзгерісі этносаралық өзара қатынастар сипатының өзгеруіне әсері байқалуда. Айталық, Қазақстандың қоғамдық құрылымында байырғы этнос үлесінің артуы оның саяси процестерден басқа әлеуметтік процестерде де салмағының артуына алып келеді. Нәтижелердің бірі байырғы емес этнностар арасында аралас некелер санының артуы болып табылады. Ол өз кезегінде байырғы емес этникалық топтар арасындағы шекаралардың жұмсаруына әсері болады.
Құралдар жиынтығы
Стандартталған сұхбат.
Есептілік формасы
Талдамалық есеп.
Респонденттерді іріктеу әдістемесі
Республикалық стратификациялық іріктеу.
Елді мекендерде респонденттерді үй басқармасы бойынша іздеу.
Респонденттерді осында өмір сүретін азаматтардың туылған күнінің жақындығы бойынша үй басқармасы шеңберінде таңдау.
Жалпы жиынтық
Қазақстанның 18 жастан жоғарғы тұрғындары.
Таңдамалы жиынтық