Білім беру процесінің сатылары: мектепке дейінгі, бастауыш мектеп, орта, жоғары. Қазіргі білім жүйесіндегі тенденциялар
Білім беру процесі бірнеше сатылардан тұрады: мектепке дейінгі білім, орта білім, жоғарғы білім.
Мектепке дейінгі ұйым-мектепке дейнгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы. Мектепке дейінгі ұйымдар бір жастан алты (жеті) жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеуді, оқытуды, бағуды, күтуді және сауықтыруды қамтамасыз етеді. Мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеттері:
1) мектеп жасына дейінгі балалардың дене және психикалық денсаулығын қорғау және нығайту, оларды салауатты өмір салты құндылықтарына бейімдеу;
2) мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік және жеке басының дамуын қамтамасыз ету, олардың ынталарын қанағаттандыру, жалпы адами және ұлттық құндылықтарға бейімдеу негізінде қабілеттерін дамыту;
3) мектеп жасына дейінгі балаларда бастамашылықты, білімқұмарлықты, еркіндікті және шығармашылық жағынан өзін-өзі көрсету қабілетін дамыту;
4) балалардың мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың білім беру бағдарламаларын игеруіне жағдай жасау;
5) бес (алты) жастағы балаларды мектеп алды даярлаумен қамтамасыз ету;
6) тәрбиеленушілердің ата-аналарымен өзара іс-қимыл жасау;
7) мектеп жасына дейінгі балаларды үйде тәрбиелейтін отбасыларына әдістемелік, диагностикалық және консультативтік көмекті ұйымдастыру.
Мектепке дейінгі тәрбие жүйесінің сапасын жақсарту үшін бірқатар республикалық жалпы білім беру бағдарламалары құрылған: «Балбөбек», «Қарлығаш», «Қайнар», «Балапан» және басқалар.
Мектепке дейінгі деңгейде білім қызметтерін сапалы жеткізуді қамтамасыз ету үшін ЮНЕСКО және шетелдік сарапшылармен бірлесіп жаңа толқын стандарты жасалды. Стандарт жобасы 5 ағарту облысын біріктіреді: коммуникация, тану, денсаулық, шығармашылық, социум. Тұңғыш рет стандартта педагогикалық процесті ұйымдастыруға жаңа талаптар қарастырылған: ортаны ұйымдастыру және отбасымен мектепке дейінгі ұйымның ынтымақтастығы.
Қазақстандағы жалпы орта білім беру азаматтардың барлығына міндетті болып табылады. Жалпы орта білім берудің басымдықтары білімді ақпараттандыру және мазмұнын жаңарту.
Жалпы орта білім беру жүйесінің алдында келесі міндеттер қойылған:
· мектепке дейінгі барлық балаларға білім берумен қамту;
· жалпы білім берудің міндетті мемлекеттік стандарттарын іске асыру;
· білім беру мазмұнын және білім беру әдістерін жетілдіру, объективті белгілерді енгізу және білім алушылардың білімін және мұғалімдердің қызметін бағалау жолымен мектептердегі білім алу сапасын жоғарылату;
· білім алушылар мен мұғалімдердің денсаулықтарын қорғау шараларын қамтамасыз ету.
Мектеп – қазіргі білімнің негізгі, базалық институты. Оның өзіне тән функциясы – оқыту. Қазіргі білім беруде мектептерді адамның жасына, функцияларына, мәртебелеріне және өзге де бөлімдеріне қарай жіктеу қалыптасқан. Мектеп барлық білім институттарының (отбасы, мәдениет мекемелері, БКҚ) базисі болып саналады.
Жалпы білім беру жүйесі, білім беру бағдарламаларын игеру барысында кезең-кезеңімен жүзеге асатын үш кезеңнен тұрады: бастауыш (1-4 сыныптар), негізгі (5-9 сыныптар) және жоғары (10-11 немесе 12 сыныптар). Көрсетілген кезеңдер бастауыш немесе негізгі жалпы білім беру мектептерінде бірге немесе бөлек жұмыс істей алады.
Жоғарғы білім – толық орта білім негізінде жоғары оқу орындарында берілетін және тиісті дипломмен куәландырылатын маманның кәсіби біліктілік дәрежесі.
Ежелгі Шығыс елдерінде (Қытай, Мысыр, Вавилон, Ассирия, т.б.) б.з.б. түрлі сатылы мектептер пайда болды. Ежелгі шығыстық білім беру жүйесінде жоғарғы білім беру, негізінен, жеке ұстаз бен шәкірт қарым-қатынасы негізінде қалыптасты. Оның ішінде Конфуций, Будда ілімдеріне негізделген білім сатыларындағы Жоғарғы білім арнаулы мектептерден өткен шәкірттерге ғана берілді.
Ежелгі Грекия философтары білім беру жүйесін жете зерттеу мәселесіне көп көңіл бөлді. Платон (б.з.б. 428 - 348) өзінің үш сатылы білім беру жүйесінде абстракциялы ойлау қабілеті байқалған жастар үшін жоғары – үшінші сатыны ұсынды. Аристотель адамның табиғи қабілеті үш сатылы тәжірибенің нәтижесінде жүзеге асатындығын және оның соңғы сатысы жоғары дәрежелі мектеп екендігін айтқан. Ежелгі Грекияда ғылымның сала-салаға бөлінуіне байланысты соңғы сатылы мектептерде философия, филология, медицина, математика ғылымдары өз алдына жеке оқытылды.
Алайда, “Жоғарғы білім ” ұғымы орта ғасырларда ғана қалыптаса бастады. 11 – 12 ғ. оқыту мен ғылыми жұмыс тығыз байланыстырылып, бірыңғай оқу процесінде жүзеге асырылды. 12 – 13 ғ-ларда Батыс Еуропа елдерінде (Италия, Испания, Франция, Англия) дін иелерін, дәрігерлерді, заңгерлерді даярлайтын алғашқы ортағасырлық университеттер мен институттар (оқу мерзімі 5 – 6 жыл) пайда болды.
Қайта өркендеу дәуірінде математика, механика, астрономия саласында ірі жаңалықтардың ашылуы (Леонардо да Винчи, Н.Коперник, И.Кеплер, Г.Галилей, Р.Декарт, И.Ньютон, Г.Лейбниц) Жоғарғы білім беру ісінің шіркеу ықпалынан және қасаң түсініктерден арылуына жағдай жасады. Педагогтар, жазушы-гуманистер жастардың еркін ойлауын, зердесін, дағдыларын жетілдіру принципіне және табиғат заңдарын байыпты зерттеуге негізделген оқыту әдістемелерін ұсынды.
Сондай-ақ, мұсылмандық оқу бағдарламаларына сүйенетін исламдық білім беру жүйесіндегі Жоғарғы білім беру ісіне де өзіндік ерекшеліктер тән болды. Жоғарғы білім беретін медреселерде араб тілі (лексика, этимология, синтаксис), риторика, тарих, дін, философия, логика, математика, география, астрономия, медицина, табиғаттану негіздері оқытылды.
Қазіргі кезде жоғары оқу орнын бітіргендерге бакалавр атағы беріледі, бұл атаққа ие болғандар 2 жыл қосымша оқудан соң, ғылым магистрі атағын алады. Алайда, кез келген елдегі Жоғарғы білім беру ісі елдің ішкі ерекшеліктерімен қатар, дүниежүзілік ортақ стандарттарға сай келуі тиіс. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында да білім беру жүйесін әлемдік стандарттармен сәйкестендіру мақсатында оқу ісін реформалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Алайда, бұрынғы кеңестік жүйе кезеңінде қалыптасқан Жоғарғы білім берудің кейбір ерекшеліктері ішінара сақталып қалды. Мысалы, магистратура мен докторантура аралығындағы аспирантураның құрылымдық жағының шетелдік Жоғарғы білім жүйесінен айырмашылықтары бар.
2006-2007 оқу жылынан еліміздің 40-тан астам жоғары оқу орны Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасына және Білім беру ұйымдарындағы кредиттік оқыту жүйесі ережелеріне сәйкес эксперимент түрінде кредиттік оқыту жүйесін (КОЖ) кеңінен енгізе бастады.
Кредиттік оқыту технологиясы Қазақстанның жоғары білім жүйесіне ұлттық білім беру бағдарламаларын халықаралық мойындау, студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамның ұтқырлығын қамтамасыз ету мақсатында енгізілді.
Кредиттік технологияның негізгі ерекше белгілері
· әр студенттің өзінің жеке оқу жоспарын қалыптастыруға қатысуы;
· кредит – сынақтық бірлік жүйесін енгізу;
· оқып жатқандарға оқу жоспарының пәндерін таңдауда еркіндік;
· оқу процесінің барлық қажетті әдістемелік материалдармен қамтылуы, басылып шыққан және электрондық түрінде;
· студенттердің оқу процесін меңгергенін бағалау үшін баллды-рейтингті жүйенің міндетті түрде қолданылуы.
Кредиттік оқыту жүйесінің артықшылықтары не?
· Қазақстан жоғары оқу орындарының жоғары білім туралы дипломдарын әлемдік университеттік қоғамдастықтың мойындауы;
· білім сапасының халықаралық стандарттарға сәйкестігі, сол арқылы қазақстандық жоғары мектептің халықаралық білім кеңістігіне кірігу үрдісін қамтамасыз ету;
· академиялық еркіндік және оқу бағдарламаларының коп нұсқалылығы, пәндер мен оқытушыларды таңдау мүмкіндігі;
· оқу үрдісі мен жеке білім алу жолын және мамандандыруды таңдауды ұтқыр жоспарлау мүмкіндігі;
· студенттерге академиялық ұтқырлықтарды қамтамасыз етумен шектелмей, сонымен қатар жаңа жағдайларға бейімдейтін икемдерді қалыптастыруға, алған білімді іс жүзінде пайдалана білуге көмек көрсету;
· оқу үрдісін барлық қажетті оқу және әдістемелік материалдармен қағаз жүзінде және электронды түрде қамтамасыз ету;
· оқытудағы мәжбүрлеу әдісінен студенттің өзін білім алуға белсенділендіруге көшу; (мұнда студенттің өздік жұмысына баса назар аударылады,ол бітірушілерді (өмір бойы) оқуға дағдыландыруы керек)
· студенттердің аудиторлық және жұмыстарының тиімді арақатынастарын белгілеу.
Кредиттік оқыту технологиясын жүзеге асыру барысында оқу процесін ұйымдастыру және қамтамасыз етудің компьютерлік жүйесі әзірленді және енгізілді. Жоғары оқу орнының корпоративтік телекоммуникациялық желісі басқарудың барлық құрылымдарын біріктіреді: ректорат, факультеттер, деканаттар, кафедралар, қызметтер және бөлімдер, сондай-ақ компьютерлік оқу сыныптары мен ақпараттық терминалдар. Ішкі ақпараттық-білім беру порталы, тармақталған корпоративтік желі кез - келген компьютерден барлық ақпараттық ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді және жоғары білікті мамандарды сапалы дайындауға қажетті жағдайлар жасайды.