Мәтіннің мағыналық тұтастығы

Мәтіннің мағыналық тұтастығы оның тақырыбының біртұтастығымен анықталып, мәтіннің мағыналық ұясы, мәтіннің жинақталған мазмұны түсінігін береді. Тұтас сөз туындысының тақырыбы жеке тақырыптардың арифметикалық сомасы емес. Бұл көркем әдебиет жанрында барынша анық көрінеді.

Күрделі фразалық тұтастыққа кіретін тақырып ұсақ жеке тақырып болып табылады. Ол құрамына – сөйлемдерге кіретін ұсақ тақырыптардың қосындысы емес және одан әрі бөлшектенбейді.

Күрделі фразалық тұтастық монотақырыпты. Оны құрайтын сөйлемдерді бір тақырыптың маңайына шоғырландыру – оның мағыналық тұтастығының көрінісі. Айтылып өткендей, бір тақырыптан екіншісіне ауысу – бір күрделі фразалық тұтастықтың аяқталып, екіншісінің басталғанын білдіретін шекаралық белгі.

Күрделі фразалық тұтастық пен тұтас мәтін тақырыбының бір тұтастығы тақырыппен байланысты тірек сөздердің жүйелі қайталаушылығымен көрінеді. Жүйелі қайталаушылық оларды сөзбе-сөз қайталаудан, тақырыптық қолданылуында жақын және синоним сөздерді қолдануда, сол сияқты есімдіктенуден (есімдік тобына көшу) байқалады.

Көптеген ғалымдар топиктер (тақырыптар) мен топиктік тізбелер түзудің тілдік құралдарын: сөздерді немесе сөз тіркестерін қайталау, түрлендіріп қайталау, есімдіктік қайталау (зат есімнің орнына есімдік қолдану), эллипсистік қайталау (сөз тіркесі компоненттерінің бірінің түсіп қалуы), синонимдік іліп әкету (узуальды синонимдерді қолдану, композиттер мен оның компоненттерінің бірін түрлендіру, қосу қатынасымен байланысты сөздерді қолдану), тақырып немесе семантикалық ортақтасығымен байланысты сөздерді қолдану, антонимдерді қолдануды көрсетеді, топик (тақырып) элементін перифазалау ғылыми мәтіндерге көбірек тән.

Түрлі функциялық стильдегі тақырыптық тізбелердің айырықшылығын Т. В. Матвеева жан-жақты қарастырған. Т. В. Матвееваның пікірінше, мәтіннің тақырыбын бірінші тақырыптық тізбек (көбіне бейтарап, жалпылама қолданылатын сөзбен белгіленетін заттың тура атауы) және субституттер, синонимдер, есімдіктер жататын екінші (қосымша) тақырыптық тізбек көрсетеді [12, 21–35 б.].

Тақырыптың біртұтастығы күрделі фразалық тұтастық шеңберінде сәйкес сөздер референциясының барабарлығымен, яғни күрделі фразалық тұтастық бойында сол сөз бен оны алмастырушыны (есімдікті, синонимді және т.б.) шендестірумен қамтамасыз етіліп, күрделі фразалық тұтастық пен бірыңғай тақырыпта жалпы не жалқы есімнің орнына синоним не есімдік қолданылса да, әңгіменің бір зат туралы болып отырғанының түсінікті болуы.

Күрделі фразалық тұтастық тақырыбының біртұтастығымен және референцияның барабарлығы жағдаяттық байланыстарға немесе бөлшек пен тұтастықтың қатынасына негізделген импликация құбылысымен де байланысты. Әлдебір зат, әлдебір жағдаят туралы айтылғанда айтушының немесе тыңдаушының ойына солармен байланысты заттардың бар екені түседі.

Мәтінде негізінде тақырып айқындалатын тірек сөздің болмауы да мүмкін. Тақырыптың мәтін мазмұны элементтерді жинақталған ұғымға әкелу жолымен немесе жеке сипаттау негізінде құрылуы мүмкін.

Ассоциациялық когезияның негізінде коннотация, ретроспекция, субъективті – бағалау модальділігі жатады. Ассоциациялық когезия әрдайым сезіле бермейді. Алайда ол мазмұндық-контекстуалды ақпаратты ашу үшін маңызды сипатталушы құбылыстардың арасындағы байланысты анықтайды.

Ассоциациялық когезия коннотациядан басқа негізде жүзеге асады. Есіне түскені, соған ұқсас, ойына оралды, жадын жаңғыртты сияқты сөздер ассоциациялық когезияның вербальды сигналдары болып табылады.

Көркем шығармада ассоциация аяқ астынан тумайды. Ол – логикалық тіректері байланыспайтын, алыс түсініктер сипатталған құбылыстар арасындағы түсінікті байланысқа айналатын көркем шығармашылық үдерістің нәтижесі.

Халық поэзиясында когезияның ассоциациялық формалары табиғат құбылыстарын адамдардың қатынасына ұқсастандырумен құрылады.

Когезияның ассоциациялық формалары сол мәтіннің шегінен шығып, түсінуді қиындатады. Мәселен, аллюзия – ең алдымен ассоциациялық когезияның формасы.

Когезияның ассоциациялық формалары негізінен көркем әдебиетке тән, публицистикалық мәтінде жиі кездеседі, алайда әдетте оған ғылыми және іскерлік сипаттағы мәтіндердің композициясында орын табылмайды. Ассоциациялық ұғымның енуі тілдің функциялық стильдерінің біртұтастығын бұзып, ыдырауына соқтырады, себебі ассоциациялық когезия құбылыстардың арасын әлдеқалай шығармашылықпен пайымдауды талап етеді.

Ассоциациялық когезиямен ұштасып, ақиқаттың сезім арқылы қабылданатын объектілері туралы түсінік оятатын байланыс түрлерін И. Р. Гальперин бейнелік когезия деп түсіндіреді. Сөзбен бейнелеу-синтетикалық бейненің алғашқы элементі. Бейненің сезімдік көркі сөзбен жасалып, сөз арқылы көрінеді. Бейнелік когезияның өте белгілі формаларының бірі – ұлғайған метафора. Алайда бейнені тек метафора емес, көркем мәтіннің кез-келген сөзі жасай алады. Көркем сөзде әрбір элемент бейнелі. Оның мәтінде өзектендірілуі мүмкін. Өзектендіруге барлық тілдік деңгейлердің – фонетикалық (аллитерация, ассонанс, ырғақ, метр т.б.), орфографиялық (сөздің көпшілік қабылдаған графикалық бейнесін-графонды саналы түрде бұзу), морфемалық (морфемалардың жаңа тіркестерімен, қайталануымен берілген) деңгейлердің бірліктері қатысады. Алайда, өзектендірудің негізгі көзі – лексикалық деңгей: тірек және тақырыптық сөздерді бірнеше рет қайталау; сөздің жеке-көркемдік мәнін (контексуалды мәндісін) қолдану; тропалардың негізінде жатқан атауларды көшіру (метафоралар, метонимиялар, синекдохалар т.б.) [1, 80–81 б.].

Бейнелік когезияның ерекшелігі автордың заттар мен ақиқат құбылыстарын емес, солардың бейнелерін ұқсастыруында.

Таза лингвистикалық тұрғыда бейнелілік әлдебір абстракты ұғымды нақты заттардың, құбылыстардың, ақиқат үдерістерінің атауында және керісінше, әлдебір нақты заттарды немесе ұғымдарды абстрактылы немесе басқа нақты ұғымдардың атауында жаңғыртудың тілдік құралы. Осылайша хабарды қосарлы қабылдауға қол жеткізіледі, онда контекстке қарай біреуі басым болғанмен екіншісі шеттетіліп қалмайды.

Әдебиет кейіпкерінің бейнесін тілдік бейнемен барабар етуге болмайды. Абстракциялау фактісі оларға ортақ. Алайда нақтыны абстракцияға, сол сияқты абстракцияны нақтылыққа айналдыру тәсілдері, түрлері мен құралдары бір-бірінен мүлде өзгеше.

Бейне – ақиқатты нақты, дара құбылыс түрінде көркем жинақтап қабылдау формасы. Қабылдау қосарлығы – бейнені эксплицитті және имплицитті дамытуға тән ерекшелік болып табылады. Абстрактылық пен нақтылық бейнеде қатар жүреді.

Барлық бейнелер бір ортақ оймен байланысты. Көркем шығарманың барлық элементтерінің өзара байланысы мен өзара шарттылығы оның бейнелік жүйесін құрайды. Онда кейіпкерлер бейнесі басты орында. Автордың немесе кейіпкердің эмоциялық-психологиялық жай-күйін жеткізу функциясына ие болғанда пейзаж көркем бейнеге айналады. Пейзаж өнерде бір-біріне қарсы екі функцияға ие, ол кейіпкердің табиғатпен үйлесімділігін немесе олардың антагонизмін танытады.

Нақты фон функциясын зат бейнелері – жағдай, төңіректі заттар да атқара алады. Кейіпкер бейнесіне бағынышты зат бейнесінің басты функциясы – кейіпкерді нақтыландыру, дараландыру.

Адамдардың табиғатты қабылдауында әлдебір ортақтық бар, мысалы, көлеңкелі тоғай суретін көргенде тыныштықты сезінгендей боламыз. Киген кіиімі, ұстаған заттарына қарап, кісінің талғамын, мінезін білгендейміз.

Кейіпкерлердің, табиғаттың, заттың бейнесі контекст шеңберінде шоғырланған сөздік бейнелердің негізінде біртіндеп жасақталады.

Дегенмен мәтіндегі бейнелік когезияның сипатын ақиқаттың бейнелік суретінің формаларын тыңғылықты талдаудың көмегімен ғана көруге болады.

Наши рекомендации