Шіркеулер және діни рәсімдер

Шіркеу грек тілінде «еклесия» (ecclesia) сөзінен шыққан. Бұл сөз мәжіліс, жамағат мағынасына келеді. Кейіннен құлшылық орны үшін де қолданылған. Исаның ізбасарларының бір жерге жиналған тобы «шіркеу» деп аталды.

Алғашқы христиандардың құлшылық ететін белгілі жерлері болған жоқ. Қай жер ыңғайлы болса сол жерде жиналатын. Уақыт өте келе бұл жиындар шіркеу өз меншігіне ие болған соң сол жерлерде болды. Ақыр аяғында ІV ғасырда құлшылық кезеңі басталып, христиандар шіркеулерде еркін құлшылықтарына қауышты.

Хз. Иса бойынша 12 хауари бастаған жаңа кезеңнің алғашқы негізі еді. Олардың басшысы Петр еді. Петр Исаның айқышта өлімі мен қайта тірілуінен кейін пентакост күні, Киелі Рух Құдыста алғаш христиан тобының бақытына орай шіркеудің бастауы болды. Ол күні олар түрлі тілдерді сөйлейтін болды. Жиынға 3 000 кісі қатысты. Алғашқы шіркеу Киелі Рух себепкерлігімен құдайлық күшке толған болатын. Осылайша шіркеудің Исаның тәндік еске алу емес, рухани жаратылысымен бірігу екендігі қабыл етілді. Сол күннен бастап Исаның шіркеуде болатындығына сенді.

Павел бұрын христиан дінінің қас дұшпаны еді. 32 жылы жолында Исаны рухани тұрғыдан көргендігін айтып христиан болды. Кейіннен христиандықтың иудейлерден басқа халықтарға таралуына атсалысты. Петр мен Павел бастаған алғашқы христиандардың барған жерлерінде жамағаттар пайда бола бастады. Бұл жамағаттар діни рәсімдер мен салтанатты құлшылық істерін жүргізетін бір басшы таңдап, бұл басшылар діндарлар сыныбының бастауы болды.

Петр мен Павел Римде өлтірілді. Олардың мазарының Римде болуы Рим шіркеуінің бүткіл христиан әлемінің өкіліміз деуіне жол ашты. Сол уақыттарда ауылдық шіркеулер де пайда бола бастады. Араларында көзқарас айырмашылықтары туындай бастады. Константин ІV христиандыққа кеңшілік жасап, пікір айырмашылықтарын біріктіруді қалады. Осылайша мәжілістер кезеңі басталды.

325 жылы Изникте жиналған мәжілісте Исаның жаратылғандығын алға тартқан ариусшыларға қарсы жақ Исаның Тәңірлігін, Әкенің ұлы ретінде Онымен бір негізден екендігін ұстанатын топтың көзқарасы қабыл етілді.

381 жылы Стамбұлда жиналған екінші мәжілісте Киелі Рухтың да Әке және Ұлмен бір негізден екендігі әрі бұдан былай оның да Құдай саналуы керектігі туралы қарар қабылдады.

431 жылы Эфес мәжілісінде Жас Мәриямның Тәңірдің анасы екендігі, Мәсіхтің шынайы бір Тәңір және екі табиғатқа ие адам екендігі жөнінде шешім шығарылды. Алайда бұл мәжілісте Исаның және тәңірлік мүшеліктің бірігу мәселесі шешімін таппады. Сондықтан да 451 жылы Қадыкөй мәжілісі өткізілді. Бұл мәжілісте Исаның екі табиғатқа (адами және құдайлық) ие болуына қатысты алдыңғы мәжілісте шешімін таппаған мәселелерге жаңадан түсіндірмелер жинақталып шешім алынды. Алайда Исаның адами және құдайлық екі табиғаттың бірігуін ұстанатын (монофизиттер) бұл мәжілісте алынған шешімді қабыл етпей, бөлініп шықты. Осылайша христиан әлемінде алғашқы бөлінулер пайда болды. Әрбір шіркеу өзінің дұрыс жолды ұстанғанын, дәстүрлерін хауарилермен байланыстырып, өздерінің діни мәселелеріне шешім шығару үшін арнайы мәжілістер ұйымдастырып отырды.

Қадыкөй мәсілісінен соң жалғасын тауып, 869 жылы Стамбұлда өткізілген 8 мәжілісте Киелі Рухтың кімнен шыққандығын және Рим шіркеуінің абыройы секілді мәселелер пікірталас туғызды. Бұл пікірталастар шіркеудің шығыс пен батыс шіркеулері болып бөлінуіне жол ашты. Негізінде ғасырлар бойы шығыс пен батыс арасында артықшылық, рәсімдер мен құлшылық әдісі мен теорияда келіспеушілік бар еді. Нәтижесінде 1064 жылы Рим папасының Стамбұл патригін шіркеуден аластатуынан кейін нақты бөліну пайда болды. Шығыс шіркеуі ортадоксальды, батыс шіркеуі католик деп аталды.

ХVІ ғасырда батыс шіркеуі өз арасында тағы да бөлінді. Өйткені қайта құру әрекеттері басталған болатын. Мұның аяғында протестанттық пайда болды. Осылайша түрлі шіркеулер пайда болды. Әрбір шіркеу бір ағымды ұстанған сияқты көрінетін.

Құлшылық және діни рәсімдер

Христиан дінінде құлшылық шіркеуде поптың басқаруымен көпшілік болып орындалады. Мұнымен қатар, жекелей де дұға оқып, ораза ұстау деген бар. Шіркеудің символы «айқыш» (Крест). Христиандар әр түрлі себептермен айқышқа сиынады. Құлшылыққа көпшілікті қоңыраулатып шақырады. Құлшылықтар күндік, апталық және жылдық болып бөлінеді.

1. Күндік құлшылық:Құлшылық әуел баста күніне жеті мәрте орындалып жүрген-ді. Кейінгі кезеңдерде тек таңертең және кешке орындалатын болып жүр. Шіркеу көпшілік болып орындалатын құлшылықтарды жеке құлшылықтардан жоғары санайтындықтан, көпшілік қауым зәру болмаса да, таңертеңгі, кешкі құлшылықты поптың қарауында шіркеуде өткізеді. Құлшылық уақыттары климаттарға және өмірдің кейбір шарттарына қарай өзгеріп отырады. Осындай құлшылықтар кезінде христиан қасиетті кітабынан үзінділер оқылады. Одан басқа діни әндер айтылады.

2. Апталық құлшылық:Жексенбі күні таңертеңгілік және кешкілік екі мезгіл орындалады. Жексенбі күні орындалған құлшылықтың христиандар үшін маңызы зор. Әрбір христиан ол күні шіркеуге таза болып баруға тырысады. Жексенбілік құлшылыққа қатысу католиктерде міндеттелсе, өзге ағымдарда жылына бір рет жексенбі күні барса, жеткілікті болып саналады. Мұны шіркеуге бағынышты екендігінің белгісі ретінде қабылдайды. Өйткені әрбір христиан шіркеумен тығыз байланысты.

Христиан дінінде жексенбі күнінің маңыздылығы осы күні Хз Исаның қайта тірілуімен байланыстырылады. Жексенбі күні нан мен шарап діни рәсімін (евхаристия) жүзеге асыру арқылы Исаның рухани денесіне енуге болады деген сенім бар. Бұл құлшылық міндетті түрде шіркеуде поптың алдында орындалады. Жексенбі құлшылығында христиан дінінің қасиетті кітаптарынан үзінділер, дұғалар оқылады, діни әндер, уағыздар айтылады.

3. Жылдық құлшылық (ноел (Аяз ата, яғни Жаңа жыл), епифани, пасха мейрамы, крест мейрамы, Мәриям ана күні):Мейрам және еске алу күндері болып саналады. Шіркеудің жылы қалыпты жылдан бөлектеу. Кейбір мейрамдардың болатын күні нақты белгілі, кейбіреулері жыл сайын жаңадан белгіленіп тұрады. Мәселен рождество нақты белгіленген, ал Пасха мейрамы жыл сайын өзгеріп отырады, көбінесе 22 наурыз бен 19 сәуір аралығында жексенбі күні тойланады және әр жылы жаңадан белгіленіп отырады. Шіркеу жылында жалпы төрт кезең бар:

1. Адвентистік дәуірі: Исаның туған күніне дайындық ретінде төрт апталық тәубеге келу кезеңі

2. Ноел кезеңі: Исаның туған күні.

3. Үлкен пасхалық оразаға дайындық.

4. Пасха кезеңі.

Жылдық құлшылықтарға бірнеше мысал:

Ноел: Исаның туылуын еске алу үшін жасалынатын мейрам. Христиандықтың алғашқы үш ғасырында мұндай дәстүр жоқ болатын. Бұл ІV ғасырда бастау алған. Исаның туылған күнін құттықтау батыста 25 желтоқсанда, шығыс пен Армения шіркеулерінде 6 қаңтарда. Рождество 24 желтоқсан ақшамы христиандардың шіркеуде діни рәсімдер мен үйлерінде жасаған қасиетті түн көңіл көтерумен басталады. 25 желтоқсан күні таңертең шіркеуде ойын-сауықтар өткізіледі. Екінші мейрам 26 желтоқсан күні жалпы қонақтар күтіледі, сый-сияпаттар беріліп, ауруханалар және ешкімі жоқ балаларды зиярат етеді.

Алғаш рет рождество 336 Римде аталынып өтті. Шындығында Исаның туылған жылы мен күні нақты белгісіз. Христиандар римдіктердің Ираннан алған Митра дініндегі өлмейтін Күн Тәңірінің туылған күні мейрамын Иса үшін қолдана бастады. Бұл пұтқа табынушы Рим мейрамы 21-23 желтоқсан күндерінде тойланатын. Құрметті Николай мен Ноел Әке арасында бір байланыс болмағаны сияқты, миләди күнтізбе жыл бастауы болған жаңа жыл мен Ноел мейрамының бір-бірімен қатысы жоқ. Аяз Ата рождество түнінде балаларға сыйлықтар тарататынына сенілетін аңыздағы адам, шынайы тұлға емес. Қазіргі таңда рождество кешіне қатысты шыршаны безендіріп, аталып өтіп жатқан ойын-сауық діни емес фольклорлық мәнге ие. Христиандықта рождество белгілі уақыттың жыл айналымы емес, адамзатқа «нұр» шашатын Тәңірдің ұлының жер бетінде Тәңірдің тәнге енуінің бір бейнеде көрінуі.

Ноелге қатысты және оның жалғасы ретінде аталып өтетін христиан мейрамы Епифани (Epiphanie). Бұл сөз «көріну», «белгілі болу» мағынасына келеді. Тектілерге, шопандарға бала Исаның көрінуі. Бастапқыда бұл мейрам рождествомен байланыстырылған. Кейіннен аталып өтілетін күні мен түрлерінде шіркеулер арасында айырмашылықтар болған. Батыста рождество 25 желтоқсанда, Епифани 6 қаңтарда, шығыс шіркеулерінде, Грегориян Армения шіркеулерінде рождество мен Епифани бастапқыда болғанындай 6 қаңтарда аталып өтіледі. Алғашқыда бұл мейрам Исаның Бетлеһемде (Бәйт Ләһим), Иордания өзенінде шомылу кезінде Кана деген жерде бір тойда көрінуі, «Тәңір екендігін жариялауын» еске алу үшін аталып өтілетін. Уақыт өте келе Исаның баптизм жасағанын еске алу үшін тойланатын мейрам болды. Бұл Исаның туылуын, сүндеттелуін және Тәңірлігін де еске түсіруде.

Негізінде христиандықтан бұрынғы уақыттарда ежелгі сенім-нанымдар мен мәдениеттерге қатысты және оларды бейнелейтін өлетін әрі тірілетін Тәңір мейрамдары христиандыққа да енген. Христиандық сипатқа ие болды.

Пасха: Ивритше көшу мағынасына келетін «pesah», Грекше «paskhalia»-дан шыққан. Христиандықтың алғашқы кезеңдерінде иудей пасха мейрамымен қатар келетін бір мейрам. Ол уақыттарда христиандар Хз. Исаның базар күні тірілуін әр жексенбіде атап өтетін. Шіркеулер пайда бола бастаған уақытта шіркеулерде арнайы пасха күні белгіленіп қабыл етілді. Пасха ең үлкен христиан мейрамдарының бірі. Пасха шығыс шіркеулері үшін өте маңызды. Адамды мәңгілік өлімнен құтқаратынына сенілетін Исаның қайтадан тірілу оқиғасы шіркеудің және әрбір адамның өмірінің орталығы болып саналады. Ортадокс пен католиктердің пасхаларының арасында уақыт жөнінен ерекшелік бар.

Крест мейрамы: Крест деп бір-біріне тік екі ағаш және ұқсас нәрселерден пайда болған бейнені айтады. Христиандықтан бұрынғы кезеңдерде түрлі халықтарда крест символы бар. Исаның айқышқа керілуінен кейін крест, христиандарды басқа дін өкілдерінен бөліп тұратын бір символға айналды. Бұл символ христиандарға Исаның айқышқа керілген өлімін еске түсіреді. Бұл уақытты еске алу үшін христиандар (протестанттар бөлек) крест символын шіркеулерде, жол тораптарына, мойындарына тағып алады. Константин уақытында Исаның айқышқа керілген ағаштарының бар екендігі (326 жылы) айтылған және осыны еске алу үшін бір мейрам басталған. Ортадокстардың крестінің тармақтары бір-біріне тең, латын (католик) крестінің төменгі тармақтары басқаларынан ұзын.

Мәриям ана күні: Мәриямның күнәсіздігін, бұзылмаған мінез-құлқын және абыройын таныстыру үшін Римде 1477 жылы басталған еске алу күні. Адвент дәуіріне кіретіндіктен еске алу күні жылдан-жылға ауысып отырады.

Протестанттар бөлек, католик пен ортадоксальдық шіркеулер Мәриямды қатты құрметтейді, оған арнайы дұғалар бағыштап, мейрамдар өткізіп өлеңдер арнап Иса секілді Мәриямның да күнәсіз екендігіне сенеді.

ә. Діни рәсімдер (сакраменттер)

Шіркеу христиан дінін ұстанатындарға Иса әмір етті деген жеті «сакраментті» білдірді және олардан осы сакраменттерге бағынуды талап етті (сакрамент – қасиетті нәрсе, діни рәсімдер деген мағынаға келеді). Уақыт өте келе сакраменттер мәселесінде келіспеушіліктер туындай бастады, талас-тартыс күшейе түсті. Шіркеулер бір-бірінен бөлінгеннен кейін олар қабылданған сакраменттердің саны туралы әр түрлі көзқарастарды ұстанды. Католик пен православтар жеті сакраментті қабылдады. Григорияндық армяндар соның алтауын, ал протестанттар екеуін ғана місе тұтты. Унитарияндар, Квакерлер Тәңір мен адам арасындағы ешбір жоралғыларды қабылдамайды, олардың бәрін де жоққа шығарады. Бұл сакраменттер мыналар:

1. Шомылдыру (bapteme, batem): Сакраменттердің алғашқысы –шомылдыру рәсімі. Христиан болу үшін де, бір шіркеуден келесі бір шіркеуге өту үшін де шомылдыру рәсімін жасау керек. Шомылдыру – христиан болудың алғы шарты. Шомылдыру рәсімі Әке, Ұл, Киелі Рухтың атынан жасалады. Мұны христиандар Хз. Иса бұйырған деп сенеді. Шомылдыру рәсімі Исаның рухани денесіне қосылуды және Киелі Рухпен жаңадан туылуды білдіреді. Бастапқы күнәні шомылдыру арқылы өтеуге болады деп сенеді. Баптизм грекше суға батыру мағынасына келеді. Шомылдыру шіркеуде жасалады. Шіркеулер арасында шомылдырудың түрлері бар. Суға сүңгіту, батыру, су себу және су құю сияқты түрлі жолдармен шомылдыруға болады. Шомылдыру рәсімінен өтетін адамның жасы шіркеулерге қарай өзгеріп отырады. Жалпы алғанда кішкене сәби кезінде орындалады. Шомылдыру рәсімінен өтпей өлген адам таза болмайтындықтан, күнәһар ретінде өлді деп есептеледі. Сол себепті әрбір адамды шомылдыру, сауап деп есептеледі.

2. Нан мен шарап діни рәсімі(Euharistie, Evharistiya, Ökarist): Бұл діни жоралғы, евхаристия – айқышқа керілмей тұрып, Исаның шәкірттерімен ең соңғы кешкі асын еске түсіру рәсімі. Інжілдердің дерегіне сүйенсек соңғы кешкі асында Хз. Иса нанды турап, бөлді; бұл – менің етім деп шәкірттеріне берді. Содан кейін кесе толы шарапты беріп тұрып, бұл менің қаным деп ішкізді. Павел бұл оқиғаға жаңа сипат берді. Шіркеу мұны діни құлшылық рәсіміне айналдырды. Басында жылына бір рет орындалып келген болса, кейіннен апта сайын орындалатын болды. Ертедегі христиандар евхаристияны құрбандықтың бір түріне жатқызған. Қазіргі таңда шіркеулерде жасалып жүрген евхаристия құлшылық рәсімінде берілген нан мен шарап құрбандық ретінде қабылданады.

Евхаристия жексенбі күні шіркеуде жасалатын діни рәсім. Бұл рәсімде шіркеулер арасында өлке мен мәдениеттен туындаған кейбір ерекшеліктерден басқа жалпы бірдей нәрселер орындалады.

3. Қуаттандыру(Confirmation-конфирмация): Шомылдыру рәсімінен өткен баланың тұла бойын қасиетті маймен майлау. Ол шомылдыру рәсімінің бекітілуі болып табылады. Бұл рәсім шығыс шіркеулерінде шомылдыру рәсімінен кейін артынша, ал батыс шіркеулерінде біраз кейіндеу орындалады. Шомылдыру мен қуаттандырудың арасында өзара байланыс болғандықтан Шіркеу бұларды бірінің артынан бірін орындауды ұйғарды.

Майланған бала шіркеудің арнайы дайындалған жеріне апарылады. Ол жерде оған конфирмация наны жегізіледі. Жей алмайтын жаста болса ерніне тигізеді және осылайша ол бала шіркеудің бір мүшесі болады.

4. Күнәні мойындау(Penitence): Күнәға байланысты жоғалтқан шомылдыру игілігіне қайта оралу үшін жасалған діни рәсім. Күнә істеген адам күнәларын мойындайды. Шіркеу атынан кешіру құқына ие діндар поп күнәһар пендені кешіреді. Қаншалықты күнәһар болғанымен, егер пенде күнәсін мойындап, тәубе етсе, бүкіл күнәлары кешіріледі. Қолдан кеткен игіліктерін жаңадан қайтарып алады. Кейбір жағдайларда шіркеу әкейі күнәһар адамға жаза да тағайындауы мүмкін.

5. Соңғы май жағу рәсімі(Extrime-Onction): Қасиетті майдың жағылуы, әрі шипа, әрі күнәлардың кешірілуі, әрі қиналмай жантәсілім ету үшін науқастарға май жағатын діни рәсім.

6. Монахтың қасиеттеу рәсімі(Orde, Ordo): Шіркеу иерархының үш жоғарғы дәрежесінде болған дьякон, поп және епископтардың қасиеттелуі рәсімі. Бұл жоралғылар қасиеттеу рәсімі үшін жасалады. Қасиеттеу рәсімін епископ орындайды.

7. Неке(Mariage): Католик шіркеуі бойынша неке дегеніміз – Иса мен шіркеу арасындағы рухани байланыстың символы әрі қасиетті сакраментке жатады. Діни жоралғы ретінде үйленіп, отбасын құру екі жастың бір-бірінің өзара келісімін алып, оның шіркеу тарапынан бекітілуі және екі жұптың шіркеуде қасиетті мызғымас байланыс орнатуы болып табылады. Католик және армян шіркеулері ажырасуға мүлдем рұқсат етпейді. Православие шіркеулері ажырасуға белгілі бір шарттарға сай рұқсат береді.

Наши рекомендации