Жиырма тӨртінші сӨз
Осы күнде жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллион* қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз. Үш миллионнан халқы артық дүниеде бір қала да бар, дүниенің бас-аяғын үш айналып көрген кісі толып жатыр. Өстіп, жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзу жолмен іздеп, өрістерлік күн болар ма екен? Әй, не болсын! Жүз қараға екі жүз кісі сұғын қадап жүр ғой, бірін бірі құртпай, құрымай тыныш таба ма?
ЖИЫРМА БЕСІНШІ СӨЗ
Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқытса болады. Аның үшін бұл жер дәрілхарап[20], мұнда әуел мал табу керек, онан соң ғараб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішуге малдың тапшылығы да, ағайынның араздығына уа әртүрлі бәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін, не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет[21] те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына[22] кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Жақсы білгенді жорғалықпенен көңілін алсам екен деп надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жаурыннан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейін, мені көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазірде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сөйтсе де осы оқыған балалар - ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға, жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта кедейдің баласын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы зорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп қуған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасыменен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол - мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсете ме, өзі рақат көре ме, яки жұртқа рақат көрсете ме?
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ СӨЗ
Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында, бір хайуанның өнерінің артылғанына, я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі - қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ - шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп, қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен?
Жүйрік ат - кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те - кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнерімен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін біле тұрып, жерге кіргендей я бір арамдығы шыққандай, жамандығы білінгендей болып несіне ұялып, қорланады екен?
Енді осылардан ойлап білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Һәм қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмейді, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі - надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп мұным теріс екен деп өздігінен тоқтаған адамды көрмессің.
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ СӨЗ
(Сократ Хакимнің сөзі)
Бір күні Сократ Хаким бір Аристодим деген ғалым шәкіртіне құдай табарака уатағалаға[23] құлшылық қылмақ турасына айтқан сөзі. Ол өзі құлшылық қылғандарға күлуші еді.
- Әй, Аристодим, ешбір адам бар ма, сенің білуіңше, қылған өнерлері себепті адам таңырқауға лайықты? - деді.
Ол айтты:
- Толып жатыр, қазірет.
- Бірінің атын аташы, - дейді.
- Гомерге бәйітшіліктігі[24] себепті, Софоклге трагедиясы себепті, яғни біреудің сипатына түспектік, Зевксиске суретшілігі себепті таңырқаймын - деп, соған ұқсас неше онан басқа өнерлері әшкере болған жандарды айтты.
- Олай болса, кім артықша ғажайыблануға лайықты: жансыз, ақылсыз, құр пішінді жасайтұғын суретші ме, я жан иесі, ақыл иесі адамды жаратушы ма? - дейді.
- Соңғысы лайықты, - дейді, - бірақ ол жаратушы жаратты, өздігінен кез келіп, солай болып кетпей, басынан біліп істеген хикметімен болса, - дейді.
- Жә, пайдалы нәрсе дүниеде көп, бірінің пайдасы көрініп, білініп тұрады. Кейбірінің пайдасы анық білінбейді. Соның қайсысын хикмет көресің? - деді.
- Әрине, әшкере пайдаға бола жаратылғанын хикмет десек керек деймін, - дейді.
- Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри[25] бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтіп ләззәт алар едік? Ол көз өзі нәзік болған себепті, керегіне қарай ашып, жауып тұрсын үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болсын үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір дауыс, жақсы үн, күй, ән - ешбірінен ләззәт ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде болған жақсы иіске ғашық болмақ, жаман иістен қашық болмақтық қолымыздан келмес еді. Таңдай, тіл дәм білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты, не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе?
Көзді, мұрынды мұндай ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, исін біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жеркенерлік жер бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе? - депті.
Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде адамды жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббаты бірлән жаратқандығына шүбәсі қалмады.
- Олай болғанда және не ойлайсың, һәмма мақұлықтарды жас балаларына елжіретіп, үйірілтіп тұруын көргенде уа һәмма мақұлықаттың өлімін жек көріп, тіршілікте көп қалмақтығын тілеп, ижтиһат қылуын көргенде өсіп-өнуінің қамында болудан басқа істі аз ойламақтары - бұларының бәрі жұрт болсын, өссін, өнсін үшін. Солардың жаратқанда көңілдерін солайша ынтықтандырып қойғандығы һәм мұның бәрі жақсы көргендігінен екенін білдірмей ме? - дейді. Және:
- Ей, Аристодим! Қалайша сен бір өзіңнен, яғни адамнан басқада ақыл жоқ деп ойлайсың? - деді. Адамның денесі, өзің жүрген жердің бір битімдей құмына ұқсас емес пе? Денеңде болған дымдар жердегі сулардың бір тамшысы емес пе? Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың.
Бұл ғаламды көрдің, өлшеуіне ақылың жетпейді, келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді, осының бәрі де кез келгендікпенен бір нәрседен жаралған ба, яки бұлардың иесі бір өлшеусіз ұлы ақыл ма? Егер ақылменен болмаса, бұлайша бұл хисабына, өлшеуіне ой жетпейтұғын дүние әрбір түрлі керекке бола жаратылып һәм бірі-біріне себеппен байланыстырылып, пәнденің ақылына өлшеу бермейтұғын мықты көркем законға қаратылып жаратылды, - дейді. Ол айтты:
- Тахқиқ бұл айтқаныңның бәрі рас, жаратушы артық ақыл иесі екендігі мағлұм болды. Ол құдайдың ұлықтығына іңкәрім жоқ. Бірақ сондай ұлық құдай менің құлшылығыма не қылып мұқтаж болады? - деді.
- Ей, Аристодим! Қате айтасың. Мұқтаж болмағанда да, біреу сенің қамыңды жесе, сенің оған қарыздар екендігіңе де ұстаз керек пе? - деді.
Аристодим айтты:
- Ол менің қамымды жейтұғынын мен қайдан білем? - деді.
- Жә, олай болса, һәмма мақлұққа да қара, өзіңе де қара, жанды бәрімізге де беріпті. Жанның жарығын бәрімізге де бірдей ұғарлық қылып беріп пе? Адам алдын, артын, һәм осы күнін - үшеуін де тегіс ойлап тексереді. Хайуан артын, осы күнін де бұлдыр біледі, алдыңғы жағын тексермекке тіпті жоқ. Хайуанға берген денеге қара, адамға берген денеге қара. Адам екі аяғына басып тік тұрып, дүниені тегіс көрмекке, тегіс тексермекке лайықты һәм өзге хайуандарды құлданарлық, пайдасын көрерлік лайығы бар. Хайуанның бірі аяғына сеніп, бірі қанатына сеніп жүр, бір өзіңдей хайуанды құлданарлық лайығы жоқ. Адам өзі өзіне сенбесе, адамды да хайуан секілді қылып жаратса, ешнәрсеге жарамас еді. Хайуанға сұлтан болуға ғана лайығы бар. Хайуанға адамның ақылын берсе, мұнша шеберлік мұнша даркарлік[26], бір-біріне ғылым үйретерлік шешендік салахият[27] ол денеге лайықты келмейді. Қай өгіз шаһар жасап, құрал, неше түрлі сайман жасап, сыпайылық шеберліктің үдесінен[28] шығарлық қисыны бар? Бірақ адам баласы болмаса, бұл ғажайып ақылды және ғажайыппен һәм жасаған денеге кіргізіп, мұнша салахият иесі қылғаны хикметпенен өзге хайуанға сұлтан қылғандығына дәлел емес пе? Ол дәлел болса, адам баласын артық көріп, қамын әуелден алланың өзі ойлап жасағанына да дәлел емес пе? Енді адам баласының құлшылық қылмаққа қарыздар екені мағлұм болмай ма? - депті.