Күнде жазылған роман

– Ілияс Есенберлин асықпай-саспай бір жұмыс күнінде сан алуан шаруа бітіріп үлгеретін. Ал кешкі сағат алтыдан кейін І.Есенберлин директорлықтан «түсетін». Кешкісін, не демалыс күндері қызмет бабымен соғылатын қоңырауды ол жек көретін. Тіпті дүние аударылып жатса да. Өйткені бұл уақытта ол директор емес, жазушы болатын. Қызық еді.

Бірде «Осы кісі қай жерде жүріп осыншама кітап жазды» деген ойтүрткімен сұрап едім, Ілекеңнің айтқаны:

— Үйге келемін, шәй ішемін, сосын ұйықтаймын. Сағат ондарда үйдегілер сабырлана бастайды. Сосын мен столыма отырып, түнгі 3-4-ке дейін жазамын.

— Демалыс күндері де ме?

— Жоқ, демалыс күндері мен аз жұмыс істеймін. Бізде, қазақтарда қонаққа бару, достармен араласу деген салт бар ғой.

– Сонда бір түнде қанша жазып үлгересіз?

– 20-30 бет.

«Көшпенділер» трилогиясының бір романын Ілекең бір айда (қаңтарда) жазды. Оның ішіндегі 4 күні жақын досы – дарынды жазушы Қапан Сатыбалдиннің қайтыс болғандағы шаруаларына кетті. Ай емес, 27 күнде жазды.

Қабдеш Жұмаділов, жазушы:

Есенберлин орысша оқыған

Есенберлиннің арқа сүйер достары болды, бірақ жаулары да аз емес-ті. Оны сол уақыттағы қатарлас жазушылар мойындағысы келмеді. Оны «жетім» деді, мектепте, оған қоса институтта да «орысша оқыған» деп шеттетті. Ілиястың жолы болғаны –

Д.Қонаевпен арадағы достығы. Қонаев Балқашта қызметте жүргенде Есенберлин оның қоластына барып, тәжірибеден өтеді. Ол кезде тау-кен мамандары аз болғандықтан, екеуі аға-іні болып сыйласып кетеді. Содан Есенберлин соғысқа кетіп, ол жақтан жарақат алып оралады да Орталық Комитетке қызметке орналасады. Қонаев бұл уақытта үкімет басшысының орынбасары болып жүрген еді. Екеуінің жолы тағы да түйіседі де, қайтадан араласа бастайды. Бірақ, Қонаев осы кезде өрлейді де, Есенберлин құлдырайды. Оған себеп Ілиястың жары Диляр апай 1937 жылы атылып кеткен белгілі заңгер, Қазақстанның әділет министрі болған, «халық жауы» атанған Хамза Жүсіпбековтің қызы еді. Қазақ – арызсыз жүре алмайтын халық. «Халық жауының қызын қалыңдыққа алғаны үшін» ол өзіне дұшпан тауып алды. Ол аздай, Ілияс сол кезде көріне бастаған еді, қатарластары оны көре алмай, қарсы арыз жазып, қызметінен босатты.

Жазушы» баспасының директоры болды

1967 жылы сәуір айында «Жазушы» баспасына Ілияс Есенберлин директор болып келіпті» деген хабар дүмп ете түсті. Жаңалыққа біреу сенді, біреу сенбеді. Рас екен. Келіпті деген әңгіме тарады артынша.

Көп жылдар қуғын көріп, әр жерде есік қақты боп жүрген Ілияс Есенберлиннің бұлайша аяқ астынан республикадағы бірден-бір әдеби баспаға директор болып шыға келуі қалам ұстап жүрген қауымды дүрліктіріп тастады. Кейін бір оңаша әңгіме үстінде Ілекеңнен осы жайды сұрағаным бар. Сөйтсек, мәселе былай болыпты:

Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Ілекеңді жас кезінен біледі. Екеуінің де мамандығы тау-кен инженері. Алайда, намысқой Ілекең Қонаев ҚКОК бірінші хатшысы болып тұрған кезінде де алдына барып жәрдем сұрамапты.

Содан екеуінің кездейсоқ кездесіп қалуының сәті киностудияда өтеді. Бір күні республика басшысы киностудияны көрмек болып, аралап жүргенде, кенет топ кісінің арасынан Ілекеңді көріп қалып, өзі тоқтатып амандасыпты.

– Ау, Ілияссың ба? Барсың ба бұл дүниеде? Өзің мүлде көрінбей кеттің ғой?! – дейді Қонаев оның бас-аяғына көз жіберіп.

– Ой, Димеке-ай, әңгіме көп қой! Қайсыбірін айтайын?! – дейді Ілекең тар жерде артық сөзге бара алмай.

– Онда маған бір келсеңші. Әңгімелесейік, – дейді Димекең. Дереу көмекшісіне бұрылып, тапсырма береді.

Есенберлин көп кешікпей Қонаевтың қабылдауында болып, ескі таныстар ұзақ әңгімелеседі. Осы отырыста Ілекеңнің болашақ қызмет орны сөз болады.

– Сен осы баяғыда филармонияны басқарған жоқ па едің? Әріптестердің жағдайына қанықсың. Опера-балет театрына директор болып барсаң қайтеді? – дейді Димекең алғашында.

– Қыз-қырқынмен оңай тіл табысатын баяғы заман өтті ғой! – деп Ілекең күлген көрінеді. – Менің әрі әдебиетші екенімді білесіз. Жазған, жазайын деп жүрген көп дүниелерім бар. Маған одан да «Жазушы» баспасын беріңіз! – дейді қолқа салып.

Тілек екі қайталанбапты. Тиісті жерге бірден бұйрық түскен көрінеді…

Наши рекомендации