Енді содырлардың осы ұстанымдарына байланысты жауаптарды Құран және сүннеттен іздеп көрсек...

Бірінші ұстанымға қатысты жауап: Бұған нақты жауапты Алла тағаланың мына аятынан көреміз: «Дінде – күштеу жоқ» (Бақара: 256). Демек, исламда басқа біреуді дінге күштеп, зорлап кіргізу деген жоқ. Дінді әркім өзі еркімен, қалауымен және махаббатымен көңіл қойып қабылдайды. Ислам тарихында да бұған мысалдар жетерлік. Бірде бәдәуи келіп, сахабалармен тұрған Пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасынан шап береді де, дөрекі сөздер сөйлейді. Оның жағасынан қатты ұстағаны сонша, пайғамбардың мойнында қызарып шапанының ізі қалады. Пайғамбардың қасында тұрған Омар сияқты батыр сахаба әлгі әдепсіз бәдәуидің сазайын беру үшін қылышын жалаңаштаған уақытта Пайғамбар оны ақырын ғана тоқтатты. Сөйтіп, әлгі бәдәуимен жылы сөйлесіп, керісінше оған сый-құрмет көрсетеді. Кейін, сол бәдәуи мұсылман болады.

Екінші ұстанымға қатысты жауап: Құранда мынадай аят бар: «Ей, адам баласы! Шын мәнінде, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» (Хужрат: 13). Демек, адамдардың әртүрлі болуы, ұлттар мен ұлыстар, этностық топтар болып бөлінуі – Алланың жаратылысы. Алла тағала Құранда ешкімді қатыгездікке, дұшпандыққа шақырып отырған жоқ, керісінше, бір-бірлеріңді танып, араласып, тату-тәтті өмір сүруге шақырады. Егер Алла қаласа, онда біздерді ұлттар мен ұлыстар етіп жаратпай, барлығымызды бір үмбет етіп жасайтын еді. «Ей, Мұхаммед! Егер Раббың қаласа, адамдарды бір-ақ үммет қылар еді» (Һуд: 118) делінген Құранда. Сондықтан, бір мемлекетте түрлі адамдардың бірге өмір сүруі және олардың алуан түрлі болуы – тағдыр. Мұсылман адам тағдыр мәселесінде таласпайды. Өйткені, тағдырға қарсы келу – Құдайдың әміріне қарсы шыққанмен тең.

Исламда барлық адамның құқығы да тең. Исламда намаз оқитын және намаз оқымайтын, мұсылман немесе өзге дін өкілі деп ажыратылмайды. Ислам тарихында бұған дәлел көп. Солардың бірі мына оқиға: Халифа Омардың кезінде бір яһуди хазіреті Әлидің үстінен шағым айтып келеді. Сонда Омар: «Сен яһудисің, ал, сен Әли – мұсылмансың» деп ешкімді бөліп-жарған жоқ, керісінше, шағымданушы яһуди де, Әли де разы болатындай әділ үкім шығарды. Ал енді кім: «Лә иләһа ил-лалла» деп кәлимасын келтірсе, сол – мұсылман. Оған «Сен мұсылман емессің» деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Ал енді, ол қандай мұсылман – бұл басқа мәселе. Яғни, ол иманы әлсіз мұсылман ба, күнәһар мұсылман ба? Мұның ұйғарымын Аллаға тапсырған жөн.

Үшінші ұстанымға қатысты жауап: «Мұсылман емес мемлекетте өмір сүрген адам тағутқа табынады» деген сөздерінің астарында мынадай мағына жатыр: мұсылман емес басшының айтқанын істеп, соған табынған болады. Оның оған бойұсынғаны табынғаны болып саналады. Олардың мұндай ұстанымы қоғамда анық бүлік шығаруды көздейді. Ал Құран бүліктен қатты қайтарған: «Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара: 217). Өйткені, бүлік салдарынан қанша кінәсіз адамдар жер жастануы мүмкін. Бүлік – ұйып отырған елдің тыныштығын бұзып, берекесін қашырады. Сондықтан да бүлік шығарушы адамға Алланың мейірімі де болмайды. Құран бізге осыны айтады: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» (Майда: 64).

Төртінші ұстанымға қатысты жауап: Біз бұл ұстанымға қатысты жауаптың бір шетін жоғарыда қарастырдық. Шынайы ислам, ДАИШ содырлары айтқандай, қоғамды «мұсылмандар» және «кәпірлер» деп бөлмейді, керісінше, бірлікке шақырып, аразданған адамдарды жарастыруға жігерлендіреді. Термези, Әбу Дәуіт және Ибн Мәжаһтың хадистер жинақтарында мынадай хабар келеді: Бір күні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларға қарап: «Сендерге мәртебесі жағынан ораза, намаз және садақадан да абзал нәрсе жайында хабар берейін бе?» деп сұрайды. Сахабалар бір ауыздан: «Әрине» дейді. Сонда пайғамбар: «Ол – қырқысушылықты жарастыру» деп айтады. Бұған қоса, ислам басшыға бағынуға әмір етеді: «Ей, мүминдер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, Пайғамбарға бойұсыныңдар және өздеріңнен болған басшыларға да бойұсыныңдар»,- дейді(Ниса: 59).

Бесінші ұстанымға қатысты жауап: Негізінде, мұсылман адам кәпірдің мемлекетінен мұсылман еліне көшуі керек деген ұстанымды бұлар сонау Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінен алады. Меккенің мүшріктері Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаладан қуған кезде ол кісі мәжбүрліктен Мәдине шаһарына көшкен болатын. Міне, ДАИШ содырлары осы уақиғаны дәлел ретінде алға тартады. Сөйтіп, олар мұсылман қысымшылық көрген кәпір қоғамынан шығып, мұсылман еліне көшуі қажет деп санайды. Бірақ, олар бір жағдайды естен шығарған сияқты. Біріншіден, Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қаланың мүшріктері қуып шығарды, яғни, ол кісі Меккеден мәжбүрлікпен көшті. Ол өз еркімен қашып шыққан жоқ. Сондай-ақ, қаладан шығып бара жатып, артына қарап, «Уатани, уатани» яғни, кіндік қаны тамған жерді қимай, көздеріне жас алып: «Отаным, менің отаным...» деп айтты деген хабар бар. Бұл уақиға ислам тарихында анық айтылады. Ал біздің мемлекетте қандай мұсылманға діні үшін қысымшылық жасалып жатыр немесе ұстанған діні үшін кімді елден аластатып жатыр? Ешкімге де мұндай қысымшылық жасалып жатқан жоқ. Емін-еркін өмір сүр, отбасыңды асыра, еңбегіңді жандандыр, қалаған дініңді ұстан. Өкінішке қарай, осындай насихатты естіген білімсіз қазақ жігіттері отбасыларын алып, Сирияға жиһадқа шығып кеткенін жақсы білеміз. Халықаралық БАҚ ақпараттарынан естіп отырғанымыздай, ДАИШ-ке жан-жақтан адасып келіп жатқан жастар сол «кәпір» мемлекеттерінен қашып, халифатқа келіп жатырмыз деп ойлап, адасқандар.

Алтыншы ұстанымға қатысты жауап: Бұл мәселеге қатысты тағы да айтарымыз: «Дінде күштеу жоқ» (Бақара: 256). Қазақ: «Құдай қосқан қосағыңмен ағар» дейді. Алла екі жасты қосқан екен, енді өмірдің ағын да, қарасын да өмірлік серігімен бірге көреді. Қайта, егер шынайы мұсылман болса, онда: «Сендердің ең жақсыларың – әйеліне және қыздарына ең жақсы мәміледе болғандарың» деген хадиске амал қылғаны жөн (Байһақидің риуаяты).

Наши рекомендации