Сұхбат аймақтары» бір-бірінен айырмашылығын айтып, оларды дәрігер-эпидемиолог қызметіндегі білу қажеттілігі.

Сұхбаттың мақсаты, міндеті анықталып, стратегиялық құралдары даяр болған соң, сұхбат өткізу орны белгіленеді. Респондент табиғатына қарай сұхбаттың типі анықталады. Жалпы оны жүргізудің достық қарым­қатынас орнатудан бастап, ресми, ресми емес, әңгімелесу және тек сұрақтар қою сияқты әдістері болады. Біз жоғарыда сұхбатты жүргізу үшін қойылатын сұрақтар тізімін талдауға алдық. Жобаның мазмұнын ашуда интервьюерден тек сұрақ қою өнері талап етілмейді, сонымен қатар, респондентпен тіл табыса білуге де байланысты болмақ. Қарым­қатынас ең алдымен сәлемдесу мәдениетінен басталады. Респонденттің жасына, қызметіне, әлеуметтік категориясына қарай сәлемдесудің де әр түрі бар. Мысалы ол ашық, достық, ресми, еркін түрде болуы мүмкін. Сонымен қатар респондентті есімімен атау, ресми түрде атау (аты­жөнін тегімен қоса атау), не болмаса қарт кісілерге дәстүрлі құрметпен атау («аға», «апа», «ата») сияқты жылы ілтипатпен сөйлесу сұхбаттың алдағы уақытта өзара сенімді жүргізілуінде ықпалы зор. Жалпы ел ішінде ауыл адамдарымен сөйлескенде ресми сипат алатын сұхбаттан гөрі дәстүрлі әңгімелесу типі ыңғайлы. Сұхбат алдында бұл кездесудің негізгі мақсаты респондентке түсінікті тілде жеткізілгені дұрыс. Өзара түсінушілік осындай алғашқы сөйлесулерден кейін басталмақ. Сол себепті аталған бұл ережелер сұхбаттың алғашқы фазасында орын алуы тиіс. Әдетте сұхбат көпшілікке танымал интеллигенция, саясаткер немесе жұлдыздармен жүргізіледі. Алайда «айтылған тарих» жанры тек аталған қоғам мүшелерін емес «қарапайым» адамдарды да сұхбатқа тартады. Ал үнемі сұхбат беріп үйренбеген «қарапайым» адамдар көп жағдайда техникалық құралдарға (диктофон, камера) үлкен мән береді, сөйтіп ашыла әңгімелесе алмайды.

Техникалық құралдарға жазып алынатын болса, онда «кейін айтқан сөздерім өзіме қарсы жұмыс істеуі мүмкін» деген кереғар ой жетегінде отыруы мүмкін. Мұндайда сұхбат жүргізуші кәсіби маман ретінде мәселені дұрыс жеткізе білгені жөн. Сұхбаттың негізгі кезеңінде зерттеуші проблема тақырыбының ашылуын басты назарда ұстауы тиіс. Интервьюер екеуара әңгімеде сөз тізгінін қолында ұстағаны абзал. Алайда оны өз пайдасына тартудың қажеті жоқ. Керісінше, респондентті көбірек сөйлеткені дұрыс. Сондықтан респондентті әңгімеге тарту, оны аша білу интервьюердің тікелей кәсіби міндеті болмақ. Сұхбат алушы сұрақтар маршрутымен ғана жұмыс істеуі тиіс пе? Жалпы методикалық құралдарда әдіскерлер түрліше кеңестер береді. Әрине түрлі салада, түрліше орындалуы мүмкін. Ал айтылған тарих саласында тереңдетілген сұхбатта тек сұрақтар тізіміне қарап отыру мүмкін емес. Сұрақтар тізімі әрине сізге жолдан адаспау үшін бағдаршам қызметін атқаруы мүмкін. Алайда, сіз респонденттен жаңа тарихи ақпарат алу үшін келгеніңізді ұмытпағаныңыз жөн. Сондықтан респондент көп жағдайда сіз ойламаған жаңа сұрақтарды өзі туындатуы әбден ықтимал. Сол себепті әңгіменің өрбуі барысында проблеманы басқа қырынан да көруге талпынған жөн. Сұхбаттың негізгі кезеңінің екінші фазасында қойылатын сұрақтар тікелей тақырыпты ашуға бағытталуы тиіс. Яғни сұрақтар күрделене түседі. Алайда күрделі сұрақтарды жеңіл түрде жеткізу де маңызды. Мысалы: «қазір мен сізге кішкене ойландыратын сұрақ қоямын. Алайда бұл сұраққа көп адам бірден жауап айта бермейді, мен сонда да сіздің ойыңызды білгім келіп тұр» деп айтсаңыз респондент ойлануға даярланады және ол сұрақты қызығушылықпен тыңдайтын болады.

Тақырыптың ашылуы – бұл респонденттің алдын­ала даярланған сұрақтар аясынан өрбіп, өз ойын еркін жеткізу үшін, ұзақ және әртүрлі мысалдар келтіру арқылы жүргізіледі. Тереңдетілген сұхбаттың негізгі методологиялық принциптерінің бірі – оқиға куәгерінен аяқ астынан жауап ала білу қажеттілігі. Бұл принципті сұхбат берушінің әңгіме арасына ретсіз араласуы деп түсінуге болмайды, себебі сұхбат кезінде әрдайым басын изеп, әңгімені қолдап отырса сұхбат беруші анық әрі толық жауаптар қайтарады. Тақырыптың толық ашылуы үшін сұхбат алушы «probling» тәсілін қолданады. Бұл ағылшын тілді кітаптарда «probling» тәсілі деп беріледі, яғни аударғанда (зондирование) – байқап көру, алдын ала тексеру деген мағына береді. Бұл сөзге нақты анықтама беру үшін Р.Горденнің еңбегіне назар аударамыз: «Рrobling – бұл нақты әрі толық ақпарат алудың жалғыз жолы ғана емес, мысалы кейбір сұхбат алушылар қойылып отырған сұрақтың жауабын алу үшін өз басынан өткен оқиғаны, немесе өз тәжірибесінде бар істі айта алады. Тәжірибеге сүйенсек расында осы әдістің нәтижесі мол. Сұхбатта бір сауалға жауап айтылған соң, арада үнсіздік бірнеше секундқа созылуы мүмкін. Бұл әңгімешіл респонденттен сұхбат тізгінін дереу өз қолына алып, әңгімені дұрыс бағыттауға, келесі сұрақты (келесі сұрақ жаңа немесе даярланған қажет сұрақ болуы мүмкін) қоюға тамаша мүмкіндік болып табылады. Егер сұхбат жүргізуші кәсіби тұрғыдан шыңдалған болса, бұл үнсіздікті 1­5 секунд аралығынан артыққа созбайды. Үнсіздік уақытының ең ұзағы он секунд. Зерттеу тақырыбын тереңінен аша түсу үшін респондент әңгімесіне түрлі ишаратпен қолдап отырғанын байқату керек. Мысалы, басымен изеп, көзі, қасы мимикалық реакциямен.

Сонымен қатар «иә­иә», «солай ма?», «қызық екен, жалғастыра беріңіз» деген фразалар арқылы да білдіруге болады. Қызу әңгімеге ұласқанда маңызды ақпараттарды қайта сұрау, немесе детальды түрде айтуға жетелеу үшін жаңғырық сияқты, айтқан сөзін қайталау әдісі де оң нәтижесін беріп жатады. Мысалы: – Р. Тылдағы тұрмыс майдандағы өмірден ауыр болды. – И. Майдандағы өмірден? Осындай сұрақтардан кейін респондент шынымен де тыл өмірінің күнделікті өлім күтіп тұрған майдан өмірінен қаншалықты азапты да, ауыр болғанын айта бастайды, дәлелдеу арқылы тыл өмірінің жаңа қырларынан ақпараттар береді. Синоним сұрақтар қатарын «Бұл қалай байқалады?» «нақты айта аласыз ба?» деген сұрақтар арқылы жасалуы мүмкін. Яғни бір айтылған проблеманы түрлі қырынан қайта­қайта сұрау. Әрине бұл тәсіл тақырыпқа тереңінен баруға мүмкіндік береді. Түсініксіз жауапты қайта сұрау. Егерде респонденттің жауабында түсініксіз сөздер немесе жауабы түгелдей түсініксіз болса, онда мынадай, «Сіз дәлірек түсіндіріп бере аласыз ба?», «Сізді дұрыс түсінгеніме сенімсізбін…», «Сіз мынадай­мынадай жайттарды айттыңыз, бұл айтқандарыңызда қайшылықтар бар ма?» деген сияқты сұрақтар тізбегі арқылы қайта сұрауға болады. Сұхбаттың екінші фазасында тақырыптан тақырыпқа ауысу жиі кездеседі. Мұндайда респонденттің ойын үзілді­кесілді кесіп тастауға болмайды. Әңгіменің желісін мұқият тыңдай отырып, жәй ғана өтініш есебінде «ал енді, біз мынадай мәселеге көшсек қалай қарайсыз?» делінген өтінішпен ауысу қажет. Ал егер респондент ойында жаңа ақпараттарды айту көзделінген болса, онда шегініс жасаған дұрыс. Ал егерде әңгімелеушінің мәліметтеріне бей­жай, селқостықпен қарайтын болсаңыз, онда жауабы айтылған сұрақты қайта қою орын алмақ.

Наши рекомендации