ПАЙҒАМБАР АЙТҚАН ХАУАРИЖДЕР – ОСЫЛАР

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

Философия ғылымының кандидаты

Қазір Ислам атын жамылған ағымдардан аяқ алып жүргісіз уақытқа тап болдық. Аллаға мадақ айта тұрып адам өлтіруден тайынбайтын баскесерлер бүкіл әлемге билік жүргізгісі келеді. Солардың ең қауіптісі – ДАИШ ұйымы. Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялаған бұл топтың хақ дінімізге қатысы қанша? Шариғат жолын қаншалықты ұстанады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде философия ғылымының кандидаты, Жалғас Сандыбаевпен сұхбаттасқан едік.

Бүгінде өзін ДАИШ (Ирак және Шам ислам мемлекеті) деп жариялаған ұйымды естімеген адам жоқ шығар. Әдетте, ислам дегенде адамның ақылына мейірім, қайырымдылық, ізгілік пен достық сияқты т.б. көптеген адамгершілік ұғымдар келеді. Ал енді «Ирак және Шам ислам мемлекеті» деген сөзді естігенде дереу майдан алаңы, жан-жақта өліп жатқан адамдар, қайғы, қара киім киген, жүздерінде мейірім жоқ баскесерлерді ойлаймыз. Неге?

Басым бөлігіміз жалпы ДАИШ деген атауды естігеніміз болмаса, оның қалай және қайдан пайда болғанын біле бермейміз. Ирак пен Сирияның аумағында «Әл-Каида» террористік ұйымы мұрындық болып, халықаралық террорист Әбу Мусаб әз-Заркауймен бірге 2006 жылы «Моджаһед шурасының кеңесін» құрады. Кейін бұл кеңеске бірнеше шағын әскери ұйымдар қосылады. Мәселен, «Джайшәт-Таифа әл-Мансура» (Жеңіске жетуші топ әскері), «Джайш Әһлу әс-Суннау әл-Джамаа» (Сүннет және жамағат азаматтарының әскері), «Джайш әл-Фатихин» (Жеңушілер әскері), «Джунд ас-Сахаба» (Сахабалардың әскері) және т.б. Сөйтіп, 2006 жылдың 15 қазанында осы және бұларға қосылған басқа да шағын әскери ұйымдар бірігіп, Ирак Ислам мемлекетін құрады (ИИМ). Ирак Ислам мемлекетінің содырлары Сириядағы азаматтық соғысқа дербес әскери күш ретінде тартылғандықтан бұл ұйым 2013 жылдың сәуір айында Ирак және Сирия ислам мемлекеті (ИСИМ) немесе Ирак және Шам ислам мемлекеті (ДАИШ) деп аталды. 2014 жылы бұл ұйым Ирак пен Шам жерінде ислам халифаттығын жариялайды.

Расында да, қазіргі исламның бейнесі осы ма, әлде, әлемге өзін шариғат заңымен өмір сүретін виртуалды «Ислам мемлекеті» деп жариялаған «халифаттың» исламмен мүлдем қатынасы жоқ па? Олар үшін Исламдағы «адам өлтірме», «зорлық жасама», «қиянат қылма», «зұлымдықтан сақтан» деген сияқты т.б. көптеген адамгершілік құндылықтар мен ұстанымдар маңызды ма? Олар Құран аяттары мен хадистерге дұрыс амал етеді ме?

– Дін исламның негізгі қайнар көздері – Құран және Сүннет (Мұхаммед пайғамбардың қалдырған өсиеттері және амалдары). Бұл екеуі – исламның іргетасы. Кез келген адамның немесе топтың, қоғамның, тіпті, мемлекеттің исламға қаншалықты жақын екенін немесе, керісінше, оның исламнан алшақ екенін білу үшін Құран және Сүннетпен анықтауға болады.

Бойына ислам құндылықтарын сіңірген иманды адам – көркем мінезді адам. Қазақ бұзық, қиянатшыл, көрегенсіз адамды «имансыз» деп айтады. Демек, «иманды» адам – жақсы адам. «Ислам» сөзі бейбітшілік, амандық мағыналарын білдірсе, «мұсылман» сөзі Алланың әміріне бойұсынған деген мағынаны береді. Олай болса, діндар, құдайшыл әрі тақуа адам қалайша Алланың әміріне қарсы шығып, басқаларды қанішерлікке шақырмақ, жазықсыз адамдардың жанын алмақ?! Өйткені, Құранда Алла тағала былай деп әмір етеді: «Бір-бірлеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім айтылғанды дұшпандық, зұлымдықпен істесе, оны жақында отқа саламыз. Бұл – Аллаға оңай» (Ниса: 29-30).

Енді ДАИШ содырларының жарнама үшін салып отыратын, ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда жұрт алдында үлкен немесе кіші, мұсылман немесе кәпір деп айырмастан жазалау рәсімін жүзеге асырады. Жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады.

Шынайы исламда жазықсыз адамды өлтіру былай тұрсын, жануарды да қинауға тыйым салынған. Тіпті, имам Бұһаридің сенімді хадистер жинағында бір әйелдің мысықты тамақтандырмай аш қалдырғаны үшін тозаққа түскені туралы хадис бар. Бұл әйел мысықты қамап, оған тамақ бермеген, не оның өзіне тышқан аулап ұстауына мүмкіндік жасамаған екен. Сол үшін оны Алла тозаққа түсіріпті (Әл-Асабату фит-Тамиизи әс-Сахаба кітабы). Сондықтан да дінді қадір тұтқан қазақ малды еш уақытта қорламаған. Бала кезімізде ауылдағы апаларымыз: «Малды теппе – обал болады» деп айтушы еді.

Егер ислам жануарды қинаған адамды осылай жазаласа, онда кінәсіз адамдарды қинаған, оларға күш көрсеткен немесе жарып жібергендерге қандай жаза бермек?! Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті ұғымдар саналып, қатты сақталады. Адамға жан беріп, оған өмір сыйлаған – Алла. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқығы жоқ: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер, тек заңға сәйкес болмаса. Ол мұны сендерге әмір етті, бәлкім, түсінерсіңдер» (Әнғам: 151).

Ислам жасықсыз адамдарға қарсы басқыншылық жасауға тыйым салады. Жазықсыз адамға оның өміріне, жеке мүлкіне немесе ар-намысына қатысты қандайда бір басқыншылық жасауға рұқсат бермейді. Исламдағы бұл қағида барлығына тең. Ислам тарихында Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің «Хадж әл-Уадағ» (қоштасу қажылығында) халыққа қарап, адамның өміріне, жеке мүлкіне және ар-намысына Қиямет күніне дейін қол сұғылмауы тиіс екенін былай айтқан: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслимның риуаяты). Исламдағы бұл талап тек мұсылмандар үшін емес, бәлкім, сол мұсылман мемлекетінде жасап жатқан барлық адамдарға қатысты. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті, ұрыс заманында да ислам соғысқа қатысы жоқ бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен өзге дін қызметкерлерін қинауға, атуға тыйым салған.

Наши рекомендации