ДАИШ»-тың мұсыл­мандардың мүддесін қорғаған болып көрінуінің астарында не жатыр?

− Біз кез келген дін атын жа­мылған ұйымдардың жалған ұран­дарына емес, шынайы мұрат-мақсатына, нақты іс-әрекетіне қарап баға беруіміз керек. Бір діни қозғалысқа толымды баға беру үшін оның қандай мәселелерге көбірек назар аударатынын, қан­дай істе белсенділік танытатынын бағамдау қажет. Осыдан ке­йін барып ол ұйымның шынайы мұрат-мақсаты айқындалады. Ал «ДАИШ-тың» қанды-қасап қарекеті мен саяси ұстанымдары оның діни емес, дін атын жа­мыл­­­ған террорлық топ еке­нін әй­гілейді. Шынтуайтында, «ДАИШ» − жай ғана лаңкестік топ емес, жаһандық терроризмнің аса қауіпті көрінісі.

Бүкіл әлемде ислам ға­лымдары «ДАИШ» ұйымын ислами емес деп таныған. Осы­ған қарамастан, бұл ұйым өзін жарнамалауды жалғастыруда. Себебі неде деп ойлайсыз?

− «ДАИШ» содырларының қантөгіс әрекеттері шариғаттың ешқандай моральдық және құқық­тық қағидаттары мен нормаларына сәйкес келмейді. Естеріңізде болса, таяуда дүние­жүзінің жүз­ден астам ислам ғалымдары бұл ұйымға ашық хат жазып, олар­дың іс-әрекеттерін қатаң сынға алғандығы осыған айғақ. Бұл жөнінде көптеген БАҚ жария­лаған болатын. Сондай-ақ, былтыр елордамыз Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті съезінде біз білетін барлық танымал дінба­сы­лар мен халықаралық ислам ұйым­дары­ның өкілдері «ДАИШ» тер­рорлық ұйымының іс-әрекеті ислам қағидаттарына үш қайнаса сор­пасы қосылмайтынын атап көрсетті.

ХХІ ғасыр, төртінші билік өкілдері айтпақшы, ақпарат ға­сыры. Қазіргі ақпарат кеңіс­тігіндегі жүргізіліп жатқан ойын­дар­дың залал-зардабы қа­рулы қақтығыстардан ауыр болмаса, жеңіл емес. Қаржылық тұр­ғыдан әлеуеті жоғары «ДАИШ» ұйымы бүгінде техниканың заманауи құралдарын пайдаланып, ғаламтор кеңістігіндегі насихат жұмыстарын кеңінен жүргізуде. Сол арқылы бұл ұйым әлемнің әр түкпірінен қаржылық ресурстар мен адамдарды көбірек тартып жатқандығын түсіну қиын емес.

«ДАИШ» ұйымының негізгі кадрлық құрамына назар салсақ, олар, ең алдымен, Саддам Ху­сейн кезіндегі тәжірибелі арнайы қызметтің мамандарынан, жоғары шенді әскерилер­ден құралғандығын байқауға болады. Яғни, ұйым мүшелерінің саны кәсіби білікті рекрутерлерді пайдалана отырып көбеюде. Со­нымен қатар, «ДАИШ» өзінің қар­жылық әлеуетінің арқасында арнайы әскери дайындықтан өткен мамандарға мол жалақы төлейтінін жарнамалап және тағы басқа түрлі алдап-арбау тәсілдерін қолдана отырып, қатар­ластарының санын арттырып жатқанын көреміз.

Азақстан Респуб­лика­сының соты «ДАИШ» және «Ан-нусра» ұйымдарын те­р­рорлық ұйымдар деп шешім шығарды. Алайда, бұл ұйым­дарға кетушілердің саны не­лік­тен азаймайды және осы мәселені қа­лай шешуге болады?

− Қазақстан сотының «ДАИШ» және «Ан-нусраны» террорлық ұйымдар деп тануы дер кезінде қабылданған шешім болды. Өткен жылы «Ат-такфир уәл-хижра» ұйы­мының да қызметіне тыйым салынды. Қазақстан сотының мұн­дай шешімдері теріс пиғылды лаңкестерге қосылатын адасушылар легін азайтуға ықпал етеді деп ойлаймын.

«ДАИШ» пен «Ан-нусра» се­кілді террорлық ұйымдарға түс­кен жандар – зайырлы қоғам­нан оқшауланған адамдар, пси­хо­логиялық арбау салдарынан ұстанымдары мен өмірге көз­қарастары агрессивті идеялармен уланған.

Жалпы, шетін көзқарастарды ұстанатын діндарлар ресми ақ­парат көздері арқылы немесе діни институттар тарапы­нан таратылатын түсіндіру мақсатындағы жарияланымдарды қабылдамайды. Мұның мысалын қазіргі таңда мешіттерде көруге болады. Көп­теген жастарымыз мешіт имамдарына құлақ аспай, өз білгенімен құлшылықтарын орындап жатыр. Бұл – қазақ үшін ерсі қы­лық. Көзіқарақты жұртшылықты біздің бүгінгі қоғамымызда бой көрсетіп жүрген ислам атын жамылған теріс діни ағым­дар жақтастарының мешіттегі жүріс-тұрыстары мен өзін өзі ұстау мәдениеті ойландырмай қоймайды. Бұл, жұмсартып айтқанда, әдепсіздік.

Ата-бабаларымыз дін ұс­тан­ғанда имам-молдаларға әр­дайым құрмет көрсетіп, тура жолдан таймас үшін ізін де ту­ра басқан. Қазақтың ешбір ұлт­тық салт-дәстүрлері мен жиын­дары елдің, жұрттың рухани көш­­басшыларынсыз өтпей­тін. Оған тарихымыздың өзі куә. Ал діндегі тура жолдан адас­қандардың әрекеттері олардың қалың жұрттан оқшау­ланып, бөлініп кетіп бара жат­қанын көр­сетеді. Бұл – біз үшін алаң­датарлық жайт.

Осы бір мысалдан-ақ атышулы «ДАИШ» ұйымының белсенділері қатарластарын ресми дін мамандарын тыңдамауға үгіттеп, ақ­параттық тұрғыдан оқ­шау­лап тас­тайтындығын байқауға болады. Олар өзара әлеуметтік қа­тынастар арқылы жаңа­дан қосылған немесе екі ойлы адамдарды жедел баурап, өз қатарларына бір­­жола енгізуге ықпал етеді. Осыған орай, біз олар­дың артынан ерген жастарымызбен кешенді түрде көбірек жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Радикалдардың шырғала­ңына түскен қаракөздерімізге рухани әрі психологиялық көмек бе­­ру қажет. Ол үшін, әри­не, ең алдымен, жастарымыз­дың ді­­ни сауаттылығымен қатар, кәсі­­би зайырлы білімін көтеріп, патриоттық пен ұлттық сананы жан­­­дандыруға көп көңіл бөлу керек.

Сондай-ақ, мұндай жағ­дай­ларды болдырмау үшін радикалды идеологиядан азат аудиторияға алдын алу бағытындағы жалпы тү­сіндіру жұмыстарын жүргізуді қарқынды түрде жалғастырған жөн.

Соңғы уақытта «ДАИШ» ұйы­­мына қосылу­ға кетуші­лердің жолы құқық қор­ғау органдары тарапынан жиі бөгелуде. Осыған орай, бұл ұйымның идеологтары «қарулы жиһадты» Орталық Азия аумағында, соның ішін­­­­де, әсіресе, Қазақстанда жүзеге асыруға үндеп жатыр. Лаңкестік ұйым үндеген бұл қа­уіптің іске асырылуы қанша­лықты ықтимал?

− Жалпы, экстремистік жә­не террорлық идеология­ның негізінде «қарсылық таныту», «қанды оқиға арқылы өзіне көңіл аударту» секілді түсініктер жатыр. Осы түсініктер негізінде экс­тремистік ұйымдардың идеологтары топ мүшелерін ресми үкімет тарапынан көрсетіліп жат­қан «әділетсіздіктерге» қарсы шы­ғуға, діни емес мемлекеттік жүйені қарулы төңкеріс арқылы жоюға үндейді. Лаңкестік ұйым­дар үшін бұл – әдеттегі түсінік. Өйткені, олардың құрылу миссия­сының өзі осындай қанқұйлы теріс пиғылдардан тұрады.

Бүгінде халықаралық терроризм қаупі барлық елде бар. Оған соңғы уақытта Еуропа елдеріндегі және Түркиядағы қанды оқиғалар айғақ бола алады. Бұл індетке қарсы тұрудың ең дұрыс жолы – тиянақты алдын алу шараларын жүргізу. Қоғам мүшелерінің діни және дінтанулық сауаттылы­ғын арттырып қана қоймай, азамат­тық белсенділігін күшей­ту, отан­­сүй­гіштік сезімдеріне соны серпін беру, ғасырлар бойы қа­лыптасқан діни таным мен рухани құндылықтарды жаң­ғырту, мәмілегер, бірлікшіл, бей­­­біт­сүйгіш ұлттық мінездер­ге қозғау салу қазіргі таңдағы идео­логиялық бағдарымыздың негізгі тіндеріне айналуы тиіс. Тұтастай алғанда, жаһандық терроризмнің салдарымен кү­ресумен шектелмей, пайда болу себептерін түбірімен жойсақ, әлдеқайда үл­кен жетістіктерге жете аламыз.

Наши рекомендации