Жетекші ғылыми қызметкері

Бүгінгі күні алпауыт мемлекеттердің саяси-экономикалық мүдделері тоғысқан Сирия мен Ирак жеріндегі лаңкестік әрекеттер күллі әлемді әбігерге салып, көптеген елдерді қауіпсіздік шараларын нығайтуға мәжбүрлеуде. Олар Ирак пен Сирия үкіметінің әскери күштерімен қоса Ливан, Ауғанстан, Алжир, Пәкістан, Ливия, Египет, Йемен және Нигерия елдерінде, сонымен қатар, өздерін құптамайтын басқа да мемлекеттерге қарсы қанды қырғын соғыс жүргізуде.

ДАИШ (Дәулә Исламия Ирак уа Шам – Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті) Сирия мен Ирактың біраз аумағын басып алып, әлемнің бірқатар елдерінде орын алған терактілерді өз мойынына алып отыр. Олардың аталған аймақтардағы аса қатігез жауыздық әрекеттері әлем жұртшылығының тыныштығын қашыруда, әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде біздің де бұған бей-жай қарай алмайтынымыз анық.

Біріккен ұлттар ұйымына мүше көптеген мемлекеттермен бірге Қазақстанда ДАИШ лаңкестік ұйымын террористік ұйым ретінде танып, оның ел аумағында қызмет етуіне заңды түрде тыйым салды. Белгілі бір сыртқы күштердің ықпалымен құрылып, жауыздық іс-әрекетін шариғатпен ақтағысы келетін, трансұлтты қарулы топтың пайда болуында үлкен саяси астар жатқаны байқалады.

Сондықтан кез келген дін атын жамылған топтардың көзбояушы ұрандарына емес, шынайы іс-қимылына қарап баға беру маңызды. Бұндай топтардың түпкі ой-ниеттерін білу үшін олардың қандай басты мәселелерге назар аударатынын, қай істе белсенділік білдіретінін танып-білу қажет.

Сөзі мен ісі үйлеспейтін бұл ұйымның көздегені ислам дінінің мүддесі емес екенін әлемнің бұқаралық ақпарат құралдары жаһанға жар салып жарыса жазуда. Олар ДАИШ-тың жауыздық қарекеті мен саяси ұстанымдарының дінмен еш байланысы жоқ, исламды тек бетперде ететін террорлық топ екенін әйгілесе де, аталған ұйымға қосылуға ниет білдірушілер легі толастар емес.

ДАИШ лаңкестері қуатты қару жарақ, озық заманауи техникалық құралдармен жан-жақты жабдықталған. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша, пайда болған 2 жыл ішінде ДАИШ 1 млн-ға жуық бейбіт тұрғынды қырып салған. Олар қарттар мен әйелдерге де, тіпті бейкүнә балаларға да аяушылық танытпаған.

Ислам шын мәнінде әділеттілік, қайрымдылық, сабырлылық, жомарттық, кішіпейілдік, қарапайымдылық, кешірімшілік, сияқты қасиеттерді насихаттайтын дін. Ал, «халифатшыл» ДАИШ өз іс-әрекеттерімен әлемге исламофобиялық көзқарас қана қалыптастыруда. Өркениет біткеннің бәріне қарсы соғыс жариялап, басып алған елдердегі әлемдік маңызы бар тарихи ескерткіштерді қиратып, тіпті қасиетті Қағбаны жермен жексен ететіндіктерін мәлімдеді. Шариғат қағидаларын өрескел бұза отырып, өз діни ұстанымдары бойынша ортағасырлық варварлық тәртіпті орнатудың дұрыстығын алға тартады. Мұндай сұмдықтың орын алуына жол беріп, бүкіл әлемнің тыныштығын алып отырған қарулы топты діни ұйым немесе «Халифат» деп атауға әсте болмайды.

Астана қаласында өткен «Халықаралық терроризм: әлемдік қауымдастық алдындағы жаңа сын-қатерлер» атты сарапшылар талқылауында әлемдік содырлар арасында жиһадшы әйелдердің саны артып бара жатқандығы және оның 20 пайызы ДАИШ ұйымының қатарында жүргендігі жайлы мәлімдеме жасалған еді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, көпұлтты лаңкестер армиясының саны бүгінде жүз мыңнан артып жығылады. Олардың арасында «хақ» жолына түсуді аңсап, ұшқан оқпен жанған оттың ортасына бала-шағасымен «жиһад» жасау үшін Сирияға кеткен, діни сауаты төмен 400 қазақстандық та бар. Дін, Құдай, бейбіт мекен – өз елімізде. Әркімнің жүрегінде, танымында болатын, ата-бабадан асыл мұра болып, дәстүрімізбен жараса санамызда орныққан дінді Сириядан іздеген кез келген мұсылман содырлар құрған тұзақтың құрбаны болмақ.

Терроризм тақырыбын кеңінен зерттеп жүрген саясаттанушы Ерлан Қарин қоғамдағы радикалдану үрдісін қарапайым құндылықтардың құлдырауымен байланыстырады. Сирияға қару асынып, аттанып жатқандардың 10-15 пайызы ғана діни фанаттар болса, қалғаны кімдер деген заңды сұрақтар туындайды. Таразының бір жағында рухани құлдырау, жан дүниесін аласұртқан сұрақтарға діннен жауап таба алмайтын діни сауатсыздығы болса, екінші жағында – жұмыссыздық, әлеуметтік дағдарыс (әділетсіздік), жемқорлық сияқты дендеген дерттердің салдары да бар.

Ел тұтастығына тұтқа болатын жастардың тәлім–тәрбиесін ел болып назарда ұстау аса маңызды. Таза пейілмен имандылыққа бет бұра бастаған кейбір жастар, бүлікшіл топтардың арам пиғылына арбалып, соқыр фанатизмге, агрессияшыл, зорлық-зомбылыққа толы лаңкестіктің ықпалына ілесіп адасушылыққа бой алдыруда.

Діни соқыр сенімге алданудың соңы – ата-анаға деген қарым-қатынастың өшпенділікке ұласуына, білім алудан, еңбек етуден, медициналық көмектен бас тартуға, газет-журнал оқудан, телеарналар көруден жиіркенуге, ағайын-туыс, дос-жаранмен араласпауға апарып соқтырады.

Жастарды еліктірудің басты құралы ретінде Сириядағы жапа шегіп жатқан жазықсыз жандар туралы бейнероликтерді ғаламтор арқылы жариялап, олардың көмегіне зәру екендігіне сендіреді. «Дүниедегі әділетсіздікпен» шайқасып жүріп жараланған сарбаздарға жәрдем керектігін діннің атын жамылып алға тартады. Оларға жан-жақты көмек көрсету – Алла жолында «жиһад» жасаумен тең. Әлемде орнаған әділетсіздікпен күресіп, хақ дінді орнату жолында «шейт» болу әрбір жанның басты парызы, – деп ұрандайды. Экранның арғы бетінде отырған кәсіби білікті арбаушылар осылай албырт жастардың санасына «қиял-ғажайып ертегілерді» сіңіруде. Экстремистік бағыттағы бейнежазбаларға қанық болған жастар ойынан, ұстанымынан, өмір сүру салтынан жаңылып, экстремистік-терроршылық қалыпқа бейім бола бастайды. Соның салдарынан қаһармандық танытып, өзіне құдды жанашыр тапқандай «барса келмеске» бет алуда.

Ал ДАИШ-тың мақсаты – олардың адам, қоғам, ата-ана және перзент алдындағы қасиетті борышын тәрк еткізу. Әлемнің түпкір-түпкірінен жиналған, көзқарастары радикалданып, қоғамнан оқшауланған экстремистерді бір жерге шоғырландыру арқылы зымиян пиғылдарын жүзеге асыруды көздейді. Сонымен қатар, халифаттық басқару жүйесі орныққан Ислам мемлекетін құру, әрі сол арқылы дінді желеу етіп, сұрапыл соғысты ұтымды пайдаланып, қару-жарақ, мұнай көздерін және тағы басқа байлықтарды оңай олжалау. Өкініштісі, бұл ұйым біртіндеп адамды тығырыққа тірейтін астарлы жоспарларын жүзеге асырып, адамзатқа қауіп төндіруде.

2014 жылы 23 маусымда террористік ұйым көсемі тікелей Пайғамбардың ұрпағынан екендігін айтып, өзін «Халифаттың халифы» деп жариялаған. Ал, АҚШ Орталық барлау басқармасы және Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері, Эдвард Сноуденнің дереккөздері Әбу Бәкір ал-Бағдадидің Эллиот Шимон есімді Моссадтың арнайы даярлықтан өткен агенті екендігін дәлелдеді. Бұл туралы бірқатар отандық БАҚ беттерінде де жарияланды. Бұдан кейін ұйым басында тұрғандардың діни фанаттар емес екендігін бағамдау қиын емес, қарапайым еріктілерді қатарына тарту үшін діннің атын жамылу – таптырмайтын жарнама. «Бисмилләсіз басталған барлық іс келте» демекші, мұндай «көсемнің» соңынан ерген содырларды діннің сойылын соққандар деуге болмайтыны белгілі.

Экстремизмнің салдарымен күресіп қана қоймай, себептерін түп тамырымен жоюға атсалыссақ, келекшегіміз кемел, еліміз тыныш болатыны анық. Осы ретте елімізде діни экстремизмнің жолын кесу үшін дінаралық келісім мен төзімділікті сақтауда, рухани мәдениет пен дәстүрді дәріптеуде, халықтың санасына зайырлы мемлекет қағидаларын енгізуде, елдің діни және құқықтық сауатын арттыруда, радикалды діни ағымдардың көздегенін әшкерелеуде аз істер атқарылып жатпағаны белгілі.

Дінді теріс пиғылға пайдаланудың шынайы дінге тигізетін кесірі сыртқы күштерге қарсы тұрудан әлде қайда қауіпті, сондықтан рухани құлдыраудан, сананың радикалдануынан сақ болу қажет. Себебі, діни радикализм елдің тарихын, мәдениетін, дінін, тілін өмір-салтын жойып, діни, ұлттық алауыздық тудыратындықтан, елдің тұтастығына, тіпті ілгерлеп дамуына нұқсан келтіреді. Әлем хaлықтарының рухaни болмысын ластайтын мұндай нәубеттің ел келешегіне тигізетін ықпалын ойлаудың өзі қорқынышты.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2015 жылдың 10 маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V Съезінің ашылуында сөйлеген: «Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды», – деген сөзінен терең парасаттылық аңғарылады. Сон­­дықтан алауыздықтың кесірінен басынан бақ кеткен, соғыс өртіне оранып, тыныштығы қашқан өзге елдердің бүгінінен сабақ алып, елімізде орныққан тыныштық пен татулықты қадірлей білгеніміз абзал.

Наши рекомендации