Бандитизм қылмысының объективтік жағы

Қылмыс құрамының төрт тағанының бірі -оның объективтік жағы -қылмыстың сыртқы жағы бола тұрса да, ол тек субъективтік жағымен салыстырғанда ғана “сыртқы”, әйтпесе, ол “сонымен қоса, қорғалатын объектіге қылмыстық қол сұғу механизмі үшін ішкі сипаттама болып табылады”.

Қылмыстың объективтік жағын В.Н. Кудрявцевше үш негізгі сатыға бөлуге болады: 1) қоғамдық қауіпті әрекет (әрекетсіздік); 2) қоғамдық қауіпті әрекет (әрекетсіздік) пен зардаптың арасындағы себепті байланыс; 3) қоғамдық қауіпті салдар /18/.

Дегенмен, бұл сатылардың бәрі бірдей қылмыс құрамының объективтік жағының негізгі белгілерін құрамайды. Себебі, заң шығарушы әрекетті қылмыстандыру мен қылмыстың алдын алу процестерін астастырып, қылмыстың объективтік жағын қиып, қылмыс құрамы деп заң үшін тек бастапқы кезеңін ғана қалдырады, яки бастапқы сатыны жасаудың өзі-ақ ол қылмыстық әрекеттің заң үшін аяқталды деп есептелетіндігін аңғартады (алда-жалда зардап туса, ол жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай не жазаны жеке даралаудың факторы болуы мүмкін).

Қылмыстық зардаптың туу-тумауының заңда көрсетілу-көрсетілмеуіне қарап қылмыс құрамдары /19/ материалдық және формальдық деп бөлінеді. Материалдық қылмыс құрамы қылмыстық әрекеттің аяқталуын зардаптың тууымен ұштастырса, формальдылығын - тек әрекеттің жасалуымен байланыстырады.

Оның себебі “кейбір жағдайларда заң шығарушы қылмыстың аяқталу кезін алдын ала қылмыстық әрекет кезеңдерінің біріне-қылмысқа дайындық немесе оқталу кезіне аударады” да олар келте (қиылған) қылмыс құрамы деп аталады. Мұндай қылмыс құрамының теория мен заңда бар екендігінде дау жоқ. Мәселе оның материалдық және формальдық құрамдардан ірге ажыратар өзгешелігінің барлығында болып тұр. Бұдан өзге аталған қылмыс құрамдары ондай өзгешелікке ие; толық (материалдық) құрамда үш белгі (саты) тегіс қамтылса, формальдықта оның соңғылары жоқ, тек алғашқы сатысы (белгісі) ғана бар. Ал сонда қиылған қылмыс құрамы формальдық қылмыс құрамынан (немесе материалдықтан) несімен ажыратылады? Қылмыс құрамының объективтік жағы конструкциясына қарай қылмыс құрамының материалдық - формалдық болып бөлінуі оның (қылмыстың объективтік жағының) белгілеріне арқа сүйейді. Материалдық құрам қылмыстық әрекеттің В.Н. Кудрявцев атаған толық үш сатысын қамтиды. Қалған қылмыс құрамдарының барлығы материалдыққа қарағанда келте (қиылған) болып саналады да өзге қылмыс құрамдары қауіптілік деңгейіне қарай заң шығарушы көзіне қылмыс болып көріне алады. Дегенмен, қылмыстың формальдық құрамында тек жалғыз-ақ этап (белгі) бар. Олай болса, әрекеттің ендігі қиылуы (бөлініс арқа сүйейтін белгісіне қарап) жөнсіз, себебі қиылатын ештеңе де қалған жоқ - тек қалғаны - бір-ақ белгі. Ендігі қиылу (қысқару) қалған жалғыз-ақ белгінің өз ішінде болуы мүмкін. Сол себептен қиылған (келте) қылмыс құрамын формальдық қылмыс құрамының бір түрі деген орынды. Бұл жерде формалдық құрам келте және қауіптілік құрамдары болып бөлінуіне мегзейтін А.В. Наумовтың позициясы негізді /20/.

Заң шығарушы ҚК қылмыстың объективтік жағының үш сатысын әр уақытта да көрсете бермейтіндіктен қылмыстық құқық теориясы оның негізгі, тұрақты белгісі деп тек қоғамдық қауіпті әрекетті танитыны әлімсақтан бар үрдіс. Қалған екеуі қылмыстық заңда жиі ұшырасса да олар қосымша белгіні құрайды. Қылмыс құрамының объективтік жағының белгілері бұнымен түгесіліп қалмайды. Қылмыс кеңістік пен уақытқа із қалдыра алатын құбылыс болғандықтан да ешқандай қылмыс белгілі бір уақытсыз, орынсыз жағдайдан тыс, белгілі әдіссіз орын алмайды. Кейде айыпты өз “жұмысын” жеңілдету жолында белгілі бір құралдар мен қаруларды пайдалануы мүмкін. Сондықтан да, егер де қылмыстық заңда көрсетілсе, нақ сол қылмыс құрамының міндетті белгісіне айнала алатын олар да қылмыс құрамының объективтік жағының қосалқы белгілерін құрайды. Олар қылмысты саралау, әрекеттің қылмыстылығын анықтау үстінде кейде мәнді, кейде мәнсіз. Бірақ ол қылмыстық заң көрсеткен белгілерді ғана орнықтыру, анықтау керек деген сөз емес. Қылмыстық процесс, криминалистика үшін осы мән -жайлардың (қылмыстық заң үшін олар белгі болып табылады) барлығы да нақтылауға жатады, қылмыстық құқық оның ішінен тек өзіне керегін ғана алады. Қылмыс құрамының объективтік жағының қосалқы белгілерінің (қылмыстық зардап пен себепті байланысты қоспағанда) саны алтау: а) қылмыс жасау уақыты; ә) қылмыс жасау орны; б) қылмыстың жасалу жағдайы; в) қылмыс жасау тәсілі; г) қылмыс құралы мен қаруы.

Қылмыс жасау уақыты - ҚК нақты бабында белгілі бір уақиғалармен байланыстырылып аталып өткен сол кезде қылмыс жасалуы мүмкін уақыт аралығы (мәселен, соғыс уақыты, сайлау немесе референдум уақыты т.б. ).

Қылмыс жасау орны - нақ сол қылмыс құрамына сәйкес келетін әрекет жасалуға тиісті аумақ (мысалға, қорық аумағы, тұқым шашу аумағы т.б. ).

Қылмыстың жасалу жағдайы - қылмыс жасалған уақыттағы объективтік өмірдің нақты жәй-күйі, жағдайы.

Қылмыс жасау тәсілі - қылмыскердің қылмысты жасау үшін таңдап алған амалдары мен жолдары.

Қазіргі кезде теорияда қылмыстық әрекетті жеңілдету үшін алынған (немесе, абайсызда жасалған қылмыстардағы қолданылған), олардың көмегімен қылмыстық әрекет жүзеге асатын объективтік өмірдің материалдық заттары қылмыс құралы мен қаруы болып танылады.

Бұлар өзара біте қайнасып байланысып жатады.

ҚР ҚК 237-бабы бойынша азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында тұрақты қарулы топ (банда) құру, сол сияқты осындай топты (банданы) басқару немесе ол топқа қатысу не ол жасаған шабуылға қатысу бандитизмнің объективтік жағын көрсетеді.

Банданы құру деп - банданы жарақтау, оларды қарумен жабдықтау, банда құрамына мүшелер тарту, банда мүшелерінің рөлдерін белгілеу, олардың істейтін қылмыстарын жоспарлауды айтамыз.

Мұндай тұрақты топты құрудың өзі де бірнеше ерекше белгілермен сипатталуы тиіс. Олар:

- банданың құрамына екіден кем емес адамның кіруі;

- банданы құрушылардың арасында тұрақтылық болуы;

- банда мүшелерінің қарулануы;

- банданың ұйымдар мен азаматтарға шабуыл жасау мақсатында құрылуы.

Сонымен қоса, банда ұйымдасқан болуға тиісті. Ал тұрақтылық пен ұйымдасқандықтың белгілері мыналар болып табылады:

- банда құрамының үнемі тұрақты болуы, яғни банда құрамынан шығудың қиындығы, шыға қалғандар болса, олардың ізбасарларын алу. Мысалға, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында әрекет еткен бір банда құрамынан шығу үшін тек 10 000 АҚШ долларын төлеу не өмірімен қоштасу керек еді. Немесе тағы бір іс бойынша бандитизммен айыпталған Ф. мен М. өздері банда қатарында біраз қылмыс жасаған соң, кісі өлтіру немесе қарақшылық жасаудан бас тарта алмайтындығын, себебі өз өмірлері мен олардың жанұя мүшелерінің өмірлері үшін қорқатындығын көрсеткен.

- Белгілі бір құрылымның (баспалдақтың), басшыға бағынатын қатаң тәртіптің болуы. Мысалға, бір банданың басшысы өз қатарындағы мүшені қарақшылық әрекеттерге қатысудан бас тартқаны үшін өлтірген.

- Қылмысты жасау кезінде ролдерді бөліп алу.

- Қылмыстық әрекеттерін толықтай алғанда және әрбір қылмыс бойынша да жоспарлап отыру. Қол сұғушылықтың объектісі алдын ала таңдалады, қылмыстың қаруы, көлік құралдары дайындалады, уақыты, орны және неғұрлым қауіпсіз тәсілі тағайындалады.

- Қылмыстық нәтижеге жету үшін барлық банда мүшелерінің ұйымшыл ұмтылысы, олардың негізінен өз пайдасынан гөрі топтық міндеттерді орындаудың алғашқы орында тұратындығы.

- Әшкере болмаудың арнайы шараларын жасау (алиби дайындау, бет-әлпетті өзгерту құралдары, оқиға болған жердегі іздерді жою, жәбірленушілер мен куәгерлерге ықпал ету т.б. ).

- мақсаттардың, мүдделердің, мінез-құлық ережелерінің тұрақты бірлігі.

Банданың тағы бір міндетті белгісіне оның қарулануы жатады. Соңғысы банда мүшелерінде атыс қаруының, суық қарудың, ұшатын, газ не пневматикалық қарудың, сондай-ақ әр түрлі жарылғыш құрылғылардың болуын білдіреді.

А.Н. Красиковтың есептеуінше бандитизм - қашанда қару қолдану, ал қарақшылық қарусыз-ақ жасалуы мүмкін; қарақшылық- жалғыз-ақ тұлғамен жасалуы мүмкін болса, қарақшылық қашанда қарулы топпен жасалады; бандитизмнен қарақшылықтың тағы бір айырмашылығы - ол қарумен ғана емес, қару ретінде пайдаланылатын заттармен де жасалады.

ҚР Жоғарғы Сотының 2001ж. 21 маусымындағы «Бандитизм және өзге де қатысушылықпен жасалған қылмыстар үшін жауаптылық қарастыратын заңдарды соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік Қаулысына сәйкес «банда ұйымдасқан қылмыстық топтан қарулануымен ажыратылады». Осы қаулыға сәйкес бандитизмнің өзі қарулануды қамтитын болғандықтан бандитизмге қатысушы тұлғалардың қаруды заңсыз алуға байланысты әрекеттерді қосымша саралауды қажет етпейді.

Сонымен қоса, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде бандитизм құрамына өте ұқсас келетін Ресей ҚК қарастырылмаған тағы бір қылмыс құрамы бар. Ол - ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықты (қылмыстық ұйымды) құру және оны басқару, қылмыстық қоғамдастыққа қатысу (235-бап). Құрамның объективтік жағы қанша ұқсас келгенмен, бандитизмнің өз ерекшеліктері бар. Қылмыстық қоғамдастық көп жағдайларда заң тиым салған басқадай әрекеттер: есіркі заттарды өндіру, тасымалдау, тарату, жалған ақша жасау, жасырын түрде алкоголь ішімдіктерін, дәрі-дәрмек, улар, қару-жарақтар, жаппай зақымдау заттарын дайындау, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық сияқты іс-әрекеттерді істеумен байланысты болады. Ал банда болса, азаматтарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында құрылады. Қылмыстық қоғамдастықтың міндеті әруақытта шабуыл жасаумен байланысты емес. Банда мүшелері сияқты қылмыстық қоғамдастыққа кіретіндер де қарулануы мүмкін, бірақ қылмыстық қоғамдастықтағы қару шабуыл жасау үшін емес, олардың өзін, оған кіретін бөлімшелерді басқа қылмыстық топтан, ұйымнан, қауымдастықтан қорғау үшін ғана қажет болады. Егер қылмыстық қауымдастық бандитизм құрамындағы қылмыстық әрекеттерді істесе, онда іс әрекетте Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабында (235,237 - б.б.) көрсетілген қылмыстардың жиынтығы бар.

Осы жерден қылмыс құрамындағы элементтердің бір-бірімен тығыз байланыстылығы, яғни теориялық тұрғыдан ғана оқшаулауға болатындығы, анық көрініс табады. Өйткені, жоғарыда көрсетілген белгілері бар топ тек қана азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында құрылған жағдайда ғана банда бола алады. Шабуыл жасау дегеніміз - қылмыстық нәтижеге жету үшін топтың жәбірленушіге күш қолдануы немесе оны дереу нақты қолдану қаупін туғызуы. Бұл жерде олардың қару қолданғаны немесе қолданбағаны маңызды емес. Бұдан шабуылдың дене күшін немесе психикалық күш арқылы да жасала беретіндігін айтуға болады. Ал егер де ондай мақсат топ мүшелерінде болмаса, бандитизмнің де құрамы жоқ. Мысалға, Қостанай облыстық соты жүргізушісіз тұрған «ЗИЛ» автомашинасын және бос, адамсыз дүкенге өрт қойған және олардың ізіне түскен П.-ны АКСУ-74у автоматымен атып түсірген Р., В., Л. және Т. деген азаматтардың әрекеттерінде шабуыл жасау белгілері жоқ деп тапқан. Мынандай да мәселе туындауы мүмкін: қарулы топ ұрлық жасау үстінде оқыста пайда болған куәгерге немесе жұрттың шақыруымен келген полиция қызметкерлеріне қарулы қарсылық көрсеткенде бандитизм болады ма?- деген. Егер аталған топ осы қылмысты ғана жасап үлгіргенде онда бұл мәселені шешу маңызды болып табылады. Мұндай кездерде істің мән-жайларын толық зерттеу қажет болады: қылмысты жасау уақыты (күндізгі, түнгі), топ мүшелерінің ғимаратта күзет қызметкерлерінің болуын, оқиға орнына полиция қызметкерлерінің келіп қалу мүмкіндігін білуі, қаруды не мақсатпен алғандығы, қысқаша айтқанда шабуыл жасау мақсаты болды ма жоқ па? Мысалға, К. деген азамат басқаратын қылмыстық топ түнде дүкенге ұрлыққа түседі де полиция қызметкерлерімен қақтығысқа түседі. Мәскеу қалалық соты топтық бұл әрекетінде бандитизм белгілері жоқ деп тапты, өйткені «ұсталып қалудан қорыққан оларға қару қолдану ішкі істер қызметкерлерінің екпінін қайтару үшін немесе қорқытып жіберу үшін қажет болған». Ұрлық түн ішінде ешқандай да күзет болмағанда жасалған.

Бандитизм құрамы болуы үшін жасалатын шабуылдың саны маңызды емес. Банда тиянақты дайындалуды қажет ететін жалғыз ақ шабуыл үшін де құрылуы мүмкін. Бандитизм құрамы формальдық құрамның ішінде келте қылмыс құрамы болғандықтан қылмыс ойластырылған шабуылдарды жүзеге асырған-асырмағандығына қарамастан қылмыстық қарулы топты құрған сәтте-ақ аяқталады.

Бандаға қатысу болса, тек қана банда жасаған шабуылдарға тікелей қатысуды қана емес, сонымен қоса банданы қаржыландыруға, қарумен, көлікпен қамтамасыз етуге, шабуыл объектісін іздестіруге т.б. байланысты белсенді әрекеттерді де білдіреді. Кінәлілердің әрекеті тек қана ҚК 237-бабының 2-бөлігімен ғана 28-бапқа сілтеме жасамай-ақ саралануға тиісті, өйткені банда тек қана бірге орындаушылықты ғана емес, рольдерді бөліп алуды да білдіреді. Ол үшін кінәлінің банда мүшелерінің барлығын немесе бірнешеуін білу міндетті емес. Банданың бір ғана мүшесімен немесе оның басшысымен байланысса жеткілікті.

Егер тұлға бандаға жүйелі түрде көмек көрсетсе немесе банда мүшелерін шабуыл жасауға бірнеше рет азғыратын болса ол да банда мүшесі болып табылады.

Бандитизм қылмысы қарақшылық қылмысына өте ұқсас, сондықтан олардың арақатнынасын анықтап алған жөн.

Кейбір объективтік белгілеріне қарай қарақшылық бандитизммен ұқсас болып келеді. Бандитизм де қарақшылық сияқты бөтеннің мүлкін иелену мақсатында кейбір адамдарға шабуыл жасау түрінде болуы мүмкін.

Бандитизм топ болып жасалған қарақшылықпен өте ұқсас болғандықтан, сот практикасында көптеген қиындықтар тудырады. Сот практикасында бандитизмнің белгілері бар қылмысты қарақшылық ретінде санау жағдайлары кездеседі. Сондықтан бұл қылмыстарды жақсы ажырату керек, өйткені, бандитизм қарақшылықтан гөрі қауіпті қылмыс болып табылады, яғни ол қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған.

Қылмыстық-құқықтық әдебиеттерде бандитизм мен қарақшылықты зерттеуге біраз жұмыстар арналған. Бірақ, бұл қылмыстарды ажыратуда әртүрлі талқылау беріледі.

Қарулы шайкамен жасалған қарақшылықты, оған заң аса ауырлататын мән-жайларда неғұрлым қатаң жаза қолданғандықтан, кейбір заңгерлер оны бандитизммен бірге қылмыстардың жиынтығы ретінде саралау керек деген ұсыныс енгізді. Мұнда қарулы шайкамен жасалған қарақшылықты банда түсінігімен біріктіреді, ал негізі кез келген емес, тек тұрақты қарулы шайканы ғана банда ретінде қарастыруға болады.

Басқа зерттеушілер болса, бұл түсініктерді біріктірген жоқ. Олар бандитизмнің белгілеріндегі әрекеттерді екі бөлек қылмыс құрамы ретінде қарастырды – қарақшылық және бандитизм /21/.

Біздің ойымызша, егер бандиттік шабуыл жасау, мемлекеттің мүлкін, болмаса адамдардың мүлкін иемдену мақсатында жүзеге асырылса, онда ол толық бандитизмнің құрамын беріп тұр. Сондықтан, оны қарақшылық және бандитизм ретінде қылмыстардың жиынтығымен саралаудың еш қажеттілігі жоқ.

Қарақшылық пен бандитизмнің арасындағы ерекшелікті ең бастысы объектісі арқылы ажырату керек. Бандитизм қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған, ал қарақшылық меншікке қарсы бағытталған.

Бандитизм қарақшылықтан құрамындағы объективтік және субъективтік жақтарының бірқатар белгілерімен ажыратылады. Банда – бұл екі немесе одан да көп адамдардың бір немесе одан да көп шабуыл жасау үшін ұйымдасқан тұрақты, қарулы сыбайластық болып табылады. Сонымен қатар объективтік жағына банда құрып, сол сияқты банданы басқару да жатады.

Банданың келесі міндетті белгілері бар:

1) екі немесе одан да көп адамдардың болуы;

2) қаруланғандық (кем дегенде бір банданың қатысушысы);

3) қылмыстық сыбайластықтың тұрақтылығы;

4) мақсат – адамдарға және ұйымдарға шабуыл жасау.

Тек жоғарыда аталған белгілердің барлығы болғанда ғана әрекетті бандитизм ретінде саралауға болады.

Бандитизмдегі қаруланғандыққа банда мүшелерінің кем дегенде біреуінде қарудың болуы жатады. Бандиттік шабуыл жасағанда қару қолданылды ма, жоқ па, еш маңыз болмайды.

Практикада мынандай жағдайлар кездеседі: белгілі бір қарулы топ біраз уақыттың ішінде бірнеше қарулы шабуыл жасайды, бірақ олар банда болып табылмайды. Мысалы, егер қаруланған қылмысқа қатысушылар бір дегенде екі немесе үш адамға шабуыл жасауға келіссе, бірақ олардың әрекеті белгілі бір уақытша эпизоттық жағдайда болса, және оған қатысушылармен алдын ала ол әрекет жоспарланбаса, онда мұндай топты банда деп қарастыруға болмайды. Мұндай топ тұрақты деп танылмайды, яғни кез келген уақытта ыдырап кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай шабуыл сараланған қарақшылықты береді.

Бандитизмде көбінесе қатысушылар, аса қауіпті рецидивистер арасынан алынады, сондықтан ол қауіпті болып табылады.

Бандитизм, егер төмендегі әрекеттердің біреуі болса, аяқталған деп танылады:

1) қарулы банда құру (қылмыс банданы құрған сәттен бастап аяқталды деп танылады);

2) қарулы бандаға қатысу (қылмыс бандаға кірген сәттен бастап аяқталады, яғни қылмыс жасауға келісім берген сәттен);

3) мемлекеттік немесе қоғамдық ұйымдарға немесе азаматтарға бандамен шабуыл жасауға қатысу (қылмыс шабуылды бастаған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі).

Ал қарақшылық болса, тек шабуыл жасаған сәттен бастап аяқталған деп танылады. Қарақшылыққа дайындалуға байланысты белгілі бір әрекеттерді жүзеге асырса, онда сот қарақшылыққа дайындау ретінде саралауы мүмкін.

Қарақшылық бандитизмнен субъективтік жағынан да ажыратылады. Бандитизм қарақшылық сияқты тек қана тікелей қасақаналықпен жүзеге асырылады, бірақ бандитизмдегі қасақаналық қарақшылықтағыдан өзгеше. Бандитизмде кінәлі өзінің қоғамдық тәртіпке қарсы ерекше қауіпті қылмыс жасауға ұйымдасқан, қарулы, құқыққа қайшы қауымдастықтың (банданың) мүшесі екенін біледі. Ал қарақшылықта, қылмыскер өзінің шабуылдың қатысушысы екенін (топ болып жасаған қарақшылықта) оның қылмыстық қауымдастық емес екенін біледі. Сонымен қатар қаруланған банда да ммелекеттік, қоғамдық мекемелердің немесе ұйымдардың мүлкін иемдену мақсатымен қатар басқа да мақсаттар болуы мүмкін. Ал қарақшылықта әрқашанда мүлікті иелену мақсаты болады.

Сонымен қарақшылықпен бандитизмнің негізгі айырмашылығы мынада:

1) қарақшылық меншікке қарсы бағытталған қылмыстарға, ал бандитизм қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы бағытталған қылмыстарға жатады;

2) бандитизм, оны құрған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі, ал қарақшылық – адамға шабуыл жасаған сәттен бастап аяқталған деп танылады;

3) бандитизмде міндетті түрде тұрақты, қаруланған қылмыстық сыбайластық (банда) болуы керек, ал қарақшылықта ол қаруланған топпен немесе бір адаммен жүзеге асырылуы мүмкін;

4) қарақшылық әрқашанда бөтеннің мүлкін иелену мақсатында жасалады, ал бандитизмде пайдакүнемдік мақсаттан басқа, түрлі мақсаттар болуы мүмкін (мысалы, мүлікті жою, зорлау, өлтіру және т.б.).

Наши рекомендации