Дәріс №14. Ілияс Жансүгіров шығармашылығының зерттелуі

(1 кезең)

Жоспары:

Ұлы ақын, жазушы, драматург, аудармашы, фольклорист, публицист, Жетісу тарихын зерттеуші, ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіров шығармашылығының зерттелуінің алғашқы кезеңі 1928-1938 жылдар аралығын қамтиды. Екінші кезеңі 1957 жылдан бері жазылып жатқан зерттеулер мен монографиялар, мақалалар және қазақ әдебиетінің ғылыми-теориялық мәселелерінде кездесетін Ілиястың шығармашылығына қатысты ой - пікірлер, талдаулар.

1928-1938 жылдар аралығында Ілияс шығармашылығы жайында 70-тен аса сын мақалалардың жазылып, «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Социалды Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында және кейбір облыстық газеттерде жарияланғаны.

Ақынның 1920-28 жылдары газет-журналдарда басылған өлеңдерінің таңдамалары және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері мен аудармалары енген «Сағанақ» жинағына (Қызылорда, 1928ж.) жазған Сәбит Мұқановтың алғы сөзі - Ілияс шығармалары жайындағы алғашқы сын екендігі.

«Майдан» «Ауылдың алды», «Көктемде», «Әнші» «Қосаяқ», «Толғау» атты «Ызалы қиял», «Ақынға», «Көк өгіз», «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір» сияқты өлеңдерінің ұлтшылдықтың, идеялшылдық, халықшылдықтың әсері бар, идеялық жағынан жат шығармалар деп көп сынға ұшырауы.

Ғ.Тоғжановтың «Жолдастық хат», М. Қайыпназарұлы мен Қалымбекұлының «Ілияс жолбике емес», С.Мұқановтың «Жансүгіровпен жігіміз», Ә. Тәжiбаевтың «Iлияс туралы бiр-екi сөз» және т. б. мақалаларда Ілияс поэзиясының біржақты солақай сынға ұшырауы.

Ілияс шығармашылығының 1930-жылдың бас кезіндегі зерттелуі мәселесіне М. Әуезов, F. Мүсірепов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, М.Қаратаев, 3. Кедрина, I. Қабылов, С. Сейфуллин, Ө. Тұрманжановтардың ат салысуы.

1923-жылдары жазылған «Мен не көрем?», «Жарапазан», «Мерген Бекен» сияқты әңгімелерінің сынға ұшырауы. «Жазушы әңгімелерінде қиялшылдыққа, сарыуайымға жығылады, үмітсіздікке түседі» деген айыптар тағылуы.

Ілияс Жансүгіровтің әдебиеттегі бағыты мен ұстанған позициясы туралы объективті көзқарас, оң пікірлердің (Ғабит Мүсірепов, С.Мұқанов, Е.Бекенов) төбе көрсете бастауы.

І.Жансүгіровтің драмалық туындылары жайлы жазылған алғашқы сындар легі: ( Ғ. Мүсірепов «ҚазААП жаңа дәуірде» (1932ж.),О. Бекұлы «Қазақ театрының қысқы ойынға даярлығы» («Социалды Қазақстан» газеті, 23 сентябрь 1933ж.), М.Әуезов «Жақсы пьеса-сапалы әдебиет белгісі» («Социалистік Қазақстан» газеті, 28 апрель1934ж.), «Драматургияның бүгінгі жайы мен алдағы міндеттері» («Қазақ әдебиеті» газеті, 7 июль 1934ж.).

Қазақ поэзиясын түр, мазмұн жағынан дамытудағы Ілияс еңбегінің Қазақстан жазушыларының 1934 жылғы І-съезінде ерекше аталып өтуі

(Қ. Жұмалиев баяндамасы).

Ілияс шығармашылығын зерттеу мәселесіне әдеби сынның шындап көңіл аударуы 1936 жылдан басталатындығы. «Күйші» және «Дала» поэмалары бойынша сынды «Қазақ әдебиеті» газетінде (1936 жыл, 10 қаңтар) ұйымдастырылған айтыстың бастауы. С.Мұқанов, Е.Исмаилов, М.Қаратаев Қадыр Қуанышұлы, Қ. Әбдіқадыров, Ө. Тұрманжанов, Ә. Қоңыратбаев, Құлмырза Өтепов жазған мақалалардағы әдеби-эстетикалық көзқарастар.

1936-1937 жылдары жазылған К. Зелинский, А. Селиванский,

А Қ. Алтайский, П. Магер т. б. мақалалары - Ілияс туындыларының орыс тіліндегі сынның обьектісіне іліккендігінің айғағы екендігі.

Қаламгерлер арасындағы айтыс-тартыстардың басқа бағытқа бұрылуы, нағыз қолдан жасалған идеологиялық шайқастың өрекпіп, тілдеу, ғайбаттау, жала жабу сипатын ұстанған мақалалардың басылым бетінде үсті-үстіне жариялануы. «Халық дұшпандарын түгел әшкерелеп, көзiн мүлде құртайық» деген бас мақала ( «Социалды Қазақстан» газетi, 9 қаңтар 1937ж.), «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл фашистердің зиянкестігін түп тамырымен құртайық» («Әдебиет майданы» журналы, №3, 1937ж.), Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейiк» («Қазақ әдебиетi» газеті, 18 қаңтар), «Жазушылардағы есуастық дерт» («Лениншiл жас» газеті, 11 сәуiр), «Әдебиеттегi алашорда агентi» («Лениншiл жас» газеті, 21 қаңтар), Дәукенов Кәріжанның «Барып тұрған зиянды контрабанды» («Қазақ әдебиеті» газеті, 30 шілде 1937ж.) М.Қаратаевтың «Қазақ әдебиетіндегі авербақовшылдықтың қалдығын толық жою керек» («Социалды Қазақстан», 29 тамыз 1937ж.), «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын бiржола құртайық» (Редакциялық мақала, «Қазақ әдебиетi» газетi, 8 қазан 1937ж.), «Халық жауларының жетегiндегi жазушы» («Қазақ әдебиетi» газетi, 15 қазан 1937ж.), сынды даттау мақалалардың тарихымызда ақтаңдақ бет болып қалған күндердің жақындауына тигізген әсері.

Классик қаламгерге әр түрлі айыптар мен жалалар жабылып, «халық жауы» атанып, 1937 жылы тамыздың 13-де Алматы қаласындағы пәтерінде тұтқындалып, 1938 жылы 26 ақпанда атылуы. Қазақ зиялыларының басым бөлігімен бірге Ілияс Жансүгіровтің де әділетсіздіктің құрбандығына шалынуы.

Ақынның 1920-28 жылдары газет-журналдарда басылған өлеңдерінің таңдамалары және бұрын еш жерде жарияланбаған бірсыпыра өлеңдері мен аудармалары енген «Сағанақ» жинағына (Қызылорда, 1928ж.) жазған Сәбит Мұқановтың алғы сөзі - Ілияс шығармашылығы жайындағы алғашқы сын.

Наши рекомендации