Эстетиканың тарихи даму негіздері. Эстетикалық мәселелер ол атау өмірге келмей тұрып-ақ пайда болғаны баршаға аян

Эстетикалық мәселелер ол атау өмірге келмей тұрып-ақ пайда болғаны баршаға аян. Адамзат тарихында эстетикалық таным тегінің тарихы өте көне дәуірлерден тамыр тартатынын бүгінгі ғылым дәлелдеп отыр. Бірақ олар оны эстетика деп атын атап, түсін түстей қоймаған болатын. Оның ғылым ретінде орнығуын ғалым А. Құлсариева өзінің «Эстетика» деген оқу құралында былайша түсіндіреді: «Эстетика ұғымын ғылыми қолданысқа ХҮІІІ ғасырдың орта шенінде неміс философы Александр Баумгартен енгізді. Ол эстетиканы грек тіліндегі «айстетикос» сөзінен құрастырып шықты. Этимологиялық тұрғыдан алған «айстетикос» – сезім, сезіммен қабылданатын деген мағынаға ие. Этимологиялық түбірі әлі күнге дейін «анестезия» сөзінде кездеседі», – дейді. А. Баумгартен (1714-1762) адам ақыл-ойы арқылы жүйелі нақты түсіндіруге көне бермейтін құбылыстың бар екенін мойындап, оған танымның ерекше саласы ретінде эстетикалық деген атау берген. Эстетика ғылымы – адамның ақиқат шындықты көркем игеру заңдылықтарын, оны көркем қабылдау заңдылықтарын зерттейді.

«Эстетика» деген сөзді біз күнделікті өмірде жиі пайдаланып жатамыз. Адамдар тіршілігінің барлық саласында дерлік қолданып жүргендіктен бәрімізге де түсінікті, жалпыға ортақ ұғым сияқты әсер қалдырады. Киім эстетикасы, кино эстетикасы, спектакль эстетикасы, үй жабдықтары (шкаф, сандық, орындық, стол т.б.) эстетикасы деп айта береміз. Әрине мұның бәрі қате екен деп айтуға болмайды. Бірақ эстетика негізінен өнер туралы философиялық ғылым.

Ғылым саласынан тыс «эстетика» сөзінің кең көлемде қолданылуы оның тарихи даму жолының ұзақтығынан, әр алуан ғылым салаларымен тығыз байланыста болуынан, мазмұнның тереңдігінен болса керек.

Тұрмыстық және кәсіби деңгейде әр алуан түрде қолданылуына қарамастан (эстетика деп аталатын бұл ұғым) өнер мен өмірдегі, табиғат феномендерінің сезімдік бейнелеу қасиеттерін жинақтаушы бір ғана принципке бағынады. Оны өз кезінде А. Баумгартен де атап көрсеткен.

Бірақ эстетика тарихы әлемдік ғылым ретінде өз бастауын тереңнен, ежелгі мифологиялық мәтіндерден алады.

Табиғат пен адам қолынан туған заттар мен құбылыстарға адам сезімін білдіру принциптері туралы сөз болғанда олардың адамды әр алуан көңіл-күйге түсіреді, жақсы мен жаманды айыра бастауы кейін эстетикалық талдау дәстүрінің негізі ретінде қаланды.

Расын айтқанда эстетика ғылымының өзі әсемдік категориясының негізінде пайда болды деуге болады. Қалған категориялардың барлығы да сол әсемдіктен туындайтын мәселелерге қызмет ететін, бойларына этикалық және діни мазмұнды қоса сіңірген аралас (дүбәра) категориялар болып саналады. Мысалы, трагикалық немесе сентиментальдық категорияларда эмоциональды реңк басым, сондықтан да оны таза эстетикалық деуден гөрі, эстетикалық-психологиялық деген дұрысырақ сияқты.

Эстетикалық ілімнің о баста философиямен тікелей байланыста дамығанын білеміз. Кейін өз дамуы барысында әр алуан ғылымдармен кейде жақындасып, кейде мүлде басқа салаларға бағыт түзеп, ауытқуымен болғанын аңғаруға болады. Мысалы, антикалық эстетикалық ой философиямен бір арнада дамыса, орта ғасырларда теологияға жақын болды, ал қайта өрлеу дәуірі тұсында ұлы суретшілер мен композиторлардың нақты әсерімен көркем тәжірибеге көбірек мән беріліп, эстетика өз дамуында негізінен соны басшылыққа алды. Ал XVII-XVIII ғасырларда көркем сын мен публицистика эстетиканың одан әрі дамуына негіз болды.

Бұған қарағанда эстетиканың ғылым ретіндегі өз орнын нақты танып, көрсету мүмкін емес, оны қандай да бір пәнге жатқызудың өзі қиын, өйткені зерттеушілердің субъективті көзқарастарына орай оның зерттеу пәні де өзгермелі болып келеді. Олай болса, бір жағынан, жалпы философиялық талдау компоненттерінің бірі ретінде, екінші жағынан, өнертануды оқып-үйрету, зерттеу сипатына қарап, оның нақты өз орнын, айқын шекарасын белгілей қоймағанын аңғарамыз.

Расында да эстетика ғылым ретінде пәнаралық сипатқа ие. Эстетиканы меңгерудің қиындығының өзі оның бойында «от пен судың» қатар жүруінен болса керек.

Бұл ғылымдағы ең маңыздысы елестету теориясы «біздің сезгендеріміз, біздің санамыз сыртқы әлемнің (дүниенің) образы ғана, мұнан келіп шығатын қорытынды елес елестетілетін құбылыссыз өмір сүре алмайды, ал керісінше елестетілетін құбылыс оны елестететінсіз де өмір сүре береді».

Мысалы неміс философы Гегель эстетиканың предметі адамның көркемдік саладағы әрекеті, яғни адам қолынан туған өнер, өнердегі әсемдік деп түсіндірді. Егер оның айтқанымен келісер болсақ эстетика ғылымы танымын тарылтып алған болар едік. Онда табиғат тудырған әсем құбылыстарға адамның сүйсіне қарап, ләззат алуын жоққа шығаруға тура келеді. Көрнекті алаш әдебиеттанушысы А. Байтұрсынов та өзінің «Әдебиеттанытқыш» деген еңбегінде өнерге ғылыми талдау жасай келіп, «табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады, адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің бәрі өнер дүниесі болады; өйткені жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адам ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен», – деген тұжырым жасаған. Әрине бұл пікірдің айтылғанына да бір ғасырға жуық уақыт өтті. А.Байтұрсыновтың өз кезінде өнер туралы Гегель пайымдауларымен үндес пікір айтып отырғандығы да сондықтан. Ол Гегельді оқыды ма, оқымады ма бізге беймәлім, бірақ оның эстетикалық ой-тұжырымдарымен орыс ғалымдары арқылы таныс болғанына шүбә келтіре алмаймыз.

Эстетика философияның бір тармағы. Сондықтан да өз тарихын адамзат баласы саналы өмір сүре бастаған тұстан алады. Ежелгі шығыс халықтарынан шыққан философтар сол ерте дәуірлердің өзінде сөз өнерінің, музыканың адамға, жалпы қоғамға әсері туралы әр алуан пікірлерін жазып қалдырған. Мысыр, Вавилон, Үнді, Қытай, Шумер жазбаларының кейбір бізге жеткен үзінділерінен біз мұны анық аңғарамыз. Бірақ олардың ішіндегі бізге ең нақты мағлұмат беретіні ежелгі Грекия. Ежелгі Грекияны К. Маркс «адамзат қоғамының балалық кезеңі» деп атаған. Грекия еуропалық әлемнің, еуропалық ғылым мен өркениеттің бастауында тұрған ел. Біз сол грек ғалымдарының ой-пікірлерінен барынша тұжырымды, нақты эстетика іліміне қатысты идеялық жаңалықтарды кездестіре аламыз.

Грекияда да эстетика басқа ғылымдар секілді философиялық ілімнің бір саласы ретінде ғана дамып, өркендеді. Сондықтан да Грекияда алғашқы эстетиканы зерттеген ғалымдардың философтар болғанына таңғалудың керегі жоқ. Бұл дәстүр ғылымда күні кешеге дейін жалғасып келді. Мысалы, эстетиканы барынша терең зерттеген ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген неміс ғалымдары Ф. Гегель мен И. Канттар да кемеңгер философтар болатын. Бұған қарап эстетиканы алға жылжытқан тек қана философтар екен, басқалар оған араласпаған екен деген ой тумауы керек. Мысалы, аттары әлемге әйгілі, атақты ақын-жазушылар, суретшілер, мүсіншілер, музыканттар да өз кезінде эстетиканың алға дамуына өз үлестерін қосты.

Эстетикалық ғылымның тарихы қатып қалған бірдеңе емес, ол да басқа ғылымдардың тарихы секілді өзінің бастау, даму кезеңдері бар тірі тарих. Адамзат тарихында арттарына аңыз боларлық ой қалдырған ұлы адамдар эстетика ғылымын алға сүйреді, дамытты. Олардың ерте кездерде айтқан ой-пікірлерінің кейбірі күні бүгінге шейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл ол адамдардың ақыл-ойларының тереңдігін, олардың тудырған шығармаларының құндылығын танытады. Оған мысалды өткен дәуірлерде өмір сүрген данышпандар өмірінен алып, бүгінгі күнгі ой-тұжырымдармен қатар қойып салыстырулар жасау арқылы да көз жеткізуге болады. Мұндай салыстырулар ежелгі дәуір адамдарының ой-пікірлерінің әр алуандығын, олардың ішінде кейбіреулерінің бүгінгі күнге шейін өз маңызын жоймай, ғасырлар бойы әр түрлі ғалымдар мен ойшылдар тарапынан жоғары бағаланып келе жатқанын айғақтай түседі.

Билет

1. «Көркем суреттің (кескін өнерінің) предметі – дене, ал поэзияның предметі – қозғалыс, әрекет» (Лессинг) екенін қалай түсіндіре аласыз?.Көркем суреттің (кескін өнерінің) предметі – дене, ал поэзияның предметі – қозғалыс, әрекет дейді. Лессинг: «...мына нәрселер тұрақты болып қалады: уақыттың жүйелі өтуі – ақынға тән, ал кеңістік – суретшіге тән. Суреттеліп отырған заттың не кез келген детальдың тірі және толық образын оқырманға бары- жоғы бір сәт көрсету үшін бірінен кейін бірін тізбектеп суреттей беру ақын үшін қылқалам шеберінің (мүсінші-суретшінің) шекарасына баса-көктеп кіру, өз қиялын босқа жұмсау болып шығады», – дейді. [12, С. 210]

Лессингтің ойынша, ақын-жазушылардың ондай дене сұлулығын суреттеуден аулақ болғаны жөн. Ақын-жазушылардың негізінен сұлулықты қозғалыс үстінде бейнелеуге көбірек назар аударғаны дұрыс деген ой айтады. Оған Лессинг Еленаның бойындағы сұлулықты суреттеуге байланысты сомдалған мүсіндер мен қылқаламмен және бояумен салынған суреттерді мысалға келтіреді, ал поэзияның құралы сөз екенін түсінген ақындар алдарына ондай мақсат қоймайды, сұлу әйелдің сыртқы сұлулығын суреттеуге сөзін де шығындамайтынын айтады. Илиаданы жазғанда Гомер де осы принципті ұстанған. Оның поэмасының сюжетінен Еленаның көркін тәптіштеп суреттеген портретті кездестіре алмаймыз. Бірақ ол әйел сұлулығын басқаша тәсілмен жеткізеді. Ақын Елена сұлудың көркем бейнесін оқырманға қозғалыс үстінде, данагөй Троя ақсақалдарының өздерін таң қалдырған ерекше сезім сырымен астастыра суреттейді. Екі ел арасындағы соғыстың тұтануына себеп болған әйелдің мәселесін талқылау үшін жиналған ақсақалдар алқалы кеңеске келген Еленаны көріп, оның көркіне, сұлулығына таң қалып, бір-біріне былайша тіл қатады:

«Жоқ ахейліктер мен Троя ұландары, бұл үшін сендерді айыптауға болмас,

Мұндай әйел үшін қан майданға шығып, неге де болса төзуге болады

Мұның сұлулығы мәңгі құдай-әйелге ғана тән екендігі ақиқат!»[13, С. 64]

Бұл сөздердің әсері осы тақырыпқа талантты суретші салған портреттен артық болмаса кем емес. Бірақ көз алдымызға елестеген құбылыстың суретші жеткізген ақиқаттан басқаша сипатта екендігін аңғаруға болады. Сөзбен сомдалған портреттен нақты ештеңе де аңғара алмаймыз. Адамға тән бір де бір дене мүшесі суреттелмейді. Бірақ Гомер өлеңіндегі әйел сұлулығының соншалықты әсерлі шығуының сыры ақынның сөз өнерінің заңдылығын дұрыс түсінгеніне байланысты болып отыр. Лессингтің бейнелеу өнері мен поэзия туралы пайымдауларын қысқаша тұжырымдағанда сөз өнерінің негізгі материалы сөз болғанымен, оны басқа өнерден ерекшелеп тұратын нәрсе ол – қимыл-әрекет. Оның пікірлері теориялық тұрғыдан да, практикалық жағынан да өз маңызын әлі күнге шейін жоймай келеді. Бұл ғалым пікірінің өміршеңдігін танытса керек.

Наши рекомендации