Жиырмасыншы жылдардаҒы проза 1 страница

ДЕБИЕТТЕГІ ЖАҢА ДӘУІР

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиеті жаңа басталған күрделі кезеңнің көркем сөзбен жасалған жайын ұқтыратын шежіре сыпаттас. Бұл дәуір әдебиеті ұзақ жылдар бойы зерттеліп келсе де, негізінде саяси-идеологиялық талаптарға байланысты бірыңғай, сыңаржақ баяндалды. Әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды қаламгерлер шығармалары бұл кезең әдебиеті мен тарихынан тыс қалып келді.

Аталған қаламгерлердің қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы халықтық тарихымызда алар орны ерекше екені белгілі. Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов Қазақстанның саяси тарихында өшпес із қалдырған қайраткерлер. Олар қазақтың жеке ел, мемлекет болуын көкседі, тұңғыш саяси партиясы «Алашты» құруға ат-салысты. Ал М.Жұмабаев пен Ж.Аймауытов болса қазақ ғылымының алғашқы кірпіштерін қалады. Мағжан «Педагогика», Жүсіпбек «Психология» деген еңбектерін жазды. Ал Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқышты» жазғаны мәлім. Халқымыздың осындай ірі тұлғаларының әдебиетіміздің қалыптасуы дәуірінде атқарған қызметтері мен әдебиетті дамытуға қосқан үлесі ғылыми еңбектерде мүлде айтылмай келді.

Қазақ әдебиетіндегі жаңа дәуір 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін пайда болған жаңа әлеуметтік-саяси жағдай кезінде басталды. Ақпан революциясы казақ әдебиетінде тың сарын, жаңа тақырып әкелді. Ол - бостандық, теңдік тақырыбы еді.

1917 жылғы ақпан революциясын ақындарымыз шын мәніндегі азаттық таңының атуы деп қарсы алды. Бұған бірнеше дәлел келтіре кеткен жөн. 1905-1906 жылғы бірінші орыс революциясы кезінен ұлт-азаттық күрес жолына түскен Міржақьш Дулатов ешбір күмәнсіз былай деп жазды:

Бүгін халықтың қуанышты кең күні.

Күн менен түн - таразының тең күні.

Құт-береке болмаса екен кем күні,-

Деп тілейік, қолың жай, ау-алашым.

Ақындар патшаның тақтан құлауымен бірге отаршылдық саясат та қоса күйреп, қазақ елі бостандық алады, жеке ел болады деп түсінді.

Ендігі іс өзіңде,

Ел енді, алашым.

Тілесең қай жаққа

Еркіңмен барасың1, -

деп жазды Біләл Сүлейұлы. Заманның өзгеретініне, бостандык, таңы ататынына олардың сенімі мол болды. Жалпы алғанда 1917 жылғы қазақ әдебиетінін, үлгілерінде ақжарқын сарын мол еді. Көзі тас қараңғы адамның кенет ажары ашылып кеткенде қандай күйде болса, ақындар да аяқ астынан көктен түскен еркіндікті жоғары пафоспен жырлай бастады.

Бұл дәуірді күн бар екен көретін,

Жасты иіп, тілекті алла беретін.

Жаны ашып, жол бастаған жастарға

Ел билеген азаматтар еретін, -

деп, Бейімбет Майлин патша тақтан құлаған күнді халықтьщ ғасырлар бойы аңсаған сәті деп түсінді. Болашақ күндерден зор үміт күтіп, заманның жақсаратынына кәміл сенді. Халқының тағдыры талай-талай ауыр сындарға ұшырайтын күндердің туып келе жатқанын олар сезе алмады.

Бұл кезде жазылған өлеңдерге қарап отырып, қазақ даласының түкпір-түкпірінде белең алған көңіл-күй, көзқарастарды әбден аңғаруға болады. 18 бен 31 жастың арасындағы азаматтарды әскердегі қара жұмысқа алмақ болған патша үкіметінің жарлығы, ел ішіне әскер шығарып қоқан-лоқы керсетуі, бейбіт елді шауып, бүліншілік салуы, одан ұлт-азаттық көтерілісінің тууы - осының бәрінен соң патшаның тақтан түсу, сөйтіп елдің еркін дем алып, есін жия бастағаны бұл тұстағы поэзияға үлкен әсер етті. Ұзақ, әрі ауыр қыстан соң жылт еткен күн шуағына шаруа адамы қалай қуанатын болса, заманның аяқ астынан беті бері бұрылып, жыли бастағанына бүкіл ел де солай қуанады.

Бұның үстіне ел азаматтары да қамданып, жер-жерде уақытша үкіметтің пәрменіне орай қазақ комитеттерін құра бастады. Бұрынғы патша әкімшілігінің орнына қазақтардың өзін-өзі басқару жүйесі жобаланды. Ақыры «Алаш» партиясының ұйымдасуына барып тірелді. Осының бәрі аз уақыт ішінде халықтың көңіл-күйінде едәуір толқулар туғызды.

Патшаның цензурасы күшіне мініп, азат ойды айтқызбай тұрған кездің өзінде газет ашып, ел ішінде азаттық жайында алғаш ұғым ұрығын себе бастаған қазақ оқығандары мұндай қолайлы саяси жағдайды пайдаланбай отыра алмады. Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамбетов, Міржақып Дулатов, ақпан революциясынан кейін елге оралған Әлихан Бекейхановтар ұлттық мемлекет жайын ойлай бастады. Олар ел билігін қолға алар күн туа қалса, халықтың басын біріктіре алатын саяси партияның керектігін жақсы сезінді.

«Алаш» партиясының дүниеге келуін ақындар үлкен қуанышпен қарсы алды.

«Алаш» туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз,

Енді Алашты ешкімнің

Қорлығына бермейміз.

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз.

Жасайды Алаш, өлмейміз.

Жасасын «Алаш», жасасын! -

деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыров тек жеке басының пікірін ғана емес, сол кездегі қазақ қоғамының көңіл-күйін білдірді. Отар халықтарды құрсаудай қысқан орыс империясының сәл әлсіреген тұсында өзінің бір кезде жоғалтып алған тәуелсіздігіне қайта қол созған халықтың жайы еді бүл. Мағжан Жұмабаев бүл кезде қоғам жұмысына белсене араласумен бірге, «Мен жастарға сенемін», «Жауынгер жыры» сияқты бірнеше өлең жазды. Ол қазақ халқының мемлекеттігін қалпына келтіру жолындағы абыройлы іске ұмтылған қазақ азаматтарының ой-арманын сездірді.

Ал Сұлтанмахмұттың «Сарыарқаның жаңбыры» деген өлеңінде лирикалық қаһарман елге шеті көрінген бостандықты күнбатыстан келген жаңбыр; бұлтына теңейді. Отаршылдықтың кісені де, бостандықтың кілті де бізге күнбатыстан келмек. Сол күнбатыстан келген қалың бұлт азаттық аңсаған даланың шөлін басса екен, мейірін қандырса екен деп армандайды.

Акпан революциясын шын жүректен қабылдаған қазақ жазушылары қазан төңкерісі кезінде жаңа дағдарысқа ұшырады. Қолымыз теңдікке жетті, елдің алдында жарқын болашақтың есігі ашылды деп өзінің үміт-арманын жырға қосқан қаламгерлер енді мына жаңа өзгерісті қалай қабылдарын білмей дағдарды. Өйткені олар барлық халықтарға теңдік береміз деген Уақытша үкіметтің уәдесін күтіп жүрген. Ал сол Уақытша үкіметті құлатқан жаңа үкімет не айтады - ол жағы неғайбыл еді.

Ұзамай-ақ басталған азамат соғысы, жан-жақтан қысқан әрқилы майдан елдің тоз-тозын шығарып, өлімші халге жеткізді.

Уақытша үкімет тұсында жеке ел, автономиялы мемлекет болуға ұмтылыс жасаған қазақ оқығандары азамат соғысы жылдарында біресе қызыл, біресе ақ орыстардың астында қалған елдің басын біріктіре алмады, оның үстіне жаңа үкімет те оларға оң қабағын бере қойған жоқ.

1917-1920 жылдар аралығында қазақ елі үлкен дағдарысқа ұшырады. Қазақ жері ұрыс даласына айналды. Ескі патшалық Ресей мен жаңа большевиктік Ресей арасындағы қанды қырғынның бірен-сыпырасы қазақ даласы арқылы өтті. Міне, осындай ауыр жағдайға душар болған елдің әдебиеті де дағдарысқа ұшырады. Жазушылардың біразы осы екі қыспақтың арасынан елін аман алып қалмақ ниетпен күрес майданында болса, кейбіреулері ақтың түрмесінде отырды, үшіншілерін аласапыран заман алыстағы ауылдарына кетуге мәжбүр етті. Ақын-жазушылар әрқайсысы әр жерде өзінің жеке басындағы көңіл-күйді суреттеуден аса алмады.

Ел басына күн туған осындай ауыр күндерде қаламы мұқалмаған бірнеше ақын ғана бар. Олар - С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин еді. Сүлтанмахмұт осы жылдарда өнімді еңбек етті. Ол бірнеше лирикалық өлеңдермен бірге «Кедей», «Адасқан өмір» деген поэмалар жазды. Алайда, созылмалы ауыр науқастың әсерінен кемеліне келген шағында қайтыс болды.

М.Жұмабаев бұл кезде Омбы қаласында Қазан төңкерісінен соң аз күн «Үш жүз» партиясының түрмесіне де отырып шықты. Одан соң мұғалімдер курсында сабақ берді. Колчак директориясы кезінде мұғалімдер курсы орналасқан үй жанып кетті де, ол жұмыссыз қалды. Осы жылдар заманның аумалы-төкпелі болғанына қарамастан Мағжанның шығармашылық өміріндегі жемісті кезеңдердің бірі болды. Оның қаламынан оңдаған өлең-жырлар туды. Оларды жазылу мәнері де, көтерген тақырыбы да әрқилы болды. «Сағындым», «Анама», «Сүйемін» және т.б. өлеңдері түрмеде отырған күндерінен елес берсе, «Пайғамбар», «Ақсақ Темір сөзі», «От», «Күншығыс» және басқалары қазақ поэзиясына мүлдем жаңа сарын алып келді. Бұларда ақын халық өміріндегі күрделі кезең бейнесін береді.

Өзінің күрес жолында большевиктермен тізе қосқан Сәкен Сейфуллин Сібірді ақтар басып алған кезде Ақмола Совдепінің мүшесі ретінде абақтыға түседі. Неше түрлі азап шексе де ақын өлеңін ұмытпайды. Түрмеде жатып «Ақмола түрмесінде», «Қамаудан», «Сағындым», «Адасқандарға», «Тұлпарым» сынды өлеңдер жазады. Анненковтың азап вагонынан қашып құтылып, ел арасында жасырынып жүргенде жазған «Түрмеден қашып шықканда», «Боранда», «Біздің жақта», «Бабаларыма» деген өлеңдері де осы алмағайып кездің өзіндік бейнесі іспетті.

Жекелеген ақындар заманының күрделі кескінін өзінің өлең-жырларьшда байқата алғанымен жалпы қазақ әдебиеті бұл жылдарда өрісін кеңге жая алған жоқ.

Осындай бірнеше жылға созылған дағдарыстан соң қазақ әдебиетінің қоғам өміріне белсене араласып, жан-жақты дами бастауы 1922 жылға сәйкес келеді. Азамат соғысының от-жалынына шарпылған, түрлі соғыс майдандарының ыңғайымен ұлттық келісімге келе алмаған қазақ жұрты есін енді-енді жиып, алды-артына қарай бастаған еді. Алайда екі-үш жылға созылған жұт, соның себебінен елді жайлаған аштық халықты әбден қажытып, еңсесін түсіріп кеткен.

Міне, осындай қарама-қайшылығы мол қоғамдық жағдайда әдебиет бірден бойын жазып, жамырай даму жолына түсіп кетті деу қиын. Оның үстіне бұл кезде қазақтар бір орталыққа бағынбаған, тұтас губерниялар әртүрлі республикаға қарайтын бөлшек-белшек ел еді. Атап айтқанда: Сырдария мен Жетісу губерниясы Түркстан республикасына қарайтын, ал казіргі Солтүстік Қазақстанның тұтас аймақтары Сібір губернияларының қүрамына кіретін де, Қазақстаиның қалған белігі РСФСР құрамындағы Қырғыз автономиялық республикасы деп аталатын. Міне осындай жағдайда жазушылардың ұйымдасқан түрде жүмыс істеуіне, олардың басы қосылып, белгілі бір идея төңірегінде топтасуына жағдай жасалмады. Соның салдарынан жазушылар екі жерге - Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбор қаласында және Түркстан республикасының астанасы Ташкентке шоғырланды.

Қазақ жазушыларының іргелі бір тобы осындағы «Ақжол» газеті мен «Шолпан» журналының төңірегіне топтасты. М.Дулатов, X.Досмұхамбетов сынды бұрыннан танымал саяси кайраткерлер қатарына М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов сияқты белгілі қаламгерлер қосылып, Ташкентті қазақтардың рухани орталықтарының біріне айналдырды. Сонымен қатар Қазақ-қырғыз халық ағарту институты және Білім комиссиясы қазақ зиялыларының халықпен етене араласатын орындарына айналды.

«Ақжол» газеті әдебиет мәселелеріне үнемі көңіл белсе, «Шолпан» жартылай әдеби журнал болатын. Бұларда М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтің шығармалары жарық көріп тұрды. Әсіресе, М.Жұмабаев үшін оның Ташкентте болған кезі жемісті болды. 1922-1924 жылдар аралығында Мағжанның жеке жыр кітабы, «Қорқыт», «Батыр Баян» дастандары, ондаған өлеңдері жарық көрді. Бұлардың бәрі де қазақ әдебиетіне қосылған мол үлес еді.

1922 жылы Қазан қаласында Абай мен Мағжанның жыр жинақтары жарық көрді. Бұл - төңкерістен соң баспадан шыққан алғашқы кітаптар еді. Ал Орынборда Ахмет, Міржақып, Сәкендердің кітаптары басылып шықты. Сан түрлі қоғамдық сапырылыстар, аштық-жалаңаштық әбден діңкелеткен қазақ халқымен бірге онын әртүрлі бағыттағы әдебиеті енді көтеріле бастаған еді.

Әдеби сынның да жеке әдеби күш ретінде пайда болуы дәл осы кезең. Бүған дейінгі казақ баспасөзінде басылып шыққан кітаптарға бірді-екілі айтылған пікір болмаса шын мағынасындағы әдеби сын қалыптаса қойған жоқ еді. Осы 1922 жылдан бастап, әуелі шыққан кітаптарға жазылған рецензия-пікір ретінде, кейіннен қазақ әдебиетінің әртүрлі жайларын, оның тарихы мен болашағын, қордаланып тұрған көкейкесті мәселелерін сөз еткен және бірнеше жылға созылған әдеби айтыстар тұсында жазылған үлкенді-кішілі мақалалар ретінде дами бастаған көркем сын әдебиеттің жетекші тұлғасына айналды.

Әдеби сынның алғашқы үлгілерінің бірі ретінде Нәзір Төреқұловтың «Темірқазық» (1923, № 1) журналында жарияланған «Асау тұлпар» аталатын мақаласын алуға болады. Сыншы Сәкен Сейфуллиннің 1922 жылы шыққан «Асау тұлпар» атты жыр жинағына пікір жазған. Ақынның махаббат, сүйіспеншілік туралы жазғандарын порнография дейді, ал оның «Азия» деген өлеңін талдай келіп, Сәкенге білімсізсің деген айып тағады. Сондай-ақ ақынды «байғұс», «сабаз» деп кемсітіп қояды. Ақырында келген тоқтамы: «Бір жақтан порнография жазған, бір жақтан Азия мен Европаны айыра алмай, басындағы ботқасын жұртқа үлестіріп берген, бір жақтан өзінен шығарып жазуға келгенде білімсіздігін интернационализм қылып көрсеткен кісіні революционер ақын деп айта алмаймыз». Сәкеннің жекелеген шығармаларындағы кемшілікті дұрыс көрсете алғанымен, сыншының осындай шектен тыс қытымыр ой-толғамдары әдеби қауымының оны дұрыс қабылдауына кедергі келтірді. Алғашқы үлгілердің бірі осындай болғандықтан қазақ әдеби сыны көп уақытқа шейін осы үрдістен құтылып кете алған жоқ.

Бұдан кейін Нәзір Төреқұлов Сәкеннің «Бақыт жолына» деген пьесасы туралы жазды. («Темірқазық», 1923, № 2-3). Бұнда да талдаудан гөрі үкім айту жағы басым. Сондықтан бұл мақалаларға қарсы сын да айтылмай қалған жоқ. «Қызыл Қазақстан» журналының сол жылғы 16 санында Сәбит Мұқановтың «Сынға сын» деген мақаласы жарық көрді. Ол Нәзірдің тым асыра сілтеп, солақай сынға ерік бергенін орынды көрсете келіп, өзі де Нәзірді нысанаға алады: «Сәкеннің кім екенін, Нәзірдің кім екенін қазақ еңбекшілері жақсы біледі. Октябрь теңкерісіне кімнің шын, кімнің өтірік қатынасуы да оларға мәлім. Байлар мен байшігештерге Сәкеннің ұнамайтынын білеміз». Әдебиет туралы айтып отырып, саясатқа қалай бұрып кеткенін автордың өзі де байқамайды. Жалпы ол кездегі сын көп жағдайда әдебиет пен саясаттың арасына шек қоя бермейді. Сондай-ақ шығарманы сынай отырып, оның авторына да тісін батырып өту ол кездегі сынның басты ерекшеліктері болатын.

Жиырмасыншы жылдардағы әдебиетте үлкен талас тудырған мәселенің бірі - әдеби мұраға деген көзқарас. Әсіресе Абай мұрасы үлкен талас-тартыс туғызды. Бұл бағыттағы айтыс осы жиырмасыншы жылдарда басталып, елуінші жылдарға дейін созылғаны белгілі. Абай мұрасы туралы алғашқылардың бірі болып сөз қозғаған адамдардың бірі - Сәбит Мұқанов. «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы 1 наурызда шыққан санында оның атышулы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер!» деген мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың шығу тарихы былай еді: 1923 жылдың басында Орынборда Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс болып етеді, сол кеште Смағұл Сәдуақасов «Ақаңның алдында» деген баяндама жасайды. Міне, осы баяндама көңіліне жақпаған Сәбит Мұқанов жоғарыдағы мақаласын жазған.

Смағұл Сәдуақасов өз баяндамасында қазақтың үлгі тұтар бес адамының атын атайды. Олар: Кенесары, Шоқан, ЬІбырай, Абай, Ахмет Байтұрсыновтар болатын. Ал Сәбит Мұқанов өз мақаласында осы бесеуін де қазаққа пайдасыз адам қылып шығарды. Ол Ыбырай жөнінде былай деп жазады: «Сондықтан еңбекшіл. таптың адамдары Алтынсариндей не қазақ болмай, не орыс болмай, не діншіл, не саясатшыл болмай өлгендерді ауызға алуға арланады». Абай туралы: «Жеті атасы би, тобықтыны бір шыбықпен айдаған тұқым. Қай күнде де ақсүйекте ұлтшылдық та, ақжүректік те азғантай болатын еді. «Арғын-найман жиылса, таңырқаған сөзіме, қайран сөзім қор болды, тобықтының өзіне» деген өлеңі өзінің кім екендігін сездіреді. Бұл сөзінен: бір кезде арғын-найманды билейтін Абай қазір қолынан сыйы кетіп, ақыр аяғы өзінің тобықтысына да қадірсіз болғандығын, оған Абайдың назаланатынын көрсетеді» деп жазады. Кенесары, Шоқан, Ахмет жөнінде де осы мағынадағы сөздер бұл мақалада жеткілікті еді.

Сәбит Мұқановтың бұл сөзі елеусіз қалған жоқ. Өзінің «Қазіргі дәуір - іс дәуірі» деген мақаласында Смағұл Сәдуақасов былай деп жазды: «...біреу Абайды күйдіріп, өртеп жіберу керек дейді екен. Себебі: Абай ескі, ол бұрын болған, бізге жаңа керек. Бұл сықылды пікірге жаңа пікірлі жастар қалай қарау керек? Бұл пікір сырттан қарағанда, рас, жаңа сықылды. Бірақ мұның негізі дұрыс емес. Біз ескіге қарсы болғанда оның шын шіріген, ескірген жеріне қарсымыз. Осы күнгіні гүлдендірудің орнына бүлдіретін, шірітетін, ілгері баруға бөгет болатын жеріне қарсымыз. Біз өткен заманнан осы күнгінің арасын шорт кесіп тастамаймыз. Менен бұрынғының бәрі ескі, менікі ғана жаңа, сол жаңа өзіме жетеді, өзімді қанағаттандырады деп біз ешуақытта да айта алмаймыз». Смағұл Сәдуақасовтың бұл сөзінің дұрыс екенін онан кейінгі дәуір толығымен дәлелдеді.

Жиырмасыншы жылдарда әдебиет мәселелеріне арналып жазылған мақалалар үнемі талас-тартыс туғызып отырады. Әдебиетшілердің басым көпшілігі көтеріп отырған мәселесін таптық деңгейде қарастыруға ұмтылады. Сондықтан да ондай толғам-толғаныстар тым біржақты. Қазақ әдебиетінде болып жатқан жайларды түгелдей қамтудың орнына, сол кездегі үстемдік етіп түрған саясаттың ыңғайына карай жығылады, сондықтан әдебиетке әділ баға беру қиын еді. Осы себептен де бұндай мақалалар көбінесе қазақ жазушыларының арасына жік салып, оларды біріне-бірін қарсы қоюға жұмсады. Біреуді оңшыл, екіншісін - шөре-шөре, үшіншісін - жолбике, төртіншісін - оңшыл коммунист, бесіншісін - солшыл коммунист жазушы деген сияқты жіктерге бөлу қазақтың ат төбеліндей аз жазушысын біріне-бірін өшіктіріп, қазак әдебиетінің тұтастығына нұқсан келтірді. Орынбордағы жазушыларды Ташкенттегі қаламгерлерге қарсы қоюға тырысқандар да болды. Қазақ мәдениетінің тарихында айрықша орын алатын «Ақжол» газеті мен «Шолпан», «Сана» журналдарына қарсы әлденеше мақала жазылды. Оларда Ташкенттегі осы басылымдар төңірегіне топтасқан Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов сынды жазушыларға «ұлтшыл» деген айдар тағылып, оларды Қазақстандағы еңбекші жұртшылыққа жат адамдар ретінде көрсетуге тырысты. Бұндай сыншыларда таптық сезім басым болғанымен, олар еңбекшіге зияннан басқа пайда көрсете алған жоқ. Әдебиет пен саясатты шатыстыру, әсіре тапшылдық, ұраншылдық, солақай сынға әуестік есін енді жия бастаған қазақ халқының ұлт ретіндегі бірлігіне орасан зор зиян келтірді. Бұл ағым бәрінен бұрын осы жылдарда әдебиетке келе бастаған жас ақын-жазушыларға теріс ықпал етті. Олар «жікшілдік» науқанына белсене араласты.

Жиырмасыншы жылдардағы қазақ әдебиетінде қалыптасқан бағыттың бірі - саясат мәселесі. Мұндай жағдайдың себебі: ол кезде әдебиет пен саясат үнемі араласып, әдебиет арқылы саясат мәлелері қозғалып, саясат арқылы әдеби жайлар қарастырыла беретін. Өйткені ел басындағы қайраткерлердің әдебиетпен айналыспайтыны аз болатын да, оның үстіне кешегі ұлт-азаттық қозғалысының басшыларының өзі әдебиетшілер еді. Сондықтан саяси күресте әдебиет мәселелері негізгі тақырыптардың біріне айналды. Ең бастысы: дәл осы кезде Сталин және оның айналасындағылар әдебиет ісіне белсене араласып, оны өздерінің саяси мүдделеріне бағындырды.

Жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысында әдебиетке Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Нәзір Тереқұлов сияқты үкімет басшылары да араласып тұрды. Ғаббас Тоғжанов, Қошке Кемеңгеров, Әбдірахман Байділдин, Екеу1, Шәймерден Тоқжігітов, Ыдырыс Мұстанбаев секілді әдеби сында өзіндік із қалдырған қаламгерлер де осы кезде жаза бастады. Бұл кездегі сынның негізгі сипаты - айтыс. Бір сыншының жазған мақаласына табанда жауап қайтару, онымен пікір таластыру, көп жағдайларда ол айтылған пікірлерді мүлдем жоққа шығару, ең әрі кеткенде бір-біріне саяси айып тағу сияқты жәйттер орын алды. Өл кездегі баспасөз мұндай айтыстардан аулақ болмайтын. Әсіресе өлкелік партия комитетінің басылымдары «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналы бұл бағытта айтарлықтай қызмет істеді. Бұл басылымдардың бетінде «оңшылдар» да, «солшылдар» да сөз алып, өздерінің ойларын айтуға мүмкіндік алып жатты.

Наши рекомендации