Техникалық монтаждың туралы түсінік беріңіз

Монтаж. Монтаж сөзі француз тілінен аударғанда екі мағына береді. Техникалық мағынасы – “алдын-ала жасалған жоспар бойынша, жоба, кескіндеме бойынша дайын бөлшектерден, басқа құрал-жабдықтардан машина құрастыру, құрылыстар тұрғызу, жөндеу жұмыстарын жасау”. Екіншісі – “белгілі бір шығарманы жүйелеп жасау үшін әр түрлі бөлімдерді таңдап, оларды құрастыру, мысалы кинода сценарийде жазылған жүйе бойынша түсірілген фильмнің бөлшектерін таңдап алып, құрау”._

Бізге екінші мағына сәйкес келеді, өнер, әдебиет сияқты журналистика да шығармашылық процесс болып табылады. Журналист радиохабарды жасамас бұрын, оның құрылымын анықтап, әрі құрып алады, шығарма құрылымына қажетті жеке элементтердің мән-мазмұнын ойша жіктеп алады. Әрине, бұл жұмыс процесінде өзгерістерге ұшырайды, дегенмен түпнұсқасы сақталады.

Монтаж – хабарды алдын-ала жазу барысында техникалық құрал ретінде танылса, ал тікелей эфирде біртұтас құрылымның өзіндік пішіні деп есептеледі, яғни хабардың жеке бөліктерін жалғау, сабақтастыру мәнінде қолданылады. Сонымен қатар үнтаспаға жазылған хабарды бір жүйеге түсіріп, артық-кемі жоқ толыққанды туындыға айналдыру процесінде іріктеу әдісі үлкен роль атқарады, ғалымның сөзімен айтсақ “іріктеу әдісі –бұл монтаж процесінің бастапқы нүктесі. Монтаж – бұл жекелеген бөліктерді жүйелеу, салыстыру, қарсы қою үшін біріктіру”. Сонымен қатар төмендегідей талаптарды ескеру қажет:

а) монтаждық бөліктердің ішкі байланысы және олардың ұқсастығы немесе қарама-қайшылығы;

ә) монтаждық бөліктердің бір-біріне деген эмоциялық қатынасы;

б) олардың ырғақты уақыттық мөлшері.

Радиоәңгіменің, радиокомпозицияның, сұхбаттың жоспарын құру, сұрақтардың тізбесін жасау – монтаждың алғашқы формасы, бұл қажетті материалдарды таңдауға, болашақта жасалатын фрагменттерді ойша түзуге белгілі бір дәрежеде ықпал етеді. Біздің тіл қатысуымыз, ойымыз, қоршаған ортаны қабылдауымыздың бәрі өңделуден тұрады. Радионың барлық бағдарламалары әр түрлі элементтер негізінде құрастырылып, өңделеді.Мәселен, ақпараттық хабарлардың құрылымын алсақ, бұл жерде жинақтау процесінің өзі жалпы монтаж деңгейінде түсіндіріледі, яғни ішкі байланыстарын жүйелеп құрастыру жалпы оқиғалардың жиынтығын түзу. Монтаж – ішкі байланыстарды түзудің негізгі жолы.

Монтаж жасаудың мүмкіндіктері әр жанрда алуан түрлі, яғни мәтінді жүйелеуден бастап, ұзақ сөздерді қысқарту, сәтсіз фрагменттерді алып тастау, техникалық жағынан дұрыс жазылмаған жерлерді үзіп алу, дыбыстық образды құрастыру.

Дыбыстық образ жасау негізінде монтаж жатыр, бұл жөнінде зерттеуші А.А. Шерель төмендегідей анықтама береді: “монтаж – это совокупность звуковых (речевых, музыкальных, шумовых) элементов, создающих посредством ассоциаций в обобщенном виде представление о материальном объекте, явлении, характере человека”.

Монтажды шығармашылық бағытта қолданудың тәсілдерін және оның қызмет формасын былайша көрсетуге болады:

- мәтінді қысқарту;

- авторлық мәтін мен деректі жазбалар үзінділерінің сабақтастығы негізінде құрылымдық өзгерістер жасау;

- белгілі бір уақытқа сығымдау;

- материалдың мазмұнына сәйкестендіріп, сонымен қатар автордың негізгі ойына сүйене отырып қажетті дыбыстық бейнелеуші құралдарды, декорацияларды қолдану;

- әр түрлі кеңістікті танытатын және уақытты көрсететін жазбалардың жоспарын құру, сол арқылы оқиғаның болған мерзімін, сол оқиға өткен жерді сөзбен мінездемелеп, әр қырынан суреттеу;

- әр түрлі дыбыстық бейнелеуші (көркемдеу) құралдарын қарама-қарсы бағытта қолдану, яғни алуан түрлі пікірлердің, психологиялық тартыстардың, жоспарлардың, көріністердің қайшылығын көрсетуде шеберлікпен пайдалану;

- сюжет қозғалысында жүйелі, тізбекті, қатар жүру тәсілдерін қолдану;

- радиотуындының жиынтық композициясын құру.

Монтаж кезінде дыбыс күші (жоғары, төмен, контраст), пауза, бейнелеуші құралдар (сөзді музыкамен көркемдеу, әр түрлі шуларды сабақтастыра пайдалану, олардың ұзақтығы) әр түрлі нұсқада қолданылады.

Хабар жасау барысында монтажды қолдану аясы жанрлардың ерекшеліктері мен мүмкіндіктеріне сай, яғни атқаратын қызметі мен міндеті, стилистикалық және акустикалық өзгешеліктеріне орай анықталады.

Монтаж жанрлық қызметке тәуелді, белгілі бір мәселені шешу бағытына тәуелді, сонымен қатар жанрдың архитектоникасын, ішкі байланыстарын анықтап, алға қойылған шығармашылық міндеттердің іске асуына көмектеседі. Ақпараттық радиохабарда монтаж қарапайым, бірақ маңызды, яғни фактіні таңдап, іріктеу, мазмұндау, жалпы бағдарламаның құрылымында алатын орны сияқты пішінде танылады. Ал радиоәңгімеде, радиокомпозицияда монтаж дыбыстық образды құрастырудың басты құралы ретінде қолданылады.

Көркемдеу құралдары бір-бірімен тығыз байланысып, әрі сабақтасып мазмұнды, акустикалық бірліктегі жиынтық туынды түзеді.

Наши рекомендации