Бандитизм қылмысының субъективтік жағы

Қылмыстың субъективтік жағын сипаттайтын белгілерді толық және жан-жақты анықтау қылмысты дұрыс саралаудың, әрекеттің және сол қылмысты жасаған адамның қоғамға қауіптілік дәрежесін анықтаудың, жауаптылықты жеке -даралаудың қажетті шарты болып табылады.

“Субъективтік жақ-ол қасиет, яғни, қоғамға қауіпті әрекеттің қажетті белгісі-дейді Б.С. Волков. Оның мазмұны қауіпті әрекетке берілген баға, ол жасалғаннан кейінгі қылмыстық салдар. Сонымен қатар, субъективтік жақ пен әрекеттің сыртқы қасиеті арасындағы өзара байланыс оларға берілген бағаның сәйкестілігінмен бітпейді.

Бұл көрсетілген мән-жайлар аталған белгілерді сипаттауда, олардың нақты мазмұнын анықтауда, осы түсініктерді құрайтын құрама элементтерді айқындауда елеулі рөл атқарады. Кез келген әрекеттің оны жасаған адамның санасында бастамасы болады.

Бандитизм жєне µзге де осы тектес қылмыстарының барлығы да қасақана ниетпен жасалады, өйткені оларды абайсызда жасау мүмкін емес.

Бандитизм құрамы болса, тек кінәні емес арнайы мақсатты, яғни азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасау мақсатын да қамтиды. Соңғы мақсат түрі көбінесе пайдақорлық болып келсе де қашанда ол мақсатты білдірмейді.

Барлық қасақана қылмыс сияқты, қорқытып алушылықтың субъективтік жағы - кінә, мотив және мақсат.

Кінә-қылмыс элементі. Ол кез келген қоғамға қауіпті әрекеттің маңызды құрама бөлігі болып табылады. Кінә болмаса қылмыстық жауапкершілік те болмайды, кінәнің интеллектуалдық және еріктілік белгілерінің қандай да бір арақатынасы оны қасақана (тікелей және жанама) және абайсыз (менмендік және немқұрайдылық) деп бөлуге жетелейді.

Кінәні іске асырып қолдану үшін қоғамға қауіпті әрекеттің субъективтік жағын анықтаудың маңызы бар. Төменгі тұрған соттар кінәнің анықталуы және оның дәл, даусыз дәлелденуіне бағдар алулары керек. Бұл мән-жайға көңіл аудармау объективтік айыптауға әкеп соғады, яғги қылмыс жасаған адамның кінәсі болмаса да, нәтижеге қарап оған жауапкершілік артылады, қылмыстық істі қарағанда объективтік шындықты анықтау қажет, оның маңызды бөлігі-субъектінің кінәлігі жайындағы, оның кінәсінің мазмұны, формасы және дәрежесі жайындағы соттың тұжырымы. Кінәлілік дегеніміз-қылмыс құрамының тек субъективтік жағы, яғни қасақаналық немесе абайламаушылық, себебі заң оны мотивпен, мақсатпен және эмоциямен байланыстырады.

Кінәнің шын мазмұнын, нақты формасын және дәрежесін анықтамай адамды ерекше қауіпті қылмысты қайталаушы деп тану туралы, шартты соттау, шартты-мерзімінен бұрын босатуды, рақымшылықты қолдану туралы мәселелерді дұрыс шешу мүмкін емес.

Біз сұрақ берген практикалық жұмыстағы 200 қызметкердің жауаптары қылмыстың субъективтік жағын анықтауға жете баға бермейтіндігін көрсетті. Пайдақорлық мақсатта күш көрсеткен қылмыстың субъективтік жағын анықтағанда олардың 13%-і-ниеттің мазмұнын, 24%иеттің бағыттылығын, 31%-ішкі түрткісін, 29%-і-қылмыстың мақсатын анықтаған. Тек жеті анкетада ғана қылмыстың субъективтік жағының динамикасы көрсетілген.

Арам ниетті-тікеге немесе жанамаға жатқызу адамның қоғам әкелген қауіпті салдарға қалай қарайтындығына байланысты, ол соны қалады ма, әлде әдейі соған жол береді ме? Бірақ мұндай ажыратуды тек материалдық құрамы бар қылмыстарға қатысты қолдануға болады, онда салдар объективтік жақтың міндетті белгісі болып табылады. Салдар объективтік жақтың міндетті элементі болып табылмайтын формальдық және қысқартылған құрамдарда, адамның оларға қатысты тіке ниеттің де сипатына ықпал жасай алмайды. Бұл жерде адамның өз әрекетінің нақты құрамын және оның қоғамға қауіптілігін түсінуі маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты Г.А. Злобин мен Б.С. Никифоров былай дейді: «Формальды қылмыс жасағанда, оның қоғамға қауіпті әрекетілігін түсіне отырып..бұл жағдайда тіке және жанама ниетті ажыратып алу мүмкін емес» /22/.

Бұл айтылған бірдей мөлшерде қысқартылған құрамға да жататындығында сөз жоқ. Сонымен, субъективтік жағынан бандитизм және өзге де осы тектес қылмыстар қасақана жасалады.

А.А. Пионтковский кінә түсінігіне оның заңға қайшылығын кіргізеді. Біздің ойымызша, заңға қайшылық қоғамға қауіптілікті көрсетеді. Сондықтан, кез келген заңға қайшы әрекет қоғамға қауіпті болып табылады; бірақ қоғамға қайшы бола бермейді. Заңға қайшылығын мойындау үшін заңның оны өз формуласына қоспағандығының маңызы жоқ.

Адамның қорқытып алушылықтың объективтік белгілерін мойындауы, оның санасында қол сұғушылықтың нақты және құқықтық жақтарының бейнеленуі арқылы қоғамдық қауіптілікті түсінуге мүмкіндік туады. Қол сұғушылық жасай адам қорқытып алушылықтың объективтік жағының барлық белгілерін және оның Затын ұғынады. Бұл мән-жай қоғамға қауіпті әрекетті, оны жасау тәсілін және қылмыс затын тікелей ұғынуға болатындығымен түсіндіріледі; соған байланысты қылмыскер өзінің интеллектуалдық мүмкіндігін, бірінші кезекте, қорқытып алушылықтың осы көрсетілген категория ретінде жасаланатын қылмыстың мән-жайын түсінуді қамтиды.

Қылмыскер санасында жасалынатын қылмыстың фактілік жағы қамтылады - құрбанның назарына қорқыту мен мүліктік талап қамтылған ақпарат жеткізу. Сонымен қатар, қорқытып алушы жасалатын қылмыстың қоғам үшін мәнін түсінеді. Ол жәбірленушінің назарына жеткізілген хабар оның бойында үрей тудырады, талап еткенді беруге мәжбүрлейді деп ойлайды. Бұл жерде психикалық әсердің маңызы зор. Қоғамға қауіпті салдарды болжап білу арам ниеттің интеллектуальдық кезеңінің екінші белгісі болады, ол қорқытып алушылықтың материалдық құрамдарына тән.

Бұл көрсетілген болжау салдарының нақты фактілік жағын да, осы әрекет шеңберіндегі қоғамға қауіпті сипатты да қамтиды.

Арам ниеттің тағы бір белгісі- тілеу, ұмтылу құқықтық әдебиеттерде әр түрлі түсіндіріледі. Кейбір авторлардың ойынша ол белгілі бір қоғамға қауіпті салдарға ұмтылу, ақырғы мақсатқа жету амалы.

Басқа авторлардың пікірінше, тілек адамның алдын ала болжаған болмай қоймайтын қоғамдық қауіпті салдарға қатынасы. Біздің ойымызша, бірінші пікір дұрыс сияқты. Психологиялық тұрғыдан «тілеу - мақсатқа бағытталған ұмтылыс» /23/. Сол себепті екінші пікірмен келісуге болмайды.

Адам өзінің қоғамға қауіпті мінез-құлқының ішкі түрткісін қалай түсіндіргендігі емес, сондай әрекет-қылыққа не себеп болғандығы маңызды деп, Б.С. Волков дұрыс айтады. Мотив-мінез-құлықтың себебін, адам белсенділігінің бастауын түсіндіреді /24/.

Адам қылмыс жасағанда, оған белгілі бір нәрсе түрткі болады, өзінің жігерін қандайда бір нәтиже-мақсатқа жетуге бағыттайды. Адамның психалық қатынасының сипаты қандай да бір мотивтермен, мақсатпен айшықталатын болғандықтан, оларды анықтамай кінәнің шын мазмұнын дұрыс бағалау мүмкін емес. Қылмыс жасаудың себебіне орыстың көрнекті криминалистері И.Я. Фойницкий /25/, М.П. Чубинский мотивті қылмыстың көзі деп сипаттаған, соттын талқылауына жататын нақты факт деп есептеген /26/

Көрнекті орыс ғалымы Л.Е. Владимиров былай деп жазады: «көзі ашық сот қылмыстың мотивін ашпаған тергеуге қанағат білдірмейді. Әрекетті түсіну үшін ішкі түрткінің терең психологиялық мәні бар, ол осы қылмыстың неге жасалынғандығын түсіндіреді, егер сотталушының көңіл-күйі күдік тудыратын болса, даулы мәселені дәрігер-психиатрдың қортындысына қалдырады.

Мінез-құлықтықтың мотиві, адам санасында қалыптасып оның еркіне ықпал жасайды, оның қоғамға қауіпті әрекетіне тиісті бағыт береді. қылмысты саралау үшін де мотивті айқындаудың маңызы зор. «Мотивті білмей адамның басқа мақсатқа емес, неге осы мақсатқа ұмтылғандығын түсіну мүмкін емес, және де оның әрекетінің шын мәнін де түсіне алмайсың-дейді Б.М. Теплов /27/.

«Мотив адамның санасын жайлап алып оны қылмыс жасауға итермелейді». «қылмыстың себебі, адамның өзінің әлеуметтік құрылымының санадағы шағылысының, айнасының нәтижесі болып туындайды»,- дейді В.А. Владимиров /28/.

Қылмыстың мотиві мақсатпен тығыз байланыста болады. «Мақсат жасалатын құндылықтың адам санасындағы идеалдық образы». Б.В. Харазишвилидің пікірінше, мотив - адамды не итермелейді, ал мақсат - адам әрекеті қайда бағытталған деген сұраққа жауап береді /29/.

Талан-тараж жасағанда адамда қандай да бір мақсаттың болғандығын анықтаудың маңыздылығы даусыз, ол қылмыстық заң теориясында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының практикасында күмән туындырмайды. Сонымен қатар, ұрлық жасаудағы мақсаттың мазмұнын революцияға дейінгі де, қазіргі де криминалистер әрқилы анықтайды.

И.Я. Фойницкийдің пікірінше, талан-тараж болуы үшін арнайы тілек немесе әрекет мақсаты қажетті шарт болуы керек. Бұл шарттар криминалистер тарапынан әртүрлі түсініледі деп есептейді ол: «Не пайдақорлық мақсат деп, не заңсыз басып алу ниеті деп,не жәбірленушінің еркінсіз және келісімсіз бөтеннің мүлкін иемдену ниеті деп. Бәрінен бұрын. -дейді ол, -талан-тараждау дегеніміз жәбірленушінің еркінсіз және келісімсіз бөтеннің мүлкін иемдену мақсатын көздейді. Бұл - қылмыскер бөтеннің мүлкін иемдену мақсатын көздейді. Бұл дегеніміз - қылмыскер бөтеннің мүлкін тек өзіне ғана қаратып, меншік иесі ретінде оған өзі билік жасау ниетін басшылыққа алады деген сөз» /30/.

Басқа орыс криминалисі С.В. Позднышевтің пікірінше, талан-тараждаудағы мақсат - Заң бойынша меншік иесі ғана ие билікке қол жеткізу ниеті, сондай-ақ меншік иесін сол мүліктен бір жолата айыру ниеті /31/.

Кеңес кезеңіндегі заң әдебиеттерінде талан-тараждаудың мотиві мен мақсатына қатысты әр түрлі пікірлер бар. Біреулері тек пайдақорлық қана сипат бар дейді. Ал біреулері пайдақорлық талан-тараждың субъективтік жағының міндетті белгісі емес деп ойлайды. Ал, Б.С. Никифоров, «пайдақорлық - мақсатты талан-тараждаудың қажетті белгісі деп қараудан толық бас тарту қажеттігінің ұсынады /32/.

Пайдақорлық дегенді қалай түсінеміз? әртүрлі сөздіктерде бұл түсінікке «баюға ұмтылу», «материалдық пайда», «иемденуге, баюға құштарлық» деп анықтама береді (тәржіме бізден - Е.А. ).

Қылмыстық заң бойынша пайдақорлық дегеніміз кез келген формада: не материалдық игіліктер алу арқылы, не материалдық шығындардан құтылу арқылы материалдық пайда түсіру. Сондықтан да, мысалы, қорқыту арқылы қарызын қайтарып алу құқығынан бас тартуды талап ету - қорқытып алушылыққа жатады.

С.А. Елисеевтің пікірінше, пайдақорлық қылмыс - жасалу түрткісі қылмыскердің материалдық пайданы қоғамның, басқа адамдардың есебінен алуға ұмтылатындығын корсететін қылмыс /33/.

Қорқытып алушылық жасағандағы қылмыскердің түпкі мақсаты - мүлікті иемдену, оны тегін өз пайдасына жарату, яғни пайдақорлық ниетін жүзеге асыруға.

Сонымен қатар, пайдақорлық түрткіден басқа бұзақылық, кек алу, қызғаныш ниеттері болуы мүмкін. Бірақ, кейінгілер қосалқы рөл атқарып олардың болмауы бұл қол сұғушылықтың мазмұнын өзгерте алмаса, әрекет пайдақорлық қылмыс ретінде саралануға тиіс. Мысалы, «Арканың директоры В.- ға бір топ адам келіп 40000 доллар талап еткен. Бұл ақшаны олар директордың орынбасары «Мариктың жұмыстан заңсыз түсіргені үшін төленетін төлемақы деп түсіндірген, соның атынан келген. Директор оның заңды шығарылғаның айтып, ақша беруден бас тартқан. Келген адамдар оның көзіне пластырь жапсырып, оны белгісіз пәтерге алып кеткен. Ол жерде оны таяққа жығып, барлық қойған шарттарына келісім алып, босатқан.

Басқа бір жағдайда қорқытып аушылардың 20 жасар студент қыз Н. Ларисаныңда жолы болмаған. Полиция формасын киіп алған олар, қызды «Планета» коммерциялық фирмасының офисіне алып келіп, қолына кісен салып, көзіне пластырь жапсырып, ваннада үш күн ұстаған. Егер миллион теңге төлесе ғана жібереміз деген. Мұнша ақшаны Лариса олардың басшысы А-дан қарызға алған, ол ақшаға оған пәтер, мәшине, киім-кешек алып берген, университетке түсірген. Ал Лариса А-ны кейін тастап кеткен, оның «намысын» аяққа басқаны үшін қарымтасына осылай жасаған.

Ретін тауып қыз қамаудан қашып шығып, полицияға хабарлаған. Дереу келіп тінту жасағанда полиция екі автомат, мылтық, пистолеттер, рация, түнде көретін прибор және 200 мың теңге ақша тапқан.

«Дүкен жанындағы еменнің қуысына 4 мың доллар әкеп салмасаң күйеуіңді көрмейсің, ал полицияға хабарласаң балаларыңнан айырыласың - деп біреу хат әкеп тастаған. Кейін ұсталғанда қорқытып алушылардың біреуі сол күйеудің өзі болып шыққан. Досымен ептеп арақ ішкен. Жалғастырғанға ақша болмаған. Содан соң осындай айлаға көшкен. Оларға керегі 40 мың теңге екен, бірақ ауыз татырлық болсын деп досы тағы да нөл қосып қойған”.

Бұл қорқытып алушы күйеуге қатысты тәртіп сақшыларының қабылдаған шешімі адам күтпейтіндей және өте жұмсақ еді - жазаңды әйелінің берсін деп жібере салған.

Келтірілген жағдайларда пайдақорлықтан басқа да мотивтер «бәсекелестікте» болған. Бірақ, басты мақсат пайдақорлық, сондықтан да жасалған әрекет қорқытып алушылық ретінде саралануы тиіс. Пайдақорлық қылмыс жасағанда адам бөтеннің мүлкін өз меншігі сияқты тұтыну немесе басқадай пайдалану не оған билік жасау арқылы баюға ұмтылады. Мұндай қылмыстың мақсаты - мүлікті иемдену. Бірақ мақсатты салдармен теңдестіруге болмайды. Мақсат нәтиженің алдын алады, ол ой процесінің элементі болып табылады, ал салдар - қол жеткен нәтиже.

Пайдақорлық емес мақсаттағы, мысалы бұзақылықпен немесе кек алу үшін жасалған қылмыстарда да мүлікті иемден у мақсаты болуы.

Бұл жағдайда әрекет қорқытып алушылық деп саралануға тиіс емес. Сонымен, қылмыстың субъективтік жағы пайдақорлық мотивтің және мүлікті иемммдену мақсатының қосындысымен сипатталғанда ғана әрекем ҚК 181-бабы бойынша саралануға жатады.

Яғни, қорқытып алушылықтың субъективтык жағы қасақана кінәмен, пайдақорлық мотивпен және мүлікті иемдену мақсатымен сипатталады. Осы элементтердің біреуі болмаса әрекет қорқытып алушылық ретінде саралануға тиіс емес.

Атылатын қаруды, оқ-дәрілерді немесе қопарғыш заттарды не қопарғыш құрылғыларды (ҚК 255-бабы), радиоактивтік материалдарды (ҚК 248-бап), есіркті заттарды немесе психотроптық заттарды (260-бап) қорқытып алушы заңсыз иемдерген жағдайда мәселе біршама басқаша болады. қылмықтың бұл құрамдарының болуы үшін арам ниеттің болғандығы жеткілікті. Пайдақорлық мақсат бұл жағдайда факультативтік сипат алған. Аталған заттарды ұрлағанда оның болмауы да мүмкін.

Пайдақорлық ниетпен емес, басқа себептермен (бұзақылық, кек алу, басқа қылмыс үшін, т.б. ) жоғарыда көрсетілген заттарды қорқытып алып иемденсе, ол қорқытып алушылық ретінде саралануы тиіс.

Басқа қылмыс жасау мақсаты анықталған жағдайда әрекет сол қылмысқа дайындық ретінде жиынтықталып саралануы тиіс.

Тергеу-сот практикасына жүгізілген талдауларға қарағанда қорқытып алушылықтың субъективтік жағын бағаламау немесе елемеу қылмысты саралағанда елеулі қателіктерге әкеп соқтырады.

Бұл қателіктер қылмыспен күреске, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісіне зор нұқсан келтіреді, заңға, әділдікке сенімді азайтады.

Наши рекомендации