Зін-өзі танудың рухани бастауларына берілген анықтамаларды ойшылдардың еңбектері негізінде талдаңыз.

Адамзат баласының сан ғасырлық даму тарихына жүгінетін болсақ, ұрпақ тәрбиесінде руханилықтың мәні зор болған. Руханилық дегеніміз адам өмірінің материалдық емес, адамгершілік құндылықтар басымдығына негізделген рухтық-сезімдік жақтары, адамдардың өзгеше ойлау бейнесі мен тіршілік әрекеті болып табылады. Ол адамның шынайы келбетін, болмысын, ішкі жан дүниесін білдіретін асыл қасиеттерде көрініс табады. Ғалым А.Г. Косиченко «руханилық адамның өмір сүру тәсілінің нәтижесі, адамның жақсылық жасай алуының өзі руханилық», - деп түсіндіреді.

Ал С.Б. Крымский «руханилық сыртқы болмыстың әмбебаптылығын тұлғаның ішкі әлеміне этикалық негізде айналдыру қабілеті, адамның сол ішкі әлем арқылы өзінің ойы мен ісін сәйкестендіре алуы», - дейді. Бұл ғалымдардың пайымдауынша руханилық дегеніміз өмір заңы емес, ол адамның адамдық қасиетін ашатын адамгершілік заңы,адамның ішкі жан дүниесінің байлығы, өзіндік сипаты, адамға ғана тән қасиет.

Руханилық, бұл - адам және адамзаттың шабытты-сезімдік жағы, адамдардың ойлауы мен өмір әрекетінің ерекше бейнесі. Ол ең алдымен адамның түрлі өнер, әдебиет, поэзия, философияны дамытудағы рөліне негізделген адам өмірінің керемет қырларының бірі ретінде адамның ішкі жан дүниесін байытатын құндылық . Руханилықты адамның ішкі дүниесінің басты сипаты ретінде адамгершілікке, адами құндылықтарға, әсіресе ақиқат пен жақсылыққа бағытталған өзіндік ойдың нәтижесі деп түсінуге болады.Адамның ішкі жан дүниесіне керекті руханилық рухани қажеттіліктермен айқындалады.

Рухани қажеттіліктер – әрбір адамның жан дүниесінің тереңінде жатқан, оны түрлі әрекеттерге ұмтылдыратын өмірдің идеалды формасы. Бұл өмірге, сұлулыққа іңкәрліктен, тұрмыс қуанышынан, адамдар арасындағы қайырымдылық пен өзара түсіністіктің мәнін және өзінің өзгелерге керектігін сезінуден туындайды.

Танымдағы рухани қажеттіліктер сана-сезімнің формалық жағынан кеңеюімен, мазмұны жағынан тереңдеуімен байланысты туады. Бұл социумда болып жатқан түрлі құбылыстардың табиғатын, себептерін, мәнін тануға деген ішкі мүдделіліктен басталады. Мұндай танымға жүрек пен ақыл, сол құбылыстың жалпы мәнін түсінуге ұмтылған абстрактылы-жинақтаушы ойлау мен нақты эмоционалдық күй тең дәрежеде қатысады. Рухани қажеттіліктер адамның интеллектуалдық және эмоционалдық сапалық ерекшеліктерін жетілдіруге ықпал етеді.

Адамның руханилығы тұлғаның ішкі жан әлемінің негізі ретінде интеллектуальдық, этикалық, эстетикалық тәрізді үш і аспектіде көрініс тауып, адамның өзін-өзі тануына көмектеседі. Адам жанына үңілу, жеке тұлғалық белсенділікті ояту өзін-өзі танудың жетекші қағидасы адам жаны махаббат пен мейірімділік сәулесіне бөленген, бастапқы құндылық, ол сол сәулені айналасындағы адамдарға, қоршаған әлемге төге отырып, жақсылық жасауға ұмтылдырады. Әрбір адам өз дамуында этнос өкілі ретінде этникаланудың бірнеше деңгейінен өтеді. Тұлғаның этнос субъекті ретіндегі үйлесімді дамуының көрсеткіші – оның өз жасы мен жынысына сәйкесті, диалектикалық бірлікте этноәлеуметтік рөлдерді игеруі болып табылады. Сондықтан өзіңді тани отырып, өзгелерге қайырымдылық, төзімділік, бауырмалдық көрсете алу өзін өзі танудың этникалық аспектісін білдіреді.

Рухы биік, жан әлемі таза адам ғана өмірдің мәнін ұғынып, ізгілікке, бақытқа қол жеткізе алады. Жан тазалығы адамның рухани жетілуіне, қуанышты және үйлесімді өмір сүруіне көмектеседі. Адамның ішкі жан дүниесінің байлығы денедегі бес сезім, яғни есту, көру, иіскеу арқылы, дәмін тату арқылы сезіну, ұстап жанасқан кезде тітіркену арқылы сезіну сияқты заттық элементтерден көрінбейді. Ол рухани сезім, жадында ұстау, ойлану, қиялдау, сөйлеу әрекеттерін жүзеге асырудан байқалады.

Табиғаттың ерекше перзенті — адам, соның сұлулығы. Ол сапа жағынан екі құрамда ажыратылып қабылданады, оның бірі — сыртқы, түр-тұрпат сұлулығы, яғни субъективтік сұлулық, екіншісі - рухани, ішкі, яғни объективтік сұлулық деп аталады. Адам анадан сырт бейнесі, пішіні сұлу болып туылуы мүмкін, ал ішкі жан сұлулығы, өзінің мінез-құлқы, қылығы, ісі, басқа адамдарға қарым-қатынасының т.б. жиынтығы ретінде қоғамда калыптасады. Ал жүректегі данышпандық, кемелділік, қайырымдылық, ұлықтық бұлардың бәрі ақылдың ықпалымен адамның жан-дүниесінде пайда болатын қасиеттер. Сондықтан бұлар өзара үйлесімде болғанда ғана адамның рухы биік, жан әлемі де таза болады.

Абай: «Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді», - десе, Шәкәрім “адам баласында екі ұмтылыс болады, біреуі тән ұмтылысы, екіншісі - жан ұмтылысы” деген. Бұл нақыл сөздердің мағынасы адамның қадір-қасиеті оның сыртқы тұлғасында емес, керісінше, оның жан дүниесінде екенін білдіреді.

Әр адамды сипаттайтын тән, жан және рух барлық уақытта үйлесімділікте бола бермейді және бірегей ұмтылыстарға бағына бермейді. Олардың арасындағы үйлесімділікке қол жеткізу адамның жан әлемінің бай болуына және өзіндік даралық сапаларына байланысты.

Адам өмірдің ақиқаттарын тани отырып, өзінің ішкі рухани әлемін тани бастайды және өзіндегі адами құндылықтарды ақиқаттарды түсіне бастайды: «Мен қандаймын?» деген сұраққа жауап іздеген әр адам өзіне іштей қарап, бөтен адамдардың назарынан жасырынған қасиетті өзінің - ішкі жан әлемінен, өзіндік даралығынан табады. Адамның ішкі жан дүниесі үнемі өзгерісте, дамуда болатын күрделі құбылыс.

Әр адамның жан дүнииесі өзінше бір әлем. Өмірде ішкі жан дүниесі бірдей екі адам болмайды. Платон еңбектерінде «адам жаны өз бетінше субстанция» деп сипатталады. Оның ойынша жан дегеніміз тәнмен бірге өмір сүретін, бірақ тәнге тәуелсіз, көзге көрінбейтін, аса биік құдіретті, мәңгі дүние. Алайда, жан дегеніміз, ол - діни ұғым емес. Ол туралы кезінде Сократ, Платон, Аристотель, Мұхаммед, Яссауи, Ибн Сина, Абай, Толстой, Лермонтов, Шәкәрім т.б. көптеген философтар мен ойшылдар айтып кеткен.Олар адамның ғана жан мен тәнді өзіне бағындырып, сананы дамыта алатындығын және адамның ақыл-ойы, өзіндік сана-сезімі, рухы, ішкі жан әлемі неғұрлым үйлесімді дамыған болса, адам өзін солғұрлым парасатты сезінетіндігін еңбектерінде дәйектеп көрсеткен.

Даралық адамды өзгелерден еркшелендіріп тұратын әр кісінің өзіндік қасиеті. Тұлғаның адамгершілік-рухани қалыптасуында жан мен тән үйлесімділігіне қол жеткізу тұлғаның өзін-өзі тану мотивтерін қалыптастырудың бір шарты болып табылады.

Зін-өзі тану мен өзін-өзі дамытуға педагогикалық жәрдем және психологиялық көмек көрсету жолдарына сипаттама беріңіз.

Адамгершілік құндылықтар мен нормаларға қойылатын қоғамдық талаптар жүйесіне педагогика ғылымы негізінде талдау жасаңыз.

Жалпыадамзаттық құндылықтардың арасында философтар мен прогресшіл ойшылдар мен педагогтар әрқашан бірінші орынға адамның құқығын, оның бостандығын және соған сәйкес келетін тәрбие мен білімді бөліп қарастырған.

Кез келген халықтың өмірінде жалпыадамзаттық құндылықтардың орнығуы қоғамның тарихи дамуының заңды нәтижелері болып табылады. Адам құқығының адамгершілік мүмкіндігі басқа жалпыадамзаттық құндылықтар сияқты ғасырлар бойы жинақталып, жаңа үлгінің негізінде адамның мінез-құлқын реттеуші ретінде қызмет етеді.

Оқушылардың тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруда, оларға адамзат баласының қол жеткен қоғамдық-тарихи тәжірибесімен қатар, қоғамдық-этикалық қалыптар мен ізгілікті-адамгершілікті игеруге болатынын тәжірибеден көруге болады. Жалпыадамзаттық құндылықтар халықтық дәстүрлерде, адамгершілік принциптерде, діни мәдениетте нақты жазылып қойылған және әлеуметтік ойдың озық белгілері, жеке тұлғаның қасиеттері, адамгершілік үлгілері жинақталған күйде, әдептіліктің қоғамда қабылданған үлгісі ретінде көрінеді.

Ғалым-педагогтар осы заманғы педагогиканың алдында басты екі міндет тұр деп көрсетеді. Біріншіден, педагогиканы жалпыәлемдік құндылық (педа гогикада адамды жақсы көру және адам бостандығын қамтамасыз ету) деңгейіне көтеруге әрекет жасаған жөн. Екіншіден, барынша жетілген адамзаттық идеалды құру. Осы екі міндетті кіріктіріп адами мұрат жасауда бостандық пен сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды да ескеру қажет.

Жалпы әлемдік құндылықтар – түрлі халықтың, түрлі діннің, түрлі дәуірдің рухани мақсаттарын жақындастыратын құбылыс. Сол себепті де ол жалпыадамзаттық деп аталады. ХХ ғасырдың соңында Халықаралық топ алғаш рет дүниежүзілік тарихта адамның құқықтары туралы халықаралық негізге алынатын құжаттар жасады. “Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы”, “Баланың құқықтары туралы конвенция” және т.б., оларда тәрбиенің методологиясы мен теориясы, жаңартылған мақсат пен мүдделер қарастырылған. Онда халықтардың мұраттарын және рухани құндылықтарын дамытуда жаңа көзқарастарға негізделген халықаралық стандарт болып табылатын жалпыадамзаттық құндылықтар - адамның құқықтары мен бостандығы көрсетілген.

Өзін-өзі тану жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, рухани және шығармашылық қабілеттерін жарқырта көрсетуінің, әлеуеттік мүмкіндіктерін жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады. Өзін-өзі тану нәтижесінде ғана адам өзінің рухани өсу қабілетін шыңдайды, өзін-өзі жетілдіре түседі де, өмірдің рахатын сезініп, оның мән-маңызын түйсінеді.

Өзін-өзі танудың “кең” мақсаттарына адамның өзін жеке тұлға ретінде тануы мен өзінің өмірлік мақсаттарын белгілей алуы жатады. Кейбір ғалымдар өзін-өзі тану пәнінің мақсатына адамның өзін жеке тұлға ретінде тануымен қатар, өз өмірінің тұғырнамалық мәнін саналы түрде ғана емес, бейсаналылық пен санадан тыс деңгейде тануы да кіреді деп көрсетеді. Мұндай деңгейдегі өзін-өзі тану өмірдегі басқа мақсаттарды екінші кезекке ысыра отырып, өмір өзегін басқа арнаға бұратын мақсатқа айналуы мүмкін. Әйтсе де адамдардың дені өзін-өзі танудың шексіздігін сезінгендіктен де, оны оқытуды өмір сүруге, жасампаздыққа, өзін-өзі дамытуға жеткілікті дәрежедегі дағдыларды меңгерту аясымен шектейді.

Наши рекомендации