ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 4 страница
Оның өжеттігі, әлеуметтік іске құлшына кірісетіндігі соғыстың кара жұмысына қазақтарды алу жөніндегі 1916 жылғы маусым жарлығына бққаралық қарсылық тұсында-ақ көпшілік көзіне түсіп, жұртшылық жүрегіне ұялайды. Сол кезде Омбы шаһарында темір жолда жұмыс істейтін Мәмбет, Сатандарды осы қаланың маңындағы қазақ ауылдарының азулы болысы Жексенбай майданның қара жұмысына жедел жібермек болады. Сонда Мәмбет өздерінің басқа болыстың (яғни Ырғайты болысының) қарамағына қарайтындығын, демек, өзге ауылдың Омбы қаласында жұмыс жасап жүрген азаматтарын соғысқа баратындар тізіміне зорлап енгізуге Жексенбайдың хүқысы жоқ екенін ескерте келіп: «Бұл не деген қорлық? Бөлек дуанның, бөлек болыстың жігітіміз, бізді үстауға қандай закон бар? Біз бұл болыстың қолында өлмей, ұстамасына оңайлықпен кете алмаспыз» (287-бет),- деп кеудесін кернеген ашу-ызасын ашық айтады. Айтып қана қоймайды, оның (Жексенбайдың) қорлығына, зорлығына көнбейтінін іс жүзінде дәлелдеп, одан кегін қайтарады.
Ақырында, осы Мәмбет бірінші империалистік соғыстың батыс майданындағы қара жұмысқа жіберілген, тек 1917 жылғы ақпан төңкерісінен соң туған аймағына оралған Мардан және басқалармен бірге Қазан төңкерісіне дайындыққа белсене қатысады; темір жол жұмысшыларымен қоян-қолтық араласа жүріп, әскери істі, қару-жарақты тиімді пайдалана білуді үйренеді. Сөйтіп, «бұдан үш күн бұрын Петроград қаласында болған Қазан төңкерісін» (433-бет) өзі өскен өлкеде жүзеге асыруға бел буады. Романның бірінші кітабы осымен тәмамдалады да, Мәмбеттің Қазан төңкерісіне нақтылы қалай қатысқаны келесі кітапта керсетілетіні меңзеледі. Өкінішке қарай, ол кітаптыц дүниеге келуіне сталиндік зобалаң мүмкіндік бермеді.
Әйтсе де, ол жазықсыздан жазықсыз абақтыға әкетілген қасіретті күкге дейін-ақ, әдебиеттің асыл қорына аса ірі эпик ақын ретінде ғана емес, көрнекті прозашы ретінде де қомақты үлес қосып үлгерді. Оған жоғарыда аталған романның бірінші кітабы және жиырмасыншы-отызыншы жылдары жарияланған, 1987-1988 жылдары бес томдық шығармалар жинағының төртінші томына енген әңгімелері, сықақ әңгімелері мен повестерінің барлығы дәлел.
Оның, мәселен, «Отан» (1936) повесінде сол тұстағы өмірдің өте бір өзекті оқиғалары реалистік тұрғыдан тиянақты суреггелінеді. Негізгі кейіпкерлер Жамал мен Өтегеннің бұл повестегі шағын көркемдік кеңістікте әрі тип, әрі жеке-дара адамдар күйінде көрінуі - 20 жылдардың соңғы тұсы мен 30 жылдардың бас кезіндегі асыра сілтеушілік уақытында жүзеге асқан кәмпескелеу (тәркілеу) жаппай ұжымдандырудан кейінгі ауыр әлеуметтік жағдай фонында бейнеленеді. Сол ауыр жағдайда ерлі-зайыпты Жамал мен Өтегеннің тағдыры уақыт талқысына түсіп, өмірдің өз сынына, өте қатал сынына кезігеді. Жылыбұлақ жеріндегі «Голошекин» колхозында біреуден ілгері, біреуден кейін дейтіндей деңгейде болса да, адал еңбек етіп жүрген Жамал ауылдағы аласапыран өзгерістер кезінде төзімділік танытып, түрлі қиындықтарға өз бойындағы қайсарлықты қарсы қоя білсе, ал бұрыннан-ақ жұмысқа ынтасы жок, ауырдын, асты, жеңілдің үстімен жүруді ұнататын Өтеген енді тіпті жүнжіп кетеді.
Өз әйелі Жамалдың қандай қиындыққа болса да, осы «колхозға кірген қалың елмен көреміз» (296-бет) дегеніне құлақ аспайды. Қайта ауылдағы колхоз құрылысына үлкен күдікпен қарайтын, содан соң оның орнығуына, ілгерілеуіне іштей жауығып жүретін Жақыпбектің сөзін ұйып тыңдайды. Тек оны тындап қана қоймайды, сол досымен бірге, колхоздан қашқандармен бірге Қытайға кетеді, арғы бетке өтеді.
Бірақ көп кешікпей-ақ бүл жақтағылардың жетісіп жүрмегеніне, керісінше, жат елде әрең-әрең бас сауғалап, қайыршылық тауқыметін тартудың аз-ақ алдында жүргеніне кез жеткізеді: «Бұдан бір жыл бұрын кетіп, «қарық» болып жатыр деген адамдардың түр-тұрпатын көріп» (300-бет), олардың ішінен іріген лақсасы шығуға таяу тұрған тұрмыс-тірлігімен танысқан соң, Өтеген өте-мөте өкініп, мұнда бақыт іздеп емес, сор қуып» (300-бет) келгенін түсінеді. Түсінеді де, опық жеп, бөтен елде жүре берудің жөнсіздігін ұғады. Алайда, өз-өзінен «Жамалдан суынып, үй-тұрмысын тастап, колхоздан қашып, неше түрлі азаппен» (301-бет) Қытай жағына өткен Өтеген Қазақстанға жедеғабыл қайта қоймайды, ондай шешімге үзілді-кесілді келгенше төрт-бес жыл өтеді.
Повесть романдағыдай кейіпкер тағдырын кең ауқымда қамтымай, өмірінің кезеңді қүбылыстарын сол уақыттағы (демек, кейіпкер өмір сүріп, әрекет еткен кездегі) қоғамдық-әлеуметтік ақиқатпен салыстыра әрі дамыта суреттеу міндетін мүлтіксіз орындап шықк.ан. Соның нәтижесінде бұл повесте 20-жылдардың аяқ жағы мен 30-жылдардың бас кезінде қыруар қазақтың тағдырында, тұрмыс-тіршілігінде өшпес із қалдырған типтік жағдайға сай Жамал мен Өтегеннің характерлері қарама-қарсы күйде, демек, сол тұстағы әлеуметтік дамудың әр алуан децгейіндегі адамдардың қарама-қарсы екі тобына тән типтік сипат-белгілерді танытатындай түрде бейнеленген.
Мұндай жетістіктермен қатар, рас, I.Жансүгіровтың ол кезеңде, әсіресе, отызыншы жылдардың бас кезінде жазылған қайсыбір прозалық шығармаларынан жетіспей түрған жайлар да байқалады. Ал, оның түп тамыры - Ілиястың 1932 жылы желтоқсан айында «Кеңес әдебиетін көркейтіп, партия директивасын орындаймыз» («Социалистік Қазақстан» газеті, 26 желтоқсан, 1932 жыл, № 296) деген мақаласындағы дүниетанымына барып тірелетін тәрізді. Партия директивасын орындау арқылы, демек, республиканы Ф.И.Голощекин билеген тұстағы әміршіл-әкімшіл тәртіптің әпербақан талабын сөз өнері саласында да жүзеге асырумен қазақ кеңес әдебиетін көркейтуге болады-мыс деген қате көзқарастың шырмауында болғаны байқалады. Оған келесі - 1933 жылғы жинағында басылып шыққан «Социализм болғанда ауыл қандай болады» деген әңгімесі айғақ. Бұл әңгіменің заты (идеялық мазмұны) ғана емес, тіпті кейіпкерлерінің фамилиялары да саясаттандырылып, идеологияландырылып: Оңшылбаев, Солшылбаев, Большевиктеров деп аталған.
Ең өкініштісі - мұнда социализм кезіндегі ауылдың, әрине, колхозды ауылдың қандай болатыны жөнінде пікір айтылып, талас-тартыстан шындық айқындалып, соның нәтижесінде, әңгімедегі адамдардың тағдыры танылып жатқан ештеңе жоқ. Астанадан аулақ, жырақтағы ауданды аралау сапарына шыққан, поездың бір вагонында отырған үш өкіл социализм тұсындағы ауылдың, колхозды ауылдың қандай болатыны туралы жобаларды отызыншы жылдардың бас кезінде әр алуан ортада сөз болып, жұртты әбден ығыр еткен жәйтті, яғни ауылдағы колхоз құрылысы жөніндегі оңшылдық, солшылдық және большевиктік қасаң қисындарды естеріне алады. Ал, Оңшылбаев пен Солшылбаев түсінде, яғни қиялында көрген социализм сипаттарын, белгілерін өңінде әңгімелеп созғылайды.
Ол екеуінен Большевиктеров та қалыспайды. Социализм: және оның тұсындағы колхозды ауылға большевиктердің қалай құрайтыны хақындағы көпке белгілі пікірді өз ойы, өз тұжырымы сияқтандырьш баян етеді. Ащы ішектей шұбатылған баяндауын: «Мен білсем, анық социализм сіздердікінен бөлегірек болмақ» (143-бет), - деп сыпайы түрде бастап, одан әрі даурыға сөйлеп: «Колхоз мал бағуда сіздер ойлағанша болмаса керек: мал тұқымы асылданған, сапасы дұрысталған. Сүті де, жүні де, еті де өнімді..: Сиырлар - ағып тұрған сүт бұлағы. Колхоз, совхоздар сиырды электрмен сауады... Қымыз да өз алдына бір зауыт... Зауыттың іші қайнап жатқан машина. Біреуі айналып, біреуі көшіп электр піспекте қымызды күмпілдетіп «сабаша» пісіп тұр... Әне, кең майдан. Спорт майданы: жүздеген колхоз жастары сонда... Ақырған поезд, жосыған автомобиль, мотоциклеттер, машиналар. Аспанда аэропландар, дирижабль.
Міне, социализм болғанда, ауыл осындай болмақ керек. Біз болашақтағы «колхоз ауыл» деп, осы сияқтыны айтамыз... Біздің ауыл болашақта сондай болу үшін бізге бүгін:
- колхоз малдарының сапасын көтеру керек. Малдың сапасы дұрысталып, өнімі берекелену үшін тұқымы асылдансын, жем-шөбі жақсылансын. Қыста корасы жылылансын, жазда жайылымы жақсы болсын... Тағы, тағылар... Осыларды іске асыру үшін баймен де, кулакпен де, оңмен де, солмен де қатты күресеміз...
Міне, сіздер бара жаткан елге барамын... Сол аудандағы оншыл, солшылдарға қарсы жұртшылықты көтеріп, күрес ашқалы барамын» (144-145-беттерден),-деп аяқтайды.
Сөйтіп, міне, Большевнктеров оңшылдар мен солшылдарға қарсы күреске ұйытқы болу үшін алыстағы ауданға бара жатыр екен. Ол ауданға анау екеуі де бекерден-бекерге бара жатпаса керек. Оңшылбаев, сірә, сол ауданға бара сала солшылдар мен большевиктерге қарсы күресті шұғыл үйымдастыратын түрі бар. Бұл екеуінен Солшылбаев та қалыспауға тиісті. Демек, қуырдақтың көкесі түйе сойғанда болады дегендей-ақ, тартыс-тайталастық, күрестің көкесі әлі алда. Соған орай Оңшылбаевтың, Солшылбаевтың, Большевиктеровтың қандай кейіпкерлер екені де, қандай мінез-құлықты өкілдер екені де күрес үстінде танылатын шығар деген үмітпен, екіұдай күймен шығарманың соңғы беті жабылады. «Социализм болғанда ауыл қандай болатыны» ашылмайды. Сондықтан ондай дәуірдің болатындығы жөнінде үзілді-кесілді тұжырым жасау тіпті мүмкін емес.
Мәселе, әрине, әдебиетті, сол кездегі саясаттың жалаң құралына, жадағай насихатшысына айналдырып жібермеуде еді, көркем шығармадан оның табиғатына жат нәрсені, мысалы, күнделікті баспасөздегі очерктің, суреттеменің міндетін атқаруды талап ету артық еді. Қазір талассыз мойындайтын нәрсе - әдебиеттің ойлы болуы, керкем болуы, саясат шылауында кетпеуі... Көркем сөз белгілі бір саяси жағдайды аңғартуы мүмкін, ұғындыруы мүмкін, бірақ өзі саясат құралы бола алмайды. Бірақ ол кездегі жағдай бұлай ойлауға мүрша бермеді.
Ал, қай шынайы қаламгер өз шығармасының озық идеялы көркем әдебиет қатарына қосылуын қаламайды? Осынау ой-мүддесін сөз өнерінің сиқырлы құдіретімен, күшімен жүзеге асырып, сөйтіп, қоғамның дамуына, ілгерілеуіне өз үнін, өз үлесін қай жазушының қосқысы келмейді? Мұндай сұраққа олар, әрине, оң жауап қана беруге асықты. Саясатқа берілген, идеямен суарылған шығармалар жазуға тарысты.
Отызыншы жылдардың алғашқы кезінде идеологиялық диктат каншалықты өктем болғанмен, қазақ ақын-жазушыларының ішінде жалаң саясатқа ұрынбай, дәстүрге сүйеніп, сол ауыр заманның өзінде шығармашылық ізденістер жасағандары болды. С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов қатарында болған С.Мұқанов «Жүмбақ жалау» (кейін «Ботагөз») романын жазып, көркем прозаны көш ілгері дамытты. Романның басты кейіпкері Ботагөз - өзі үшін де, өзге үшін де қажырлы қайрат көрсете алатын, сауаты бар, заманының алдыңғы катарлы адамы. Оның әлеуметтік теңсіздікке үзілді-кесілді қарсы тұруы ұзақ эволюциядан өткен ұғым, түсінік.
Романда Ботагөзден, ірі кейіпкер Амантайдан басқа бірталай қаһармандар бар. Мәселен, Асқар, Темірбек, Кенжетай, Бүркітбайлар әділетсіздікке, ар-намысты аяқ асты еткен қорлыққа шыдамай аянбай күреседі. Бұл жерде, әрине, аталған кейіпкерлердің әр қайсысына жеке-жеке тоқталып, олардың шығармада атқаратын идеялық-көркемдік рөлін егжей-тегжейлі талдап жатудың қажеті жоқ. Роман кезінде көп әңгіме етіліп, өз бағасын алған. Сондықтан осы романның отызыншы жылдары жарық көрген басқа прозадан, ең әуелі негізінен алғанда, өзімен тақырыбы үндес прозадан ерекшелігіне қатысты пікірімізді білдірумен ғана шектелмекпіз. Сондықтан тек мынадай ерекшеліктерін атап өтуге болады:
— Біріншіден, мүнда Амантайдың, Ботагездің, Асқардың, сондай-ақ Темірбек, Кенжетай, Бүркітбай сияқты жарлы-жақыбайлардың төңкеріс қарсаңындағы және сол төңкерістен кейінгі алғашқы жылдардағы әр алуан тағдырын әр қырынан көрсетіп, Қазан төң керісінің жеңісін, казақ бұқарасының сол кездегі ұғым бойынша елдік иелікке жеткенін жазушы эпикалық көлемде көркем айтып берген;
— Екіншіден, бұған дейінгі шығармаларда 1916жылғы маусым жарлығының алдындағы және одан кейінгі ұлт-азаттық көтерілісі, соған жалғаса 1917 жылдың Қазан төңкерісіне дейінгі басқа да да өзекті оқиғалар айтылып келсе, мұнда сонау 1905 жылғы орыс төңкерісінен 1920 жылға дейінгі, яғни Көкше өңірінде кеңес өкіметінің орнауы шындыққа айналғанға дейінгі ірі-ірі өмір құбылыстары диалектикалық тұтастықта, әрі сол тұстағы қоғамдық әлеуметік жағдайлармен берік байланыста бейнеленген.
Романның сол тұстағы басқа прозалық шығармалардан және бір ұтымды жағы - біраз нанымды көркем бейнелер жасай алғандығында. Өзге романдарда шығарманың бас кейіпкерлерінің өсу тарихы толық айтыла бермейтін. «Жұмбақ жалаудың» басты тұлғаларының тарихы мен тағдыры кең ашылған, жинақтаушылық күші жағынан типтік дәрежеге дейін көтерілген.
Егер осынау көркемдік жетістіктің түп төркініне үңілсек, оның түбегейлі себебі «Жұмбақ жалаудың» (1938) жалпы алғанда, отызыншы жылдардағы қазақ прозасының, жекелеп алғанда, әңгімеленіп отырған кезеңдегі С.Мұқановтың романшы ретіндегі ыждағатты ізденісінің қорытындысы, шығармашылық тың табысы болуында. Өйткені, С.Мұқанов бұл шығармасын бітіргенге дейін үш роман және бірнеше повесть пен әңгімелер жазып, шеберлігін іс үстінде шыңдаған. Жиырмасыншы жылдардың аяқ кезінде (дәлірек айтқанда, 1928 жылдың көктемінде) бастаған «Адасқандар» романын 1931 жылы «Қазақстан» баспасынан шығарған. Оның қатарына «Теміртас» (1935) және «Есіл» (1938) романдары қосылған.
Азамат соғысы жылдарына арналған «Есіл» романында жазушы іргелі мәселелерді көтеріп, бас кейіпкер Айдос бейнесін бірқыдыру жақсы шығарды. Кітапта азамат соғысы оқиғалары Есілдің тасуымен астаса, тебірендіре, әрі өткір суреттеледі. Роман «Теміртастың» алдындағы оқиғаны баяндауға арналғандай. Кітаптың аяқ кезінде сюжет желісіне Теміртас, Малбағарлар араласады»1.
Ал, «Теміртас» романының аяқталған бірінші кітабында (екінші кітабы шыққан жоқ) Қазан төңкерісі мен Азамат соғысынан кейінгі қазақ ауылының тұрмысы, тірлік-тынысы бейнеленеді. Шығарманың алғашқы беттерінде-ақ ауылдың еті тірі азаматы, қыр еліне ене бастаған жаңалық нышандарын өзінше пайымдай білетін Теміртас көрінеді. Оның Қайрақты көлінің маңайындағы шөбі шүйгін, суы бал Қарсақбай қонысына кедейлер ауылын, қырық үйлі Құлтабанды көшіріп әкелуді армандап жүрген сәті тәп-тәуір суреттелген. Ол тағдырдың талай тауқыметін бастан кешірген, сонда да мойымаған жігерлі тұлға түрінде, әсіресе көпшілікті ортақ мүдде-мақсатқа ұйымдастыруға шамасы келетін кісі күйінде көрінеді.
Романда өлкелік партия комитетінің өкілі Сағындық аудандық ауқымдағы партия қызметкерлері Мұрат, Қозыбак, ауыл белсендісі Жауқашар, Теміртастың әйелі Шолпанның әкесі Малбағар және басқаларының мінез-құлықтарының бірсыпыра сыр-сипаты ашылған. Бұлардың қандай жандар екені, негізінен алғанда, байлар қонысын кедейлерге бөліп беруге байланысты мәселемен астастырыла аңғартылады. Әйтсе де, романның бірінші кітабы жер бөлісі науқаны қыза түскен кезде аяқталғандықтан, шығарманың салмақты көркемдік жүгін арқалаған адамдардың, соның ішінде Теміртастың да тұлғасы жеткілікті дәрежеде толыса түспеген.
Олармен салыстырғанда, анау Қайрақты көлінің төңірегіндегі құнарлы қоныстың ежелгі иесінің баласы, сол өңірді көрмек түгіл, түсінде елестеткісі келмейтін Қасқырбай байдың ұлы Түлкібайдың бейнесі толықтау берілген. Оның өз әкесіндей тоңмойын емес, уақыт-талабына тез бейімделгіш әккі екені, байлардың қонысын кедейлерге бөліп беруді Теміртастан басқалардың да армандайтынын жедел ұққан залым, ақылды арамза екені айқын аңғартылған. Ол өзінің арамза пиғылдарын көбіне-көп айла-шарғы арқылы жүзеге асырады. Сондықтан түлкі бұлаңмен тірлік етуге септігі тиетін нәрселердің бәрін тиімді пайдалануға әрдайым әзір. Мәселен, жоғарғы жақтан келген өкілдердің қаһарына ұшырап, «қара тізіміне» ілікпеу үшін құрдай жорғалап жүріп қонақ қып қана қоймайды, оларды әбден көңілдендіріп, мәре-сәре істеріне жас қарындасы Гауһарды да құрбан етеді. Сол бір қиын кезде қара басын аман алып қалу үшін Түлкібайдың ештеңеден тайынбайтыны көрінеді.
Жалпы алғанда «Теміртас» романының бұдан басқа тұстарында да жер бөлісі кезіндегі ауыл адамдарының әр алуан тағдыр-талайы, жай-күйі баян етіледі.
Жазушының отызыншы жылдарғы «Суалмас сауын» (І931), «Алтын аймақ» (1934-1937) әңгімелерінде ауыл адамдарының өмірі «Теміртас» романындағыдан мүлде басқа жағдайда көрсетіледі, яғни ауыл адамдарының өндіріс орындарына арнайы барып, жаңа кәсіпті үйреніп, игергені, соның нәтижесінде жаңаша тұрмыс құрып, әлеуметтік ахуалдарын жақсарта түскені бейнеленеді.
«Алтын аймақ» әңгімесінің негізгі кейіпкері Алтынсары ауылдық жерде жылқы бағудан өзі бастартып, Көкше өңіріндегі алтын өндіретін кәсіпорынға барады. Ол Степняк алтын өндірісінде еңбек ете жүріп сауатын да ашады, тұрмыс-жағдайын да жедел жөндейді. Егер «Степняк Отанға алтынды ай сайын қалақтап емес, бұттап беріп жатса» (сонда, 326-бет), міне, бұл аса құнды қазынаны өндіру ісінде оның да үлесі үлкен. Әңгіме соңында алтын іздестіру ісімен айналысуға Алтынсарының ауылдасы, жақын туысындай боп кеткен жолдасы Шауыпкел де уәде етеді. Сонда оған: «Ала білген қолға Көкшенің байлығы жетеді», - дейді Алтынсары,- біз екеуміз түгіл талай мыңдаған адам жүздеген жылдар қазып тауыса алмайды... Бұл - алтын аймақ!» (Сонда, 329-бет).
С.Мұқанов өндіріс орындарында жұмыс жасап жүрген еңбек адамдары туралы да жазып, яғни әлі күнге күшін жоймаған өзекті мәселені әдебиетімізде алғашқылардың бірі боп көтеріп, отызыншы жылдардағы прозаның көркемдік қазынасын байытып, тақырып аясын кеңіту жолында өз тарапынан келелі іс тындырған.
Отызыншы жылдардағы прозаның басым тақырыбы қазақ даласындағы ежелгі жеке меншік, ұсақ шаруашылықты колхозға біріктіру төңірегінде болып отырады. Ауыл адамдарының түрлі өзгерістерге байланысты психологиясын шебер бейнелеген, жаңа заманға ілесіп, қазақ ауылына келген жаңалықты, шаруа тұрмысындағы бетбұрысты ізін суытпай терең топшылай білген ірі суреткер - Бейімбет Майлин.
Оның бүкіл шығармашылығы өз халқының өмірімен тығыз байланысты болғанын сол кездегі қазақ қалам қайраткері Қ.Өтепов: «Бейімбеттің көркем әдебиеттегі 21 жылдық өмірі жалпы Қазақстан жүртшылығының өсу өміріне толық байланысты. Қазақстан жұртшылығы қандай асу, қандай тар жол, тайғақ кешу өтсе, Бейімбет се сондай асуларды, кешулерді өтті», - деп тұжырымдайды.
Б.Майлиннің қаламынан туған шығармалар тобында «Қара шелек» (1930), «Ұлбосын» (1930), «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры», (1930), «Арыстанбайдың Мұқышы» (1930), «Колхоз қорасында» (1930), «Қызыл әскердің үйі» (1931) сияқты әңгімелері бар. Қарапайым қазақ шаруасының тұрмыс-тіршілігін, психологиясын, жаңаша шаруашылық құруда қаншалықты толғаныс, қайшылықтар болғанын, жұрттың қалай қорқа соға біртіндеп жаңа өмірге ене бастағанын аса білгірлікпен нанымды суреттейді. Азын-аулақ мал-мүлкінің игілігін өзі ғана көріп отырған шаруа ұжымға біріксе, молшылық орнайды дегенге сену оңай да емес. Ұжым болуға ауқатты, өз шаруашылығы өзіне жарайтын-шаруа түгіл, кедейлердің өзі де бұған күдіктене қарайды, барымнан айырылып қаламын ба деп уайым жейді.
Шаруа көңіл-жайының осындай иірімдерін жазушы «Қара шелекте» тамаша ашқан. Әңгіме кейіпкері Айша артель ұйымдастыру туралы жиылыс қаулысы дауысқа қойылғанда, қаулыны қүптап бірінші болып қол көтереді, онан соң осы артель басқармасының бастығы болып сайланады. Жиылыс үстінде, көптің ауқымында алған өз шешімін Айша оңашада қайталап, ой таразысынан өткізеді, дұрыс, бұрыстығын біле алмай, дал болады. Артель мүшесі екенсің және артель бастығы екенсің, онда енді мал-мүлкің ортақ. Елдің түсінігі осындай. Олай болса, Айша қара сиырына да, қара шелегіне де ие емес. Оларды кім қалай жұмсайды, көптің еркінде. Айшаның жанына бататыны - өз мүлкінің өз қолынан шығып кету қаупі.
«...Қараңғы түнде, төсекте жатқан күйінде Айшаның көзіне желіні салпылдаған ала сиыр елестеп кеткен тәрізденеді. Жапырылған қара шелек елестеген сияқтанады»1. Автор әңгімесін осындай жолдармен аяқтап, үзілді-кесілді өз шешімін ұсынбай, оны оқушы топшылауына қалдырып, колхоз өміріне аяқ басуда Айша басындағы толғанысты қоюландыра түскен. Өмір шындығының өзі де осындай болатын.
«Қара шелек» әңгімесіндегі әуенді «Ұлбосын» (1933) әңгімесінде байқауға болады. Колхоз болашағына күдіктене қарау Оспан мен Шәрипаның басында да бар. Орташа дәулетті момын шаруа Оспан колхоздың тиімділігін бірқыдыру түсінеді де. Ауылдастарымен бірге Оспандар артель мүшелігіне кідіріссіз жазылған.