Даиш-тен келер Қауiп Қандай?

Балғабек МЫРЗАЕВ,

теология ғылымының докторы

Өткен жылы елорданың Есіл аудандық соты «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымын террорлық деп танып, қызметіне тыйым салды. ДАИШ елімізде террорлық деп танылған 17-ші ұйым болып отыр. Айта кету керек, содырлардан жасақталған террорлық топ қазіргі уақытта Ирак пен Сирияның біраз аумағын басып алған. Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше бұған дейін ДАИШ қатарында 300 қазақстандықтың соғысып жүргенін мəлімдеген болатын.

Ислам атын жамылып жер бетінде халифатын орнатамыз деп жаһанды дүрліктірген «Ислам мемлекеті» жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдары елімізде террористік деп танылды. Себебі, оның идеологиясы мен мақсаты Қазақстан Республикасы қол қойған халықаралық келісімдер мен еліміздің заңнамаларына қайшы келеді жəне Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді. Сонымен қатар, осы ұйымдардың «әл-Каидамен» байланысы бар екені жəне лаңкестік əрекетерге араласқаны да анықталды. ДАИШ жер бетінде Ислам халифатын орнатамыз деген ұранмен бірқатар мемлекеттерден жиналған заңсыз қарулы топтар арқылы Ирак жəне Шам елдерінде діни дүрдараздық пен бүлік тудыруда. Исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, адамдарды мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа қатысуға шақыруда. «Халифатшылардың» ғаламтор бетінде дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне видеоматериалдар күн санап көбеюде. Ал енді ДАИШ содырларының ғаламторда толып жүрген бейнероликтеріне назар салсаңыз, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе кəпір деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, асылып, бастары кесіліп, қойша бауыздалып жатады. Исламда адам өмірі, оның құқығы қасиетті. Адамның жаны – Алланың оған берген аманаты. Адамның жанын алуға Алладан басқа ешкімнің құқы жоқ:«Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер…»(Əнғам: 151).

ДАИШ-тіктер – зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, əйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету жəне оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстар». Сонымен қатар ДАИШ Ирактағы шиит, христиан, түркімен, күрд, езид сынды этникалық əрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төгуде. Сондықтан, мүшелері қолына Құран ұстамаған ДАИШ содырлардан құралған лаңкестік ұйымнан басқа ештеңе де емес. Олардың шектен шыққан əрекеттерін, ДАИШ-тың басшысы Əбу Бəкір əл-Бағдади мен оның жақтаушыларын айыптаған мұсылман əлемінің жүз жиырмадан астам белгілі ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланғаны белгілі.

Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасап жатқан əрекеттері мен декларацияларына талдау жасап, олардың ислам ұстанымдарына мүлдем сəйкес келмейтінін баяндайды. Олардың тəубеге келіп, қайырымдылық пен мейірімділік дініне қайтуларын жəне террористік əрекеттерін тоқтатуға шақырады. Мысыр пəтуа шығару басқармасы такфир ағымы деп танылған ДАИШ террористік ұйымының өзін-өзі жарып жіберуге арналған қаруды қолдануына қарсы пəтуа шығарды. Пəтуада: «Мұндай қарулар арнайы жасалады. Бүгінде лаңкестер өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарудың əйелдерге арналған түрін ойлап шығаруда. Мұндай қару террористік қақтығыстарда өзін-өзі жару үшін жасалған. Қазіргі таңда лаңкестер өзін-өзі жарып жіберу əрекеттерінде əйелдерді құрал етіп алды. Лаңкестер ол үшін алдымен бір əйелді таңдап алып, оның санасына психологиялық шабуыл жасайды. Əлгі əйелге өлім туралы əбден насихат айтылады. Қажет болған жағдайда өзін өлтіруге итермелейтін арнайы миға əсер ететін шөптер ішкізеді. Біршама уақыттан кейін əлгі əйел дайын əскер болып шығады» делінген. Осы əлемдегі беделді ислам елдерінің ғалымдарының ислам атын жамылған «Ислам мемлекеті» террористік ұйымын айыптағанын ескере отырып, Астана қаласы Есіл аудандық сотының «Ислам мемлекеті» (олардың «ДАИШ», «ИГИЛ» деген де атаулары бар) жəне «ан-Нусра фронты» ұйымдарын террористік деп танып, оның Қазақстанның аумағында қызметіне тыйым салуы дер кезінде қабылданданған шешім екені анық.

Наши рекомендации