Комикалық категория.
Біздің бәрімізде комикалық дегенді естісек ойымызға күлкілі деген ұғым келеді. Бірақ мұны барлық уақытта солай бола береді екен деп ойлауға болмайды. Комедияның күлкі тудыратыны рас, бірақ күлкінің бәрі бірдей комедиялық әрекеттен туады десек қателесеміз. Дегенмен күлкі адамның айналадағы комедиялық құбылыстарға деген көңіл-күйінің көрінісі, ол күлкінің адамға қатыстылығын, субъективті сипатын ғана аңғартып қоймайды, жеке адамның комедиялыққа қатынасын да айқындайды.
Расында да комикалық деген шын мәнінде не өзі? Комикалық дегеннің мәні – қарама-қайшылыққа толы комизм – алауыздықтың, текетірестің, қарама-қарсылықтың нәтижесі: Аристотельше – сұрықсыздық пен әсемдіктің, И. Кантше – бейшаралық пен асқақтықтың, Жан Поль мен А. Шопенгауерше – ақымақтық пен ақылдылықтың, Гегельше – жалғандық, негізсіздіктің ақиқаттылыққа, маңыздылыққа қайшылығынан пайда болады дейді. Бірақ бұл анықтамалар да комедияның шынайы мәні мен мазмұнын ашып бере алмайды.
ХІХ ғасырдың бірінші ширегіндегі француз қоғамының өмірін суреттейтін О. Бальзактың атақты романдар сериясын автордың өзі «адамзат комедиясы» деп атаған. Бірақ ол романдарды тек қана күліп отырып оқимыз десек қателескен болар едік. Сол сияқты орыс жазушысы А. Чехов та өзінің атақты пьесасы «Шие бағын» комедия деп атаған. Бірақ оны көріп отырып біз жай ғана күлмейміз, бұрын өзіміз байқай қоймаған, бірақ бізбен бірге қатар өмір сүріп келе жатқан тоғышарлық пен келеңсіздікке ой жібере отырып күлеміз, сонымен қатар кейде мұңайып, іштей уайым жеп қайғыға берілетін кездеріміз де болады. Яки комедияның шақыратын күлкісі арзан күлкі емес, ойлы күлкі екенін аңғарамыз.
Трегедия секілді комедия да өмірдегі қарама-қайшылықты сипаттайды, ескі мен жаңаның арасындағы тартысты суреттейді. Бірақ трагедиялықтан ерекшелегі сол – комедиялық ескінің әлсіздігін, оның дамып өркендеп келе жатқан жаңа дамумен сәйкеспейтіндігін, ақиқат өмірдің мүмкіндіктері мен талаптарымен үйлеспейтіндігін, оның әсемдікке қарсы күресте берекесіздік танытып жеңіліске ұшырайтынын өнер арқылы көрсетеді. Комикалық деген – ол бұрынғы жаңаның ескіріп, адамзат мүмкіндіктеріне сәйкес келмесе де, өмір ағымынан қалғысы келмей, аяққа оралғы болып, өзінен кейін пайда болған жаңаға кедергі келтіру, сол арқылы әсемдік талаптарының өлшемін бұзуы. Ал оның күлкі шақыратыны, ескінің жаңаны жеңуге күші жетпейді, ескінікі әділетті күрес емес, керісінше тыраштану ғана. Трагедиялық пен комедиялықтың басты айырмашылығы да олардың бірінде әсемдіктің, яғни жаңаның әлсіз (трагедия), ал екіншісінде (комедия), керісінше, сол жаңаның күшті, үстем болуында деп ойлаймыз.
Комедияның шығу тегі мен даму, қалыптасу кезеңдері туралы белгілі ғалым Есмағамбет Ысмайлов өзінің 1940 жылы шыққан «Әдебиет теориясының мәселелері» деген еңбегінде біршама толығырақ мәлімет береді.
«Комедияның өзі ең алғашқы уақытта гректе шыққан.
Космос – карнавал, ода – өлең деген сөз (яғни карнавал өлеңі). Бертін келе комедия деген ат алған. Комедия – бұл күлкілі өлең мен мимиканың түйісуі. Әуелде Афинаның тұрған халықтары өсімдік құдайы Дионистің құрметіне ойын жасап, күлдіргі хор айтады екен. Комедия осыдан шығады.
Грек әдебиетінде комедия жанрын бастаушылар Катрин мен Аристофан болған. Біздің эрадан бұрынғы III-IV ғ. характер, интрига комедиясы шыға бастайды. Тилемон, Менандр сияқты комедия жазушылары шығады.
Комедия кейіннен рим әдебиетінде де шығады. Атақты Плавт, Теренци грек жазушыларына еліктеп, римнің адамдарына гректің киімін кигізіп атын береді. Рим империясы құлауымен комедия жоғалады. Орта ғасырда комедия өсіп өрши алмайды.
Тек қана XV ғ. Италияда грек комедиясына еліктеген комедиялар туады, бірақ сатиралық кекеу, мұқату жағы жоғалып жай көңіл көтеру үшін ғана алынады.
XVI ғ. Шекспирге дейін бұл комедия тұрақты қалыпқа түсіп, бір қаладан, екінші қалаға көше береді де, өсе алмай қалады. Комедияны өсіріп жетілдіруші Шекспир болды.
Бертін келе комедия Испанияда өседі. Бірақ, Испан комедиясы басқа жолмен кетеді. Испан комедиясында комедия мен трагедияның элементі аралас, әрбір үш перделі сюжетті драманы комедия деп атаған.
Бұл комедияда күлдіріп, сықаққа түсетін шаруа, құл адамдары болады. Бұл Испанияда комедияны өсірген атақты Лопе де Вега және Кальдерон.
Ағылшын комедиясы да осы испан комедиясына ұқсас, өз алдына жолы жоқ.
Комедия XVII ғ. французда өсіп шығады. «Мінез−құлықты күлкімен түзету» деген буржуазияның жаңа көтеріліп келе жатқан ұраны болды. Француз комедиясының атасы Молиер болды. Ол, өткен дәуірдегі әдебиеттің барлық тәжірибесін пайдаланып характер комедиясының жоғарғы сатысын жасады. Ол кейінгі шыққан ағылшынның – Конгривіне, Испанның – Моратинніне, Италияның – Галдонине, орыстың Фонфизин, Грибоедовіне әсерін тигізді.
Соның артын ала француз буржуазиясы күлкіден жалығып, сентименталдық комедияға көшеді, сентименталдық комедия драманың бірінші адымы болады; бірақ, комедия ең ақырғы рет революция алдында Бомаршеннің атымен байланысты бір көтеріліп барып сөнеді.
Бомаршеннің «Фигароның үйленуі» деген комедиясы халықты ескі өмірге қарсы күресуге шақырды. Германияда французға еліктелінген комедия ақсүйектердің қолындағы құралы болды. Осылардың қолынан тартып алу жөнінде Лессинг немістің ұлттық комедиясын жасау керек деген ұран тастады. Орыс әдебиетінде комедияның әдемі түрлерін шығарған Грибоедов, Гоголь, Островский болды. Бұлар комедиясында ірі әлеуметтік мәселені көтереді.
Островский комедияның өзін драмаға айналдырды. Мұның драмасы нағыз реалистік драма еді». [27, 75 б.]
Ал қазақ комедиясының басында Ж. Аймауытов (Сылаң қыз), Б. Майлин (Майдан), М. Әуезов (Түнгі сарын, Айман – Шолпан), Ғ. Мүсіреповтер тұрды. Олар қазақ қоғамының арғы бергі тарихындағы оқиғаларды, өздері өмір сүрген тұстағы келеңсіздіктерді күлкіге айналдыра отырып, қоғамдық қатынастардың ақиқат шындығын ашып берді.
Мысалы, Ғ. Мүсіреповтің «Ақан сері, Ақтоқты» драмасындағы Ақтоқтының әкесі Қоңқайдың монологынан оның қызының бақытын емес, дүние мен жалған қолпашқа елігіп, шолақ ойлайтын тоғышарлығын көреміз.
«Қоңқай. Солай болдың Қоңқайым! Төре тұқымына құда болдың, Қоңқай атың құранға да түсті...
Тәңірі деген, далаға шығып, желпініп бір алмасам, тіпті үйге сыя алар емеспін. Күні кеше екі кісі бас қосса, әркімнің аузына бір қарап, түгіне түсінбей, қайтып келіп қатынынан сұрайтын Қоңқай! Міне кім болдың бүгін! Кім болдым дейім саған! Байқашы өзіңді өзің: кімнің қолы батар екен қабырғаңа? Уа, қайда жүр әлгі Сердәлі? Көкшетау дуанының көзі сүрінетін той жасағалы отырғанымда, жаман неме, қатын-қалаштың арасынан шыға алмайын деп жүр ме өзі?! (Қаранып.) Түу-түу!.. Мына бетті қараңдар, қаптап келеді қара құрттай! Қап, сорлы «Басен-тиінде» келеді екен, аяқ асты болып қалып жүре ме байғұстар... Осының бәрі де Қонқайдың тойына барамыз деп аттанды-ау, ә? Мына думанда қызып кетіп, біреуіне тілім тиіп кетіп жүрмесе жарар еді... Тоба де Қонқай, тоба де!.. Бәрі де хазіреттің арқасы! Кісі деп жарықтық хазіретті айтсаңшы. Аузында алласы отырса, көңілінде мен сияқты бір жазған тағы тұрады. Шыңғыс тұқымының сауырынан басып-басып байқады да, бір марқасқасын «Мә, Қоңқай!» деп ұстата салды! Ертең Ақтоқтыны ұзатып апарғанда атымды байлап жатқан біреуіне – «Уай, сен төре тұқымы болғанда қайсысының баласы едің?» деп сұрасам, содан арғының керегі де жоқ маған... «Үлкен құданың өзін тарт, өзін тарт!» деп, шаңыраққа аса жөнелгенде өліп кетсем де мейлі!» [28, 242 б.]
Әлі қолы жетпеген жалған байлық пен алдамшы құрметке мас бейшара адамның шалағай ойының күлкі шақыратыны рас. Бірақ бұл тек қана Қоңқайдың басындағы күй емес, жазушы тек қана бір Қоңқайды күлкі етіп отырған жоқ, ол сол қоғамдағы өз баласының бағын саудаға салған талай Қоңқайлардың тоғышар ойлары мен арсыз әрекеттерін келемеждеп отыр. Ескінің қалдығы ретінде көрінетін Қоңқай әрекеті, оның шолақ арман-қиялы комедиялық құбылыс. Ал ондағы күлкі өмірі өткен шарасыз әрекетке негізделген, оның бәрібір жеңіске жете алмайтынына сенімнен туған күлкі.
Комедияның да трагедия сияқты пайда болып, өмір сүретін ортасы – адамзат қоғамы болып саналады. Мынау өмірде күлкіні тудыратын да, оған күлетін де адам ғана. Кейбір зерттеушілердің басқа табиғат құбылыстарынан күлкі іздеуі қателік. Мәселен иттің еркелеп арсалаңдауы, маймылдың түрі мен әрекеттеріндегі күлкілі жайттар, түлкінің қулығы мен аюдың ебедейсіздігі адам көзімен көріп, адам санасымен бағалағанда ғана күлкілі. Бұл жерде адамдар жәндіктер мен хайуанаттардан өздерінің мінез-құлықтары мен әрекеттеріне ұқсас жайттарды көріп күледі. Сондықтан да көркем шығармаларда (мысалдар мен анекдоттарда) оларды мысалға ала отырып, адам мінезін ашуға, жағымсыз әрекеттерін сынауға, ақиқат шындықты танытуға пайдаланған.
Комикалық – нақты қоғамдық құндылық. Адамнан басқаның қандай да бір қимыл-әрекеті табиғи комикалық болып саналмайды. Егер көшеде біреудің ышқыры босап кетіп, шалбары түсіп кетсе де күлеміз. Бірақ бұл да шынайы комикалық құбылыс бола алмақ емес. Нағыз комикалық әрекеттің әлеуметтік мәні болуы керек.
Ақиқат өмірде комикалықтың пайда болу жолдары да, оның адам көңіл-күйіне әсер ету сипаты да алуан түрлі болып келеді. Комикалық атаулының ылғи да күлкі шақыра бермейтіндігі туралы жоғарыда атап өттік. Сол сияқты күлкінің де әр түрлі сипаты, мазмұнының өзі әр басқа болып келетінін аңғара бермейміз. Жеңіл күлкі, қуаныштан туған күлкі, ашу-ызадан шыққан күлкі т.б. деп санамалап кете беруге болады. Оның бірі жеңіл әзілден, екіншісі мазақ етуден, үшіншісі масқаралаудан туындап жатады. Бұлардың арасында қатып қалған белгілі шекара бар деп айта алмаймыз. Жеңіл әзіл кейде иронияға, ал ирония сарказмға ауысып жататынын да білеміз.
Абай өзінің төртінші қара сөзінде күлкіні былайша сипаттайды: «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа қайғыны, орынды харекетпен азайт.
Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалма, ол өзі де – бір антұрғандық және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі өзі де – қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау – құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен күлмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі». [29, 100-101 б.]
Абай күлкіні жай ғана еріккеннің ермегі емес, этикалық, әлеуметтік мәні бар мінез ретінде қарастырады. Оның қоғамдық мәніне талдау жасайды.
Ақиқат өмірдегі комикалықтың негізгі тегі, өнердегі өзіне тән жанрлық түрі – юмор мен сатира.
Сатиралық комикалықтың ерекше жанры ретінде зиянды құбылыстарды әшкерелеуге, қоғамға қауіпті кемшіліктердің бет-пердесін сыпырып, сынауға қызмет етеді. Оған өз дәуіріндегі қоғамдық қайшылықтар мен тоғышарлықты аяусыз сынаған Абайдың сатиралары нақты мысал бола алады.
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шілтірейтіп орысың
Шенді шекпен жапқанға.
Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар
Кешікпей-ақ тосқанға.[19, 81 б.]
Елдің басшысы, көптің қорғаны саналған болыстың бойындағы барлық зұлым да аяр мінез-құлықты Абай аталған сатиралық өлеңінде аяусыз сынаған. Халықтың көкейінде жүрген, бірақ айта алмаған іштейгі ыза-наласын ақын барынша дәл, барынша шебер жеткізген. Сатиралық шығармалардағы жеке адам бойындағы немесе қоғамдағы кеселді әрекеттер мен құбылыстарға берген автордың кесімі сол қоғамда өмір сүріп жатқан көпшілік пікірімен сәйкес келген жағдайда ғана ол қоғамдық пікірге айналатынын ескерсек, Абай сатирасы өз дәуіріндегі қоғамдық пікір, көпшіліктің ойы екеніне шәк келтіре алмаймыз.
Юмор – ол өмір құбылыстары мен адам болмысындағы қандай да бір сәйкессіздікті көрсететін жанр. Ол жанрда көрсетілген сәйкессіздікті жою не болмаса өзгерту міндетті емес. Ю. Борев «Комедия дамушы өркениеттің жемісі. Күлкі өз болмысында демократиялық болып келеді. Ол иерархияға (бағыныштылыққа) беделділер мен шенділердің алдында тізе бүгуге қарсы. Ол барлық теңсіздік атаулы мен зорлық-зомбылыққа, жеке дара билеушілікке кереғар күш ретінде өмір сүреді», – дейді. [24, С. 84]
Өнердегі комикалықтың нақты жүзеге асатын орны – әдебиеттегі, театрдағы, кинодағы, теледидардағы комедиялық жанрлар. Комикалықтың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты онда суреттелетін жеңіл водевильден өткір сатиралық шығармаларға дейін әр алуан сипатқа ие болады. Сонымен бірге комикалық сипат өнердің басқа да әр түрлі салалары мен жанрларында көрініс беретінін жоққа шығара алмаймыз, мысалы, сурет өнері музыка т.б. Әрине өнердің әр алуан түрлеріндегі комикалық құбылыстардың көрініс беру, бейнелену ерекшеліктері мен мүмкіндіктері әр түрлі болып келеді.
Комикалық пен трагедиялық категориялардың шыққан тегі бір деген де пікірлер бар. Оны көбінесе грек аңызындағы Дионис культімен байланыстырады. Дионис өлгенде айтылған жоқтаудан трагедия пайда болған, ал оның қайта тірілуіне байланысты туған әңгімелерден комедия пайда болған деген аңыз сақталған. Қалай десек те бұл екі категория мазмұны мен қоғамдық сипаты жағынан кейде бір-бірімен өте жақын, кейде бір-біріне мүлдем қарама-қарсы, табиғаты жат, алыс ұғымдар сияқты түсіндіріледі. Осының өзі-ақ олардың философиялық мәнінің әлі толық танылып болмағанын аңғарса керек.
Трагедия мен комедия магнитті плюс және минус зарядты таяқшаның екі ұшы секілді. Қарама-қарсы зарядта болса да бірінен бірі кете алмай, бірінсіз бірі өмір сүре алмайтын тұтас бір әрекеттің екі қыры іспетті. Сондықтан да трагедия жүрген жерде комедия, ал комедия жүрген жерде трагедия өмір сүре береді.
Билет