ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 14 страница
Көркем әдебиеттен социализм орнату жолындағы тек жетістіктерді жазуды талап етті. Сөйтіп, «әдебиет - өмір айнасы», «өмір шындығының көрінісі» делінсе де, ол жалған, жалаң көріністерге айналды; шындықты шынайы көркем бейнелеуге рұқсат етілмеді. Қоғам бойындағы ащы шындықты жаза қалғандары болса, қуғындалды. Сол кездегі қоғамдық ғылымдарда үстемдік құрған «социалистік құрылыс» өрістеген сайын тап күресі де күшейе түседі» деген теориясымақтың әдебиетке де тигізген зияны орасан болды. Бұл теория әсіресе, әдебиет сынында үлкен із қалдырды. Сыншылар кез келген шығармадан тап күресін іздеді. Жұмысшы табына қарсы жауларды әшкерелемеген көркем туындыларды сынап, жасырын жатқан ойлар жоқ па дегендей, саяси қырағылық танытып, бірдеңелерді тауып алып, белсенділік көрсетіп жатты. Әдебиет пен мәдениетке қатысы бар партия-кеңес қызметкерлерінен, ақын-жазушылардан, сыншылардан әдебиеттегі «ұлтшылдықты», «ескішілдікті» әшкерелеуді талап етті.
Бүкіл елімізде, әсіресе, Қазақстанда ерекше зор қарқынмен жүргізілген осындай саяси-әлеуметтік, мәдени саясаттың нәтижесінде, республиканың барлық партия, кеңес, өкімет ұйымдары «қазақ үлтшылдығына» қарсы шабуылға жаппай жұмыла шығып, ел аман, жүрт тынышта өз ішінен «жау» тауып, ұлттық атаулының барлығына, оның ішінде әсіресе, ұлттық мәдениет пен әдебиетке қарсы күресіп, адам, ұлт хұқықтары аяққа тапталып, саяси жазалаулар жүргізілді. Онсыз да алашорда қозғалысын, алашорда әдебиетін «әшкерелеуде» «зор саяси қырағылық» танытқан кейбір «белсенділер» бүкіл отызыншы жылдардың өн бойында қарап жатқан жоқ болатын. Олардың әдебиеттегі «ұлтшылдықты», «зиянды пікірлерді» анықтаған мақалалары үзбей жарияланып тұрды. Қазақ халқының ұлттық өмірін шынайы суреттеген шығармалардың барлығынан дерлік «қателер» тауып, оларды алашордашылардың кері әсері деп көрсетіп келген болатьш. М.Әуезов сынды жазушыларымыздың өзі де «ұлтшыл», «алашордашыл» деген «атақтардан» арыла алмай, теперіш көрді. Тіпті, ол туралы дұрыс бағытта жазылған мақалалардың өзінде де оның «ұлтшылдық» қоңырауын бір қағып кету үмытылмайтын. Мысалы, Мұхтардың 1935 жылы шыққан «Ескілік көлеңкесінде» атты жинағына жазылған алғы сөзде кітапка енген әңгімелер дұрыс бағалана отырса да, былай деп жазылды: «Идеология жағынан бұл шығармалар тұрмысқа пролетариат кезқарасымен қарап жазылған шығарма деп айта алмаймыз... Олай болса, идеология жағынан пролетариаттық болмағанмен, Мұхтардың бұл әңгімелері арқылы ескі ауылдың кейбір шындықтарын, қанағыш таптың еңбекшіге істеген зорлығын аз да болса көреміз.
Қаһарын төгіп 1937 жыл да келді. Алғашында партия, кеңес қызметкерлерінің қатарында жасырын жүрген «зиянкестерді әшкерелеуде» бірсыпыра «табыстарға» жеткен соң, енді мәдениет, әдебиет майданына да кезек келді.
1937 жылдың алғашқы «әшкерелегіш» мақалаларын қызмет бабымен осы салаға тікелей қатысы бар лауазым иелері жазды. «Казахстанская правда» (1937, 11 қаңтар) газетінде Т.Жүргеновтың «Мәдениет майданын талқандалған ұлтшылдықтың қалдықтары мен сарқыншақтарынан тазартайық!» деген көлемді материалы басылды. Оған іле-шала «Қазақстан» көркем әдебиет баспасының директоры Р.Жаманқұловтың «Қырағылықты күшейтейік» атты мақаласы «Қазақ әдебиетінде» көрінді. Алғашқы мақалада автор ойын «ұлтшыл зиянкестердің» көбейіп кеткендігін айта келіп, сөзінің соқында «мәдениет майданында сақ болайық! Қырағылықты он есе күшейтейік!» деген ұрандармен аяқтаған. Екінші мақалада қырағылықты бірінші кезекте баспа редакторлары көрсету керек деп, Нармамбеттің, Шәкәрімнің, Ғұмардың, Бернияздың кітаптарын шығармай отырғандықтарын қырағылықтьщ белгісі ретінде көрсеткен. Ал, «бейқамдықтың салдарынан» Зиябек Рүстемов пен Әминә Мәметованың «халыққа жат», «теріс сарындағы» шығармаларының баспадан жарық көріп кетуін қатал сынға алған.
«Халық жауларына» қарсы саяси қырағылықты күшейтуге үндеп, I.Қабылов бірнеше мақала жазды. «Қазақ большевиктерінің міндеті - қазақ ұлтшылдарына қарсы баса күресу» атты төрт тараудан тұратын көлемді мақаласы («Социалистік Қазақстан», 1937, 12 қаңтар) түгелдей алашорда қозғалысын қаралауға арналды. Ю.Феликс, М.Каас, Л.Залин өздерінің мақалаларында Қазақстанды қаптап кеткен «жапон жансыздары» (шпиондары) жайында ашына жазды. Әсіресе, Н.Тимофеев пен С.Брайнин «қазақ ұлтшылдығын» арнайы «зерттеп», етектей-етектей мақалалар жазып, баспасөз беттерінде жариялап жатты. «Социалистік Қазақстан» газетінің 26 қаңтардағы нөмірінің бір беті түгел «ұлтшылдықты әшкерелеу» науқанына катысты жер-жерден алынған хабарларға, пікірлерге арналды. Осы газет каңтарда (27) «Халық жауларын түп орнымен құртайық», «Халық жауларына өмір сүргізбейміз» деген бас мақалалармен шықты. «Қазақ әдебиетінде» бір топ жазушының «Жауға мейірім жоқ» деген үн қосуы жарияланды. Осындағы Өтебайдың «Жеті басты жалмауыз» атты өлеңі
«Өлсін! Өлсін! Сұмырайлар,
Алсын, тартсын, жазасын!
Сұмырайдан - сұмдык жаннан
Жердің беті тазарсын!», -
деген жолдармен аяқталады.
Мұндай ашынды сөздер сол кездегі сталиндік насихат жұмыстарының «жемісі» болатын. Олардың «халық жауын» «әшкерелеу жолындағы қырағылық» істеріне қарапайым халық түгілі кейбір зиялылар да шын көңілімен сеніп қалған еді. Мұның барлығы да «халық жауларына» алдын ала шығарылып қойылған үкімге халықты психологиялық тұрғыдан дайындау мақсаттарын көздеп жүргізілді.
Алғаш ашылған «халық жауларының» бірі ҚазПИ-дің оқытушысы - Әминә Мәметова еді. «Социалистік Қазақстан» (20 қаңтар) мен «Лениншіл жас» (21 қаңтар) газеттерінде бір мезгілде жарияланған екі мақала да Ә.Мәметованың «контрреволюцияшыл әрекеттерін» «әшкерелеуге» арналды. Сондағы Әминәнің бар кінәсі - «Абай - тап тілегінен тысқары, жұрттың бәріне бірдей ел ақыны» («Әдебиет майданы», 1934, № 11-12) деген пікірі мен тоғызыншы класқа арналған әдебиет хрестоматиясына Нармамбет ақынның өлеңдерін енгізіп, Міржақып, Мағжан, Шәкәрім туралы оңды пікір айтқаны. «Халық жауларын әшкерелеу» саласында жазушылар ұйымында жүргізіліп жатқан шаралардың қарқыны жоғарғы жақтарды қанағаттандырмады. Республикалық баспасөз беттерінде қаламгерлер арасында «былықтарды» ашу жұмыстарының жеткіліксіз жүргізіліп отырғаңдығын сынаған мақалалар әдеби атмосфераны ушықтыра тусті.
Осындай сындардан қорытынды шығару мақсатымен көкек айының 5-7 күндері жазушылардың бірнеше күндік жиналысы болып өтті. Осы жиын туралы басылған есептерде оған қанағаттанбағандық білдірілді. «Лениншіл жас» (11.IV.1937) жиналыс өте нашар өтті, сын болмады дей келіп, мұның барлығын «жазушылардағы есуастық дерт» деп атаған. «Социалистік Қазақстан» (14.IV.1937) газеті де қаламгерлерді қаралай сөйлейді. Ал, «Қазақ әдебиеті» осы жиналысқа бас мақала арнады. Мақалада газет жазушылар арасындағы «алашордашыл» элементтерді ашу, шығармалардағы «байшыл», «ұлтшыл» пікірлерді анықтау жоқ. Жазушылар одағында кеміпіліктер бар, оның басты себептері тәрбие жұмыстарының, өзара сынның нашарлығында деп көрсеткен. («Қазақ әдебиеті, 20.IV.1937).
Көкек айының он бірі күні жазушылардың партия жиналысы болып, онда да одақтағы «төтенше жағдай» барынша сыналды. Солай болғанмен де «жиналыста жоқ кісілерді ғана сынады», «Жиналыстың дәрежесі өте төмен болды. Өзара сын, кемшілікті батыл ашу деген нашар болды» («Соц. Қазақстан», 15.IV.37) деп бағаланды. Жазушылар ұйымында өткен жиналыстарға арналып жазылған мақалалардың барлығында дерлік «Сәкен жолдастың осы күнге дейін өз кемшілігін көре алмай келе жатқаны» сыналды. Бұл қездерде С.Сейфуллин сияқты басты жазушыларды сынау қалыпты жағдайға айналып, нысанаға алынып қалған еді.
Әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы қаульшың бес жылдығына орай «Соц. Қазақстан» газеті бір бет берді. Е.Ысмайыловтың, Ә.Тәжібаевтың, М.Қаратаевтың мақалаларында сол кездегі әдеби жағдайға көз жіберушілік бар. Сол кездегі «әшкерелегіштік» салқыны бұл материалдардан да еседі.
Жазушылар арасындағы «былықтарды» ашуға арнап Ж.Саин «Лениншіл жас» газетінде бірнеше мақаласын жариялады. «Тағы да жазушылар ұйымы басшылығының либералдығы, көркем әдебиет баспасының бейқамдығы» (18.IV.37), «Тәжібаев Әбділда және оның достары» (24.IV.37) атты материалдарының шығуы жазушылар арасында топалаң туғызғандай болды. Осы газет бетінде «Жазушылардағы есуастық дерт» деген атпен редакция атынан берілген мақаланың авторы да Ж.Саин секілді. Бұл мақалалардың барлығы да ресми орындардан қолдау көріп отырды.
Сейтіп, 1937 жылдың ортасына қарай газет-журналдардың бетінде жазушыларды әшкерелеген мақалалар саңырауқұлақтай қаптап кетті. Қай жазушының қандай «жікке» жататындығы, шығармаларында қандай кемшіліктер барлығы барынша анықталып жатты, Осы кезде қараланбаған бір де бір жазушы қалмаған болар. Қаламгерлер бас қамын жасауға көшті, түрлі амалдарға барды. Кейбіреулер «Қорғаныстың мықты тәсілі - шабуыл» дегендей, «әдебиеттегі «халық жауларын» ашу істеріне араласуға мәжбүр болды. Ұлттық әдебиетіміздің көрнекті қайраткерлерінің барлығы дерлік тағдырдың тәлкегіне түсіп, зорлық-зомбылықтың құрбаны болды; кетпестей қара күйе жағып, кейінгі ұрпақтың көзіне құбыжық етіп көрсетуге тырысты.
Сол кездегі әдеби сынның мәліметіне сенер болсақ, қазақ әдебиетінде жөні түзу бір жазушы жоқ. Қаптап жүрген «халық жаулары». Сондай «халық жауларының» бірі - Б.Майлин екендігі «анықталды». Ол «Ел мектебінде» Ленинмен бірге Троцкийдің жексұрын атын атап, байқатпай контрреволюциялық әрекет жасапты1. Б.Майлиннің өзі де шығармаларындағы «Шұғаның белгісінен» «жат сарындарды мойындауға мәжбүр болады»1. Сонда да оны «Майлин Бейімбет жолдас өзінің қателерін мойындағанымен оның себептерін жете ашқысы келмейді»2, - деп сынауды тоқтатпады.
1937 жылғы жазушыларды әшкерелеу науқанының шамамен, маусым айынан бастап, тіптен ушыға бастағаны көрінеді. Осыған дейін сынау, «әшкерелеу» болып келсе, енді «халық жауларын» жою талап етіле бастады. «Көркем әдебиеттегі ұлтшыл-фашистердің зиянкестігін түп тамырымен құртайық» («Әдебиет майданы», № 3, 1937), «Қазақ әдебиетіндегі авербахшылдықтың қалдығын толық жою керек» («Соц. Қазақстан», 1937, 4 шілде), «Әдебиеттегі троцкий-бухариншыл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек» (Қазақ әдебиеті», 1937, 13 тамыз), «Барып тұрған контрабанда» («Қазақ әдебиеті», 1937, 30 шілде), «Жастарға теріс идея беретін кітаптың түкке де керегі жоқ» («Қазақ әдебиеті», 1937, 31 тамыз), «Жазушылар ұйымындағы ұлтшыл-фашист жаулардың зиянды зардабын біржола құртайық» (Қазақ әдебиеті» 1937, 8 қазан) деген сияқты мақалалар тақырыптарының өзінен-ақ ызғарын шашып, үкімін шығара келді. «Халық жауы», «тап жауы», «буржуазияшыл-ұлтшыл», «ұлтшыл-фашист», «фашистік диверсант», «фашист-күшіктер», «банда», «контрабанда», «жалдамалы төбеттер», «арамзалар», «сұрқиялар», «сүмелектер», «сұмырайлар», «кісі өлтіргіш сұмдар», «ұлтшыл элемент», «жат элемент»,. «ауыз жаласқан», «алашорда төбеттері», «ежелгі жау», «алашордашыл агент», «пантюркистік контрреволюция», «екі жүзді нәлет», «аферистер», «жарамсақ құйыршықтар», «зиянкестер», «ұлтшылдық уы», «есуастық», «зұлым иттер», «бандит», «баскесерлер», «жапонның жансызы» сияқты сұсты сөздер жазушыларға қарғыс таңбасы болып басылып, жиналыстардағы, баспасөз бетіндегі үйреншікті «әшкерелегіш» терминдерге айналды.
«Алашордашыл» «ұлтшылдардың» қатарында негізгі соққы С.Сейфуллин, I.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұканов сияқты жазушыларға бағытталды. Сәкен «халық жаулары» Т.Рысқұловты, Н.Нұрмақовты, С.Сәудақасовты, Асылбековтерді «Тар жол, тайғақ кешуде» төңкеріс үшін күрескен адам деп көрсеткендігі, Троцкийдің, Зиновьевтің аттарын атағандығы үшін («Әдебиет майданы» 1937, № 7, 3-5-беттер), А.Байтұрсынов елуге толғанда соған арнап мақала жазғандығы, пантюркистік бағыттың басшысы болғандығы үшін («Каз.Правда», 9.VII.37), ұлтшыл антипартиялық топ құрып, Кеңес үткіметіне қарсы жүргізген «бүлдіргі» іс-әрекеттері үшін, Қарағандыда ашылған «жасырын ұйымға» нұсқаулар беріп тұрғандығы үшін, жас жазушыларды өсірмегендігі үшін айыпталды. Осындай әдіспен казақ поэаиясының «құлагері» I.Жансүгіровке де «ұлтшылдықтың» қара күйесі барынша жағылды. Сәкен сияқты («Көкшетау») ол да кеңес тақырыбын жазбай, ескі хан, билер билеген заманды мадақтап, соны дәріптеген» («Күй», «Күйші», «Қүлагер») («Қазақ әдебиеті», 26.1.1938) Ілиястың да күндіз-түні ойлайтыны тек жамандық екен.
Республииалық баспасөз бетінде әдебиеттегі «Халық жауларын» қаралаған мақалалардың барлығында дерлік жазушылар ұйымының басшысы С.Мұқанов кінәланды. Жазушылар арасында «ұлтшылдықтың» таралуына, әшкерелеу жұмыстарының өз дәрежесінде болмауына басты айыпкер Сәбит екен. Ол Айсаринді қорғап, Уәлиахметовты жақтап, «белгілі контрреволюционер М.Жұмабаевты қызметке орналастырған, оған Дом советтен үй әперген». С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасында, «Теміртас», «Адасқандар» романында, «XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде» т.б. шығармаларында саяси қателер бар («Социалды Қазақстан», 28.VI.1937; «Лениншіл жас», 16.VII.1937; «Қазақ әдебиеті», 13.VII.1937; «Социалды Қазақстай», 29.X.1937).
«Осы ретте С.Мұқанов жолдастың халық жауларына жұмсақтық, жағымпаздық, либерализм етудің әшейін ғана қателері емес екенін айту керек. Мүқанов жолдас өзінің «Адасқандар» деген романында байдың тұрмысын, адамдарын мақтайды. «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген кітабында қазақ халқының ежелгі жауы алашорда жазушыларын қазанға дейін төңкерісшіл болды деп, олардың төңкеріске дейінгі жазған сандырақтарына кең орын берді... Жазушылар ұйымының басшысы болып отырып, халық жауларына әр түрлі жәрдемдер жасады, оларды қорғауға алды (Жұмабаев, Асылбеков т.б.) («Социалды Қазақстан», 29.VII.1937).
«Ол осы 17 жыл бойы партияға қарсы күресіп келді. Мұқанов партиядан гөрі халық жауларын, жат элементтерді артық көрді, солармен ауыз жаласып келді.
С.Мұқановтың жазған шығармаларының ішінде бір де бір іске жарайтын жөнді нәрсе жоқ. Бәрінің де өте ірі саяси қателері бар, көбін ұлтшылдықтың сарынымен жазған, бәрінде де ол партияға қарсы, кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізеді...
Ол социализм жырын жырлайтын жазушы емес. Оның жолы біздің партияға қарсы күрес жолы болды, оның жолы буржуазиялық ұлтшылдықтың, кеңеске қарсы С.Сейфуллин жігінің жолы болды» («Социалды Қазақстан», 3.X.1937).
Бұл сөздердің бар өмірін еңбекші тапты, коммунистік партияны, социализмді жырлауға арнаған, туғаннан «тап» деп, оның бағытын берік ұстанған С.Мұқановтың атына айтылып жатқандығына сенгің де келмейді. Амал жоқ... айтылған. С.Мұқановқа осындай «кінәлар» қойылғанда, басқалардың жайы қалай болмақ деген ой еріксіз туады. Сәбит те өзіне тағылған «қателерді» «мойындауға» мөжбүр болған. («Социалды Қазақсан», 6.VII.1937). С.Мұқановты 11-12 қазан күні жазушылардың Алматы қалалық жалпы жиналысында талқылап, оны жазушылар ұйымының басшысы қызметінен алып, одақтың мүшелігінен шығарды («Қазақ әдебиеті» 15.X.1937).
Осындай ретпен сол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мәдениет бөлімін баскарған, жазушылар ұйымының жұмысына тікелей жауапты лауазымды адамдардың бірі ретінде Ғ.Мүсірепов те айыпталды. Алдында оның «кінәлары» түрлі жиналыстарда, мақалаларда айтылып келсе, «Халық жауларының жетегіндегі жазушы» («Қазақ әдебиеті», 15.X.1937) атты редакциялық мақала осы кезге дейін айтылғандардың бәрін жинақтап, оған басты соққы берілді. Мақалада Ғ.Мүсіреповтың «теріс пиғылды» істері тізбектелген. Автордың пікіріне сенсек, ол да «халық жауымен» тығыз байланыста болып, шығармаларында «зиянды пікірлерді» таратумен айналысыпты.
С.Мұқанов Жазушылар Одағының басшылығынан кетіп, Б.Майлин редакторлықтан босатылғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газеті қаламгерлердің «қателіктерін әшкерелеу» істеріндегі көш-басшылықты өз қолына алғандығы байқалады. Бұрын басқа газеттерде жарияланған материалдарды көшіріп басумен шектеліп келсе, енді «есуастық дерттер» туралы көлемді мақалаларды жүйелі түрде өзі басып тұрды. «Қазақ әдебиетінің» нысанасына алғаш ілінгендер С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов болды. Ал бұрыннан «ұлтшыл» қоңырауы бар М.Әуезовке тағы да тиісіп, «сыбағасын» беріп жіберу ұмытылған жоқ. Бірақ, бүған дейін де М.Әуезов өзін тиесілі нәрселерден құралақан емес-ті. Қаралағыш мақалалардың бәрінде дерлік М.Әуезовтің аты ұмыт қалмайтын. Жазушы шығармаларына мынадай «айыптар» тағылды:
«Қай әңгімесін алсақ та, казақтың ескі ауылы, ескі ауылдың, ақсақал, байлар билеген рушылдық тұрмыс-салты өзгермеген қалпын суреттегенін көресің. Осы ескі ауылды суреттеп жазғанда, Әуезов өткеннің азғын, жауыздық, әділетсіздік қылықтарын әшкерелеп, бүгінгі күннің сотына тартып, бүгінгі жұртшылықты сол өткеннің оңбағандық қылықтарынан жирендіре жазбайды, әңгіменің барлық жерінде сол ескілікті көксейді, арман етеді, қазак байларының феодалдық тұрмыс-салты, олардың салтанаты Әуезовке өмірдің ең бақытты «ұжмағы» сияқты. Әуезовке кеңес тұрмысындағы жаңалықтың бәрі жат, кеңес заңының сәулесі қазақ даласына жетпеген, дала жынданған, құтырған боран астында жансыз өлік сияқты.,.
Қазақ даласын кеңес келгеннен бері қара пәле қаптаған деп суреттеу, ақ боран астындағы өліктей етіп суреттеу ұлтшыл жазушының шығармаларындағы негізі идеялық мотиві болатын» («Соц. Қазақстан», 8.VII.1937.).
Сонымен, Әуезовтің де саяси соққыға соғылар кезі келді. Бұл міндетті «Қазақ әдебиеті» газетінде (20.X.1937) жарияланған «Әуезовтің сөзі мен ісі неге бір жерден шықпайды?» деген редакция атынан жазылған көлемді мақала «ойдағыдай» атқарып шықты.
«...Әуезовтің бүгінге дейін шын кеңестік бағытта жазылған іліп аларлықбір шығармасын көре алмай отырмыз... іліп аларлық кеңестік дерлігі «Түнгі сарын» пьесасының өзі оның баяғы ұлтшылдық, байшылдық пікірімен жазылған «Қилы заман» романының желісі... «Алма бағында», «Тас түлек» пьесалары барып тұрған кеңес жастарының өміріне жала жапқандық. Кеңес шындығына, жастар жұртшылығына суық қол сұққандық», - деп алдымен жазушының кеңестік тақырыпқа жазылған туындыларын жоққа шығарып алады да, тарихи тақырыпқа жазылған туындыларын қаралауға кіріседі. «Айман-Шолпан» «саяси астары қалың, өзіндік төсегі жұмсақ ескі байшылдық, феодалдық қоғамды дәріптейтін», «Хан Кене» «ескілікті дәріптейтін» шығарма екен. «Бір характерный мәселе Әуезовтің қай пьесалары болмасын, бір де бірінде ұлы орыс халқынан бір адамның типін көрмейсің, бұ да ойланатын күдікті сарын», - деп, ұлтаралық қатынастың нәзік жағын қозғайды, тұтас бір ұлтты оған қарсы қояды. Сөйтіп, Әуезовтің «ұлтшыл» шығармашылығы да «талқандалды».
Соңынан Сарыбаевты (Қанапия. Ұлтшыл фашистердің асырандысы. «Қазақ әдебиеті», 28.XI.1937), Е.Ысмайыловты (Смайыловтың контрабандалық қателеріне қорытынды жасайтын мезгіл жетті) («Қазақ әдебиеті», 16. XI. 1937) әшкерелеген мақалалар шықты.
Міне, осындай жолмен жүргізілген науқанның нәтижесінде қазақ кеңес әдебиетінің С.Сейфуллин, Б.Майлин, I.Жансүгіров бастаған қалам қайраткерлері «халық жауы» атанып, қамалды. М.Әуезов пен С.Мұқанов ұсталмаса да екіұдай күй кешті. Басқа да көптеген әдебиетшілер әдебиеттен шеттетілді. Жалған әдебиет туды, уралаған жазушысымақтарға жол ашылды.
Ақын-жазушылардың жағдайы осылай болса, сыншылардың тағдыры да сондай аянышты күйде еді. Осы науканды негізінен жүргізген сыншылардың өздері де аман қалмады. Саяси қырағылыққа үндеп мақала жазған I.Қабылов, Т.Жүргенов сияқты партия, кеңес қайраткерлері алғашқылардың қатарында «халық жауы» атанып, ұсталды. Сыншылар негізінен әдебиеттегі «ұлтшылдықты» тиісті дәрежеде аша алмай отыр деп кінәланды. Көп сыншылар саясаттың салқынынан сескеніп, заманның аңысын аңдыды. Белгілі сыншы Ғ.Тоғжанов жиырмасыншы жылдардың соңы мен отызыншы жылдардың бас кезінде осындай «науқандарда» белсенділік танытса, бұл кезде үнсіз қалды. Тыныш жатқан сыншыға тиісіп, «Тоғжанов неге үндемейді?» («Қазақ әдебиеті», 16.VI.1937) деген мақала жазылды. Бұрындары саяси белсенділіктің үлгісін көрсетіп келген сыншы енді қазақ әдебиетіндегі «ұлтшылдардың» тізімін бастап жүрді. Тоғжановқа мынадай айыптар тағылды: «Жазушылар ұйымына бастық болып отырғанда Тоғжанов өз айналасына өзі сияқты халық жауларын жинаған» («Соц. Қазақстан», 17.VII.1937), «Фашизмнің алашордашыл агенті Тоғжанов 1923 жылдың өзінде-ақ қара бетін ашып, қара ниетін танытқан. Сталнн жолдасқа қарсы аузына келгенін айтып, ұлт мәселесі жөнінде Реннер, Бауэр, Каутцкийлердің сандырақтарын қолдап макала жазған. Тоғжановтың ол мақаладағы, одан кейінгі жазғандарындағы, жалпы ішіндегі көздеген мақсаты, ниеті Қазақстанды Ұлы Кеңестер Одағынан бөліп алып, фашизмнің қармағына ілу болғаны қазір анықталып отыр» («Соц. Қазақстан», 29.VIII.1937).