Абай - ойшыл ,философ ақын
Ұлы Абайды өмір, қоршаған дүние, табиғат, болмыс сыры, олардың заңдылықтары көп ойландырған, ол дүние сырына бойлап, өзін мазалаған сауалдарға жауап табуға тырысқан. Мен осы кіммін? Жан иелері өмірінің түпкі мәні неде? Барлық адам баласы, жан-жануарлар да тамақтанады, ұйықтайды, қорғанады, артына ұрпақ қалдырады. Сонда адам баласының басқа жан иелерінен айырмашылығы неде? Міне, Абай әркімді де толғандыратын терең сырлы сұрақтарға жауап іздейді. Ол өзінің ілімінде, пәлсапалық шығармаларында адам баласының өмір сүру мақсатын, сол мұратына жету жолын, әлемдегі болмыстың мәні мен өзіндік ішкі байланысты, жалпы заңдылықтарын ашып көрсетеді.
Кемелдену, жетілу – адам өмірінің мақсаты екенін айтады Абай. Жетілу дегеніміз не? Түрлі жетілулер бар. Мысалы, спортпен шұғылданып өзіміздің денемізді, күш-қуатымызды жетілдірсек, ал ғылым-білім, өнерге үйрену арқылы ой-өрісімізді жетілдіреміз. Абай осыларды айта отырып, бұлардан гөрі маңыздырақ жетілу барын, ол – рухани жетілу, яғни жанды жетілдіру деп көрсетеді.
Абайдың айтуы бойынша жан жүректе орын тепкен. Жан адамның тыныс-тіршілігін, іс-әрекетін жүрек арқылы басқарады. Егер жан жетілмеген болса, онда адамның іс-әрекетінде де кемшілік болады. Ішкі дүниесі тазарып, жетілген адам ғана қателікке ұрынбай, өмірде жаңсақ баспай, дұрыс өмір сүре алады. Адам баласының бақыты оның жүрегінің тазалығымен тығыз байланысты деп үйретеді Абай. Сонымен, жетілудің негізі – женді, жүректі жетілдіру екен. Бұл – адамның ішкі нәзік болмысын тазарту деген сөз.
Абай өз шығармаларында жетілу жолдарын, олардың түрлі белестерін көрсетеді. Әрбір адам осы жетілу жолдарынан өте отырып өзінің қай деңгейде тұрғанын және өмірінің келесі белесін анықтай алады. Мәні терең ашылып, келешегі айқындалғанда ғана адам өмірі маңызды болмақ. Абай ілімі осылай әркімнің өмірінің мәнін ашып, оның келешектің жарқын жолына шығуына мүмкіндік береді.
Ақын мұрасында бір жүйеге түсірілген көзқарасын тұжырымдайтын арнайы философиялық шығармасы жоқ. Дегенмен, Абайдың көптеген өлеңдері мен прозалық шығармаларында “… адам мен адамгершілік, ар, ұждан, мораль философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз. Абай шығармашылығын зерттеудің алғашқы кезеңінде, 1920-30 жылдарда ақынның идеялық мұрасы қызу айтыстар тақырыбына айналды, «Абай философиясын» діншілдігі басым әдеттегі буржуазиялық идеалистік философияның жамап-жасқаған біртүрі деп дәлелдемек болушылар да табылды (Қабдолов З. Қазақ ақыны Абайдың философиясы және оған сын. «Советская степь», 1928, 2 тамыз).
Ақын шығармалары 19 ғасырда да Қазақстанда демократиялық қоғамдық ойдың қалыптасып, дамуына негіз болған басты-басты идеялық үш қайнардан нәр алды:
1) қазақтың ауыз әдебиеті мен өткен замандардағы жазба ескерткіштерінен сусындаған алдыңғы қатарлы халықтық дәстүр;
2) ежелгі және орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарының таңдаулы шығармалары;
3) орыстың материалистік философиясы мен демократиялық мәдениеті, сол арқылы дүниежүзілік (ең алдымен Батыс Европаның) философиялық ойдың жетістіктері.
Әуезов бұл идеялық бағыттарды бір-бірімен табиғи ұштасып, жалғасып кететіндігін айта келіп, Абай дәуірі үшін осылардың ішінде үшінші қайнармен, орыс классиктерінің шығармаларымен таныстықтың маңызы аса зор болғанын, Қазақстандағы қоғамдық ойдың болашақта жандана түсуіне ықпал еткенін атап көрсетті.
Ғалым Абайдың орыс әдебиетімен және философиялық озық ойымен байланысын оның аударған шығармаларының санымен немесе оған революционер демократтар идеясы ықпал етті деген қарапайым түсініктерді еске алумен ғана дәлелдемек болған «жеңіл-желпі, қара дүрсін пікірлерге» қарсы шықты. Ол Абай шығармашылығының өткен заман ойшылдарының теориялық мұраларымен байланысын анықтайтын мәселелердің тым тапшы зерттелгеніне өкініш білдірді; Абайдың орыс әдебиетіне ғана емес, сонымен қатар адамзаттың бүкіл рухани мәдениетіне қатынасын тұтастай даму үстінде «орыс және қазақ халқының байланыстарын сол кезеңнің мазмұнын анықтайтын саяси оқиғалармен тығыз органикалық байланыста карастыратынының» методологиялық маңызы аса зор. (Әуезов М. Әр жылдардағы ойлары.-Алматы, 1961, 148-149 6.)
Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы, оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Ойшыл-ақын ежелгі заман философтары Сократ, Платон, Аристотель, сондай-ақ, Шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұраларымен де жақсы таныс болды; Батыс Европа философиясын, дәлірек айтқанда Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Спенсер, Л.Фейербах еңбектерін оқыды: «...өзінің рационалдық философиясын Абай кездейсоқ жасай салған жоқ, алдымен осындай бай мектептердің оқуынан өтіп алып, сөйтіп, бұларды өзінің творчестволық өңдеуінен өткізген соң ғана жасай алды» (Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А. , 1969, т.15 , 141-б.).
Абайдың философиялық көзқарастарын оларды тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен, өзіндік белгілерімен және сонылығымен, басқаша айтқанда, белгілі бір дәуірмен байланысты және сол дәуірді танытатын нақты-тарихи ережелер жүйесін қаз-қалпында қабылдаған күнде ғана дұрыс түсінуге болады. Абайдың дүниетанымындағы айналадағы қоршаған әлемнің объективті шындығы таным барысын құдайға сенумен және жанның өлмейтіндігімен ұштастыра қарастыратын көзқарасы қарама-қайшылықта және күрделі болып келеді. Солай бола тұрса да ақын кұдайды табиғат-адамзаттың болмысының алғашқы себебі деп есептемейді, ол дүниені әлдеқандай күш жаратты дегенді теріске шығарады. Әуезов айтқандай «... тіпті, оның ақынның діни нанымы мен сеніміне байланысты өлеңдерінің өзі ең басты мәселеде мұсылман дінінің кітаби қағидаларына қайшы келеді». Ол бүкіл табиғатта орталық тұлға етіп адамды қояды, философиялық ойларының көпшілігін де адам және адамгершілік мәселесіне баса көңіл бөледі. 17-19 ғасырлардағы антропологизм, тіпті, Фейербахтың өзі де, адамды абстрактылы түрде, жай ғана биологиялық тіршілік иесі ретіңде қарастырып, оның барлық қасиеттері мен ерекшеліктерін табиғи шығу тегімен ғана түсіндіреді.
Адам мәселесін Абай әр түрлі: философиялық, биологиялық-психологиялық, эстетикалық және этикалық көзқарастан қарастырған. Абайдың адам туралы негізгі түжырымдары Чернышевскийдің «Философиядағы антропологиялық принцип» (1860) деген еңбегінде айтылатын ойлармен ұштасады. Чернышевскийдің түсіндіруінше болмыс бірыңғай болған жағдайда адам басынан екі түрлі: материалдық (адам тамақ ішеді, ұйықтайды, жүреді) және адамгершілік тұрғыдағы (адам ойлайды, сезеді, қалайды) құбылыстарды байқаймыз. Абай Жетінші сөзінде: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі білсем екен демеклік. Дүниенің көрінген Һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», - дейді ойшыл-ақын.
Ақынның дүниетанымы шынайы заттарды тануға және адамдар бақытын о дүниеден емес, жарық дүниеден іздеуі керектігіне бағытталды. Ойшыл-ақын, әсіресе, ғылыми ақиқатты жоғары бағалады: «... әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма!» Ол діни қағидалардың мәнін аша келіп, Алланың «барлығының» өзіне, оның құдіретті күшіне деген сенімге күдік келтіреді: «Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, ақылды, оны ойлама дегенімізге пенде бола ма? Ақыл тоқтамаған соң, діннің өзі неден болады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады? Алла мен бүкіл басқа дүниенің арақатынасын бұлайша түсіндіру, құдіреттің ұйғарымынсыз ешнәрсе де жасалмайды деп пайымдайтын Құран қағидасынан тікелей бас тарту болып табылады. Абай дүниетанымы бұлжымайтын қағида мен нанымға негізделген тапжылмайтын дін сияқты емес, санаға сүйенеді. Ол өзінің бірқатар өлеңдеріңде молдаларды, мұсылмаңдық қағидаларды уағыздаушы дін қайраткерлерін, ырымшылдық пен қараңғылықты қатал сынап, айыптайды. Абай мұрасында таным мен логика мәселелері ерекше орын алады. 19 ғ-дың 2-жартысында Қазақстанның қоғамдық дамуына байланысты туған талаптар ойшыл-ақынды заңды түрде таным мәселелеріне көңіл бөлуге мәжбүр етіп, оған өзіндік көзқарасын айқындап берді. Қоғамдық өмірдегі ғылым мен білімнің маңызын жоғары бағалап, оларды әлеуметтік жаңалықтармен тығыз байланыстырған ақын таным қызметін қоғамның үздіксіз дамуындағы басты күш деп есептеді. Ол объективті әлемді тану мүмкіндігін және оның даму заңдылықтары мәселелерін дұрыс шешті. Оның ойынша қандай да болмасын білімнің, ақиқаттың қайнар көзі адам өзінің сезім мүшелері арқылы танитын объективті шындық. Біздің біліміміздің салыстырмалы шама екенін айта келіп, Абай «... хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретімен көзге түседі. Ол көңілге түсіруші... бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемекке», - деп атап көрсетті. Ол таным мәселесін шешкенде ерікті адамның жеке басы мен оның белсенді күресіне деген сеніміне сүйенеді. Адамды дәрменсіз, әлсіз жан иесі деп қарайтын діни ілімдерге қарама-карсы ойшыл-ақын адамды белсенді, саналы, жасампаздық қызмет атқара алатын қуатты күш деп санайды. Абай сананы, «өз рухын» адам надандыққа қарсы күресте, қажырлы еңбек арқылы үнемі нығайтып отыруы керек деп есептейді. Бір жағынан «сана ерікпен бірігуі қажет», екінші жағынан - сана мен еңбек әрқашанда бір жерден көрінуі керек. Ары таза, еңбекқор, білімді адамдар үшін табиғат құпияларын танудың шегі жоқ. Ақын білімді адам құбылыстар мен заттардың өзінен бұрынғы беймәлім жаңа қырлары мен қасиеттерін тануға кең мүмкіндік алатынын атап көрсетеді. Ол ғылымды: «Адамның білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпен болады», - деп қарады.
Әлемді тануға құштарлық адамның бойына біткен табиғи қасиеті деп есептеді ойшыл. Бірақ, оның бұл мүмкіншілігі үнемі жетілдіріп отыруды талап етеді. Бала рухани қасиеттерін жетілдіру үшін оның өзін қоршаған ортамен, оның қасиеттерімен, адамдардың қызметімен танысуы керек. Адам табиғат құбылыстарының құпияларын ұғу немесе соған байланысты белгілі бір дәрежеде жорамал жасау арқылы өзінің қызметін нығайта түседі: «Дүниенің көрінген Һәм сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады». Дегенмен, ол қоршаған ортаны тануға болатындығын мойындай отырып, сонымен қатар таным қызметінің мүмкіндіктері шектеулі екенін, барша танымның толық аяқталмайтындығын да ескертеді. Ол мұның себебі материалдық әлемнің шексіздігі мен таусылмайтындығында, бітпейтіндігіңде деп біледі: «Бұл ғаламды көрдің, келісті керімдігіне және қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне ғажайып ықыласың және ақылың жетпейді».
Данышпан нұсқаған жолмен жүріп, оның өсиеттерін бұлжытпай орындаған адамның жан сарайы күннен-күнге тазарып, кемелденудің биік деңгейіне шыға алады.
42.Абайдың қазақ поэзиясына әкелген жаңалықтары
XIX ғасырдағы орыс әдебиетін, оның халықтық негізін терең зерттеу Абайды ақындық жолда жаңа көзқарасқа алып келді. Ең алдымен, Абай сөз өнерін үлкен қоғамдық күш, әлеуметтік тартыстың құралы деп таныды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты өлең – бұл тұрғыдағы ақын бағдарламасы тәрізді. Онда Абай өлеңге қойылатын көркемдіктің жаңа шарттарын белгілейді: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы». Бұл өлеңнің түпкі мәні қазақтың қара өлеңіне артылар жүктің салмақтылығы. Оны «бөтен сөзбен былғамау» керектігін айта отырып, көркем сөздің асылы – поэзия деп баға береді. Абай қазақ ортасында оның қадірін кетіріп жүрген ақын-жазушыларды сынайды. Сынағанда да, өлең сөзді әлеуметтік шындықты суреттеуге емес, күн көріс қамына жұмсаушылар мен «көр-жерді өлең» қылушыларға арналады. Сол арқылы ақын қазақ арасында өлең сөздің «қадірсіз» көрінген себебін ашады. Сөйтіп, өз поэзиясында жаңа мақсат барын танытады. Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, Сендерге де келейін енді аяңдап, – дейді. Бұл шумақтың соңғы жолдары ақынның өлең сөздің мазмұнын өзгертуімен байланысты, тыңдаушыларды да тәрбиелеу қажеттігіне назар аударғанын байқатады. Оларды халық тағдырын жырлайтын жаңа үлгідегі поэзияны түсіне білуге, бағалауға үндейді. Қоғам мен адам өміріндегі поэзияның орны және қызметі жайлы ойын Абай «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» атты өлеңінде тереңдете түседі. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең» Бұл ойын ақын сәби дүниеге келгендегі шілдехана, қыз ұзатқандағы той бастар өлеңдері, адам дүниеден өткенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде өнермен байланыссыз еш нәрсе жоқ екенін көрсетеді. Осы ретте Абай өлеңді рухани құрал ретінде ерекше бағалайды. Халық алдында өзінің де күлкі болмауын, сөздің де қадірін кетірмеуін тілейді. Жыршы қауымның ел мұңына жақын болуын қалайды. Сый дәметпе, берсе алма аш адамнан, Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан Сүйінерлік адамды сүй, қызмет қыл Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан, – дей келіп, Абай өлеңнің ермек емес, өнер екенін тағы ескертеді. Өз өнерін халық мүддесіне жұмсауды мақсат етеді. Өзінің ақындық мақсатын осылай көрсете отырып, Абай бұл өлеңде шығарманың мазмұнына қатысы жоқ сөзуарлықты, ескі хиссаларда, соған еліктеп хисса жазатын ақындарда кездесетін «әсіре қызыл» теңеу, образдарды, жалған қызықшылықты сынап өтеді. Өлеңі бар, өнерлі інім, сізге Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ Есіл өнер қор болып кетер түзге,– деген жалынды сөздерімен ол жас буын ақындарға тілек артады. Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, өсиеті де аз емес. Ұнамсыздықты сынай отырып, Абай өз халқымен жақындаса түседі, оның шын қамқоршысы дәрежесіне көтеріледі. Белинскийдің, Чернышевскийдің, Добролюбовтың әдебиетті өмірге жақындату, сол арқылы қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін батыл көтеру жайлы ойлары Абайға күшті әсер еткен. Осы идеяға сүйене отырып, ақын қазақ ортасындағы өлең сөздің маңызын көтеруді міндетіне алады. Жаңа сөзге лайық жаңа оқушы, тыңдаушы тәрбиелемек болады. Бұл – Абайдың қазақ әдебиетіне кіргізген үлкен жаңалығы.