Азақ» газеті мен «Айқап» журналына сөз жазушыларға

Дұғай да дұғай сәлем айт,
«Айқап» пенен «Қазаққа».
Кекеу, сөгіс сөзден қайт,
Кез боларсыз мазаққа.
Қарап жүріп қақтығып,
Қатынша сөзбен шаптығып,
Менікі жөн деп аптығып,
Неге түстің азапқа?

Сендерден кім сұрады
«Кекеуге қайсың шешен?» деп,
Елің аңсап тұрады
Көз, құлағым екен деп.
Етегіме жабысты
Айрылмастай бекем деп.
Ойлап ат пен намысты,
Мұратқа сізбен жетем деп.
Сүйткен сорлы халқыңа
Бұл қылығың таза-ақ па?

«Жылы-жылы сөз айтса,
Жылан інінен шығады.
Қатты сөзбен бет қайтса,
Надан дінінен шығады».
Осыны айтқан есті би,
Есіл сөзін кім ұқты?!
Елеуремей есің жи,
Ерегістен не шықты?!
Қайрылып қара артыңа
Мұныңа жұрт разы-ақ па?

Назаланбай не айтады,
Сендер бүйтіп тұрған соң.
Партия шықпай қайтеді,
Бетті ызаға бұрған соң.
Бар сүйенген, сенгені
Бұл қылықты қылған соң.
Түзетесің сен нені,
Айыра тартып жұлған соң.
Қайран елім, қазағым,
Енді өмірің аз-ақ па?!

Жылы жүрек, тәтті тіл
Берекені берер, біл.
Ащы сөзді өзімшіл,
Өнері оның қалар тұл.
Қатесін тап, жұмсақ айт,
Ызаланба, сабыр қыл.
Асқақтамай бері қайт,
Көп жетімді көзіңе іл.
Тартпа ашудың азабын,
Ақ жолыңды адақта.

Кекеп-сөгіп кек алма,
Келелі сөзбен жығып ал.
Берсе, ашуды, тек алма,
Осынымды ұғып ал.
Ызақордың іші тар,
Сен де қар да, мен де қар,
Осы мінез кімде бар,
Оны ұнасаң, тығып ал.
Көп желігіп алған соң,
Жол бұзуға сеп болар.
Біреу ыза болған соң,
Жолдас табар, көп болар.

Газет, журнал тоқтаса,
Зияны көпке, сен емес.
Қайтейін, қойсын ұқпаса,
Деме жалғыз мен емес.
Деп пе еді ешкім сендерге:
Оңашаға шығып ал.
Басың үшін еп қылып,
Елді бөлме, естілер.
Араз болма деп тұрып,
Партия салды десті дер.

Сөгілуші, сөгуші,
Біздің сөзді тыңдаңыз.
Ызалы уды төгуші,
Шатты-бұтты қылмаңыз.
Ұқпағанды сынға сал,
Табалама, таптама.
Оқ атылса, қайтып ал,
Улы найза саптама.
Жаралайсың сен неге,
Жаралы кісі албыт қой.
Сенемісің дүниеге,
Ызаның арты шалғырт қой.
Ашулы албыт адамның
Қанжарын ептеп бұғып ал.

«Жапанда жалғыз жаттым елден безiп...»

Жапанда жалғыз жаттым елден безiп,
Жалықсам, аң қараймын тауды кезiп.
Оңашада жатқанды ұнатамын,
Елiмдi ел қылмасын ерте сезiп.
Жауға қатын, жақынға жалмауыздар
Жалықпай көк малтасын жүрсiн езiп.

«Атадан қалған ақ сауыт...»

Атадан қалған ақ сауыт
Арамға әбден былғанды.
Басшысы жоқ сорлы елдiң
Малы мен басы ылғанды.
Тасбиықты тастап тас алып,
Сәлде аяққа шұлғанды.
Өнер қылды «жақсылар»
Қасқырша елiн жұлғанды.
Жала жауып жалмайды
Жазасыз қарап тұрғанды.
Елерiп, ерiп көп ел жүр,
Бiлмейдi құдай ұрғанды.
Түпсiз жауға санайды
Түзу жолға бұрғанды.

«Жұрт не десе, үй десін...»

Жұрт не десе, үй десін,
Мен үшін ешкім күймесін.
Өздері-ақ ұлып, шұбырып,
Ұлыққан иттей күйлесін.

Айта алмайсың дұрысын,
Ала аяқ бәрің ұрысың.
Жуанды сүйеп ел жеген
Басшыларың құрысын.

Қазақтың көзсіз баласын
Қаңғытып қайда барасың
Арыңды сатып арамға,
Адалдап қалай аласың?..

«Бәйшешек бақшасы»

Жемісті, жақсы иісті бұл бәйшешек,
Аралайық, пайдасын көрем десек.
Ұғымды, милы жастың ойын қозғап,
Ұқтырар талай тәлім, талай есеп.
Ерінбей тамам гүлін аралаңыз,
Болса да кейі ұсақтау, кейі кесек.
Тікенсіз гүл, жылансыз кен болмайды,
Тікеннен жиіркеніп жеміс жесек.
Жақсы мінез, жаман ой айқындалар,
Осыны ұғайық деп ентелесек.
Тәтті жеміс, нұрлы гүл керек қылмас
Боққа төккен саламға тойған есек.

«Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық...»

Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы — ойқұмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар — көрнеу таса, жоқ пен барлық.
Азат ақыл ойланбай мида жатса,
Шіріп, тозып тартқызар ол бір зарлық.
Сырын сынар талапты ер табылғанда,
Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.

Өкініштің үлкені — ойы тарлық,
Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.
...Жауынан қолға түскен бір тұтқынды
Өлтіруге бір патса қылған жарлық.
Өлімге бұйырылғанның қандай күні?
Мейірім, ынсап тезіне салшы мұны.
Ол тұтқын ел зарлатқан залым емес,
Намыс үшін жан қиған — жалғыз міні.

Жауының батыры емес, патсасы емес,
Жігерлі қара солдат, ардың құны.
Қол-аяғы шынжырлап бекітулі,
Ол кезде азат емес бір тал қылы.
Байлаудан босануға жоқ тәсілі,
Жан шыққанша азат қой жалғыз тілі.
Қарғап, сілеп, жамандап, боқтай берді,
Мені өлтірген патсаның жоқ деп құны.

Патса сонда сұрады бір уәзірден:
«Солдаттың бөтен тілін ұқпадым мен.
Өлерде өзеленіп нені айтып тұр,
Ол елдің тілін анық білуші ең сен».

Уәзір айтты:— Жылап тұр кешу сұрап,
Жалыныш жақсы сөздің бәрін құрап.
«Әлі жетіп тұрғанда ашу кешкен
Артық» дейді, бұл сөзін тұрмын ұнап.

Бір уәзір түрегелді анау шеттен:
«Айттың,— деп,— өтірікті не себептен?
Патсаны қиянаттан боқтап отыр,
Онысын жасырасың қай ниетпен?»

Патса айтты: «Солдатты жөн азат қылған
Ана уәзір ой салды маған тыңнан.
Ыза билеп тұтқынды өлтірмек ем,
Амал тауып қайырды ашуымнан.

Бірің жөн, бірің теріс жауап айтып,
Бұл сөзбен екі уәзір өттің сыннан.
Зиянды, улы шынның сыртын бояп,
Күндестік қанжарыңды алдың қыннан.
Түзу жолға бастаған жалған артық.
Бұзықтыққа сеп болған мұндай шыннан».

Білмеймін, мұны қандай құлақ тыңдар,
Ойласаң — тәтті жеміс, нұрлы гүл бар.
Жазасызға жаны ашып есіркейтін
Көңілі ояу, көзі ашық елде кім бар?

Шын шын бар, қате шын бар, улы шын бар,
Әлгі айтқан өтірікте қандай мін бар?
Елді сынап, ез мінін елемейді
Өлі жүрек, өзімшіл, күншіл мұндар!

«Адамнан артық жәндік жаралмаған...»

Адамнан артық жәндік жаралмаған,
Дейді жұрт:"айуан жоқ иттен жаман".
Бұл туралы менде бір бөтен ой бар,
Анық ұқсаң, айтайын, достым, саған.

Адамның айуаннан айласы мол,
Қит етсе қиянатқа қояды қол.
Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек,-
Бұл төртеуін кім қылса, шын адам сол.

Қанеки ондай адам, қай жерде бар?
Көбінің сыртында бал, ішінде зәр.
Жарық алып әлемді араласаң,
Ондай жан неше мыңнан біреу шығар.

Әйтпесе өзге адамнан ит ілгері,
Достықты ит ұмытпайды, артық жері.
Қолыңнан сорпа жалап өскен күшік
Өлгенше есігіңде жүргендері.

Түнде тыным көрмейді қораға үріп,
Шарқ ұрады ауылды шолып жүріп.
Кетпейді дәмін татқан досын тастап,
Қуалап анда-санда қойсаң да ұрып.

Тоқтамас өзге ауылға сыйласа да,
Кек қылмас иесі ұрып, қинаса да.
Жүз жылдық дос бір күнде жау болады
Көңіліне бір қылығың сыймаса да.

Қарызы бар еді деп мойын бұрмас.
Сол күні-ақ дұшпаныңмен болар сырлас.
Бұрынғы жақсылықтың бәрін ұмытып,
Не қылса, бір зияны тимей тұрмас.

Өкпелесе не сөзге, немесе асқа,
Жау шығады дос, жақын қарындасқа.
Ит иесін қаппайды құтырса да,
Адамның шын досы жоқ иттен басқа.

...Біреудің асыраулы иті болған,
Күшігінен тамақты берген қолдан.
Сол адамның тап-тату жақын досы
Араз болып кетіпті достық жолдан.

Пәле салып жамандап күнде-күнде
Өшігіп, дұспан болып кеткен мүлде.
Ыза менен күншілдің ойын билеп,
Өлтіргелі келіпті айсыз түнде.

Арсылдап иті үрген қараңғыда.
Иесі жер шалады барады да.
Бұғып жатқан жұспанын көзі көрмей,
Итті ұрады бір таяқ алады да.

Қанжар ала жүгірген жауды көріп,
Қашады қатты аттанды салады да.
Мына жақтан жүгіріп ит те келіп,
Тастайды әлгі жауын жарады да...

Алаңдамай тыңда да сөзімді тос,
Айтылған сөз емес қой қалжың мен бос.
Дос деп жүрген кісіңнің көбі дұспан,
Шын достың - жақсылықты ұмытпаған дос.

«Бір ханның кеудесіне жара шыкқан...»

Бір ханның кеудесіне жара шыққан
Оған ем табылмапты тамам жұрттан.
Айтқаны қате кетпес бір балгерді
Әкепті естіген соң даңқын сырттан.

Ол айтты:- Бұл жараның емі бөлек,
Табылса, алғызыңыз құнын төлеп.
Маңайында қаз-қатар үш меңі бар
Он бестегі баланың өті керек.

Хан елге сүйікті екен әділетті,
Сондықтан елі әлгіні іздеп кетті.
Бір кедейдің баласы сондай екен,
Баласын, ата-анасын алып кепті.

Ел жалынды ата мен анасына,
Көп мал ал деп баланың бағасына.
Жүз мың ділдә алды да кедей сатты,
Шыдадым деп баланың қазасына.

Хан сұрады қазыдан мойнын бұрып:
-Емдеген дұрыс па - деп - кісі өлтіріп?
-Жас ұлдың ата-анасы разы болса,
Дұрыс,- деді - кітапқа қарап тұрып.

Сол балаға бір жендет келіп қалды,
Өлтіргелі қанжарға қолын салды.
Дәт айтуға патсадан бала тілеп,
Мына сөзді айтуға рұхсат алды:

- Ата-анасы көтерер бала назын,
Зорлық көрсем, құтқарар әділ қазым.
Қайғымды шағатұғын ханым даяр,
Бір пәлеге кез келіп болсам жазым.

Ардақтаған ата-анам малға сатты,
Қазы бұзды ұялмай шариғатты.
Хан мені өз жаны үшін құрбан қылды,
Енді кімге айтайын мұң мен дәтті?

Үшеуі де аямай оқпен атты,
Маған да емес пе екен жаным тәтті?
«Адамда әділет пен мейірім бар» деп,
Естілер мұны білмей неге шатты?

Хан қайтты мұны есітіп ескі беттен,
Құшақтап сол баланы сүйді беттен:
«Жазасыз қыршын жасты қинағаннан,
Жөн еді біздей залым өліп кеткен».

Мұнан қандай гүл тердік, оқығандар,
Құр жазуға қарама, сырын аңғар.
Бірі өлтір деп баласын малға сатып,
Бірі өлімге шыдаған неткен жандар?

«Ана жыл әскер шығып оңнан-солдан...»

Ана жыл әскер шығып, оңнан-солдан
Соғысып жердің жүзі қанға толған.
Сол кезде Америка деген елде
«Уолдер Белдет» дейтұғын бір бай болған.

Оққа ұшқан, жараланған сансыз әскер,
Соғысқа Америка тіпті алыс жер.
Жараланған әскерге жәрдем қыл деп,
Уолдер Белдет жіберген талай дәрігер.

Ешкімді алаламай қара деген,
Бәрін де өз бауырым деп сана деген.
Дәрі, азық, күтушіні түгел беріп,
Ешбір нәрсе қалмасын шала деген.

Неше жүз автомобиль, арбаменен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.
«Салақ қарап жүре ме, әлде қайтер,
Жарайды-ау өз көзіммен көрсем»- деген.

Сол оймен жүріп кетті кеме мініп,
Қайтпақшы емдегенін көріп, біліп.
Көз жеткісіз теңіздің ортасында,
Бір қазаға кез болды, кеме сынып.

Кеме суға кетерін пайымдаған
Кемеші желқайықты дайындаған.
Уолдер Белдет қайыққа өзі мінбей,
Жас бала, кемпір-шалды уайымдаған.

Сондайларды құтқарып жел қайықпен,
Сол құтылса, өлейін мен-ақ деген.
Сыймай қалған бір әйел бебеу қағып.
Әрі-бері жүгірді қайтем деп мен.

Кеменің суға батар кезі жетті,
Әлгі әйелге жаны ашып рахым етті.
Суға батпас белбеуін соған беріп,
Уолдер Белдет ерлікпен суға кетті.

Отаршы елдер ағызар әскер қанын,
Алмақ болып аз елдің жер мен малын.
Жаны ашымай жастарды оққа байлап,
Аяу қайда жас бала, кемпір-шалын.

Мұны ойласам жүрегім болар жалын,
Өнерлі ел өнерсізді құл қылғанын.
Көктен түскен періште деп білемін,
Ойласам Уолдер Белдет ердің халін.

«Тумақ, өлмек — тағдырдың шын қазасы...»

Тумақ, өлмек — тағдырдың шын қазасы,
Ортасы — өмір, жоқтық қой — екі басы.
Сағымдай екі жоқтың арасында
Тіршілік деп аталар біраз жасы.

Жоқтық, барлық — жоғалмақ араласы,
Үш еріксіз болады мағынасы.
Нажағайдай жарқ етіп өшпек болса,
Өмірдің он тиындық жоқ бағасы.

Патса, батыр, бай, бағлан, ел ағасы,
Өнерпаз, ойшыл, білгіш, ғұламасы
Мақтанып жердің жүзін жалмаса да,
Кәрілік пен өлімге жоқ дауасы.

Енді өмірдің қызықты қай арасы,
Өлімді ойлап сіңе ме ішкен асы?
Оны ұмытып, өлместей өзеленер,
Әлі тірі жүргендей түп атасы.

Адамзат — айуанның арам, насы,
Жанның да, ақылдың да дұспандасы.
Жанды сурет сияқты қуыршақ боп,
Жаралыстың ойнаған тамашасы.

Менменсінген кердеңнің керген қасы,
Ішімді күйдіреді сол ызасы.
Жер тәңірсіп, кісімсіп желіксе де,
Төбесінен бір түсер жайдың тасы.

Өмірдің өкінбейтін бар айласы,
Ол айла — қиянатсыз ой тазасы.
Мейірім, ынсап, әділет, адал еңбек,
Таза жүрек, тату дос — сол шарасы.

«Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр...»

Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен
Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.

Жан тыныштық таппайды тән қамын жеп,
Тән бұзылса, тұрағым бұзылар деп,
Ыстық, суық аштықтан сақтау үшін
Зұлымдық пен Айланы қылады сеп.

Айуан етіп, терісін, сүт пен күшін,
Ара балын,су балық,жер жемісін,
Құс денесін, жүні мен жұмыртқасын
Сақтап жүр ғой дейсіз бе адам үшін?

Олардың да ойы бар өсіп-өнбек,
Кімге оңай өмір өтіп, оты сөнбек?
Адамның таза ақылы жанды қимай,
Амалсыз қиянатқа о да көнбек.

Сөйтіп ақыл бере алмай адал көмек,
Зұлымдықпен адамды адам жемек.
Адал еңбек, ақ пейіл, мейірім жоқ-
Осы болар таза ақыл өлді демек.

Сондықтан адам – залым, әлемге жау,
Ебін тапса, қоймайды ешкімді сау.
Жер білсе адамзаттың бұл қылығын
Үстіне бәрін төгіп тастар еді-ау.

Олай қылмай, билесе бәрін ақыл,
Еш қиянат қылмаса зорлық, тақыл.
Таза еңбекпен тағдырдан пайдаланса,
Адамды сонда адам деген мақұл.

«Наушеруан аңда жүріп киік атқан...»

Наушеруан аңда жүріп киік атқан,
Аң етін жемек болып асып жатқан.
Ет піскенше тез кел деп бір жолдасын,
Тұз әкел деп жұмсапты бір қышлақтан.

Қайтадан шақырып ап талай жерден,
Тұзды тегін алма деп әмір берген.
«Шымшым тұз бір тиынға татымайды,
Бұ қалай?»-деп уәзірі тұра келген.

Наушеруан айтқан сонда:- Ей, уәзірім,
Айтайын, жақсы тыңда мұның сырын.
Басшы алса бір алманы баға бермей,
Қосшы құртар алманың түп тамырын.

Meн алсам елдің жалғыз жұмыртқасын
Кесерсің мың тауықтың сендер басын.
Сүйте-сүйте ашылып арандарың,
Ағызарсың бұл елдің қанды жасын.

Жебір ұлық халқына қас қылады,
Көңілін шерлі, көздерін жас қылады.
Қиянат қылдай істен басталмақшы,
Ескермесе, аз науқас асқынады.

Мал, мансап, адамзатты мас қылады,
Мейірімді ет-жүрегін тас қылады.
Тәкаппар, әділетсіз залымдарды
Бағы қайтқан сорлы елге бас қылады.

Шын атын Наушеруанның ел білмейді,
Тілі келмей «Мұсырауын әділ» дейді.
Ақжүрек әділдердің қылығы анау,
Жебір ұлық зарлатып елді жейді.

Мұны айтсаң алатындай тілді кесіп,
Мақтанады менен кім әділ десіп.
Теңдіктің атын естіп, дәмін татпай,
Өтеміз де жүректі қайғы тесіп.

«Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан...»

Бір ханда екі ұл бопты бір туысқан,
Күндесіп, араздасып, бұзылысқан.
Билеген елін екі бөліп алып,
Соғыс ашып, болыпты қатты дұспан.

Арашалап бай барған, хан да барған,
Не шешен, білгіш деген жан да барған.
Әскер қанын ағызбай қоймаймыз деп,
Биге де тоқтамапты таңдап алған.

Бар екен тоғыз кедей шомшек терген,
Отын сатып, еңбекпен күнін көрген.
Қырылысып жатыр деп есіткен соң,
Елді аяп арашаға солар келген.

Соғыстың ортасына кеткен кіріп,
Тимепті жарлы екенін солдат біліп.
Бір кедей ұран салып айғайлапты,
«Хан қайда? Бітім-бітім» деп ақырып.

Мұны естіген екі жақтан хан келіпті,
Сөз тыңдауға бірталай жан келіпті.
Қолында айғайлаған отыншының
Уыстаулы ұйыған қан көріпті.

Жарлы айтыпты сонда екі ханға қарап:
«Қан төгіп қайтпексіңдер елді талап?
Іздегенің мақтан мен мал емес пе,
Шын айтпасаң, кетемін қанмен сабап?

Мынау қан сен сияқты жастың қаны,
Сендер үшін қиылған қыршын жаны.
Тойымсыз қос төбеттің құрметі үшін,
Жөн бе екен көп әскердің қырылғаны?

Ей, солдат! Жаратушың бұлар ма еді,
Қыршын жаның өлімге құмар ма еді?
Екі ханға біз үшін сен өл десең,
Сендер үшін өлуге шыдар ма еді?

Хан тоймайды әлемді таласа да,
Ой жіберші осындай тамашаға.
Екі жуан сыймайды жер жүзіне,
Тоғыз кедей сыяды алашаға.

Бір пан тапсақ, ортақпыз отын теріп,
Ашымызға тоғымыз бөліп беріп.
Өлгенше жуандардың көзі тоймас,
Бар әлемді жүрсе де ол меңгеріп».

Бұл сөзді жас солдаттар ұғып алды,
Соғыспай тоқталық деп айғай салды.
Екі жақтың әскері қайтып кетіп,
Хандардың арам ойы адыра қалды.

Әскер қанға бояйды өздері-өзін,
Зор үкімет сиқырлап байлап көзін.
Ойланып осы кезде кім тыңдайды
Әлгі алтынмен жазарлық жарлы сөзін?

«Ескіден қалған сөз теріп...»

Ескіден қалған сөз теріп,
Өз ойымнан өң беріп,
Үйретуді жөн көріп,
Түзетпек едім адамды.
Қышыған жерін қасуға,
Әділет жолға басуға,
Алдына салып ашуға
Жақсылық пен жаманды.
Ешкім бұған сенбеді,
Өз қылығын жөн деді,
Көре тұра көнбеді,
Кетірді қуат-шамамды.
Мұндай елде туғанша,
Бұл сағымды қуғанша,
Еркін тілді буғанша,
Жеткізсе кетті қазамды.
Адамшылық міндетім
Айт дейді адам індетін.
Еріксізбін, шын ниетім,
Алды деме мазамды.
Демеймін мені ел білсін,
He ұнасын, не күлсін.
Ел білмесе, жел білсін,
Жүректен шыққан назамды.
Түзулік көрсе күйленген,
Зұлымдық көрсе жиренген.
Күншілдік найза түйрелген,
Қызыл тілім, кел бері!
Тамам жанның мінін айт,
Жалған айтпай, шынын айт.
Аяп, ішің жылып айт,
Адамды бастыр ілгері!
Сөккенің болсын сүйгенің,
Достығың болсын күйгенің,
Ащы тілмен тигенің,
Жоғалсын деп міндері!
Мақтанды деп күлер де,
Кейбір миға кірер де,
Біреу сырын білер де,
Кете берме тым кері!
Мұнша неге сасқамын,
Аяқты шалыс басқамын.
Аптығып неге асқамын?
Ел жаратқан мен емес!
Сыртқы сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса,
Айтқан сөзің ем емес!
Жүрегі таза адамдар,
Зұлымдықтан амандар,
Қиянатсыз надандар
Әулиеден кем емес!

«Өлім шыққан ауылда...»

Өлім шыққан ауылға
Ойбайлап қазақ шабады.
Өтірік жылап көз жасын
Қайдан да болса табады.

Қаралы қатын, қыздары
Дауыс қып әнге салады.
Таяқ ұстап еркектер
Бүкшиіп тұра қалады.

Епті жігіт ентелеп,
Түсіріп аттан жетелеп,
Бата оқыршы бауырымдап,
Еркектерге барады.

Кезекпе-кезек көрісіп,
Көзінің жасын төгісіп,
Көңіл айтып берісіп,
Азар тыным алады.

«Ойбайлап шабу мақұл ма?...»

Ойбайлап шабу мақұл ма?
Жыласа да жақынға,
Қазақтың мұндай әдеті
Тіпті теріс ақылға.

Аяңдап-ақ жүрсеші,
Бақырмай үйге кірсеші.
Жылы жүрек шын сөзбен,
Көңіл айтып көрсеші.

Бір күні сондай ауылға
Үшеу шауып келсе егер;
Таяқ ұстап еркегі
Дайындала берсе егер;

Үшеуі болса қалпақты,
Оны көзі көрсе егер;
Амандаспай ешкімге,
Сұрланып үйге кірсе егер;

«Ойбай, орыс келді!»— деп,
Балалар қашып кетсе егер.
«Бір үстел тап жылдам!»—деп,
Біреуі әмір етсе егер;

Ауыл-атком бір уәкіл,
Бірі болса комсомол,
Қағаз алып жалмажан
Жазып жатса протокол.

Бұлар жуан мықты деп,
Қару алып шықты деп,
Тізіп алып кетпекші
Болса оларды қолма-қол.

Қаралы ауыл едік деп,
Таяқ ұстап келдік деп,
Бата оқыршы едік деп,
Жалынып азар ұқтырса ол.

Шай менен ет асылса,
Қант-бауырсақ шашылса,
Ашу, аптық басылса,
Сөз аяғы болса сол.

Неден болды бұл жұмыс?
Орынсыз әдет, қылған іс,
Ұлықсып асқан бос шабыс,—
Екеуі де теріс жол.

Бұл әдетті тастаңыз,
Тура жолға бастаңыз.
Ұлығымсып аспаңыз,
Ел түзеуге епті бол.

Чиновник ісін қылмаңыз,
Әділет жолын тыңдаңыз,
Қорқытып елді қойсаңыз,
Тез түзеліп, жылдам тол!

«Кәрілік— құтылмайтын бір қазған ор...»

Кәрілік — құтылмайтын бір қазған ор,
Қайратсызға өмірдің бейнеті зор.
Өлмейтін, жазылмайтын сол аурумен
Жалғанда жан болмайды кәріден қор.

Жас баласын әлпештер ата-анасы,
Бәйік болып келгенше бар шамасы.
Сүйткен ұлы ержетіп жігіт болса,
Бұзылар ата-анаға көзқарасы.

Қартайған соң балаға ата жақпас,
Атанады алжыған бір қу қақпас.
Сүйген жары тілінен сүймек түгіл,
Оның етін менсініп жылан шақпас.

Жар сүймесе, баласы жай білмесе,
Қанды жасы көзінен кайтып ақпас.
Ием деп еркелеген ит болмаса,
Ол сорлы жылы жүзді бір дос таппас.

Әрине, балаң білсе қадіріңді,
Орындап екі айтқызбай әміріңді.
Жасыңнан жаны сырлас жарың болса,
Қылп еткізбей білетін тамырыңды.

Олай болса тілегің табылынды,
Назаланба, бойға жи сабырыңды.
Ол болмаса, өмірден өлім артық,
Өзің қазып дайында қабырыңды.

«Ғайсадай жан беретін таңның желі...»

Ғайсадай жан беретін таңның желі,
Қайғымды желге ұшырып, тірілт мені!
Ақылым, кәрілікке жабырқама
Талпынып тағы да ақтар дүниені.
Қайратым, қарсы жүріп қайраңдап шық,
Әдейі сақтағамын соған сені.
Тілім, сен барша жанға пайдалыны айт,
АҚЫНСЫП айта бермей әлденені.
Шебер тіл жүйрік ойды шеше білсе,
Таусылар деп ойлама сөздің кені.
Жыр, өлең насихат сөз, мақал, тақпақ,
Тауып айтса — дауасыз дерттің емі.
Сырты сау, іші науқас елдің дені,
Алдап айтқыш ақын көп — тіл шешені.
Жайдарысып құйрығын жайқақтатар,
Жүрегінің сыры емес сөйлегені.
Мұнысы — тұзақ құрып, салған жемі,
Сырты пішпе болса да, ішінде ені.
Ондайлардың орнықты беті болмас,
Жел диірмен сияқты сенделмелі.
Заманның ыңғайына аққан сеңі
Әр айғырға бір кірген — байтал теңі,
Не үкімет, немесе қауымды алдап,
Арсыздықпен не болар алған шені?!

«Аңда жүріп шөлдеген Ашам патса...»

Анда жүріп шөлдеген Ашам патса,
Аңсағанға қандай ем, сусын тапса?!
Алыста жаяу қойшы көрініпті,
Мөлдір бұлақ су іздеп келе жатса.

Уәзір мен жолдастары соны көріп,
Айғайлап шақырыпты атой беріп.
«Сендер атты, мен жаяу, бара алмаймын,
Әкімсінбей айт — депті — бірің келіп».

Жуандар ыза болды келмей тұр деп,
Керемет көрсетелік бұған бір деп.
Қойшыға бір жендеті жетіп келді,
«Анау топ шақырады, жылдам жүр!»—деп.


Қойшы айтты: «Ақырасың неге бұлай,
Сенбісің жаратушы күшті құдай?
Жасқанып жерге кіріп кете алмаймын,
Желкілдеген екен деп бір топ қурай».

Ыза боп шақырушы қайта шапты,
Кежір кедей екен деп жамандапты.
Қарсы айтса, басын кесіп алмақ болып,
Қойшыны бәрі келіп қамап апты.

Қойшы оны елемепті адам бар деп,
Қымсынбайды өлтірер, не қинар деп.
Хан ақырды: «Сен бізді кім деп тұрсың
Жөн айтпасаң мойының шабылар»—деп

Қойшы айтты: «Біліп тұрмын бағанадан,
Мінездерің айқындап айтты маған.
Жер тәңірісің, желігіп елді жеуді
Парыз қылып қойған ғой сайтан саған».

Хан айтты: «Саған бір іс қыламын — деп,
Өзіңді-өзің өлімге ұнадың — деп.
Қасындағы жендетке бұйрық қылды,
Көп сөйлетпей басын ал мынаның» деп.

Қойшы айтты: «Дәт бар ма деп сұрармысың,
Өлтір деп кекірейіп тұрармысың,
Бұрынғы айтқан сөзімнің бәрі де шын,
Тағы бір шын айтайын, ұғармысың?»

Хан айтты: «Мұның жайын кім білмеді,
Әлде бір есалаңдау жынды ма еді.
Өлердегі сөзіңді сынға алайық,
Қаніки дәтіңді айтшы енді?»—деді.

Қойшы айтты: «Бір аш сұңқар сен сияқты
Жемек боп бір торғайды іліп апты.
Сұңқардың тұяғында келе жатып,
Сол торғай бір дәт айтқыз деп сұрапты.

Айт деген соң торғайдың айтқан дәті:
«Мені жеген сұңқардың жоқ ұяты.
Қоя қылып құсарсың жүн мен сүйек,
Тұмсығыңа жұғады боқтың таты,

Сыртым түк, қарыным боқ, түк етім жоқ,
Тамақ боп табылмайды көңіл шаты.
Қаз іле алмай, қаңғырып торғай іліп,
Деп басыңнан арылмас жаманаты.

Сен мені жегенменен тоймассың да,
Аң алған әдетіңді қоймассың да.
Мейірімсіз миыңа сөз кірмесе,
Кейінгі мейірімділер ойлассын да».

Сұңқар тыңдап босатты сол торғайды,
Қарусыз қызыл тіл де жан қорғайды.
Кұс құрлы миың болса, мені босат,
Бір қойшыны өлтірген күш болмайды.

Мені өлтірсең аласың жаман атақ,
Оны ұғарсың, болмаса миың шатақ.
Қасыңдағы жолдасың айтпағанмен,
Өсек қылып жамандар өзге жат-ақ».

Мұны естіп Ашам патса ойға түсті,
Бұрын көрген емес қой мұндай күшті.
Қойшының қолын ұстап кешу алды,
Деді де мен күшті емес, тағдыр күшті.

От шығар өсекшінің шағымынан,
Күшті жоқ жаралыстың ағымынан.
Тауып айтқан татымды сөз құтқарар,
Көз байлағыш сайтанның сағымынан.

«Епті тышқан бидайды таси берген...»

Епті тышқан бидайды таси берген,
Шәкірті де көп екен қасына ерген.
Қақпан құрған адамның айлаларын
Алып тастап, жем жеген талай жерден.

Өзге тышқан үйреніп ол өнерден,
Талай қиын орыннан тамақ терген.
Бір күні басшы тышқан кезіп жүріп,
Аузын мықтап бекіткен күбі көрген.

Тәтті ірімшік иісі мұрнын жарып,
Тесік жерін таба алмай болған ғарып.
Бұрын шүмек орнатқан бір жері бар,
Әрқашан тырмалайды соны барып.

Неше күндей қажалап тескен соны,
Іздеген мақсұтына жеткен қолы.
Өмірлік азық қылып жатайын деп,
Жолдасынан жасырған айтпай оны.

Алдынан ұя жасап, жатқан бұғып,
Қарны ашса жүреді кіріп, шығып.
Жолдасының біреуі келе жатса,
Тесікке қояды екен тығын тығып.

Жиылып келді бір күн шәкірттері:
«Сізді бір көрмедік,— деп — көптен бері.
Тышқан көп деп тамағын тықты бұл ел,
Ала алмадық қиын боп қойған жері.

Біз аш жүрміз солай боп бірталайдан,
Оңай тамақ табылар енді қайдан.
Көпті көрген айлакес батыр едің,
Тағы да тиер ме екен бізге пайдаң».

Ол айтты: «Тәуба қылдым сопы болып,
Ұрлық қылған күнә ғой елді торып.
Мұнан былай келмеңдер маған жақын,
Кеудеме кетті бүгін иман толып.

Қасыма келе берсең, күнәң жұғар,
Ұрлықты ойлап ойымнан иман шығар.
Аштан өліп қалуға ризамын,
Енді ұрлыққа болмаймын тіпті құмар».

Ойласам, сол тышқандай бұзықтар көп,
Сырты сопы, іші арам қылықтар көп.
Пара алып, не қазынаның ақшасын жеп,
Адалымсып жүретін ұлықтар көп,

Бір емес, ор жерде бар осындайлар,
Өз малын өзі ұрлайды кейбір байлар.
Қазына берген ақшаны қалтаға сап,
Елге міндет кеңсешіл пысықайлар.

Бір ұрты май, бір ұртында қандар да бар,
Қой терісін жамылған жандар да бар.
Жазасызды жалалан атақ алып,
Ақ жүрексіп жүретін пандар да бар...

Наши рекомендации