Mал да аяулы, жан да аяулы болса егер

Mал да аяулы,
жан да аяулы болса егер -
Малды аяма,
жаның үшiн малды сат!
Жан да аяулы,
Жaр да аяулы болса егер -
Жанды аяма,
Жaрың үшiн жанды сат!

Иманым

Қырықтан соңғы иманым,
Отыз жылдай жиғаным,
Көп ғалымның сөзiнiң
Ақылға алдым сыйғанын.

Молдалардың әдiсiн,
Пайғамбардан хадисiн,
Әулиелiк жадысын -
Алмадым ақыл тыйғанын.

Айтса да қандай ғалым зат,
Дәлелсiз болса, бәрi - оғат.
Даусыз таза хақиқат,
Жолында жанды қиғаным.

Үйретсем иман адамға,
Әлiмге, мейлi наданға,
Қолы жүйрiк, көзi өткiр,
Көңiлi соқыр шабанға.

Түзетсем оның тiлегiн,
Тiрiлтiп өлген сүйегiн,
Жұлып алсам жүрегiн,
Кеудесiн басып табанға.

Айқын аққа сенбейдi,
Терiс деп дәлел бермейдi,
Көкейiне енбейдi,
Құлағына құйғаным.

Бiлмеймiн деген иман ба,
Ол ақылға сыйған ба,
Айтудан ақыл тиған ба,
Жасырады иманын.

Философ сөзiн оқыдым,
Талайын ойға тоқыдым,
Кiтабын да көргемiн,
Әулие мен сопының.

Бәрiн де сынға саламын,
Керектiсiн аламын,
Ашып алып тастадым,
Таз басының қотырын.

Саяз ақыл бас ұрған,
Мақтауын көктен асырған,
Жаба тоқып жасырған,
Талайдың жардым шиқанын.

Ақылдан адас қалмайым,
Дәлелсiз сөздi алмайым,
Бос жетекке бармайым,
Көтермеймiн қиқаңын!

«Шошыма достым сөзімнен...»

Шошыма достым сөзімнен
Сөз - құдайдан шыққан бу
Ұқпасаң көр өзіңнен
Жұтқызайын нұрлы oр

Ішіп алып мас болып.
Мал, мақтаныш қас болып.
Нәрестедей жас болып,
Қайта жарал, қайта ту.

Арақ ішіп құтырсаң.
Бар киімді сыпырсаң
Дүниеден мұтылсаң.-
Жолға түстің түп-түзу.

Қанжармен ішің тілемін.
Бар сырыңды білемін
Мазақтаймын, күлемін,
Деме сиқыр, неткен қу.

Өлсең, сөзбен тұрғызам,
Еріксіз мойын бұрғызам.
Айтқанымды қылғызам,
Жүрегіңе төгіп у.

Сиқырыммен жүгіртем,
Жар бетіне үңілтем.
Дүниеден түңілтем,
Кереметті мен жаду.

Қасиетті баламын,
Жаныңды билеп аламын,
Денеңді отқа саламын,
Жалыны шықсын гу де гу

Байлаймын да көзіңді,
Патса қылам өзіңді,
Ұғып отыр сөзімді,
Ел билетем жеті ру.

«Мейірім», «Ынсап», «Әділет»,
«Шыдам», «Шыншыл», «Харакет
Түп қазығы: «Ақ ниет»-
Бұл жетеуін ел қылу.

Ешкімге знян тигізбей,
Кәріптің көңілін күйгізбей,
Сайтанға беттен сүйгізбей,
Жүрегіңді нұрмен жу.

Мақтанды алма ойыңа
Кек сақтама бойыңа.
Барма дүние тойына,
Ойнаса да уда-шу.

Егер мұны қылмасаң,
Айтқаныма тұрмасаң,
Өз нәпсіңді бұлдасаң,
Саған арам сөз ұғу.

Мақтанып оттай саулама,
Жақынды жаттай жаулама,
Өлсең де адам аула ма.
Аң жейтұғын болма аю.

Оқуың, дінің, дағдың көп,
He бір білгіш айтқан деп,
Кетпесін, соя жетелеп,
Жарамас үйтіп ой кему.

Ақылыңа ұстат қол,
Тура апарар сені сол.
Жардың жолы қиын жол:
Шытырман тоғай, қалың ну!

«Шын асықтың әрбiрi...»

Шын асықтың әрбiрi,
Өлiп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры,
Жаратты менi орнына.

Жарының нұры қосылған,
Мол керемет менде бар.
Жалғыз жарға шоқынған,
Қайда мендей пенде бар?

Менiң жарым қыз емес,
Хақиқаттың шын нұры.
Оны сезер сiз емес,
Көзге таса бұл сыры.

Жасырып тұр жар өзiн,
Бас көзiмен қарама.
Жүрегiңнiң аш көзiн,
Жардың сырын арала.

Көрем десең жарымды,
Мас бол, жүрек тазала.
Өртеп жiбер барыңды,
Қарсы ұмтылып қазаға.

Көрсең, оған бас ұрып,
Етегiнен айрылма.
Не көрнеу, не жасырып,
Нәпсi ісiне қайрылма!

Бұл сәлемдi есiңе ал,
Егер жетсең тiлекке.
Жар қанжары - маған бал,
Сұқсын сорлы жүрекке.

Талай асық жаралсын,
Жар ағызған қанымнан,
Жер жүзiне таралсын,
Жерді жусын қызыл қан.

Сайтан қашып асықтан,
Асыл озып жасықтан,-
Бейiс болсын бұ жалған,
Жүректен кетiп сасық қан.

«Әлемді түгел мен көріп...»

Әлемді түгел мен көріп,
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып,
Зияным жанға тимесе.

Мисыз мына көп жынды
Осы биін билесе.
Залым жеңіп момығады
Басылған нандай илесе.

Партия болып таласып,
Біріне-бірі шүйлесе.
Боқ жеген аузын жаласын,
Ұлыққан иттей күйлесе.

Түзеттік деп өмірін,
Бұзғанын өзі түймесе
Томаша етсем көмірін,
Өртенсін деп күймесе.

Биікті десе аласа,
Жалғанды шынға баласа,
Ұлыққа шағып момынын
Тамтығын қоймай таласа.

Қиянат қылса иманын,
Арамнан тапса жиғанын.
Айламен төрге сыйғанын
Ұлық деп бәрі қаласа.

Кешегі уағда бүгін жоқ,
Кейде жалын, кейде шоқ,
Балшық қора бұл да соқ,
Батпақта жүрген балаша.

Шынды біреу жақтаса,
Жазасызды ақтаса,
Адалдықты мақтаса,
Арсылдап оны қамаса.

Мінезін көріп шошынсам
Түзеймін деп қосылсам;
Орнықты деп отырсам,
Сырғанай берсе шанаша.

Қараса да көз ашып,
Көрмесе менен адасып,
Қасына тұрсам жанасып,
Мені жоқ деп санаса.

Сайтанға иген мойынын,
Қулыққа толған қойынын,
Көп жындының ойынын,
Қылсам-ау сөйтіп тамаша!

«Күндегі таныс-күн мен түн...»

Күндегі таныс-күн мен түн,
Жалықтым мұнан, кетемін.
Қайта-қайта бір ойын
Ұялмай ойнап нетемін!

Өзгермейтін, өлмейтін
Өмірді талап етемін.
Қайталап ойын көрмейтін
Қызыққа түпсіз жетемін.

Теріс десең, дәлел сал,
Түзу көрсең ұғып ал!
Кетпей тұрып сұрап қал,
Мен өлікке тетемін.

«Шыннан өзге Құдай жоқ...»

Шыннан өзге құдай жоқ,
Анық құдай — шын құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кім құдай?

Бұрын шын бар, бүгін шын
Ертең шын бар — үш бөлек.
Керегі жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек!

ШЫН махаббат қылуға
Шын сабырың жетер ме?
Көрінген әрбір сұлуға
Көңілің толқып кете ме?

Олай болса таза ақыл,
Әулиелік сенде жоқ.
Баянсызға бәрі құл,
Жынданбаған пенде жоқ.

Әулиедей асықтың
Қасиетін былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың
Бір қалыпта тұрмайсың.

Әлде сайтан, әлде жын,
Бірін тастап, бірін мін.
Адам емес, айуансың.
Неге тұрсың, сен де шын!

«Анық асық - әулие...»

Анық асық - әулие,
Кереметке сол ие.
Жаны құрбан жарына,
Керексiз өзге дүние.

Жарынан бөлек жаны жоқ,
Табатын басқа жары жоқ.
Асықтан аяп қалатын
Иманы, малы, ары жоқ.

Жарының жаны - жандары,
Жалынға жанбас тәндерi.
Дозақтың отын өшiрер,
Жүректен аққан қандары.

Шын қасиет соларда
Дегенiм күнә болар ма.
Құбылма мiнез, тайғақ ой,
Екi сөз болмас оларда.

Тасбиық, сәлде, жайнамаз,
Тастамасаң қыс пен жаз,
Жүрегiң болса тайғақ саз -
Сопысынып қылма наз.

«Тәңіріні іздеп бір мұңғыл...»

Тәңіріні іздеп бір мұңғыл,
Тас суретке шоқынса.
Өлсе де болып соған құл,
Иманын бұзбай отырса.

Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса,
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса;

Молдеке-ау, оған таңданба,
Сол кіреді бейіске.
Екі жүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте.

Құдайың мен дүниеге
Кезекпе-кезек шоқынсаң.
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң.

Кімде болса шын мінез,
Болмас онда екі сөз.
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып алмас бөз.

Иман да сол, дін де сол,-
Адаспайтын айқын жол.
Күнде, мейлің, ыза бол,
Бейіске анық кіреді ол.

Мысал емес, ындыным,
Әлгі мұңғыл - әулие,
Иман сатқан жындының
Іздегені дүние!

«Бейісте бар сұлу жар...»

«Бейісте бар сұлу жар,
Мінсіз таза, хор қыздар.
Рахат берер бал кәусар»-
Дейді біздің молдалар.

Айтады да бұл сөзді,
Арудан тыйды ол бізді.
Сүйме дейді бір қызды,
Молда-екемнің жыны бар.

Кәусарың рахат бермесе,
Mac қылмай ішті кернесе,
Хорды асық боп көрмесе,
Несін мақтап қылдың зар?

Кәусары болса шараптай,
Хор қызы болса қарақтай.
Қоймас па еді жаратпай
Бейіске ондай арам нәр.

Қызына асық болмаса,
Мастықпен көңіл толмаса,
Көкейіме қонбаса,
Бейісің маған мұз бен қар.

Молдеке-ау, олай емес қой,
Қыз сүйіп жеміс жемес қой.
Мысалмен айтқан кеңес қой,
Тәпсірлеуге миың тар.

От емес қой тозақ та,
Дүние ісі жоқ о жақта.
Барамыз ғой қонаққа,
Сонда анықтап байқалар.

Жалықпас, бітпес рахат бар,
Азабы оттан қиын, тар.
Нәпсіге ерген молдалар
Қыз құшуға тым құмар.

«Өртейін деп отқа көмдім...»

Өртейін деп отқа көмдім,
От жүрегім жанбады.
Жанды апарып жарға бердім,
Пара ғой деп алмады.

Жан, тәнімді, иманымды -
Асылымды бойдағы,
Аямадым жиғанымды,
Сонда да көз салмады.

Жар қараса тірілуші ем,
Қарамаса, мен - өлік.
Рахым өтіп қылмады-ау ем,
Енді үмітім қалмады.

Сүйтсем, онда сыр бар екен,
Байқамаппын мен оны.
Қосылайын, өлсе деген,
Амалы екен, алдады.

Өліп едім, жар бірігіп,
Бір бейісті тандады.
Ләйлі - Мәжнүн қарсы шығып,
Ерулігін қамдады.

Тірілікте қосылысқан,
Шын жар емес, ойнас ол.
Ондай асық шынға дұспан,
Ол бейіске бармады.

Жар сипатын білсеңіз де,
Нәпсін, өлмей деме жар.
Айла, алдау өзіңізге,
Шын хақиқат қонбады.

«Сен - жарым» деп, алдаған еп
Тиеді оқ боп кеудеге.
Өкінеді уайым жеп,
Ол аныққа нанбады.

Өмір үйін түрғызам деп,
Мың сан үйді құлатып,
Кірпіш, ағаш жиғазам деп,
Мәтшаларын сұлатып;

Бір басымның қамы ғой деп,
Қамданып ем жан үшін.
Көп халықтың хақысын жеп,
Көп наданды жылатып.

Бітсе, қайта бұза бердім,
Басқа түрмен қалатып.
Неше план сыза бердім,
Кезегімен ұнатып.

Сопы болып басты идім,
Сәлде салдым айла үшін.
Әділімсіп перде кидім,
Бетті бояп сылатып.

Нәпсі сонда қуанып жүр,
Айтқанымды қылды деп.
Хақиқатқа көрмедім бір
Өз бойымды сынатып.

Бір күні шарап ішіп едім,
Түсті жарым ойыма.
Терең ойға түсіп едім,
Кетті мастық улатып.

Деді мастық: «Өмір — айлаң—
Не бітірді, қыл есеп.
Қанша адамға тиді пайдаң,
Қанша момын шулатып».

Көп аруақ келді кіріп,
Көп қиянат — қылғаным.
Кетті бетке бір түкіріп,
Қақырықпен сулатып.

Тіпті айықпа, сорлы басым,
Мен ардақтың құлымын.
Құй түкірсін, кегін алсын,
Ойды қанмен булатып.

Қиянатпен қылған ісім
Көңіліме түсті де,
Жанды ішім, кетті күшім,
Неге қойсын шыдатып.

Ес жиюым болды қиын,
Есіркеді, келді жар.
Қылды «рахым», өмір үйін,
Өз басыма құлатып.

«Жар көрмеген надандар...»

Жар көрмеген надандар
Жарың кім деп күледі.
Оқыған ойсыз адамдар,
Жансыз өмір сүреді.

Ойласам, олар — жанды өлік,
Меңіреу, мисыз бір көлік.
Осыдан жоқ өңгелік,
Адаммын деп жүреді.

Нұрыңмен жарық жүрегім,
Ғайыптан хабар білемін.
Жарымның алғам тілегін,
Қап тауын нандай тілемін.

Қанжарың бер, барайын,
Меңіреудің ішін жарайын.
Нұрыңнан сәуле салайын,
Сонда оған жан кіреді.

Нұрыңды көрсе болып мас,
Мейлі кәрі, мейлі жас,
Меңіреу мұны жаратпас,
Деп тәңірісін біледі.

«Сиқыр сөзбен арбасаң...»

Сиқыр сөзбен арбасаң,
Табиғат басын иеді.
Кәрленіп кімді қарғасаң,
Қатесіз оғың тиеді.

Нұрыңды түгел жасырсаң,
Жаралыс кебін киеді.
Өлшемей шектен асырсаң,
Көз шағылып күйеді.

Өлшеп жібер нұрыңды,
Білсін асық түріңді.
Бір-бірлеп аш сырыңды,
Соныңды көңілің сүйеді.

«Өмірдің ұнап ойыны...»

Өмірдің ұнап ойыны
Шатыраш ойнап жүрмін шат.
Жер ашып тұр қойынын
«Кел жылдам — деп,— көрге жат!»

Сен «мерзімсің», мен жаяу,
Қайтсем ұтам, ойбай-ау!
Төрге барсам мен таяу,
Қылмас па екем ханды мат.

Аяндап жүріп төр алдым,
Мен де «мерзім» бола алдым.
Тіршіліктен ояндым,
Сайра, тілім, жорғалат.

Ұқтырмаса нұрыңды,
Түсірмесе түріңді,
Аша алмаса сырыңды,
Аузымды ашам, тілімді ат!

Айқын нұрың көрмесем,
Айтқаныңа ермесем,
Жолыңа жанды бермесем,
Көрінбей маған күнше бат!

Ұстатпасам білегім,
Сен болмасаң тілегім,
Бас ұрмаса жүрегім,
Өлтір, қаным сорғалат!

Тұла бойымды уытта,
Жанымды, өрте, суырт та!
Маңайыңа жуытпа,
Жүрегімде болса тат!

Сен патсасың, мен кедей,
Кетпе құлыңды елемей.
Өлейін бе үндемей,
Жан шығарда айтпай дәт!

Болып едім ой құлы,
Ойым кезді бір жылы.
Кезген ойым арқылы
Жүрегіме жаздың хат!

Баспасам да ізіңді,
Сезбесем де сызыңды,
Көрмесем де жүзіңді,
Тиді бізге аманат.

Жазған хаттың сырымен,
Жарқыраған нұрымен,
Тазарып жүрек кірінен,
Қайғыдан басым болды азат!

«Өмірдің ұнап ойыны...»

Өмірдің ұнап ойыны
Шатыраш ойнап жүрмін шат.
Жер ашып тұр қойынын
«Кел жылдам — деп,— көрге жат!»

Сен «мерзімсің», мен жаяу,
Қайтсем ұтам, ойбай-ау!
Төрге барсам мен таяу,
Қылмас па екем ханды мат.

Аяндап жүріп төр алдым,
Мен де «мерзім» бола алдым.
Тіршіліктен ояндым,
Сайра, тілім, жорғалат.

Ұқтырмаса нұрыңды,
Түсірмесе түріңді,
Аша алмаса сырыңды,
Аузымды ашам, тілімді ат!

Айқын нұрың көрмесем,
Айтқаныңа ермесем,
Жолыңа жанды бермесем,
Көрінбей маған күнше бат!

Ұстатпасам білегім,
Сен болмасаң тілегім,
Бас ұрмаса жүрегім,
Өлтір, қаным сорғалат!

Тұла бойымды уытта,
Жанымды, өрте, суырт та!
Маңайыңа жуытпа,
Жүрегімде болса тат!

Сен патсасың, мен кедей,
Кетпе құлыңды елемей.
Өлейін бе үндемей,
Жан шығарда айтпай дәт!

Болып едім ой құлы,
Ойым кезді бір жылы.
Кезген ойым арқылы
Жүрегіме жаздың хат!

Баспасам да ізіңді,
Сезбесем де сызыңды,
Көрмесем де жүзіңді,
Тиді бізге аманат.

Жазған хаттың сырымен,
Жарқыраған нұрымен,
Тазарып жүрек кірінен,
Қайғыдан басым болды азат!

«Өмір сырын көздесең...»

Өмір сырын көздесең,
Жарға шоқын, жаннан без!
Сыр қаласын іздесең,
Сырлы, сұлу тамнан без!

Болат кісен тақ - саған,
Текір ноқта - бақ саған,
Дәулетің у мақтаған,
Пайда, мақтан, малдан без!

Жақын сыйлас, жатым деп,
Ешкімді айтпа халқым деп.
Бірінен-бірі тартып жеп,
Таласып жүрген аңнан без!

Дүние құмар өзімшіл
Нұр таба алмас, анық біл.
Жардың сөзін құран қыл,
ІІІатақ дін мен заңнан без!

Пән жамылған 'әлімдер
Діи жамылған зәлімдер,
Бере берсең бәрін жер,
Сол жалмауыз паңнан без!

Пайғамбар қыл ақылды!
Сол табады мақұлды!
Адасып өлім шатылды,
Ол шатасқан шаңнан без!

Қараңғыны көріп қас,
Шарап ішіп болып мас,
Жар нұрымен көңілді аш,
Күн менен ай, шамнан без!

Бұл насихат тыймаса,
Ойыңа сезім сыймаса.
Дағдыны көңілің қимаса,
Жалмауыз бол да жардан без!

«Жүректен аққан қанымнан...»

Жүректен аққан қанымнан
Жиіркенбе, нұр деп біл.
Сайраған бұлбұл зарынан
Нұрланады қызыл гүл!

Гүлге асық боп сайраған,
Қызыл тілді қайраған,
Жүрегі оттай қайнаған,
Мұңлы, шерлі мен - бұлбұл

Қайық қылып денемді,
Ақыл билеп кемемді,
Ой сарқырап жөнелді,
Шетсіз судан өтер, біл!

Жарға жетсем болғаны,
Суалған көңіл толғаны.
Басыма қыдыр қонғаны,
Ақсамдағы миллион жыл!

Басқаны сенен білмесем,
Қайғырмасам, күлмесем,
Дүниені көзге ілмесем,
Кім мендей ер, кім әділ?!

Жендет көзің маған сал,
Иманым мен жанымды ал!
Жаңа жанмен иман сал,
Қайта жарат, рахым қыл

Бұл мен емес, шын мені
Жарат, жоғалт өзгені.
Тазарт, мына дүниені,
Бұл адамнан қалсын тұл!

Әлемді мен билейін,
Зұлымдықты сүймейін.
Залымды ұндай илейін,
Нәпсі болсын маған құл!

Дұспаным атса маған тас-
Жар жіберген көз бен қас.
Ұстап, сүйіп, болам мас,
Бал ғой-мені сөккен тіл!

Діншіл, мені күндесең,
Бұл сөзімді мін десең,
Тіліңді кесем, үндесең,
Мейлің жыла, мейлің күл!

«Ақылдан ойға сыр тарап...»

Ақылдан ойға сыр тарап,
Үмiттiң шамы жанған күн,
Жар есiркеп берi қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.

Ескi иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн,
Асық жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн.

Саяз ойлы сыншылдың,
Қаруы адыра қалған күн.
Кеудесi тар күншiлдiң,
Үмiтiн өрт шалған күн.

Жар нұрына мас болып,
Жаралы жүрек талған күн,
Баянсызға қас болып,
Аққа көңiл салған күн.

Тауып алып тiлектi,
Ұстап тұрып бiлектi,
Саналы шерлi жүректi,
Сары алтынға малған күн.

«Ғылымсыз адам - айуан...»

Ғылымсыз адам - айуан,
Не қылсаң да, ғылым бiл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.

Ақылға еркiн ой керек,
Матаудан ойды азат қыл.
Әдеттенiп ертерек,
Өрiсiн кеңiт жылма-жыл.

Қырық жасымда ойладым,
Жетпiстемiн мен биыл.
Белдi бекем байладым,
Әдеттендi ой мен тiл.

Атағы шыққан жақсыға,
Ақылды байлап қылма құл.
Шатақ дiн мен дағдыға,
Шоқынба, досым, зиян бұл.

Дұрыс деме құры ойлап,
Ақылға сынат, сабыр қыл.
Жығылмайтын дәлел тап,
Бiрезу болма өзiмшiл.

Мiнiңдi тапса кiм сынап,
Аяғына бар жығыл.
«Қап, бәлем» деп кектi ұнап,
Сақтай көрме ойға зiл.

Бақ, мансапқа сиынып,
Болма боран, жел, дауыл.
Аса сәндi киiнiп,
Қуыршақ болма сәкәкүл.

Тiкенiң болса бойыңда,
Ауырса да, өзiң жұл.
Сергек болсын ойың да,
Ерiншек болма құр масыл.

Адамның ең асылы -
Қиянатсыз ақ бейiл.
Ең зиянкес жасығы -
Тайғақ мiнез, екi тiл.

Сөз, мiнезi құбылса,
Ар, иманы жоқ деп бiл.
Аулақта жемтiк сыдырса,
Оны ойыңмен айуан қыл.

Дұспанға да бол әдiл,
Түсiрме ойға тат пен нiл.
Ұмытпа болсаң бiздiң ұл,
Осы өлеңдi құлаққа iл!

«Қобызым неге сарнайды?...»

Қобызым неге сарнайды? -
Ажалдан хабар береді.
Сыбызғым неге зарлайды? -
Деп тұр ием өледі.

Дүниедегі қуаныш,-
Бір азғантай жұбаныш.
Оның түбі бір налыс,
Қайғы мен рахат тел еді.

Басқа түскен әрбір іс,
He қызықты, не кейіс,
Ойласаң, ол - көрген түс,
Соғып өткен жел еді.

Бақ бермейді есіркеп,
У салады жесін деп.
Иманың мен жаның жеп,
Жерге апарып көмеді.

Ақ малтадай езеді,
Түбінде сенен безеді,
Оны ақылың сезеді,
Heгe нәпсің сенеді?

Біле тұра талай жан
Саудаға салып ар-иман.
Алдап берген уынан
Көп жұтқысы келеді.

Сұлу бетін сүйгізсе,
Улатып, жанды күйгізсе,
Маңдайын жерге тигізсе,
Ешкім әрі жүр демеді.

Ac бергенін дейді той,
Ол - қасапшы, бұлар - қой,
Көп мисызда болмайды ой,
Бұл не қылған ел еді!

«Сорлы бұлбұл жазға асық боп...»

Сорлы бұлбұл жазға асық боп,
Нұрлы гүлге айтты зар.
Көбелек те шамды алам деп,
Отқа түстi боп құмар.

Жарға ғашық болғаныма
Таңданатын түк те жоқ.
Жер жаралмай тұрғанында
Менде Aсықтың нұры бар.

Жан денеме кiргенiнде
Бiрге кiрген осы дерт.
Жан беретiн дәрiгерiң де,
Ем таба алмай қор болар.

Менде бар да, тiптi сiзде,
Жоқ емес бұл қасиет.
Оны өшiрiп бәрiңiз де,
Дедiңiздер жауды жар.

Алдағанға кеттiң азып,
Әпсүн оқып үйренiп,
Бердi сайтан дұға жазып,
Соны қылдың бойтұмар.

Неге жандың, сұм жүрегiм,
Өзгелердiң дертi үшiн.
Жарды сүй деп, бар тiлегiң,
Мен сияқты басқалар.

Өзге асықтар қызғанады,
Басқалардан өз жарын.
Қызғаныштан кiм танады,
Бұл сөзiңе кiм нанар?

Мен жомартпын жар нұрына,
Алса екен деп барша жан.
Жетсе көзiң бұл сырыма,
Ой өрiсiн қылма тар.

Дүние өмiрiн мен сынадым,
Ешбiрiнде опа жоқ.
Қош, өмiрiм, қош, құмарым,
Қош, жәдiгөй, нәпсi қар!

Наши рекомендации