Асқыр, түлкі, бөдене

Бір қу түлкі болыпты жұртты құртқан,
Тышқан аулап жейді екен ескі жұрттан.
Жем таба алмай бір жылы арықтапты,
Тышқан ауып кеткен соң мұқыл сырттан.

Түлкінің тышқан жемей мәні болмас,
Кемірсе сүйек-саяқ қарны толмас.
Жемтік түссе жермін деп қалғанынан,
Қасқырға іздеп барып болды жолдас.

Қасқыр айтты:—Тоясың маған ерсең,
Болады малды көріп, шолып келсең.
Қарным тойса қалжыңдап ойнаушы едім,
Ойынға ыза болмай шыдай берсең.

Аш күнімде жатамын шабым жалап,
Ол кезде жақын келме жанасалап.
Тойғанда тұрпайылау мінезім бар,
Өкпе қылма ойынды шынға балап.

Көнді түлкі қасқырдың бұл сөзіне;
«Шыдаймын қалжыңдаған мінезіңе.
Өлтірмесең болады, ойнай-ақ бер,
Тамақ тапсаң болады күнде өзіме».

Түлкі көріп келеді малды шолып,
Қасқыр бір қой әкетті сүйреп алып.
Екеуі әбден тойып алғаннап соң,
Ойнайды ары-бері асыр салып.

Қасқыр тура жүгірсе көзі жайпап,
Түлкі еркелеп тұрады ағатайлап.
Алып соғып үстіне ойнағанда,
Азар жаны қалады а, құдайлап.

Запы болып ұстатпай жүрсе жатып,
«Уәдені кеттің бе,— дейді,— ұмытып»
Тамақ үшін амалсыз қайта келсе,
Ойнайды бұрынғыдан қатты мытып.

Түлкі жатып ойлайды әрбір ойды,
Өсірмеді қасқыр деп біздің бойды.
Жегенімді желкемнен сығып алып,
Бергені де құрысын жемтік қойды.

Буындырып ойнайды, қиқылдатып,
Жегенімді құстырып, шиқылдатып.
Тұла бойым сірескен қара қотыр,
Тойғанымның үстіне тырқылдатып.

Осыдан құтылайын өлсем-дағы,
Аштықтан қандай азап көрсем-дағы.
Тәуекел, өз бетіммен күн көрейін,
Бадамшаның басын жеп жүрсем-дағы.

Ойлайды бір мұратқа жетейін деп,
Қасқырдан кегімді алып кетейін деп.
Осыны өз көзімше өлтірерлік
Бір хайла не қылсам да етейін деп.

Жер шола түлкі шықты дөңге шауып,
Жылқының бір жемтігін алды тауып.
Қараса қазған ұра, жер қақпан бар,
Қойыпты шөп-шарменен бетін жауып.

Түлкі қатты қуанды мұны көріп,
Қасқырды ертіп келді хабар беріп.
Семіз жылқы жемтігін көргеннен соң,
Ауызды көкжал батыр салды келіп.

Түлкі жүр жер қақпаннан айтпай қашып.
Арсалақтап аш бөрі жүрді сасып.
Қақпан жаққа қасқырды жіберді алдап,
Орға түсіп кетсін деп қапы басып.

Екеуі де тоюға қам қылысып,
Тұс-тұсынан жемтікті жүр жұлысып.
Шегінгенде ернеуін басып алып,
Көкжал ноян ұраға кетті түсіп.

Алаңғасар итіңді құдай атып,
Терең зындан түбіне кетті батып:
—Ойбай, түлкі, келе гөр, мен қалдым — деп,
Айғай салып ұлыды орда жатып.

Түлкі келіп ұраны жағалады,
Мазақ қылып арсылдап, абалады:
—Мықтысың ғой, секіріп шығарсың,— деп,
Күлкіменен қасқырды табалады:

—Үстіме аунап ойнаушы ең тойған сайын,
Сендей арсыз ақымақтың орны дайын.
Осы қазған ұраның иесі кеп,
Көз алдымда сойғанын бір байқайын.

Қасқыр айтты:— Кеше, гөр, қылдым тәуба,
Кетемісің шын тастап мені жауға.
Айла тауын осыдан босатып ал,
Аузымнан ант берейік ойнамауға.

—Ойнамасаң омақап, онан да арман,
Ойын түгіл тіршілік сенен қалған.
Жон теріңді сойғанын көзім көрмей,
Осы ұраның басынан кете қалман.

—Табалама, шырағым, кеш жазамды,
Айтпасаң да тарттым ғой мен сазамды.
Шығармасаң, құдықтың аузынан кет,
Ала бермей күйдіріп көп мазамды.

—Әлі бұйрық айтасың босқа шатып,
Өзің қазір өлгелі орда жатып.
Тіпті, көрмей кетпеймін, былшылдама,
Бас теріңді сойғанын ыржыңдатып.

Қасқырға түсті осындай ақыр заман,
Өлімнен де табасы батты жаман.
Аңдаусызда шоңқиып түлкі отырса,
Құйрығы салбырапты орға таман,

Жиналып алды қасқыр оны көріп,
Жабысты сол құйрықтан шапшып келіп.
Түлкіні ор түбіне ала түсті,
Құдайым қасқырға да кезек беріп.

Сонда қасқыр айтады:—Түлкі шырақ,
Иманыңды айта ғой жылдамырақ.
Өзімнен сені бұрын өлтірейін,
Өлгенімді көре алмай кеттің бірақ.

Түлкі айтады:—Сөйледім қалжың қылып,
Жұмысты бітіріп ем сүйтіп жүріп.
Тістетіп сізді ордан шығаруға,
Әкеліп ем бір ұзын тал сындырып.

Байқамай орға түстің мені де алып,
Өлдік қой екеуміз де мұнда қалып.
Тым болмаса, мен болсам жағасында,
Шығарып алмас па едім талды салып.

Қатты кейіп айтады түлкі сөзін,
Қасқыр нанып тігеді екі көзін:
—Енді бар ма құдықтан шығар айла,
Тал таптым деп айтпадың бұрын өзің.

Түлкі айтады:— Айланың орны осы ара,
Сен өрмелеп созылып тұрып қара.
Төбеңе шығып алып секірейін,
Ернеуге шықпас па екем мен бейшара.

Онан соң сені алайын талды салып,
Шығарсың ұзын талдан тістеп алып.
Не де болса кешікпей тез істелік,
Қапы болар қақпаншы келіп қалып.

Бар әлінше созылып қасқыр тұрды,
Төбесіне өрмелеп түлкі жүрді.
Пәрменінше шегініп қарғығанда,
Ернеуге екі аяғы тура ілінді.

Айламен түлкі кетті шығып алып,
Артына қайрылмады қайта айналып.
Қаңқылдап қасқыр ұлып қала берді,
Мені шығар енді деп талды салып.

Түлкі сөйтіп кетіпті қасқырды алдап,
Көкжал қалды өз қолын өзі жалмап.
Тобылғының түбінен іздеп жүріп,
Бір бөдене ұстапты түлкі қармап.

Бөдене айтты:— Сен мені не деп жейсің,
Бір уыс жүн жегенді тамақ дейсің.
Ана жерде мен көрдім талай жемтік,
Ерінесің, дөң асын іздемейсің?

Түлкі айтады:— Мынаның қулығын көр,
Мені алдамақ сендерге бірталай жер.
Жалған айтып алдасаң, соны жеймін,
Ұядағы балаңды көрсетіп бер.

Бөдене көрсетіпті өз баласын,
Кепіл беріп босатып алды басын.
Мен бастайын, артымнан еріп отыр,
Қарық қылайын жемтікке, не қыласың.

Түлкіні алып жүрді сайды өрлетіп,
Бөдене бір бел асты бұрын кетіп.
Түлкі жортып кезеңге таянғанда,
Жалаң қаққан бір тазы келді жетіп.

Байғұсты кетті тазы қуып алып,
Ауызды әні салып, міні салып.
Жүйрік тазы адымын аштырсын ба,
Көк желкеден бас салды бір-ақ шалып.

Мықты қасқыр, айлакес түлкі қайда,
Алдампаз, рахымсыздық кімге пайда?
Аяғында түлкі де, қасқыр да өліп,
Бөдене аман қалыпты сол бір сайда.

Талап пен ақыл

Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды,
Бабын таппай мінгенді қылар жынды.
Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма,
Ал енді оған кісі қайтіп мінді?

Талап шапса ақылға мініп алып,
Жақсы, жаман бәріне бірдей салып,
Анық ақыл адымын аштырмайды,
Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып.

Талап деген ындынмен ентелемек,
Ойға алып, қызыққанын қылсам демек.
Ол ісі орайлы ма, орайсыз ба,
Ойланып оны ақылға салса керек.

Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы,
Түбі - жүрек, болады мида басы.
Орынсызға ұмтылтпай тоқтатуға
Талаптың алты түрлі бар ноқтасы.

Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық -
Талапқа алты түрлі ноқта тақтық.
Алтауының ішінде ынсап әділ,
Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық.

ЬІнсап деген аспайды, кем қалмайды,
Орнын таппай ол, сірә, қозғалмайды.
Рахым жақсы көреді аяғанды,
Адамға қаттылықты ойға алмайды.

Ар демек - адамшылық, намыс деген,
Арың, кетпес жағыңа қарыс деген.
Теріс ұғып жүрмесін мұны біреу,
Сөз емес күншіл болып, алыс деген.

Намыс сол - өзің қорлан кемдігіңе,
Құрбыңмен ұмтылып бақ теңдігіңе.
Алмай өс алдыңғының аяғынан,
Соқтықпай өзің іздеп еңбегіңе.

Ұят сол - аулақта ұял көргендей-ақ
Ұрлаған малың шығып, бергендей-ақ.
Орынсызды істеуге өлгенше ұял,
«Ұят күшті өлімнен»-дегендей-ақ.

Сабыр деген - әр іске шыдамдылық,
Қатты керек адамға бұл бір қылық.
Қолы жетпей талай жан ізденеді,
Осыдан көп шығады адамшылық.

Сақтық деген - әр қашан байқап жүрмек
Пайда ма, не залал ма, ескерілмек.
Көргенін, естігенін есепке алса,
Сонда оңай әрбір істі ойлап білмек.

Ойменен, талаппенен болды сегіз,
Айтылмай енді қалды неменеміз?
Өзге жақсы мінездің бәрі-дағы
Шығады осылардан түгел деңіз.

Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан
Анық төмен болмай ма хайуаннан.
Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса,
Өлген артық дүниені былғағаннан!

«Кәрілік— шал деген бір ат қылғандай...»

Кәрілік — шал деген бір, ат қылғандай,
Айнадай ақылыңды тат қылғандай.
Жеңілді ауыр, алысты жақын қылып,
Бір туысқан жақынды жат қылғандай.
Бойдағы бар қуаттың бәрін алып,
Қайрат, өнер, талапқа қат қылғандай.
Ойым — у, өмірім — су, үмітім — бу,
Қалмады бір сүйеніш шат қылғандай.
Тоқтаусыз төмендетті күннен-күнге
Түрі жоқ аз ғана аял, дәт қылғандай.
Шатыраш ойнап ұтылған сықылданып,
Байқаймын, кешікпей-ақ мат қылғандай.
Ойлай берсем қайғы емес оның бәрі,
Көп жасаған қоя ма болмай кәрі.
Өкіпіш сол — өмірді босқа өткіздім,
Өлсем ойдан кетер ме соның зәрі.
Білген адам баянсыз іс қылар ма,
Қолда болып тұрғанда ықтияры,
Өмірден қымбат нәрсе бар ма адамда,
Орындыға жұмсасаң өлмес дәрі.
Қасиетін өмірдің білу керек,
Басында ми бар болса, бетінде ары.
«Өлермін, шал болармын» ойында жоқ,
Мал, мансан, сауық, тамақ, сүйген жары.
Теңлік бар, тексеру бар деп ойламай,
Не зорлықшыл, не болар ұры-қары.
Төбесінен ұрғанын бір-ақ білер,
Арамдықпен шыға алар кім жоғары.
Кім жалғыз, бұл жалғанда— есті жалғыз,
Мұңдасар болмаған соң бір сыңары.
Жалтаңдап жалғыз Абай өткен жоқ па,
Қазақтан табылды ма соның пары?
Өлеңімен жұбатты өзін-өзі
Еңбегі еш, іші беріш, жүзі сары.
Сөзін ұғып, ақылын алмаған соң,
Патша қойса не керек қазақ шары.
Не қылса да шыдады, білдірмеді,
Сол десеңші сабырлы қазақ нары.
1905.

«Ей, көп халық, көп халық...»

Ей, көп халық, көп халық,
Көп те болсаң, шөп халық.
Партияшылды құтыртпа
Мен сендікпін деп халық.
Оң-терісін байқамай,
Таза жолдан тайқамай,
Ылайлап тұнық шайқамай,
Тура жолмен кет, халық.

Таласты көрсең - басып айт,
Кемдігін көрсең - қосып айт.
Кекеп, мұқап қыздырма,
Берекесін бұздырма.

Ызаның айт дегенін
Желіктіріп сыздырма.
Адалдың әділ жолына
Ақырын басып жет, халық.

«Мен қорқамын, қорқамын...»

Мен қорқамын, қорқамын,
Қорыққанымнан жорғамын.
Ашу менен ызаға,
Толы -емеспін, ортамын.

Қыздырманың - қызыл тіл,
Қызған отқа салар ол.
Кек сақтағыш кекекшіл,
Аямай қауіп алар ол.
Білмесе де білгенге
Өзін-өзі балар ол.

Қаны қызып құтырып,
Ар-абыройы ұмытылып.
Ашуды қару жұтынып,
Артынан неге қалар ол.

Жақсыны қауып жаманың,
Қабылмай қалмас аманың.
Осы емес пе заманың,
Деме тентек талар ол.

Адалыңды арам деп,
Мен адалға барам деп,
Ит жейтұғын жемтікті,
Жиіркенбей жалар ол.

Ызадан жетсе бұйрығың,
Тұтпа ашудың құйрығын.
Таза ақылды жүйрігім,
Осы сөзге нанар ол.

Жүйріктерім нанбаса,
Тура сөзді алмаса,
Қайғылы шалды қармаса,
Жөнін өзі табар ол.
Жан жүрегім, жаным жеп,
Жанған отқа саласың.
Анау сүйтті, бүйтті деп,
Күнде мазамды аласың.
Берекеге жи дейсің,
Тамам қазақ баласын.

Кек, ашудан тый дейсің,
Айыртып ақ пен қарасын.
Мен құдай ма, патша ма,
Ынсапсызға бастама.
Ауыртып ашып жаныштама,
Жанымның ескі жарасын.

Газет, журнал басылды,
Міне, оқы деп қуанттың.
Қазаққа ғылым шашылды
Ал қуан деп жұбаттың.

Бірін-бірі сөкті деп,
Табылған бақты тепті деп
Өлді, жітті, кетті деп,
Тағы мені суалттың.

Бір өлтіріп, тірілтіп,
Әр бұтаққа ілінтіп,
Жел, сағымдай кұбылтып,
Қай жаққа алып барасың?

Қой, жүрегім, қайғырма,
Қайғыны мүлде жай қылма.
Айрылғандар қосылар,
Бұл мінезден шошынар.
Тағдырдың құлы осылар,
Сен таппайсың шарасын.
Торайғыров естісе,
Мұны «қатын ойбай» дер.
Мұнымен елді жегілтсе,
«Ойбайды жүр қоймай» дер.
Аша алмассың жылаумен
Арсылдақтың арасын.

Мұңды шал

Жасыңда араластың малтымаға,
Қызығып өсер елдің салтына да!
Би, болыс, епті жігіт атанам деп,
Көп түстің ерегіскен талқыға да!
Кейде елді партияма көп жиям деп,
Әркімге аласардың жалпия да!
Кей-кейде дұспаныңа айбар қылып,
Сөйледің барысынып қампия да.
Аздан соң ақыл кіріп, ой ойладың,
Жүрсең де сол былықпа партияда!
Үйткенмен жұлқынсаң да шыға алмадың,
Мықты боп түскен қақпан қапияда!
Уа, дүние! Ғылым қуып жете алмадың,
Құр ойбай, көзден аққан қан тыя ма?
Тырбанғанда тырнақтай ғылым таптың,
Мұнымен кірлі көңіл шалқия ма?
Қан жұтқан қайран сенің сұм жүрегің
Тазарып толған айдай маңқия ма?
Тоярлық толық ғылым таппадым деп,
Қабағың қайғы басқан салпия ма?
«Ұл жоқ болса, қыз да игі» деген кәне,
Азсынба, әлі де шық сан қияға!
Ғылымға қанағатсыз болу керек,
Бес түгіл разы болмай алтыға да.
Қара жерге кіргенше қамданып қал,
Шалмыш деп жатып алма шалқия да.
Әкеңді алып, өзіңді көксау қылып,
Қаны аздық қалып тұр ғой артыңа да
Балалар нашарлықтан оқи алмай,
Келмей тұр зор үміттің шартына да!
Бір кезде ұмтылып ең талпына да,
Патша өліп бақ ашылған балқымада.
Білем деген жастармен жолдас болдың,
Төңкеріс ұлы дүбір, шалқымада.
Енді қазақ ел болар деп қуанып,
Жүріп ең орнықпаған қалқымада!
Жолдастарың жазықсыз «байкот» беріп,
Кетті ғой бір қарамай артына да.
Дінің шатақ, әдетің арсыздық деп,
Жақпадың молдалар мен халқыңа да
Ендігі жас ескі исің шығады деп,
Олар да келмей отыр қартына да!
Тамам жанға қылып ең не қиянат,
Бәрі мінімді айттың деп алқына ма?
Елдің мінін айтуға сайланып па ең,
Аңдамай айта бердің аңқия да!
Жалғанда сендей жалғыз адам бар ма?
Ешкім баға бермейді нарқына да.
Сені көрсе бәрі де сырт береді,
Қарағысы келмейді қалпыңа да.
Бәрін ұмыт, балаларға тәлім үйрет,
Баулиды балапанын қаршыға да.
Ол түгіл өзгелерге білгенінді айт,
Туысқан көзбен қара жалшыға да.
Ауыз сөз, насихатты неге аяйсың,
Ақ жүрекпен айтқанға мал шыға ма?
Мен адамның таппаймын өнерлісін,
Ерінбей еңбек қылған көп жұмысын.
Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.
Аэроплан, телефон, грамофон,
Электр, радий мен магнит ісін.
Терең оймен тексермес надандарды
Дегізген: сайтанбысың, тәңірімбісің.
Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам.
Бірақ адам өз жанын танымайды,
Біледі бір өзінен басқаны адам.
Тіршілік - жоғалатын жан сипаты,
Жаным жоқ деп болады масқара адам.
Жалам емес, жазыпты пән деп мұны,
He демес ойы жетпей асқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.
Жан жолдан қосылды деп, пән де, дін де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басқы зат: жаны бар, ақылды зат,
Оны ойлағаи адам жоқ осы күнде.
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де.
Жан - қожа, тән дегенің - жанның құлы,
Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?
Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма
Жоғарғы кереметті неше қилы?
Тән - терезе, қарайтын жан - иесі,
Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыңы.
«Жолдан шыққан жан жолда жоғалар»-деп
Сандырақтай айтқанмен, жоқ дәлелі,
Дәлелсіз сөз - соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдыңда жоқ қой құны.
Мисыз, күншіл, бірезу, өзімшілдер
Аласұрсың, асқақтап, қозса жьшы.
Соқыр білмес жарық пен қараңғыны,
Көңіл көзі сынасын, болса міні.
Өлмей тұрып дәлелін өзіме айтсын,
Менің дауым айтылмас өлген күні.

«Мен адамның таппаймын өнерлісін...»

Мен адамның таппаймын өнерлісін,
Ерінбей еңбек қылған көп жұмысын.
Іш жарып, ішек жалғап, сүйек қиып,
Жамайды ерін, мұрын, түскен тісін.
Аэроплан, телефон, грамофон,
Электр, радий мен магнит ісін.
Терең оймен тексермес надандарды
Дегізген: сайтанбысың, тәңірімбісің.
Осынша өнер тауып асқан адам,
Әлемнің қиын сырын ашқан адам.
Ол түгіл өмірге де айла табар,
Өлмей, жетер бірталай жасқа да адам,
Бірақ адам өз жанын танымайды,
Біледі бір езінен басқаны адам.
Тіршілік — жоғалатын жан сипаты,
Жаным жоқ деп болады масқара адам.
Жалам емес, жазыпты пән деп мұны,
Не демес ойы жетпей сасқан адам.
Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.

Жан жолдан қосылды деп, пән де, дін де,
Ақылды байлап қойған соған мүлде.
Ең басқы зат: жаны бар, ақылды зат,
Оны ойлаған адам жоқ осы күнде.
Бар нәрсе жоғалмайды, өзгереді,
Жан жоғалмас деп ойла, соны біл де.
Жан тән жасар, тән жанды жарата алмас,
Терең ойлап, сөзімді құлаққа іл де.

Жан — қожа, тән дегенің — жанның құлы,
Нәпсі неге білмеген бұрын мұны?
Ойлашы: жан тапты ма, тән тапты ма
Жоғарғы кереметті неше қилы?
Тән — терезе, қарайтын жан — иесі,
Жаннан шығар ақыл мен ойдың шыны.
«Жолдан шыққан жан жолда жоғалар»—деп,
Сандырақтап айтқанмен, жоқ дәлелі,
Дәлелсіз сөз — соққан жел, ұшқан тозаң,
Таза ақылдың алдыңда жоқ қой құны.
Мисыз, күншіл, бірезу, өзімшілдер
Аласұрсын, асқақтап, қозса жыны.
Соқыр білмес жарық пен қараңғыны,
Көңіл көзі сынасын, болса міні.
Өлмей тұрып дәлелін өзіме айтсын,
Менің дауым айтылмас өлген күні.

Ақындарға

Өлең айт дарын өрге өрлегендей,
Сезімді қозғап, тәтті ой кернегендей.
Жанды сөз бойды ерітіп, маужыратып,
Әлдилеп жыр бесігі тербегендей.

Қауымның қалауына тап келгендей,
Болғанын, болашағын айт көргендей.
Керістен тартып жырды жебелі оқтай,
Дәл тигіз қалағанға қас мергендей.

Сүйсініп ақынға елі мән бергендей,
Өлеңмен өміріне сән бергендей.
Қадалып жүрегіне ақ қанжардай,
Оятсын ойкүйезді жан бергендей.

Ерікті билеп алсын айтылған жыр,
Сырты - гүл, жарасымды, ішінде сыр.
Жаныңның ләззат алар жарығындай,
Мәңгілік өшпейтұғын төгілсін нұр.

Үйіріліп көкейіне ұйып жатсын,
Тазартып жүрек кірін жуып жатсын.
Қаңсыған шөл даланы қанықтырып,
Жыр тасып, дариядай құйып жатсын.

Арыңның болсын өлең айнасындай,
Көрікті, көптің ортақ пайдасындай.
Жосылып жатсын артта жортқан жолы,
Арынды асқақ өзеннің арнасындай.

Ескі ақындық

Мұны оқыған ұландар,
Үмбетей жырын тыңдаңдар!
Байқап оқып әрбірін,
Ақылға салып бар сырын,
Не деп отыр, көр түрін.
Абылайдың алдында,
Салып отыр, көрдің бе,
Басынан көшкен тағдырын,
Сыртын ұқпа, мұны аңғар!
Бүгінгілер айтса жыр,
Буыны бірдей бәрі бір.
Үмбетейше құбылтып,
Сала алмайды басқа түр.
Тақылдатып айтсақ та,
Ұйқасқа жылдам қайтсақ та,
Аяқты бірдей бассақ та,
Шықпайды бізден терең сыр.
Жырдың жайын білмейтін
Бізде осындай ылаң бар.
Ескі ақын бізден әлі артық,
Ол кезде туған бала артық,
Жасымыздан шал артық,
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық.
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай,
Алды-артына қарамай,
Соққанда жырды суылдап,
Жел жетпейтін құландар!

Ескі жырдың ұйқасы —
Бірі қысқа, бірі ұзын,
Буындары бұзық деп,
Біз баспаймыз ол ізін.
Неге бұлай айтты деп,
Сынамаймыз негізін.
Ойлай келсек, ескі жыр
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Кейде арындап, кейде шап,
Адымын алыс құлаштап,
Алады кейде тынысты.
Солқылдатып жүрісті,
Осындай жырды ұнаңдар!

Құлпырмай ма тау мен жер?
Ескі жырды көрсеңіз,
Ойланып көңіл бөлсеңіз,
Сырына баға берсеңіз,
Таң қаларлық ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап, шыдаңдар

Кейде жыршы айтады
Ақ бөкеннің жүрісін.
Зырқырап барып қайтады,
Алады тағы тынысын.
Төрт аяғы көрінбей,
Бұлдырап желер ерінбей.
Кейде қарғып кетеді,
Ылғи желіп, керілмей.
Жарқ беріп, бұлт етеді,
Бұрынғы беттен бұрылып,
Жел-сағымдай құбылып,
Барған сайын шынығып,
Кейде аяңдап, тынығып,
Айтылса соған қисынып,
Кетеді бойың исініп.
Ойнағандай құлын-тай,
Жырда болар талай жай,
Кетпеңіздер байқамай,
Боласың әлі бұған зар!

Кейде айтады ақындар
Жайдары желдің соғысын.
Қатайып, кейде баяулар,
Түрлендіріп долысын.
Кейде ақырын сыбырлап,
Жиілеу басып, жыбырлап.
Әкетер алдап ойды ұрлап,
Кейде кетер сырқырап.
Құйындайын бұрқырап,
Тағы да желпіп, уантып,
Жас баладай қуантып,
Айналып келіп, басады,
Бас қисынның тоғысын.
Қате деме онысын,
Анықтап ұқ сонысын,
Шатақ ұқпа, шын аңғар!
Кей ақындар мысалдар
Мөлдір судың аққанын
Арыстандай арқырап,
Күрілдеп, желіп, сарқырап,
Баяулап барып ақырын,
Жатады күнге жарқырап.
Мініңді тырнап ашытар,
Жігеріңді тасытар,
Тәтті сөзі балдай боп,
Насихаты шамдай боп,
Қасиеті қандай көп,
Елжіретіп сүйекті,
Бергендей боп тілекті,
Қышыған жерді қасытар.
Міне, осыны біліп ал!
Жақсы ақынның тілі бал,
Ескі жыр кейде сипаттар
Қыран құстың ұшқанын.
Құмарына құйылып,
Қанатты қомдап қысқанын.
Желге қарсы желбіреп,
Аспанға қайта шыққанын.
Қайшылап қанат қаққанын,
Асығып келе жатқанын,
Атылған оқтай аққанын.
Кейде қақпай қанатын,
Жұлдыздай ағар сызылып,
Алдыңғы түрден бұзылып,
Қарасы кетер үзіліп.
Ескі жырда кернеу тұр,
Осының бәрі білініп,
Ақынның сырын кім аңдар!

Кейде күннің райын,
Сипаттаған түсі бар
Бір айы мен бір айын,
Жазы, күзі, қысы бар.
Қарлы боран, қара жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Жазғы сағым жай таңдап
Дегендей боп мұнда кел.
Кейде бұршақ, кейде қар,
Кейде жауып, көп нөсер,
Ә дегенше ашылып,
Аптыққан желі басылып,
Өтірік деме, ойға сал!
Осыны жаттап ұғып ал,
Ақындыққа құмарлар!

Наши рекомендации