ЖылдардаҒы ҚазаҚ Әдебиеті 6 страница
Ғ.Мүсіреповтің «Шұғыла» әңгімесі мұнан шамалы бұрынырақ (1930) жазылған Б.Майлиннің «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры» әңгімесімен әуендес. Жазушының «Шұғыланың» эпиграфы ретінде «көркем сөз шебері Би ағаңа арнаймын»,- деуі де тегін емес. Ол әрқашан Майлин шеберлігін өзіне үлгі санаған.
Ғ.Мүсіреповтың басқа шығармаларынан тақырыбы өзгешелеу тұратын «Жеңілген Есрафил» (1939) әңгімесі бұрынғы зерттеулерде ескерусіз қалып жүрді. Бұл - қажырлы, еселеген еңбек жеңісі туралы хикая. «Ақмола - Қаратал» темір колының шамалы үзігін жедел жалғап бітіру қамында күн-түн демей жүмыс атқарған бір шағын бригаданың еңбек жеңісі. Әсіресе, жазушы бригадир жас жігіт Есім, тәжірибелі жол салушы жұмысшылар Сейтен мен Капицалардың басқаларға үлгілі істерін сүйсіне баяндайды. Жол салушыларға қарсы тылсым күш - табиғат сұрапылы: қызыл шұнақ аяз, көз аштырмас боран. «Төрт тараптан үре соққан сұрапыл...» көз аштырмағалы міне екі аптадан асты! ...«Ойды-қырды қалың жапқан ақ көрпені үсті-үстіне үйе түсіп, ояң қалған жері болса қымтай түсіп, мың батпанмен соғып-жаншып, асыр салып азынаған аяз тұр» - деп суреттейді автор табиғаттың мылқау қаһарын.
Қайратты, қайсар еңбек адамы табиғат дүлейімен алыса, арпалыса жүріп, жол үзігін жалғап шығуға жұмылған.
Ғ.Мүсіреповтың әңгіме жанрындағы қеркемдік ізденістерінің татымды жемістері деп оның М.Горький үлгісімен жазылған ана туралы үштік (триптих) шығармаларын ерекше атау қажет. Олар: «Адамның анасы» (1933), «Өлімді жеңген ана» (1933) және «Ана кесімі айнымайды» (1942) аталған новеллалар шоғыры.
Автор шығарма сюжетінің негізін сақтай отыра, қаламды мей-лінше еркін сілтеген. Кей тұста қысқартып, ықшамдап алса, кей түста толықтыра, есіре айтудан тартынбаған. Бүған «Адамның ана-сының» аударылу ерекшеліктерін мысал етсек те жеткілікті..
«Адамның анасы» әңгімесінің кіріспесіндегі уақиғаның қай жылы, қай жерде болғанын, сол мезеттегі табиғат әлемін егжей-тегжей суреттейтін жерлерін біраз ықшамдап қысқартып кеткен аудармашы-автор: «Жер үстінде адам баласы болудан қасиетті не бар дейсің», деп келетін қанатты сөзге айналып кеткен жолдарға келгенде, өз тарапынан түпнұсқада жоқ түжырымдар қосып, мағынасын күшейте түскен. «Тек қандай адамның баласы болу керек, соны айт. Бұған қосатын бір сөз - адамды езетін адамның баласы болып, адамды езетін адамды адамға санама» - деп жазады ол. «Әрине, адам өмірінде көп қиындықтар ұшырасады», - бұл сөздер. М.Горький айтқан пікірдің ұзын ырғасы. Ал бұдан әрі аударушы мүлде өзінше сөйлеп кеткен: «Онсыз өмірдің өзіде өлімтікпен тең, сұр көлеңке болар еді. Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жеңіс, жеңіс пен жетіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе?... Әңгіме таудай қиындықты тымақтай сілкетін заман жасауда ғой. Жасаймыз да ондай заманды»,- дейді ол.
Түпнұсқа мен оның тікелей ізімен жазылған Ғ.Мүсірепов әңгімесінің арасындағы елеулі өзгерістердің бәрін тізіп отырудың қажеті жоқ.
М.Горькийде: «...Теңіз шулайды, шулайды...» деген сөйлеммен әңгіме аяқталса, Ғ.Мүсірепов: анаға ерекше құрметпен қарап, оның дүниеге жаңа келген нәрестесіне құттықтай тіл қатуымен тәмамдайды.
Бір топ жазушылар, мәселен, Әлжаппар Әбішев «Завал» (1936) повесінде, С.Ерубаев «Менің құрдастарым» (1937) романында, Ғ.Мұстафин 1938 жылы бастап 1940 жылы бітірген «Өмір не өлім» романында Қарағанды көмір бассейініндегі жүмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің қилы-қилы тағдырларын әралуан түрде суреттеген. «Өмір не өлім» мен «Қарағанды» романдарының ара қатынасы көңіл бөлерлік. Әңгіме 1952 жылы жарық көрген «Қарағанды» өзінен бұрынғы романның өңделген-женделген нұсқасы дегеннен шығады.
Бұлай деуге автордың өзі де себепкер болды. Ол 1980 жылы «Сөзстан» деген жинақтың 1-кітабында жарық көрген сұхбат сөзінде: «Қарағандының» бұрынғы нұсқасы «Өмір не өлімді» сыншы қауым аспанға көтеріп мақтаса да, өз көңілім соған дауаламай қойған. Үлкен Қарағанды жоқ, қараңғы, тар забой ғана бар. Кейіпкерлерімнің сана-сезімі де төмен. Жұмыс істегенде қысыр кеңесті соққанды ұнататын қулар. Шаруашылықта Жомарт үлгісін ұстағанда, инженер бейнесі одан неге кем жатады? Бүгінгі техника өрістеген бесжылдықтар заманында инженер басты тұлғалардың бірі емес пе? Романға қайта айналып соғуыма негізінен осы себеп болды» («Сөзстан», 1980, 47-б.), - деген еді.
Дәл содан екі жыл кейін, яғни жазушының сексен жылдық мүшелтойына орай жазылған мақаласында (ол мақала «Лениншіл жас» газетінің 1982 жылғы 26 қарашадағы санында шықты) ғылым докторы Тұрсынбек Кәкішев «Қарағандының» бұрынғы нұсқасы «Өмір не өлім» деген автор қисынына қарсы шықты: «Өмір не өлім» 1940 жылдан кейін қайта жариялану бақытына кезіккен жоқ. Әйтеуір көмірге байланысты деп, 1952 жылы шыққан «Қарағандыға» әкеп таңа береміз. Бұрынғының өңделгені дейміз. Шындығына келгенде, «Қарағанды» романы сюжеттік желісі жағынан да, адам характерінің жасалу тұрғысынан да, партия қызметкері Мейрамның ой-армандары, кешегі Сойдақтістің сілімтігі Әлібектің қызы Ардақтың азаматтық келбеті мен махаббат сезімдері, ұлттар достығының қызыл туын жоғары ұстап, үлгі-өнегесін төңірегіне шашып жүрген Щербаковтың өрен іс-әрекеттері, композициялық құрылысының көп жоспарлылығы «Қарағанды» романын ескінің жалғасы, өңдеп-жөнделген түрі деуге келтіртпейді1, - деді.
Ал, біздің ойымызша, аталған шығармалар бір көмірлі өлкенің өзіндік тынысын, онда еңбек еткен адамдардың тағдыр-тірлігін екі түрлі өмірлік және шығармашылық тәжірибесі-тағлымы бар қаламгердің екі түрлі кезеңде жазған романы деген жөн. Мәселе Ғ.Мұстафиннің екі түрлі өмірлік және шығармашылық тәжірибенің иегері екендігінде. 1967 жылы шыққан «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық еңбектің 2-кітабындағы Ғ.Мұстафин шығармашылығы туралы монографиялық тарауда былай делінген: «Осы алғашқы әңгіімелерінен кейін (бұл арада 1929 жылы Қызылорда қаласында «Ер Шойын» деген жалпы атпен жарияланған тұңғыш жинағы айтылады) жазушы көп жыл бойы көркем әдебиеттен қол үзіп кетті. Бұған оның 1930 жылы мамыр айында Қарағанды қаласына жұмысқа кетуі себеп болған еді. «Мен келгенде,- деп еске алады жазушы өз өмірінің ол кезеңін,- Қарағандыда 5- 6 жаман барақ қана, 30-40 жұмысшы ғана бар еді. Олар көмірді қайламен қазып, сыртқа темір шелекпен қолбұран арқылы шығаратын. Шахта дегендері бір ғана құдық.
Қазіргі алып Қарағанды өндірісінің осындай кезеңіне тап келген жазушы жұмысты жер қазу, темір тотын қырудан бастап, үш жыл ішінде слесарьлық, токарьлық мамандықтарын игереді. 1933 жылдың басында жергілікті ұйымдардың ұйғаруымен ол «Қарағанды пролетариаты» газетінің жауапты секретары қызметіне тағайындалады. Бірақ көп кешікпей Ғ.Мүстафин Новосибирь қаласында қазақ тілінде «Қызыл ту» атты жаңа газет шығуына байланысты сонда жүмысқа ауысады. Тек 1938 жылы аталған газет жабылған соң, ол Алматыға оралады... 1938 жылы Алматыға келісімен бастаған «Өмір не өлім» романын 1940 жылы жеке кітап етіп бастырады»1. Бұл сөздерді жазған белгілі әдебиетші Б.Сахариев.
Байқалып тұрғанындай, Ғ.Мұстафин «Өмір не өлімді» жазар алдында үш жылдай 30-40 жұмысшысы ғана бар Қарағанды шахтасында еңбек еткен, сондай-ақ слесарьлық, токарьлық мамандықтарын үйренген. Өмірінің және бес жылдайын журналистік қызметке арнаған. Әрине, журналистің бәрі бірдей жазушы бола алмайтыны белгілі, бірақ бұл кәсіп көркемсөз өнерімен айналысатын адамға етене жақын, әрі өзінше бір мектеп. Мұның үстіне, бұған дейін де бұл каламгер нағыз қара жаяу еместі: көркем әңгімелер жинағын шығарған. Және газетте қызмет істеген жылдары әлденеше очерк, фельетондар жазып жариялап, қаламын үшкірлеген.
Сөйтіп 7-8 жылдан кейін прозаның іргелі жанрында бағын сынамақ боп, «Өмір не өлім» романын жазуға кіріседі.
Ал, енді 1952 жылы басылып шыққан «Қарағанды» романын жазуға кірісер кездегі қаламгердің өмірлік және шығармашылық тәжірибелері қандай еді? Оның бұл тараптағы тәжірибесі «Өмір не өлімді» жазған кездегіден әлдеқайда басқаша еді. Өйткені, бұл уақытқа дейін ол тек Қарағандыны ғана емес, Қазақстанның одан өзге де елкелерінің тыныс-тірлігімен терең танысқан, сонда көргендері мен көңіліне түйгендерін сюжеттік желіге арқау ете отырып, «Шығанақ» (1945) романын, «Миллионер» (1948) повесін жариялап үлгерген белгілі жазушы. Мұндай шығармашылық тұғырға шапшаң көтерілуіне 1941 -1945 жылдарғы қияпат соғыс тұсында оның рухани жағынан жетіліп, өзін қоршаған әлеуметтік ортаға тың тұрғыдан қарауы да себепкер болған.
Сонымен, аталған жәйттердің өзінен-ақ «Қарағандыны» оның авторының өмірлік те, шығармашылық та тәжірибесі әлі толысып бітпеген тұста жазылған «Өмір не өлім» романының өңделген-жөнделген нұсқасы деудің қисыны келмейтіні байқалады. «Өмір не өлім» романының өзіндік тағдыры бар. Бұл роман - тың мәселені, Қарағанды кенішін кеңес үкіметі тұсында халық қажетіне жеделірек пайдалану ісін көркемдік тұрғыдан біршама сәтті суреттеуімен сол жылдарғы прозамызға едәуір үлес қосқан дербес-дара шығарма.
Және сол отызыншы жылдары тап жауларына қарсы күресе жүріп Қарағанды көмір өндірісін қалпына келтіру кезінде іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен көзге түскен шахта бастығы Горбатов, партия ұйымының хатшысы Еркін, жүмысшылар Бораш пен Жанәбіл бейнелері жаңа заманның төл перзенттері дерліктей деңгейде бейнеленген. Ағылшын алпауыттары билеген Қарағанды мен Қазан төңкерісінің жеңісінен кейінгі ұрпақтар қожалық еткен Қарағандыны салыстыра суреттеуі де - автор ізденісінің игі жемісі. Ал, Сойдақтістің, сол кездегі түсінік бойынша, көкірегі көрдей қараңғы тап жауының өкілі екені анадайдан-ақ аңғарылып тұр.
Ғ.Мұстафин отызыншы жылдары бірнеше әңгіме жариялаған. Мысалы, «Шыныдан туған қозы» (1935) әңгімесінде қойды жасанды жолмен ұрықтандырудың малды ауылдағы тұңғыш тәжірибесі хикаяланады. «Тазарған адамдар» («Әдебиет майданы» журналы, № 6, 1938) әңгімесінде түрлі себептермен қылмысты болған кейбір кісілердің еңбек түзету лагерінде аянбай жұмыс жасау нәтижесінде, әсіресе Мәскеу-Волга каналын салу сияқты екпінді құрылыс объектісіне қатысуға бейімделген лагерьде адал еңбек ету нәтижесінде, жат қылықтарынан арылып, қайта түзелгені, ақталғаны айтылады. Бұл нағыз Сталиндік лагерьлерді ақтайтын, оны үлгі ететін кездегі ұрандарға сәйкес жазылған дүние. «Ақ шапандылар» (1939) - абзал жанды, ақ желеңді дәрігерлер туралы әңгіме.
Мәжит Дәулетбаевтың «Қызылжар» (1935) романында өзімен тақырыбы үндес қайсыбір шығармалардағыдай қазақ елінің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі алдындағы және сол оқиға тұсындағы, 1917 жылғы төңкерісі кезіндегі тұрмысы, тағдыры көрсетілген. Сонымен қатар, Атымтай, Балта, Громов, Павлов сияқты негізг қаһармандардың Қазан төңкерісіне тікелей қатысып, жаңа заманды орнатуға өз үлестерін қосқаны да «Қызылжардың» тұңғыш кітабында бейнеленген. Алайда, жаңа заманды жақтаушылар мен оны орнатушылардың жеңісі ұзаққа созылмайды. Ақ офицерлері мен меньшевиктер-монархистер жергілікті ұлтшылдармен ынтымақтаса, чех әскерлерінің көмегіне сүйене жүріп, Қызылжар қаласындағы жұмысшылар өкіметін құлатады; көтеріліске қатысушыларды қатыгездікпен жазалап, олардың көбін тұтқындап, абақтыға жабады. Дегенмен, төңкеріс жаулары жеңісінің уақытша екені романның ақырғы бөлігінен анық білінеді.
Мұндай аңсар, ізгі мұрат осы жазушының «Қызылжар» романымен қатарласа, 1935 жылы дүниеге келген «Партизандар» повесінен де көрінеді. Бұлардың өзара үндес екенін екі шығарма кейіпкерлерінің тағдырына назар аударғанда көз жеткізуге болады. Олар өзара үндес қана емес, екіншісі біріншісінің заңды жалғасы екені байқалады. Повестің бас қаһарманы Алпысбай «Қызылжар» романындағы Атымтай, Балта секілді негізгі кейіпкерлердің жаңа заман орнату жолындағы түбегейлі мүдделерін азамат соғысы жылдары одан әрі жүзеге асырып жүрген кісі ретінде қабылданады.
Рас, Алпысбай іргелі істі, жауапты жұмысты өзгелермен, әсіресе, Тарас Иванович есімді орыс ұлтының өкілімен бірлесіп атқарады. Себебі, Тарас керемет білгір, немесе айрықша «үлкен төңкерісшіл болмаса да, соғыстың ащы-тұщысын... қара шаруаларынан анағұрлым бұрын көрген1. Сондай-ақ ол келешекке сенімі күшті болатын төңкерістің түпкі мақсатын Алпысбай тәрізді қарапайым партизандардан гөрі терең түсінеді. «Тарас Иванович өзінің осы сияқты ... өзгешелігімен салбыр тонды, көн етікті... қазақ, орыс қара шаруа партизандарының арасында қылтиып қана жанған шам тәрізді еді... Ол шам осы жүрісте төңірегіне әлденеше шам жақты» (200-б.).
Сондай бір шамды ол Алпысбайдың жан-жүрегіне де жағып, оның рухани жағынан жеделірек жетіліп, өзін қоршаған ортаның құлқын тезірек түсінуіне айтарлықтай ықпал етеді. Тарас Иванович секілді кісілердің, өзге де өмірлік тәжірибесі мол орыс адамдарының қарапайым қоғамдық-әлеуметтік түбегейлі өзгерістердің түпкі мәнін ауқымдырақ ұғып, ескі тәртіпке қарсы күреске құлшынысын күшейтуге тигізген игі шарапаттары М.Дәулетбаевтан басқа да жазушылардың отызыншы жылдардағы прозасының бірталайында бейнеленген.
С.Шәріповтың «Бекболат» повесіндегі әділет іздеп, бас бостандыққа ұмтылып жүрген Бекболат теңдік алмақ түгіл Дүрімбай жапқан жаланың кесірінен тұтқынға түсіп, Котлас қаласына жер аударылады да, бұрын өңінде түтіл түсінде кермеген өлкеде жүріп өмірге өзге позициядан, тың тұрғыдан қарайтын күйге жетеді.
Котлас қаласында айдауда болған уақыттың өмірінде қандай із қалдырғаны жөнінде Бекболаттың өзі әңгіме үстінде қарапайым орыс Осипке былай баян етеді: «Патшаны түсіруге менің әлім қайдан келсін? Сендер кіріссеңдер, тағы да сені мен мендейлер біріксе түсіреді. Аспаннан түскен патша емес қой, біздей-ақ адам, өзіміздің ақымақшылығымыздан патша болып тұр ғой. Оны айт, мұны айт, әйтеуір айдалып кетіп, талайды көрдім, көзім ашылды. Бұрын түк білмейді екенбіз ғой»2 - дейді.
Әрине, отызыншы жылдардағы жазушылардың бәрі бірдей М.Дәулетбаев немесе С.Шәріпов сияқты қалың бұқараның төңкеріске қалай келгенін көрсетумен ғана тынбаған. Олар туған халқының тағдырын, атап айтқанда, ежелден еркіндік аңсаған, бостандықты көксеген қазақ халқының жаңа қоғамда қалай өмір сүріп жүргенін, қандай-қандай ауқымды әлеуметтік әрекеттерді жүзеге асыруға білек сыбана кіріскенін сөз етеді. Мысалы, Елжас Бекенов (1892-1938) «Жаңа әдебиет» журналының 1930 жылғы 11-12 нөмірінде жарияланған «Алтынды жүйе» әңгімесінде Бәйкен, Ескендір сияқты алтын іздеуші адамдардың алған бетінен қайтпай, табандылық таныта, әрі өздерінің көп жылдық өмірлік тәжірибелеріне сүйене жүріп, жеті қат жер астындағы алтын жүйесін дәл топшылайтындығын елестеткен. Соның нәтижесінде жәке қарапайым да қажырлы жұмысшылар еңбегінің арқасында өндірістің сол уақыттағы өзекті бір саласы - түсті металлургияның өрге баса бастағандығы бейнеленген. Ал, осы Е.Бекеновтың «Қоңырау» («Жарыс» альманағы, 1930 жыл, Петропавл қаласы) және «Талпақ» («Әдебиет майданы» журналы, 1935, №12) деген әңгімелерінде Талпақ есімді кейіпкердің кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында тап дұшпандарымен тайталаса жүріп, ұжымды шаруашылықты ұйымдастыруға белсене қатысқаны, ал колхоз құрылғаннан кейін механизаторлар мектебінде оқып, комбайнер болғаны суреттеледі; ауылда жаңа өмірді орнықтыруға жан-тәнімен, бүкіл болмыс-бітімімен ынтық осы қаһарманның рухани жағынан өсуі де екі әңгімеде есте қаларлықтай күйде көрсетілген.
Ал, Жиенғали Тілепбергенов (1895-1933) 1930 жылы «Жаңа әдебиет» журналының 6-нөмірінде жарияланған «Таңбалылар» повесінде ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдандыру кезінде болған асыра сілтеушілік пен бұрмалаушылықты тап жауларының өз мүдделеріне тиімді пайдалануға бағытталған айла-шарғы, жымысқы әрекеттеріне көкірегі ояу, көңіл көзі ашық ауыл азаматтары қарсы күреске шығып, ақыр аяғында жеңіске жеткені бейнеленеді. Жеңіске, әрине, оңайлықпен жетпейді. Тартыс арқылы, көбіне-көп психологиялық тайталас жағдайында жетеді. Сондай оқиғалар шеңберінде бас қаһарман Қалманның, жазушының осы шығармасына дейінгі әлденеше әңгімесінде бірде қуақы, бірде жайбасар момын кедей күйінде жұртшылық жүрегіне ұялаған Қалманмен әрі аттас, әрі негізінен алғанда, тағдырлас Қалманның мінезі мына повесте жаңа қырынан көрінеді: әлеуметтік мәселеге белсене кірісетін шымыр да ширақ, турашыл да мақсаткер кісі күйінде көзге түседі. Бірақ, осындай Қалманға сол уақыттың сұм уәкілі Жазықбаев - кеңес өкіметінің сеніміне зияндықпен ие болып, ауылдық жерде артель ұйымдастыруға шыққан сол уәкіл Жазықбаев жала жауып, оны (Қалманды) түрмеге қаматады. Титтей кінәсі болмаса да тағдыр тәлкегіне ұшыраған Қалманды әділетсіздіктен арашалау үшін әйелі Мағрипа мен Таңатар есімді кісі әрекеттенеді: жоғарыға арыз жазады, тап жауларымен шұғыл күресуге бел буады.
Қалманның жақын-жанашырлары осындай қам-қарекет үстінде жүрген уақытта, яғни: «1930 жылы 15 наурызда БК(б)П Орталық Қомитетінің «Колхоз қозғалысындағы партия жолының бұрмалаушылығына қарсы күресу туралы» қаулысы жарияланып, практикалық істегі кемшіліктер түзетіліп, партия жолын бұрмалаушылар, асыра сілтеушілер жауапқа тартылады. Кедейлерге зәбір көрсеткен Жазықбаевтың сыры ашылып, түрмеге жабылады»1. Содан соң Қалманның «ісі» тез тексеріледі де, қылмыс жасамаған ол байғұс абақтыдан шығарылады. Бостандық алған қуанышының қызығы басылмай тұрғанда ол қырық үйлі кедейден артель құрып, ұжымды шаруашылыққа қауырт кіріседі.
Тұжырып айтқанда, Ж.Тілепбергенов повесінде, бір жағынан, кеңес үкіметінің адал адамы, еңбекшілер өкілін қалай да жақтайтыны тайға таңба басқандай танылса, екінші жағынан, көне қоғамдық қатынастардың орнына жаңа заман тәртібін орнату мәселесінің қиын әрі күрделі құбылыс екені айқын білінеді. Жаңаның жергілікті жер топырағына терең тамыр жаюы отызыншы жылдардың өзінде-ақ түрлі қиындықтарға кездескені осы жазушының «Сарайдағы сауда» (1931) әңгімесінде басқа бір өмір материалының негізінде көрсетілген. Құлқын құмар, дүние-мүлік десе шырт ұйқысынан ұшып тұрар аудандық деңгейдегі кейбір қызметкерлердің сауда қоймасындағы зәру заттарды жең ұшынан бөліскені емес-ау, тал түсте талапайлағаны өте өткір сыналған, былайғы бұкараға киім-кешек, басқа да бұйымдар жетіспей жатқанда аудандағы жауапты қызметтегі қайсыбір атқамінерлердің арамзалығы әшкереленген.
Отызыншы жылдардағы прозаның құрамдас бөлігі боп табылатын тағы да бірталай шығармаларда, мысалы, Орынбек Бековтың «Советбике» («Жаңа әдебиет» журналының 1930 жылғы 2, 6-сандарында жарық көрген), "Қадыр Тайшықовтың «Октябрь ұшқыны» (1935), Елжас Бекеновтың «Большевик қызы» (1937) повестері мен Сағыр Камаловтың «Ұшқыннан өрт» («Жаңа әдебиет» журналы, 1931, № 8, 9, 10) әңгімесінде қазақ ауылының төңкерістен бұрынғы әлеуметтік қайшылықтарынан гөрі, төңкерістен кейінгі қиындықтары, азамат соғысы тұсындағы тартыс, таптық тайталас және кеңес өкіметі орнағаннан бергі өзекті өзгерістер басым бейнеленген. Ал, Ғабдол Слановтың «Арман ағысы» повесінде (1939 жылы жарияланып, 1940 жылы жеке кітап болып шыққан) кеңес адамдарының отаншылдық құнды қасиеті, шырқау сезімі инженер Жақсылық, кенші Жақия, мұғалім Қалует сияқты кейіпкерлердің іс-әрекеттері үстінде көрініп, арман-мақсаттары хикаяланған.
Қазақ прозасының жай-күйін сол тұстағы саяси жағдайды есепке ала отырьш тұжырсақ, сан жағынан табысымыз көп болса да, тақырып аясы бірыңғай екені байқалады.
Бұған, жалпы алғанда, яғни әдебиеттің мұндай жағдайға кезігуіне жазушылар кінәлі деу орайға келмейді. Отызыншы жылдардың алғашқы кезінде-ақ жойқын қуаты еселеп артып, елімізді есеңгірете бастаған сталиндік зұлмат өміршіл-өкімшіл күйге ене бастаған. Сол қатаң тәртіп зобалаңның қазақ әдебиетіне келтірген қырсығы 1932 жылы 10 қаңтарда ВҚП(б) Қазақ Өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтьшың «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» деген түсіндірме хаты, шынтуайтында, қаулысы бұқаралық баспасөзде жарияланғаннан соң-ақ тіпті күшейіп кетті. Өйткені, сол құжаттан кейін-ақ, «теория майданындағы күрес» қоғамдық ғылым саласындағы шалағай, әрі солақай қисыншыларға емес, бәрінен бұрын шығармашылық майданында өндіре еңбек етіп жүрген қаламгерлерге қарсы бағытталды.