Анатты сӨздердiҢ тӘрбиелiк мӘнi 6 страница

ҚАЛАНЫҢ АУАСЫ АДАМДЫ ЕРIКТI ЕТЕДI- ХІІ-ХІІІ ғасырларда шаруалардың феодалдарға қарсы күресiнiң нәтижесiнде қала қалқы феодалдық тәуелдiлiктен босады. Егер қожасынан қашып шыққан басыбайлы шаруа қалада бiр жыл және бiр күн тұрып үлгерсе, ол ерiктi адам болып саналды.

ҚАЛАНЫҢ НЕГIЗI ҚАЛАНҒАННАН БЕРГI (РИМНIҢ) - Римдiк жыл санау дәуiрiнiң басталғандығын бiлдiретiн қанатты сөз. Дәл осы аттас шығарманы Тит Ливий жазды. Онда б.з. 9-шы жылынан бастапқы Рим тарихы баяндалған.

ҚАЛҚАНЫҢМЕН, НЕ ҚАЛҚАНЫҢНЫҢ ҮСТIНДЕ КЕЛ - Ежелгi Грецияда аналар өз ұлдарын жорыққа шығарып саларда, қалқанды ұсына тұрып: «Қалқаныңмен, не қалқаныңның үстiнде кел», - дейдi екен, яғни жеңiспен орал не өлiп кел деген ұғым. Дәстүр бойынша Ежелгi Грецияда жорықта қайтыс болған жауынгердi үйiне қалқанына салып әкелетiн болған.

ҚАЛҚАНМЕН КӨТЕРУ – «бiреудi мақтау, даңкын көкке көтеру» деген мағынада қолданылатын бейнелi сөз. Ежелгi Римде солдаттар жеңiмпаз көсемдi шайқастан соң, қалқанға отырғызып, көтерiп құрмет көрсеткен.

Қазіргі жағдайда адамдар мақтау тұрарлық адамды қолмен аспаға көтереді.

ҚАНАТТЫ СӨЗДЕР - Гомерге тиiстi қанатты сөз. Көп қолданылатын мәтелге айналған «дәл ойлар, афоризмдер, цитаттар» деген ұғымды бiр ауыз сөзбен осылай атаймыз.

«ҚАНДАЙ ҰЛЫ АРТИСТ ӨЛIП БАРАДЫ» - рим императоры Неронның (37-89 жылдар) сөзi. Ол қолы бос кезiнде халық алдына шығып өнер көрсетедi екен. Алайда ол қатыгез жан болатын, халықтың наразылығынан қорыққан ол өзiн-өзi өлтiруге мәжбүр болады.

Рим тарихшысы Гай Транквил Светоний (шамамен 70 - 140 жылдар) «Он екi цезарьдың өмiрi» атты кiтабында былай деп жазады: «Ол бiр кiсiнi ұстап алып, көр қаздырып, дәстүр бойынша өлген адамға қойылатын заттардың барлығын алғызыпты да, өзiн өлтiруге бұйрық берiптi, Нерон өлерiнiң алдында бiрнеше рет: «Қандай ұлы артист өлiп барады» деп қайталапты».

ҚАНДЫ АПТА - 1871 жылы 21 мамыр мен 28 мамыр Париж Коммунасы мен контреволюциялық әскерлер арасында соғыс болды. Осы бiр жетiге созылған аралық тарихқа «қанды апта» деген атпен ендi.

ҚАНДЫ ЖЕКСЕНБI - 1905 жылы 9 қаңтарда Петербург жұмысшыларының әйелдерi мен балалары 140 мың адамдық шерумен Қысқы Сарайға беттедi. Олар патшаның суретi мен икондар ұстап, дұғаларды әндетiп келе жатты.

Полиция шеруге қарсы оқ атты. Сол күнi 5 мыңға жуық адам өлдi, бұл күн тарихта «қанды жексенбi» деп аталды.

ҚАНДЫ КЕК – бұрын өлген адам үшін кек алуды меңзегенде қолданылатын бейнелі сөз.

«Айыбын мойнына алып аяғына жығылса, кекті қасы болса да, кешіргісі келіп тұрады» (І.Есенберлин, Қахар).

ҚАНЖЫҒАҒА ҚАНДЫ БАСТЫ БАЙЛАДЫ – «жауды жеңді, кек алды» дегенді білдіретін бейнелі сөз.

Тыншу болмас қалың қайрат қайнамай,

Қанжығаға қанды басты байламай,

Қара жүрек, қара қошқыл қанменен,

Үш тосарлы, қандыауызды майламай (І.Жансүгіров).

ҚАН ҚҰЙЛЫ КЕҢЕС - 1566 жылы Нидерландыға келген герцог Альба адамдарды қорқынышта ұстау үшiн «Тәртiпсiздiк iстердi реттеу жөнiндегi Кеңес» деп аталған сот құрды. Олар жазықсыз 8 мың адамды өлтiрдi. Халық оны «қан құйлы кеңес» деп атады.

ҚАНҚҰМАР СҰЛТАН – Осман (Түрiк) империяның ХІХ ғасырдың аяғындағы сұлтаны Абдул Хамит тарихта «қанқұмар сұлтан» деген атқа ие болды.

ҚАН МАЙДАН – күреске, еңбекке құлшыну деген ойды білдіретін бейнелі сөз.

«Қалған өмірімді қан майданға жұмсағалы щықтым» (Ғ.Мұстафин, Шығанақ).

ҚАРА ЖЕР - ежелгi Египеттi «қара жер» деп атаған. Өйткенi Нiл тасыған кезде көлдердегi өсiмдiктердi ағызып әкетедi. Ал күзде өзен тартылып, арнасына түскен кезде, аңғар топырағын қап-қара тұнба басып қалатын болған.

ҚАРА ҚАҒАЗ - Ұлы Отан соғысы жылдарында құрбан болған азаматтардың артынан хабарлау хат келiп жатты. Жұрт осы бiр қайғылы хабар әкелген хатты – «қара қағаз» деп атап кеттi. (Н.Төреқұлов, «Қанатты сөздер»).

«Содан қайтар екi жас,

Бiр-бiрiн әзiр көрген оқ.

Тiрi болар Карлосы,

Қара қағаз келген жоқ» (Д.Әбiлов).

ҚАРА ҚАЗАҚ – «жәй ғана адам» деген ойды білдіретін мағыналы сөз.

«Құр ғана қара қазақтың қаны ма, өзінің екі баласының тағдыры қыл үстінде тұрған жоқ па?» (І.Есенберлин, Жанталас).

ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН – «әділ, адал» деген ұғымды бейнелейтін сөз. Негізінен билер турасында айтылды.

ҚАРА СӨЗ – данышпан ақын Абайдың ұрпағына қалдырған ұлағаты «қара сөз» деп аталады. Абайдың қырық бес қара сөзі жетті. Абайдың бірінші қара сөзі «бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – уәрешілікті көре-көре келдік» деп басталды. Ал қырық бесінші сөз «Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деген сөздермен аяқталады (Абай, «Ел» баспасы, Алматы, 1993 жыл ).

ҚАРА ӨЛIМ- ХІV ғасырдың ортасында Европа елдерiн аса қатты оба дертi жайлады. Оны халық – «қара өлiм» деп атады.

ҚАРА ХАЛЫҚ - ХV ғасырда орыс тiлiнде жазылған құжаттарда көшiп-қонып жүрiп, мал шаруашылығымен айналысқан қазақ және Орта Азияның басқа да халықтарын «қара халық» деп атады.

ҚАРУЛАНҒАН ӘЛЕМ - немiс ақыны Ф.Логау (1604-1655) екi ғана қатардан тұратын «Қаруланған әлем» атты соғыс жайында өлең жазды. Ол кең тарап кеттi.

ҚАСИЕТТI СОҒЫС - ислам дiнiнiң жауынгерлiк ағымы мюридизмнiң негiзгi қағидасы – «кәпiрлерге қарсы оларды түгел қырғанша қасиеттi соғыс жүргiзу» болды. Бұл соғысқа қатысқандар «о дүниеде рахатқа бөленедi» деп уағыздалған.

«ҚАСИЕТТI СОҒЫС» - 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейiн халықтың рухын көтеретiн әндер жазылды. Соның бiрi – Б.Александровтың «Қасиеттi соғыс» атты әні болатын.

«ҚАСЫМ САЛҒАН ҚАСҚА ЖОЛ» («ҚАСЫМ ХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ»)- қазақтың ханы Қасым (1495-1523) хандық құрған кезде ел басқару ісінде қолданылған әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Елдің бірлігін ойлаған Қасым қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді.

ҚАЙТА ӨРЛЕУ ДӘУIРI - ХV-ХVІ ғасырларда Батыс Европа елдерiнде буржуазия пайда болды. Олар дүниеге жаңа көзқараспен қарады. Сондықтан да мәдениетке ден қойылды.

Католик шiркеуi қудалаған және өткен ғасырларда ұмыт қалған ежелгi мәдениет қайта туғандай болды. Бұл кезең тарихқа «Қайта өрлеу дәуiрi» деген атпен ендi.

ҚИЛЫ ЗАМАН - қазақ халқы өз басына түскен ауыртпалықтарды көргенде өз кезеңiн бұрынғы өткен бiр ауыр заманмен салыстырған, сөйтiп «қилы заман деген осы шығар» дейтiн болған.

«Қилы заман» болар деген, мiне, осы, - дедi Тәуекел Жиембет жырауға бұрылып. (I.Есенберлин, «Жанталас» романы, 121-бет, Алматы, 1973).

ҚУ ЗАМАН – «болашаққа сенімі жоқ заман» деген ойды білдіретін қанатты сөз.

«Оған Қотан қарт не айтпақ? Қыпшақтың ерлігіне қандай мін тақпақ? Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның ойына түсінер ме? » (І.Есенберлин).

ҚОЙ ҮСТIНЕ БОЗТОРҒАЙ ЖҰМЫРТҚАЛАҒАН ЗАМАН – «бейбiт те бақытты, қайғысыз өмiр» деген мағынада қолданылатын бейнелi сөз.

«Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман», - дептi Ленин. Рас па, Шәкенжан (Ғ.Мұстафин, «Дауылдан кейiн» романы).

ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ - бiреудi бопсалап қорқытуды, немесе бiреудiң бiреуге зорлық жасап, қыр көрсетуiн халық осы сөзбен жеткiзген. Бұл сөз 1821 жылдары Қоқан, Хиуа хандықтарының Оңтүстiк Қазақстан аудандарын басып алып, оларға жасаған зорлық-зомбылығынан калған. (Н.Төреқұлов, «Қанатты сөздер»).

«Қоқан-лоққымен қорқытып үйренгенсiн, ата алмасың бар, ат кекiлiн кесуге неге барасың?» (Ғ.Мұстафин, «Дауылдан кейiн» романы).

ҚОНАҚЖАЙ ТЕҢIЗ - Понт Эквинский өзiнiң шығармаларында Қара теңiздiң жағалауында көптеген грек қалалары пайда болғандықтан, теңiздi осылай атаған.

ҚОЛА САЛТ АТТЫ - 1782 жылы Петербургте Сенат алаңында І Петр құрметiне ескерткiш ашылды. Кейiн А.С.Пушкиннiң «Қола салт атты» поэмасы жарық көргеннен соң, ескерткiштi «Қола салт атты» деп, ал Петербургтi «Қола салт аттының қаласы» деп атап кеттi.

ҚОС АЯКС - ерлiктi бiрге жасаған Троя соғысының батырлары. «Қос аякс» деген қанатты сөз «айырылмас екi дос» деген мағынада қолданылады.

ҚОРҚЫТ – «өлімнен қорқу мен одан қашу» деген ойды бейнелі түрде осылай айтамыз. Шығу тарихы ұлы ойшыл, жырау қобызшы Қорқыт Атаның есіміміен тығыз байланысты.

КСАНТИППА - грек философы Сократтың әйелiнiң есiмi. Оның аты «қырсық, қыңыр әйел» деген ұғымды бiлдiру үшiн қолданылады.

Сократ Антисфенiң «осындай әйелге неге үйлендiң?» - деген сұрағына: «Жiгiт шабандоз болу үшiн жуас атқа мiнбейдi, бас бiлмеген, асау атқа мiнедi. Оның ойында «егер асау атқа бас үйрете алсам, онда басқа аттарға мiну де қиындықсыз жүзеге асар едi» деген ғана ой болады. Мен де осы ойды ұстадым, егер мен Ксантиппаға үйленiп, онымен тiл таба бiлсем, басқа адамдармен де тiл табу қиындық әкелмейтiнiн бiлдiм», - деп жауап берген.

ҚУЫРШАҚ ҮКIМЕТ - белгiлi бiр iрi мемлекеттiк айтқанынан шықпайтын үкiметтi саясаттануда осылай атайды.

ҚҰБА ҚАЛМАҚ ЗАМАНЫ – қазақ пен қалмақ шабысқан кезеңді еске түсіретін бейнелі сөз,.

«Құба қалмақ заманы» деп атанған заманда қалмақ пен қазақтың ел шабысқан дауларын бітістіруде Қазыбек үш рет билік айтқан екен» (Б.Адамбаев).

ҚҰДАЙДЫҢ ҰЛЫ - ежелгi Египетте дiн перғауынға мүлтiксiз бағынуды талап еттi. Пергауындар пайдаланған шексiз билiктi құдайлар орнатқандай көрiндi. Сондықтан да оларды – «құдайдың ұлы» деп атады.

«ҚҰЙРЫҒЫ ЖОҚ, ЖАЛЫ ЖОҚ» –Асан қайғы атанып кеткен Хасан Сәбитұлы 1361-1370 жылдар аралғында Еділ бойында туса керек. 1456 жылы Қазақ ордасы құрылған кезде, жаңа мемлекеттің ұраншысына айналды. Оның өлеңдерінде туған жерге деген ұлы сезім жатыр.

Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтып күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер!?

Шыбын шықса жаз болып, таздар қайтып күн көрер,

Жалаң аяқ балапан, қаздар қайтып күн көрер!?

ҚҰЙРЫҚТЫ ЖҰЛДЫЗ СЕКIЛДI - қазақ «құйрықты жұлдыз» деп Шолпанды айтады. Халық ең ардақты асыл ұлын, абзал адамдарын сол құйрықты жұлдызға теңеп сөйлейдi.

(Н.Төреқұлов, «Қанатты сөздер»).

«Абайдың мезгiлсiз дүние салған, қыршынынан қиылған сүйiктi баласы Әбдiрахманға арнаған:

Құйрықты жұлдыз секiлдi,

Туды да көп тұрмады.

Көрген, бiлген, өкiндi

Мiн тағар жан болмады, - деп келетiн шерлi сыры, жүрек жарды арманы ойға түседi». (А.Нұрқатов, «Әуезовтың творчествосы»).

ҚҰС СҮТI – «құлақ естiмес, көз көрмес, мүмкiн емес» деген ойды жеткiзу үшiн қолданылатын қанатты сөз. Алғаш рет Аристофанның, Страбонның шығармаларында кездестi.

Ал қазақ барған тойына риза болса, «құстың сүтiнен басқаның бәрi бар» дейтiн болған.

ҚҰР АБЫЛАЙЛАП ДАУ АЛА АЛМАЙСЫҢ – «құр айқаймен, даурықпа сөзбен iс бiтпейдi» дегендi қазақ ертедегi Абылай ұранына байланысты айтып кеткен.

«Құр Абылайлап дау ала алмайсың, шырағым. Аққан жас, жосыған қанды есептесең, өтеуi үрiм-бұтағына кетедi».

(Ғ.Мүсiрепов, «Ақан серi Ақтоты»).

ҚҰРАНДЫ БАСЫП НАНДЫ АЛСАҢ ДА, НАНДЫ БАСЫП ҚҰРАНДЫ АЛМА - нанды қастерлеудi уағыздайтын қанатты сөз.

«Нанға биiк қол созсаң - бас Құранды,

Тек Құранды алам деп - баспа нанды,

Осы болған қазақтың қағидасы,

Iздемеген аспаннан баспанаңды».

(Ж.Молдағалиев, «Қызыл қайын», 1973, 38-бет).

«ҚҰРЫШ ҚАЛАЙ ШЫНЫҚТЫ» - 1932-34 жылдары жазылған Н.Островскийдың осы аттас романы. Роман кейiпкерi азамат соғысына қатысып, 25 жасында сал болып қалып, екi көзден айрылады.

Бұл қанатты сөз жастардың қалыптасуы туралы сөз болғанда қолданылады.

ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ – «Қызыл Жебе» атты Ш.Мұртазаның романының эпиграфынан алынған. «Ұлы Қазанның алауында шындалған, алысқа атылған Қызыл Жебе сынды - Т.Рысқұловқа ескерткiш».

ҚЫЗЫЛ СЕНБIЛIК - әрбiр жылдың сәуiр айында «ұлы бастама» құрметiне өткiзiлетiн сенбiлiктi атаған.

«ҚЫЛЫШ КӨТЕРГЕННІҢ АЖАЛЫ ҚЫЛЫШТАН БОЛАДЫ» – даңқты қолбасшы Александр Невскийдің айтқан сөзі. Кейінірек Библияға да кірген.

ҚЫРҒИ-ҚАБАҚ СОҒЫС – ХХ ғасырдағы капиталистік елдер мен социалистік елдер тобы арасындағы саяси қайшылық.

ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫ – Солтүстiк Қытайды көшпелi халықтардың шапқыншылығынан қорғау үшiн ғасырлар бойы салынған қорған құрылысы. Қорған барлық тармақтарымен қоса 4 мың шақырым шамасында, биiктiгi - 5-10 метр, енi - 7 метр.

«Қытай қорғанымен тасалану», «Қытай қорғанын салу» деген сөз «тосқауыл тұрғызу, бiрденеден бас тартып, бөлiнiп кету» мағынасында қолданылады.

ҚЫТАЙДЫҢ СОРЫ - ежелгi Қытайда Хуанхэ өзенiн осылай атаған. Өйткенi ол жиi тасып, халыққа көп шығын әкелетiн.

ҚЫПШАҚТА ДА ЖОҚ – «ең бай елдi түсiндiру» үшiн қолданылатын бейнелi сөз.

«Сенде де жоқ, менде жоқ,

Сеңгiр тауда жоқ.

Отта, суда жоқ,

Қыпшақта да жоқ.»

ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ - ҚЫДЫР – қазақ мәтелі. Келген қонақтың бірі шақырушыға ырыс әкеледі деген ойдан туған.

Л

ЛАВРДАН АЛҚА ТАҒУ - қол жеткен табыстың, даңқтың, құрметтiң жеңiстерiн пайдалану. Ежелгi дүниеде лавр жапырағынан жасалған венок жеңiс символы болған, сондықтан соғыс батырына, ақынға, суретшiге, спортшыға берген.

ЛАКОНИЗМ. ЛАКОНИКАЛЫҚ ҚЫСҚАЛЫҚ. - Лакония өлкесiнiң байырғы тұрғындары өз сөздерiнiң қарапайымдылығымен және қысқалығымен тыңдаушысын тәнтi ететiн. Қысқа сөйлеу мәнерi «лаконизм» деп аталады.

«ЛАШЫҚТЫҒАЛАРҒА - БЕЙБIТШIЛIК, САРАЙДАҒЫЛАРҒА - СОҒЫС» - XVІІІ ғасырдағы француз буржуазиялық революциясы кезiнде Никона Шамфордың (1741-1704) революциялық армияның ұраны ретiнде айтқан сөзi. Кейiнiрек бейнелi сөз болып қалыптасты.

ЛӘЙЛІ МЕН МӘЖНҮНДЕЙ – бірі-біріне ғашық деген мағына беретін бейнелі сөз.

Қарағым, қасың қара қаламдайын,

Мен кімге сен тұрғанда алаңдайын?

Ләйліге ғашық болған біз бір Мәжнүн,

Ертеде, Қозы Көрпеш Баяндайын.

ЛЕНИНГРАДТЫҢ ӨРЕНДЕРIМ - 1941 жылдың күзiнде Ленинград жау қоршауында қалған ауыр күндерде Жамбыл Жабаевтың арнаған жалынды өлеңiнің аты.

Ленинградтық өренiм,

Мақтанышым сен едiң.

Нева өзенiн сүйкiмдi,

Бұлағымдай көремiн.

ЛОВЛАС (ЛОВЕЛАС) - С.Ричардсонның (1889-1761) «Клариса Гарлоу» атты романының әйелдi жыныстық қатынасқа азғырушы кейiпкерi. Осындай адамдарды «Ловелас» деп атаймыз.

ЛУВРСЫЗ БЕС ФРАНЦИЯ - Қазақстанның жер байлығын дәрiптеп айтқан ақынның сөзi.

«Қазақстанды шет жерде «Луврсыз бес Франция» деп ақын айтпақшы...» (К.Смайлов, «Оянған өлке», 1991ж. 8-бет).

М

МАРАФОН ЖҮГIРIСI - әрбiр халықтың өмiрiнде оның болашақ дамуына әсер ететiн ұлы оқиғалар болды. Ежелгi гректер үшiн осындай оқиға грек-парсы соғысы болып табылады. Бұл соғыста гректер өз Отанының тәуелсiздiгiн абыроймен қорғап қалды.

Б.э.д. 490 жылы парсы әскерлерi гректердi жаулап алу үшiн Эгей теңiзi арқылы өтiп, Афины қаласынан 42 шақырым жердегi жазыққа келiп тоқтады. Ол жазық Марафон деп аталатын.

Ұзаққа созылған шайқаста гректер әскер санының аздығына қарамастан жеңiске жеттi. Осы жеңiстiң хабарын жеткiзушi жiгiтке 42 шақырым 195 метр жер жүгiру қажет болды да, ол өз мiндетiн орындап, қалаға кiрiп: «Афинылықтар! Қуаныңдар, бiз жеңдiк», - деп сұлап түскенде, оның жүрегi жарылып кеттi. Сол кезден бастап осы жеңiстiң құрметiне «марафон жүгiрiсi» ұйымдастырылатын болды.

МАРИЙ – КАРФАГЕННIҢ ҚИРАҒАН ОРНЫНДА - рим қолбасшысы, саяси қайраткер Марий Гай (б.э.д. 156-86) консулдыққа 6 рет сайланғаннан кейiн, өз орнын қарсыласы Суллаға беруге тиiс болды. Сулланы өлтiру әрекетi сәтсiз болды да, Карфаген жағалауына қашып барды. Оны естiген Рим наместнигi оның кетуiн талап еттi. Хабаршыға - ол: «Карфагеннiң қираған орнында отырмын» деп жауап бердi.

Сөйтіп өз басындағы тағдыр тәлкегiн Карфаген тағдырымен байланыстырды. Бұл бейнелi сөз өз даңқының күйрегенін көрген адамға қолданылады.

МАРИОНЕТТiК ҮКIМЕТ( МЕМЛЕКЕТ) - құпия түрде шет елдiк мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн, өз елiнiң еркiн бiлдiре алмайтын үкiмет.

МАРС - рим мифологиясы бойынша соғыс құдайы. Ауыспалы мағынада «әскери, не соғыс құмар адамға» айтамыз.

МАТА ХАРИ –Бірінші дүние жүзілік соғыс кезінде Германияға шпиондық қызмет көрсеткен агент. Шын есімі – Маргарита Гертруда Зелле (1876-1917) биші болатын. Оның сценалық есімі – Мата Хари болды. Өзінің сценадағы өнерімен көрінген ол Парижде үлкен қызметтегі адамдармен аралас болды.

Басқа мағынада авантюристік бағыттағы әйелді айтқан кезде қолданатын бейнелі сөз.

МАҢДАЙЫНДА ЖАЗЫЛҒАН - ежелгi орыс мемлекетiнде сотталған адамдарды айдауға жiберер алдында маңдайына жазатын болғандықтан қалған. Ол туралы заң 1746 жылдан бастап императрица Елизаветаның жарлығы бойынша, қылмыскерлер «игi жүздi және күнәсыз адамдардан» ерекшеленiп тұруы үшiн қолданатын болған. Заң өз күшiн 1863 жылы жойды.

Қазiр «мандайында жазулы тұр ма» деп ауыспалы мағынасында қолданылады.

МӘҢГI ҚАЛА - кезiнде Рим қаласын суреттегенде осылай атаған. «Мәңгi қала» деген бейнелi сөз алғаш рет Тибулдың «Элегия» атты шығармасында кездеседi.

МӘҢГIЛIК МЕКЕН-ЖАЙ - Ежелгi Египетте шонжарлар «о дүниелiк» өмiрге сенiп, өздерiне арнап «мәңгiлiк мекен-жай» -пирамидалар салдырды.

Бұл б.э.д. II мың жылдықта тоқталды да, жартастардан бiрнеше бөлмелi мазарлар салынатын болды.

МӘҢГҮРТТІК – адам бойында ұлттық мәдениет пен құндылықтардың, адамгершілік қасиеттердің жойылуын білдіретін бейнелі сөз.

Қоданысқа көркем әдебиетте Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматов енгізді.

«МӘСКЕУДЕН АЙРЫЛУ - РЕСЕЙДЕН АЙРЫЛУ ЕМЕС» - 1812 жылғы Отан соғысы кезiнде Мәскеу маңындағы Фили деревнясында әскери кеңесте, «Мәскеудi соғыссыз тастап шығу керек пе?» деген мәселе қаралды. Қатысушылар соғысуды ұсынды. Сол кезде қолбасшы Кутузов былай деді: «Мәскеуден айрылу - Ресейден айрылу емес. Ал армияны қырып алсақ, онда Мәскеу де, Ресей де құриды».

МӘСКЕУ БIР ТИЫНДЫҚ ШЫРАҚТАН ӨРТЕНГЕН (Москва от копеечной свечки сгорела) – Мәскеу қаласы өз даму тарихында бiрнеше рет өртенген. 1493 жылы шiркеудегi иконаның алдына қойылған май шамнан, 1737 жылы жеке үйдегi май шамнан өртенген еді.

Бұл қанатты сөз «болмашы бiр кiшкентай себептен үлкен зиян келуi мүмкiн екендiгiн» айтқанда қолданылады.

МӘСКЕУ ДЕ БIРДЕН САЛЫНБАҒАН (Москва не сразу строилась) – Мәскеудiң негiзi 1147 жылы қаланды. ХV ғасырда Мәскеу мемлекетiнiң орталығы болды.

Наши рекомендации