Радиохабарды көркемдеу әдістерін сипаттаңыз

СӨЗ. Сөз – адамдардың тіл қатысуында қолданылатын негізгі өнім. Радиожурналистикада сөздің алатын орнын зерттемес бұрын, алдымен сөзге анықтама беріп алайық. Мағжан Жұмабаев бұл жөнінде төмендегідей ой түйеді: “Біз сөз арқылы ғана неше түрлі ойымызды сыртқа білдіре аламыз һәм басқа адамдардың ойларын біле аламыз. Сөз болмаса, адамда білім болмас еді. Атын атап, сөзбен бекітіп тастамасақ, жанда суреттер, ұғымдар тұрмас еді. Сөз болмаса, сөзбен адамзаттың бір-бірімен ұғысуы болмаса, жер жүзіндегі осы күнгі адамзат тұрмысы деген тұрмыс та болмас еді. Қысқасы, жан көріністерінің ең қымбаты – ой. Ой тілі – сөз”. Ал Ахмет Байтұрсыновтың қағидасына сүйенсек “бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп, қисынын, қырын, кестесін келтіріп сөз арқылы тысқа шығару – сөз шығару болады”. Яғни Мағжанша айтсақ адамдардың ішкі жан дүниесіндегі толғаныстарды жеткізудің негізгі құралы, сонымен қатар ойдың тілі – сөз болса, ал Ахметше көңіл түкпіріндегі өзгерістерді, құбылыстарды жай тілмен емес, көркем, қисыны келіскен сөзбен кестелеп, жүйелеп жеткізу әр азамат үшін парыз болмақ. Ал сөз қадірін бірінші кезекте бағалайтын журналистер үшін Ахмет Байтұрсыновтың бұл талабы негізгі қағида болуы тиіс.Ең алдымен сөзбен жұмыс істегенде журналистің алдында тұратын үш міндетті жүйелеп өтейік:

Біріншісі – журналист көңіл қойып, назар аударған оқиғаны және оның барлық болмысын сөзбен дәл әрі нақты мазмұнда суреттеп тыңдаушыға жеткізе білуі қажет.“Айтушы өз ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады. Сондықтан ол ойын өзгелер қиналмай түсінетін қылып айту керек. Оның үшін айтушы сөйлейтін тілін жақсы қолдана білуі тиіс. Яғни әр сөздің мағынасын жақсы біліп, дұрыстап сөйлемді тізе білуі тиіс.Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз”. Бұдан шығатын тұжырым сөзді дұрыс тауып қана қоймай, оны оқиғаның бар болмысын, негізгі мән-мазмұнын шынайы етіп суреттейтіндей дәрежеде қолдану керектігі.Екінші міндет – сөздің оқу мақамын дәл табу, кез-келген мәтінді нақышына келтіріп оқи білу шеберлігі. “Бар” немесе “жоқ” сөздерін жазудың бір ғана тәсілі бар, ал айтудың 50 түрі бар, көп жағдайда кері мағынада, яғни айтылу мақамын таппасаңыз кез-келген сөздің өзіндік мәні, берер мазмұны жойылады.Жазбаша түрде немесе ауызша айтылған сөз нақты бір мағынаны білдіретін болса адамның елестету қабілетіне тиімді түрде әсер ете алды, радиожурналист материалының көп бөлігі, әсіресе ақпараттық бағыттағы хабарлары аудиторияға осы жолмен жетіп жатады.Сөз әдебиетте де, журналистикада да мазмұнды жеткізуші құрал болғандықтан адамның эмоциясына, кез-келген айтылған, көзбен көрген жайтты ойша бейнелей білетін елестету қабілетіне бағытталады. Адам санасында қалыптасқан образ (бейне) табиғатынан күрделі, яғни ол мәндік, эмоционалдық, рационалдық әсерлермен және түйсікпен сезінудің қосындыларының жиынтығы.Кез-келген мәтіндегі әрбір сөзді нақышына келтіріп айтып, оқу мақамына салып, жан-тәніңмен тебірене отырып оқысаң, баяндалған оқиғаның болмысын өзіндік бояуымен әсерлі етіп жеткізе білсең тыңдаушыға әсер етпей қоймайды. Кез-келген мәтінді – ауа-райы болжамынан бастап қайғылы жайттар, елең еткізер оқиғаларға дейін – ресми түрде немесе селқос баяндауға болады, сонымен қатар тыңдаушыны толғандырып, селт еткізердей етіп жеткізуге де болады. Бұл үшін журналист шығармашылық адамы болуы тиіс, мәтінді ішкі түйсікпен терең сезініп, тақырып мазмұнына қарай дауысын құбылтып отыруы керек.“Біз басқаларды тыңдағанда олардың айтқандарын құлақпен қабылдаймыз, содан кейін барып тыңдағанымызды көзбен көреміз” (К.С.Станиславский), яғни айтылғанды көзбен көру тыңдау болса, ал сөйлеу – ойша елестетіп, бейнелеп тұрған образдарды (ұғымдарды) сөзбен сомдау болмақ.Үшінші міндет – журналист логикалық және экспрессивті акценттерді, екпіндерді іздеуі қажет.Сөздің әсер ету күші, сөздің әсерлі, әрі бейнелі шығуы үшін журналист дауыстың күшіне емес оқу мақамының (интонация) деңгейіне (жоғарлату немесе төмендету), екпіндердің дұрыс қойылуына (фонетикалық акценттер), тыныс алудың реттілігіне көңіл қоюы керек. Дауыс күшімен әсер етем деу қате, бұл жағдайда қажетті көңіл-күй туғызу қиын болмақ, бұл тәжірибеде дәлелденген қағида.Екпін – сөз мәнінің көрсеткіші, сөздегі ой дәлдігінің көрсеткіші. Екпінді дұрыс қолдану дегеніміз оны қай сөзге қою керектігін таба білу ғана емес, оны қай сөздің арасында қолданбау керек екенін сезіну.Ахмет Байтұрсынұлы “буын екпіні мен сөз екпінінің қолайлы орналасуы сөйлеу әуезділігін тудырады” дейді. Ауыз екі сөйлегенде түрлі сөздердің үндері орайласып, ұнамды құралуын, құлаққа жағымды болып естілуін сөйлеу әуезділігі десек, онда екпіннің айтар ойды жеткізудегі ролін бағамдауға болады, яғни екпінді дұрыс қолдану сөздің кестесін келтіріп айтудың негізгі шарты.Радиожурналист ең алдымен өзі хабарлап отырған ақпараттың маңыздылығын, шынайылығын сезініп, түсінуі қажет, сонда ғана оның айтқаны сенімді шығады.Тыңдаушыларды хабарға тартудың бір жолы – студия қонағымен еркін сұхбаттасып, шынайы әңгіме айтуға жетелеу.Ауызекі сөйлесудің негізгі пішіні – диалог, яғни нақты бір проблеманы шешудің жолдарын бірлесе іздестіріп жүрген немесе бұл бағытта білетін ақпараттарымен ой бөлісуді көздеген екі немесе бірнеше адамның әңгімесі.Радиодағы диалог құрудың өзіндік ерекшеліктері бар, яғни сөйлеуші адам мен тыңдаушы арасын кеңістік бөліп тұрады, тікелей байланыс жоқ. Бірақ журналист тыңдаушылардың назарын өзіне аударып, белсенді тыңдаушыларды ойша елестетіп, алдын-ала оның реакциясын бақылап, ойын түсініп, әңгіме барысында туындайтын сұрақтарды біліп, екеуара әңгімелесіп, бетпе-бет отырғандай әсерде ақпараттардың берілу ретін, логикалық шешімдердің жүйесін құрып алады. Радиоәңгімені диалогтың, яғни ауыз екі сөйлеу стилінің элементтерін қолдану арқылы шынайы, әрі тартымды етіп құруға болады, ауыз екі сөйлесудің мақамын пайдалану, сөздердің құрылу тәртібін бұзу, адам сөйлеп отырып қажетті сөзді таппаған жағдайда немесе ойланған кезде қолданатын сөз арасындағы кідірістерді табиғи қалыпта қолдану.Диалогта ой дамып, қозғалыста болғаны жөн, әр түрлі көзқарастар мен дәйектемелердің жан-жақтылығынан ойлар туындап, әңгіменің бар мазмұны өз мәнінде ашылғаны дұрыс.Радиожурналист ең бастысы сөз құдіретін бағалайтын, сөздің адам ойының негізгі көрсеткіші екенін түсінетін маман болуы, әрі ол “Сөздің асыл болуы ұнауымен. Сөз көңілге сипат жағының келістілігімен, мағына жағының күштілігімен жағатынын, сөз көркемдігі әуезділігінің әдемілігі мен кестесінің келісті болуынан екенін” әрқашанда көңіліне түйіп жүруі керек.Радиода журналистің бар ойын, пікірін, сезімін жеткізу құралы тек қана сөз десек, онда ауыздан шыққан әрбір сөзге жете мән беріп, тілдің құдіретін жан-тәніңмен сезе білуің қажет. Ал ол үшін Ахмет Байтұрсынұлыша айтсақ: “Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде, көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек”.Радионың негізгі бейнелеуші құралы – сөз. Бұл оның барлық жанрларына тән болуы тиіс. Дегенмен әр жанрдың тілдік құралдарын іріктеу мен үйлестіру принциптері бір-біріне ұқсамайды. Осыған орай түрлі жанрларда сөздердің образдылық қызметі де өзгеріп отырады. Ол бірде көрнекілік ролін атқарса, енді келесіде публицистикалық текстің бейнелеуші және эмоционалдық негізі ретінде көрінеді”.Радиожурналистика жанрларының негізін ауызша айтуға бейімделіп жазылған (речевые тексты) мәтіндер құрайды, олар алдын-ала жазылған жазбаша мәтіннен және ауыз екі тіл заңдылықтарының элементтерінен тұрады. Әр жанр бір дыбыстық бірлікке, жиынтыққа бағытталып ұйымдастырылады.

Радиохабарды есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, мәтіннің немесе сценарийдің айтылатын әңгімеге, сөйленетін сөзге айналу процесіне аса зор мән беріледі. Яғни “радиохабарының бастан-аяқ ойдағыдай тыңдалуы үшін тек мазмұнды болуы жеткіліксіз. Себебі, маңызды деген материалдың өзін бірқалыпты дауыспен (монотонды) оқу адамның логикалық ойлау жүйесін іске қосқанымен, сезіміне әсер етпейді, әрі адамның логикалық пайымына, сезіміне жазбадан гөрі сөз күшімен, үн тілімен әсер ету оңайырақ та, мүмкіндік те мол”. Ал “адам дауысының ырғақтарын, үн реңдерін мәтінге толық түсіру мүмкін болмайды. Немесе қағазға жазылған сөз өзінің қосымша бейнелеуші құралы – үннен айырылады, сол арқылы мазмұны да кемиді”(З. Паперный). Сондықтан мәтінді ауыз екі тіл стиліне бейімдей отырып жазып, баяндап отырған жайттың мазмұнын ашатын, айтылатын ойды нақты айшықтап суреттейтін негізгі деген сөз тіркестерін іріктеп қағаз бетіне түсіріп, әрі айтылатын әр сөздің ауызша айтқандағы әсер ету деңгейі бірінші кезекте ескерілуі қажет.Әрбір айтылған сөз естіген немесе көзбен көрген адам бойында оның сезімін қозғайтыны, белгілі бір бейнені тудыратыны сөзсіз. Зерттеуші А.Ковалев “тілді қолдана отырып, оның көмегімен шындықтың алуан түрлі картинасын бейнелеуге және оқырман бойында жарқын образдар тудыруға болады” деген пікірін айтады.Расында да қай замандарда болмасын адам сөз құдіретінің алдында бас иіп келеді. Радиозерттеушілер осы аталған қағиданы да өз еңбектерінде алға ұстанады. Тіл айқындылылығы мен бейнелілігі көркем әдебиетке ғана қатысты мәселе емес, ол шынайы публицистиканың ажырамас бөлігі екені де рас. Бұл жөнінде М.Зарва “…Выразительность и изобразительность меняют здесь свое функциональное назначение. Если в художественной литературе с ее методом образной трансформации действительности изобразительно-выразительные средства служат целям познания, то в публицистике-это один из способов воздействия, убеждения доказательства” дейді.Бейнелеу және айқындаушы құралдар әдебиетте танымдық мақсатта қолданылса, радионың табиғатынан келіп туындайтын тілдің немесе сөздің әсер ету, әрі сендіру, дәлелдеу құралы екенін зерттеуші дәл көрсеткен. Радиодағы баяндау тәсілі жанды, көркем болуы керек, тыңдаушыға бейнелі сөзбен әсер ету қажет деген пікірлер де айтылды. Бейнелі сөздің адам ойын өткір, әрі мәнді етіп жеткізудегі және ой нанымдылығын күшейтудегі ролі айқындала бастады.Бейнелеу құралдарының тиімділігі оның бір ойды, бір пікірді дәлелдеу бағытында жүйеленіп берілуінде. Ал бұл талаптар жазушы қауымнан қырағылықты, тәжірибені, ең бастысы жазу шеберлігін қажет етті.Радиожурналистиканың өзгешелігін айта келіп М.Зарва эфирден берілетін сөзге талапты басқа қырынан қояды: “ауызекі сөйлеуге негізделген радиожурналистика оқырмандар мен тыңдаушылардың ой-өрісін жетілдіріп қана қоймай, оның жан дүниесін қозғап, біліктілік пен сезімталдыққа тәрбиелеуі керек” дейді. Ал зерттеуші В.Яхонтов сөздің бейнелілігі мен дыбысталуының сабақтасуын былай көрсетеді: “Зримость слово можно найти в каждом… произведении. Оно требует особой приглядки: как зримое переходит в звучащее слово! …Живописать надо звуком. …Звук – это плацдарм нашего искусства. Звуком рисуешь видимое слово, звуком чувствуешь, страдаешь, восхишаешься и звуком же рассказываешь о месте действия, о мире, о природе, небе, морях, и реках. И конечно же, о людях”, яғни бұл анықтама радионың өзіндік табиғатын тануға да көмектеседі.

Бұдан шығатын қорытынды, радиожурналист бейнелеу құралдарының қыр-сырын жетік меңгеріп қана қоймай, радионың өзгеше акустикалық ерекшеліктерін жақсы білуі тиіс.

Радиохабарлар тыңдаушылардың есту қабілетіне негізделіп жасалатындықтан дыбыстың өзіндік сипатын зерттеу хабар берудің озық, әрі жетілген түрін қалыптастыруға, дамытуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Радиохабарлардың мазмұнымен қатар эфирден берілу формасы, естілу ерекшелігі де тыңдаушыны тартып, оның көңіл-күйіне әсер етіп, дыбыс арқылы оқиға бейнесі сомдалуы қажет. Бұл жерде басты қызметті атқаратын нәрсе – сөйлеушінің дауыс ырғағы. Адамның жанды дауысы, оның ырғақтары мен үн реңдері хабар мазмұнын, берілу пішінін жандандыратын ең басты құрал.Сөз хабардың басты дыбыстық элементі десек те, ол радиодағы идеялық және көркемдік ойдың жалғыз жеткізуші құралы емес. Аудиторияға тиімді ықпал етіп, тыңдаушылардың назарын аудару үшін сөз жеткіліксіз, тек оның музыка және шулармен сабақтаса байланысу мүмкіндігі болғанда ғана тыңдарман ықыласын жаулап алуға толықтай сенуге болады.Музыка мен шулар. Радиохабар құрылымында музыка мен шу композицияның жеке элементі ретінде орын алады және сөзбен, бір-бірімен тең дәрежеде қолданылады. Олар аудиоәңгіменің сюжеттік желісін, атмосферасын, өзіндік мазмұнын жеке дара таныта алады.Бүгінгі күнде психологтар мен өнертанушылар музыка мен шулардың ролін тең дәрежеде деп көрсетеді және олардың материалдық әлемдегі құбылыстарды ырғақты әрі нақышты ұйымдастырылған дыбыстармен бейнелеу мүмкіндігін жоғары бағалайды. А. Стоковский деген ғалым адам өмірінде кездесетін барлық шулар “өзіндік ырғақты қағыстардан тұрады және өзіндік музыкалық мәнге ие” деп көрсетеді. Ғалымның бұл пікірі радиожурналистика мен радиоөнердегі Арт-акустика деп аталатын қызықты әрі жаңа бағыттың негізі етіп алынды. Бұл күнделікті өмірде кездесетін және нақты тарихи оқиғаларды көз алдыңызға келтіретін шуларды қолдана отырылып ұйымдастырылатын сюжеттік хабарлар. Мысал ретінде алсақ, Сталин мен Гитлердің сөздері, сөз мағынасы түсініксіз, тек сөйлеу мәнері мен ырғағына қарап оратордың кім екенін анықтауға болады, яғни дыбыстар символ ретінде қолданылады, сөздер тарихи мәнге ие болып, шуға тең болады, радиохабар барысында қосымша түсініктеме мен түсіндірме сөздер қолданылмайды. Музыка мен шу айтылған сөздегі идеялық және эстетикалық ақпараттарды дәлелдеп, толықтырып әрі жетілдіріп отырады және сюжет желісіне қажетті логикалық және эмоционалдық талаптарды орындауға да қабілетті.Радиохабардағы әрбір музыкалық және шу фрагменттерінің орнын және негізгі атқарар қызметін анықтау өте жауапты жұмыс, бұл істе радиорқызметкерлерінен кәсіби білім пен үлкен жауапкершілік талап етіледі.

Музыка мен шулар радиохабар құрылымында адам сөзін алмастырып тұрса, онда олар төмендегідей қызметтер атқарады:

1) Оқиғаның болған жері мен мерзімін білдіреді. Мысалы, спорттық шолуда гонг дыбысы, ат тұяғының дүрсілі, көрермендердің көтеріңкі және бәсеңдеген дауыстары репортаждың ипподромнан беріліп тұрғанын көрсетеді, сондықтан тілшіге оқиға болған жерді суреттеуге уақыт оздырудың қажеті жоқ.

2) Оқиғаның уақыт пен кеңістіктегі қозғалысын таныту. Бүгінгі таңда репотаждың соңғы дайындық жұмысы монтаж бөлмесінде өтетіні шындық, репортер әр алуан мерзімде және әр жерлерде жазылып алынған хабар үзінділерінің басын құрап, хабар құрылымын өзгертеді, міне осы жағдайда музыка хабар бөліктерін біріктіру, жымдастыру ролін атқаратын және бір мезгілден келесі мерзімге өтудің таптырмас қ?ралы болып табылады.Эстондық радиожурналист И.Триккель екі балықшылар ұжымының жарысы туралы әңгімелей келіп, мұхиттан жағалауға ауысқан оқиғаның арасын жымдастыру үшін музыкалық лейтмотив ретінде Вагнердің “Летучи голландец” әнінің әуенін пайдаланған, осылайша ол сәтті хабар жасап, музыканың ролін басқа қырынан танытқан.3) Суреттеп отырған оқиғаның эмоционалдық мінездемесін ашып көрсету. Дыбыстық элементтерді дәл, әрі сабақтастыра қолдану оқиғаны толық болмысында және өз мәнінде көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, жазылып алынған, үнтаспаға түсірілген деректі шулар мен көшедегі сапырылысқан, дағдарған адамдардың сөздері, олардың бет-жүздеріндегі үрей арқылы жер сілкінісінен кейінгі трагедиялық картинаны көрсетуге болады.4) Журналистің немесе оқиғаға тікелей қатысқан адамдардың психологиялық жағдайын суреттеу. Кейіпкерледің сезімі мен ой тебіреністерін, жан-дүниесіндегі толқуларды жеткізуде музыка мен шуды астарлап қолдану.Музыка – шындықты дыбыстық көркем образда бейнелеуші өнердің түрі, дыбысталған жанды сөз болғандықтан тыңдаушылардың эмоциясына әсер етеді, сонымен қатар радиокоммуникацияның уақытшалық мінездемесіне сәйкес келеді.Гегель музыканы екі түрге бөліп қарастырады: біріншісі – сүйемелдеушілік ролі, екіншісі – жеке дара өнердің бір түрі, яғни музыка адамның көңіл-күй толқыныстарын әр түрлі пішін мен жанрда бейнелейді.

Музыканың сүйемелдеушілік қызметі өнердің театр, хореография, телевидение түрлерінде кең қолданылады. Радиода музыка мәтінді механикалық тұрғыда әсерлеуді көздемейді, әр түрлі жанрлық шығармаларды ұйымдастыруда белсенді роль атқарады. Нақтырақ тоқталар болсақ:

Ақпараттық блоктардың арасын бөлу;

Бағдарламаның музыкалық шапкасы;

Дыбыстық декорация – тарихи ортаны анықтау, қозғалыстың, оқиғаның болған жерін таныту;

Дыбыстық фон ретінде қолдану, мәтіннің дыбыстық ырғағын айқындау (ақпараттық хабарларды жиі қолданылатын тәсіл);

Дыбыстық атмосфераны бейнелеу, кейіпкердің көңіл-күйін, жан толғанысын, оқиғаның жалпы болмасын аша түсу;

Дыбыстық образ жиынтығын қалыптастырудың көркемдік тәсілі;

Хабарда суреттелетін оқиғалардың арасын бір-бірімен жымдастыра байланыстыру.

Табиғи бейнелеуші құралдардың хабарды ұйымдастыру барысында көп қолданылатын түрі – шу. Шу дегеніміз әр түрлі дыбыстық белгілердің жиынтығы және музыкамен, сөзбен жымдастырыла, сабақтастыра пайдалана отырып оқиғаның негізгі болмысын өз мәнінде суреттеудің, бейнелеудің бір тәсілі. Сонымен қатар адамдардың түсініксіз сөздері, гуілдер, музыкалық тіркестердің микрофонға кездейсоқ жазылуын да шуға жатқызуға болады.

Радиохабарда шулар төмендегідей қызметтерді атқарады:

– журналистің баяндап отырған оқиғасының, көрінісінің, құбылысының дыбыстық мінездемесін ашуға көмектеседі. Сөзбен қатар үнтаспаға түскен деректі шулар шындықтың дыбыстық бейнесін сомдайды, ақпараттың дәйектілігіне негіз болады;

– дыбыстық фон құрайды, акустикалық иллюстрация ролін атқарады, оқиғаның негізгі деген тұстарын айшықтап, даралап көрсетеді;

– әдеби контексте айқындаушы белгі ролін атқарады, әрі көркем, образды мінездеменің мән-мазмұнын аша түседі, әдеби деталь және оның дыбыстық бояуы болып эстетикалық қырын танытады.

Бір сөзбен айтқанда радиомәтіннің бейнелеуші және көркем айқындауышы шулар болып табылады. Жоғарыда жеке-жеке талдап өткен пішінтудырушы құралдардың түрлеріне Қазақ радиосында әр жылдарда ұйымдастырылған хабарлар негізінде талдау жасап көрелік.

1984 жылдың наурыз айында Т.Ахтановтың “Шырағың сөнбесін” туындысы бойынша радиоспектакль ұсынылды._ Қойылым режиссері – Ә.Досмағамбетов, редакторы – Б.Нұрмұхамбетов. Басты рольдерде Алматы театрының артистері ойнайды. Қойылым шығарманың бас кейіпкері Назыкештің монологымен басталады да, оқиға одан әрі өрби береді. Спектакль барысында музыка, әр түрлі қосалқы дыбыстар көп пайдаланылған және адамдардың образы бас кейіпкердің сөзімен суреттеліп, диалог пен монолог жиі қолданылған.

“Негізгі идеяны шешу, тақырыпты ашу үшін музыка мен дыбысты пайдалана ма, әлде кейіпкердің монологын немесе жетекшінің, автордың сөзін қолдана ма, міне бұл автордың ойына, режиссердің шешіміне байланысты. Тек қана автор да, режиссер де өздеріне ұнау жағын ойламай, тыңдаушының талап-талғамын мұқият ескеруге тиіс”_ деген шарт толық орындалған.Ал музыка мен шудың көркем хабарлардан алатын орнын мына мысалдан айқын көруге болады. Яғни, 1971 жылы М.Әуезовтың “Әйел жолы” туындысы бойынша қойылған радиоинсценировканы алайық ._Рөлдерде Қазақтың драма театрының актерлері ойнаған, режиссері – А.Жолымбетов. Онда жылқышы Сатайдың қызы Алуаның қорғансыз күні және кейіннен Совет өкіметі орнап, жеке басын өзі қорғап, ширыққан өмірі соншалықты шынайы көрсетіледі. Оқиға барысы көбіне кейіпкерлердің сөзі, диалогы арқылы ашылып отырады. “…диалог арқылы кейіпкердің мінез-құлқын көрсету, уақиғаның орнын, уақытын, қимылды білдіруге болады. Орны-орнымен пайдаланса, түрлі дыбыс, шу эффектілері, музыка (музыкалық пауза, қорқынышты, қуанышты, салтанатты жайды білдіретін, т.б. музыка) радиода аса үлкен күшке, шексіз мүмкіндіктерге ие”._ Мәселен, сөз етіп отырған қойылым барымта (сөзбен бейнелеу) көрінісінен басталады. Аттың дүбірі, жылқының кісінегені, адамдардың айғайласып дабырласқаны, сойыл-шоқпардың дыбысы көз алдыңызға осынау көріністі елестетеді.Жалғыз сүйеніші, қорғаны болған әкесінің қаза болып, Жанат кемпірдің “ендігі күнің не болады” деп зар қағуы, жоқшылықтан байдың есігінде жалшы болған Алуа қыздың мүсәпір күй кешіп, шетқақпай көруі - кейіпкерлердің диалогы, музыка, дыбыстар арқылы жан-жақты ашылған. Радиопьесаның үш компоненті - сөз, дыбыс, музыка бірігіп келіп оқиғаны көз алдыңызға күйініш, қорғансыздық сияқты бар бояуымен жайып салады. Тыңдаушы ретінде оқиға желісімен бірге жасап, елітіп кеткеніңізді сезбей қаласыз.Ж. Нәжімеденовтың кітабы бойынша ұйымдастырылған “Күй кітабы” атты әдеби-музыкалық монтаж өте сәтті шыққан деуге болады. Редакторы – Қ. Механов, режиссері – А.Т ирова, авторы – Қ.Ж ұмағалиев._

Хабар Құрманғазының түрмеде отырып өз-өзіне мұң шаққан сөзінен басталады. Ана туралы толғанысынан кейін күйшінің “Қайран шешем” күйі беріледі. Күйші:

Күйім болар шерткенім,

Жан берсе де айныман,- деп өз мақсатын жыр етсе, енді бір сәт замана қыспағын бастан кешкен ғұмыры “Қыңыр болды не керек, Болмасына болды ма” деп жырланады. Күйшінің “Түрмеден қашқан” шығармасынан кейін, түрмеден қашып шығып, Нарын құмына сіңіп кеткен күйші жайлы:

Күйші қашты түрмеден,

Азабынан түрменің.

Қорыққаннан емес қой,

Бақытына бүкіл байтақ елінің, - деп толғанады. Міне осылайша күйшінің бар ғұмыры өзінің күй мұрасымен бірге жырланады.

Бұл жерде музыка ырғағы күйшінің жай-күйімен астасып, әр оқиғаның мазмұнын ашу мақсатын көздейді. Рольдерде театр артистері ойнаған. Осыған орай күй әуенімен нақышына келтіріле ойналған әрбір образ соншалықты шынайы сомдалған.

Бейнелеуші құралдардың бірінші тобының пішінқалыптастырушы деп аталуы олардың бірігіп радиохабардың жанры мен пішінін тудыруы және біртұтас құрылымдық жүйені қалыптастыруы деп атап айтуға болады.

Наши рекомендации