ХІІ апта. 1 кредит-сағат
Лекция тезисі: Мұхтар Мағауин прозасының дені - бүгінгі күн тақырыбы, кемелденген социализм дәуіріндегі озығымыз, құрметімізді дәріптеп, аяққа оратылған тозығымызды сынайды. Жазушының адам жанына терең бойлауының нәтижесінде, өмірді білу, адамдар арасындағы байланыстарды шеше білуі арқасында кейіпкерлерін бір-бірімен шатастырмайды. Қазы («Тазының өлімі»), «Көк мұнардағы» Кенжек, Едіге,Гүлшат, «Бір атаның балаларындағы» Ахмет қария, «Әйел махаббатындағы» Зия, «Қара қыздағы» Айгүл т.б. бейнелері жазушының суреткерлік биік мұратты заман ақиқатын ұлттық қасиет, ұлттық мінез диалектикасына ұштастыра алатындығының жарқын көрінісі.
Жазушы өзінің ең алғашқы туындыларының бірі «Тіленші» әңгімесінде кеңес дәуіріндегі қайыршылық туралы жазса, «Менің балаларымның туысқан ағасы» адам баласына тән мейірбандылық сезімнің өз заманындағы көрінісі туралы ой тастайды.Ал «Тәртіпті азамат»,Әбдіғаппар сері», Биік үйдегі Бөрібасар» әңгімелері адам мен қоғам арасындағы кейбір үйлесімсіз жағдайлардан қатардағы қарапайым азаматтардың зардап шегетінін жекелеген эпизодтық көріністер арқылы бейнелеп жеткізуді мақсат етеді. Жетпісінші жылдар қазақ прозасында көркемдік құбылыс болып табылған шығармалардың бірі – М.Мағауиннің «Тазының өлімі», «Қара қыз» атты повестері. Көркемдік талап тұрғысынан сәтті орындалған бұл туындылардан оқырман қауым бұрын соңды қазақ повестерінде байқала бермеген пішіндік және мазмұндық жаңалықтар барын аңғарады.Бірінші шығармадағы назар аударатын кқркемдік ерекшелік – ойды астарлап жеткізуге бағытталған символикалық нышандар, философиялық түйіндеулер. М.Мағауин повестері туралы әнгіме болғанда жиі ауызға алынатын шығармалардын бірі – «Бір атанын балалары».Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға түрлі ұлт өкілдерін өкіметтің жүз мыңдап тоғытып жібергені , ал оларды қазақтардың шамалары келгенше қонақжайлықпен қарсы алғаны өмір шындығы.Повесть кейіпкері Ахмет нәсілі,тегі басқа өңшең жетім баланы бауырына сыйғыза білген кең жүректі жан .Кезінде оны сыншылар интернационализмді дәріптеген туынды ретінде саясатқа байланыстыра отырып,оң бағалаған болатын. Келесі сөз – жазушының романдары жөнінде.Оның алғашқы көлемді туындысы – кезінде сыншылар тарапынан әртүрлі бағаланған «Көк мұнар» романы. Шығарманың бас кейіпкері Едіге - өзінің асқан таланты мен күш-қуатын бойына сыйғыза аламай жүрген ,өзінің зерттеу обьектісі өзі үшін олқы көрінетін арманы асқақ азамат.Ол өзінің елеулі ғылыми жаңалық ашатынына және таяу келешекте қазақ романдарының дүние жүзілік аренаға шығатынына сенімді .Толықсып тұрған осындай күш-жігер шығарма кейіпкеріне белгілі бір дәрежеде романтикалық сипат беретінін жоққа шығаруға болмайды. Тегеурінді талантымен бірге қиялшыл Едігенің сезімталдылығы көбінесе айналасындағы басқа жұрттың көңіл күйімен, көзқарасымен үйлесе қоймайды. Бұнысы бір жағынан эгоизммен астасып жатқанын мойындау керек.Қалай болған күнде де Едігенің кеңестік қатаң ұстаным мен идеологияның шеңберіне сыймайтын асқақ арын иесі екендігі сезіледі «Жармақ» – саяси памфлет пен психологиялық көркем саралауға құрылған трагедиялық шығарма. Мұрат атты бас кейіпкердің болмысынан ырқынан тысжарылып шыққан жартыкешінің аты - Марат. Бірі - тарихына адал, бірбеткей, екіншісі - есепке жүйрік, жылпос. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шындықтан туып отыр. Бір бетіне – ұлт намысын, екінші бетіне – ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбәра тұлғаның қос жарылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жарыместелік, бір адамның өзін-өзі соншама сүйе отырып жеккөруі, өзінен-өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады.
Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сатқындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жартысы Жармақ парламентке өтіп, тура Подонок сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде, оның екінші жартысы – өзіне-өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі арқылы ғана Жармақты сатқындықтан арашалап қалады. Өйткені, онсыз, екінші сыңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымсыз – Мұрат, Мұратымсыз – Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.Кең маңдайы жиі тасқа ұрылып, қалжыраған МҰРАТ ақырында өте қиын шешім қабылдайды. Ол - өлім. Бұл өмірем қапса, Марат та арам қатады. Ең бастысы, ұзақ жылдар тынысын тарылтып, жігерін қүм еткен тынымсыз күрестің ауыр азабынан құтылады. Сондықтан мойнына қыл арқан салады. Керек жерінде басы жерге жеткенше иіліп жүріп Сенат төріне дейін жеткен, теледидар арқылы тебірене сөйлеп тұрған Мараттың дәл осы сәтте тынысы тарылып сала берді. Галстугін босатып, түймесін ағытып, қайраңда қалған балықтай аузымен ауа қабады. Ал, жастығын жастана құлау бақыты бұйырған Мұраттың бойын рахат сезім биледі. Бұл аяғының астындағы тіректі теуіп кеп жібергенде теледидардағы сенатор да сеспей қатты. Бітті. О дүниеге барғандағы кездесу, қателіктерді түсіну... Аса маңызды емес. Ең бастысы, МҰРАТ өлді. Оны қайта тірілту мүмкін емес. Ал, Марат деген жеті басты айдаһар ғой. Көрге көміп тастасаң да сумаңдап шығып алады. Бір Маратты өлтіру үшін мыңдаған Мұратты құрбандыққа шалу керек. Және ол әзізіл ғой...Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп жүргені аян. Тіпті, осындай амалсыз тәуекелге барған шығармашылық иелерінің тылсым тағдыры жанымызға батып жүргені де аян. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың.
№ 25 дәріс тақырыбы: Баққожа Мұқайдың өмірі мен шығармашылығы