Т.Әбдіков прозасындағы баяндау тәсілі мен стилі
Көркем мәтін – автор санасының, шығармашылық ойлауының, танымының негізінде бейнеленген дүниенің модельденген түрі. Диалогты, коммуникативті, адресатты болғандықтан қабылдаушы санасына көркем ақпаратты жеткізеді. Автор өз танымын, сезімінің жемісін түрлі операциялар (мәтін құрылымы, философиясы, хронотоп, диалогтілік) арқылы мәтінге айналдырғаннан бастап, шығарманың екінші белесі қабылдау, түсіну процесі арқылы жүзеге асады.
Т.Әбдіковтің шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптауы, сюжеті, былайша айтқанда, стилі бүгінгі әдебиет қоғамының мәселелерінің біріне айналды. Стильді зерттеу де ХІХ ғасырда А.Потебня, А.Веселевский, ХХ ғасырда В.Жирмунский, А.Гофман, В.Виноградов, М.Бахтин, В.Ковалев сынды ғалымдардан бастау алған. «Стиль» сөзінің тегі арғы замандарда жатыр. «Стиль» сөзі грек тілінде «stylos» деп атаған. Ал «stylos» сөзінің мағынасы - балауызбен сырлаған тақтаға сөз жазу үшін жұмсалған ағаш қалақша. Кейіннен мағынасы кеңейіп таза, әдемі сөйлеу ұғымын иеленген. Жүйелей келгенде стильге берілетін анықтама мынандай: «Стиль - жазушының шеберлігін, талантын дәлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі» [19, 112 б.]. Стильді тереңірек зерттеген В.В.Виноградов болатын. Ғалымның «Проблемы авторства и теория стилей» еңбегінде стильдің көпмағыналығын, басқа да ғылым салаларымен қатысын зерттеген. Бұл арада қазақ ғалымдарының да стильге берген анықтамалары жоқ емес. М.Әуезов: «Әдебиеттегі ұлттық түр мәселесінің бір іргелі үлкен мәні - стиль. Теңеу тілі, әр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел келіп жазу стилін қалыптайды. Әдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын анықтағанда, тіл бұл стильдің өзі емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір стиль – сөздік, ақындық теңеу кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны және тудырады. Ол – ұлттық мінез, бейне жасаудың стилі», - деген [20,230 б.]. Ал, Қ.Жұмалиев: «Стиль ұғымына жазушының тілі, сөйлем құрылысы, мәнері, шығарманың композициясы, оқиға дамыту әдістері, тақырып талдаулары, жанрлық ерекшеліктері, тағы да басқа компоненттері кіреді. Ең орталық мәселе – идеялық мазмұн», - деп тұжырымдаған [21,13 б.]. Екі ғалымды да ортақтастыратын нәрсе - стильдің жазушыға тән ерекшелігін көрсететін көрсеткіш екендігі. Әр жазушының өзіндік ерекшелігі, яғни стилі болады. Ерекшелік жайында С.Асылбекұлы: «... Айталық, қазақта төңірегін көктемгі жойқын селдей бұзып-жарып, арнасымен шүпілдей толқып-тасып ағатын тіл болса, бұл – Әбіштікі, көктемгі самал желдей, май айының жұпарындай аңқыған тіл болса, бұл – Сайындікі, ұстамды, ойшыл, барынша мерген тіл болса, бұл – Мұхтар (Мағауин) мен Қажымғали, Төлендікі, әрі қалжыңқой, әрі өткір, тиген жерін дыз еткізетін тіл болса, Бексұлтан мен Жақсылықтікі - осылай кете береді, кете береді» , - деген пікірі ерекшеліктің бар қасиетін нақтылап берген сынды [22,33 б.].
Қаламгердің стилін зерттеудің өзіндік мақсаты бар. Зерттеуші стильді қарастыру арқылы жазушының тілдік мүмкіндігінбіліп қоймай, тілдік ерекшелігін кешенді зерттей алады. Кешенді зерттеу барысында қаламгерге тән айрықша белгілер көрінеді. Айрықша белгілердің ашылуы қаламгер қарымын анықтайды. Стильге кешенді зерттеу жүргізген ғалымдар деп Қ.Жұмалиев, З.Ахметов, Ә.Қоңыратбаев, С.Негимов, Қ.Жүсіпті айтамыз.
Стиль қаламгердің дара қасиеті дегеніміздей Т.Әбдікұлына тән қасиеттерді тереңірек ашатын боламыз. Төлен жазушыға тән даралықтың біріншісі – шығармаларына психология, лирикамен бірге философияның да дәндерін егетіндігі. Яғни, шығармаларында пәлсапалық ой кезіп жүреді. Мәселен, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесіндегі Эдуард Бейкердің мына сөзіне мән берсек: «Шындығында белгілі бір құбылыстың бір ғана себебі болуы мүмкін емес. Тарихи себеп, әлеуметтік себеп, биологиялық себеп, физикалық себеп... м-м-м, философиялық себеп, тағы сол сияқты дегендей, толып жатыр ғой. Ал творчество адамын биікке шырқататын құдіретті күштер - білім, еңбек, ерік күші және интуиция. Ұлы жаңалықтарда осының ең соңғысы басым болады... Ал маған келетін болсақ, менің творчестволық методымда бір ғана өзгешелік бар. Ол - шектелу. Яғни ... қалай деп айтсам екен... өз бойындағы барлық күш-қуатыңды бір нүктеге қадау. Медицинада мыңдаған нүкте бар. Мен медицинаның кейбір қарапайым мәселелерінен түк сезбеймін. Иә, иә, бір өтірігі жоқ. Есесіне, мен маңызды нүктелерді жақсы айырамын» [16,145 б.]. Жетістікке жеткен адамдардың шыңға шығу кезеңіндегі түйген түсініктерін автор кейіпкер тіліне салған. Анық көрінбесе де, көзі ашық, көңілі ояу оқырман осы сөздерден ой түйетіні анық. Негізінде, қаламгердің әр шығармасы пәлсапаға толы. Пәлсапа мен әдебиет «Парасат майданы» повесінде тоғысқан. Күнделік жанрындажазылған бұл повесть диалог тәсілі бойынша құралуының өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені, көптеген ой сұрақ-жауап кезінде анық көрінеді. Негізі адам табиғатында сұрақ қою арқылы әлемді таниды. Оны баланың әр нәрсені сұрап, мазалауынан-ақ көрсек болады.
Қаламгердің екінші бір ерекшелігі - баяндау тәсілі. Көркем мәтіннің сыртқы мен ішкі бірлігінде әңгімелеудің, суреттеудің, баяндаудың қызметі маңызды. Автор баяндауға қатысы әртүрлі. 3-диаграммаға сәйкес Б.Шалабаев прозалық шығармада баяндаушының композициялық негізгі 3 типін анықтайды. Олар: үшінші жақ («ол»формасында) әңгімелеуші автор, «арнайы» әңгімелеуші (бұл не шығарманың кейіпкері, не белгілі бір атқа ие әңгімелеуші адам болуы мүмкін) және бірінші жақтағы («мен») әңгімелеуші [23,3 б.].
3-диаграмма. Прозалық шығарманы баяндаудың композициялық негізі
Ал Ж.Женетт, К.Долинин сияқты зерттеушілер баяндаудың түрлерін гетередиогетикалық және гомодиогетикалық деп жіктеген (4-диаграммаға сәйкес).
4-диаграмма. Баяндау түрлері
Гетередиогетикалық баяндау қолданылған көркем мәтінде автор оқиғаға мүлдем араласпайды, кейде тіпті оның мәтінге қатысы жоқ сияқты болып кетеді. Ал гомдиогетикалық сипаттағы баяндаушы екі түрлі мәндегі қызметтер атқарады: 1) «мен-куәгер», «мен-кейіпкер». Екінші мәндегі баяндаушының қызметін көбінесе автодиогетикалық деп атау кездеседі [24, 65-66 б.].
Үшінші жақтан әңгімелеуші шығармадан тыс жатады. Бірақ та қаламгер шығармаға өзінің дүниетанымы мен сезімін енгізеді. Шығарманы обьективті жүргізсе де ара-арасында түсінік беріп кетіп отырады. Өз ойын білдірер кезде шығармаға ену жолын қарастырып, еніп кетеді. Автор көбінесе шығармаға авторлық шегініс арқылы енеді. Үшінші жақтан баяндалған Т.Әбдікұлының шығармаларына «Бір күндік ашу», «Бассүйек», «Қонақтар» әңгімелері мен «Ақиқат» повесі жатады (2-кестеге сәйкес).
2-кесте. Үшінші жақтан баяндау түрі
Баяндау түрі | Шығарманың аты |
Үшінші жақтан әңгімелеуші | «Бір күндік ашу», «Бассүйек», «Қонақтар» әңгімелері мен «Ақиқат» повесі |
Мысалы, «Бассүйек» әңгімесінде: «Мүсінші-антрополог Хамит кешкі астан соң жұмыс бөлмесіне беймезгіл кірді.
Лаборатория деп аталуға тиісті ұзынша бөлменің іші лық толы кітап болғандықтан, жазушының кабинетіне көбірек ұқсайтын»,- деген [16, 303 б.]. «Қонақтар» әңгімесінде де: «Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ортасы ауғанда жатса да, ертеңіне күн шықпай оянды. Алагеуімде үндемей жүріп киініп алды. Мәсісін де, шұлғауын да сұраған жоқ», - деген сөздерден баяндаудың үшінші жақтан болғанын көреміз.
Бірінші жақтан әңгімелеу («мен») формасының ерекшелігі – баяндаудың субъективтілігі мен шындыққа жақын болып көрінуі. Бірінші жақта әңгімелеу кезінде жеке адам ерекше сезіледі. Баяндаушы шығарманың бір бөлігі ретінде кірігіп, бірігіп кетеді. Әр оқиғаға, кезеңге өзінің де ойларын теліп, қосып отырады. Автор көркем мәтінде «Мен» деген сөз арқылы көрінетіндіктен, көбінесе автобиографиялық романда бірінші жақ баяндау қолданылады. Бірінші жақтан баяндаудың ерекшелігі – белгілі бір көңіл-күйді және ішкі сезімді бейнелеуі. Т.Әбдікұлының «Оң қол», «Жат перзент» әңгімелері мен «Парасат майданы» повесі, «Әке» романы бірінші жақтан бейнеленген (3-кестеге сәйкес).
3-кесте. Бірінші жақтан баяндау түрі
Бірінші жақтан әңгімелеуші | «Оң қол», «Жат перзент» әңгімелері мен «Парасат майданы», «Оралу» повесі, «Әке» романы |
Мәселен, «Оң қол» әңгімесінде: «Мен оларды жанымдай жақсы көремін. Иә, иә, жақсы көремін.
Олардың ешкімге ешқандай зиян жоқ. Егер дүниедегі бар зиянкесті тексерер болсақ, солардың бәрін бәрін жындылар емес, сау адамдар жасаған ғой», - деп, дәрігер сөзімен басталғанымен, автордың да ойы жатыр [16, 315 б.].
Ал «Жат перзент» әңгімесін автор былай аяқтаған: «Мен өмірімнің ұзын ырғасына көз жібердім. Бұл өмірде қатеміз қайсы, дұрысымыз қайсы – адам біліп болған ба? Осыдан біраз жыл бұрын Зәурешпен арамыздағы жастықтың желігінен туған бұра жүрісті таразының бір басына, қалған ғұмырымды екінші басына шығарып, жалғастырғым келеді. Анықтауға зәрдем жетпейді. Бар білгенім – Зәурешті шын көңіліммен ұнатыппын» [16, 345 б.]. Бұл сөздер кейіпкердің ішкі күйзелісін бейнелеген. Бірінші жақтан баяндаудағы көңіл-күйді жеткізу ерекшелігі осы жерде өз дәлелін тапты.
Әңгімелеушінің үшінші түрінде автордың орнын әңгімелеуші-кейіпкер басады. Жазушы бірінші сатыдағы әңгімелеуші болса, әңгімелеуші-кейіпкер екінші сатыдағы әңгілеуші болып бекітіледі. Жазушының шығармаға екі әңгімелеушіні сенімділік үшін арнайы қосады. Автордың қызметін бұл баяндау түрінде кейіпкер атқарады. Яғни, шындықты кейіпкер ашады, одан кейін автор сол шындықты тереңдетіп аша түседі. Т.Әбдікұлының бұл баяндау түрінде жазылған шығармасы - «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі (4-кестеге сәйкес).
4-кесте. Арнайы әңгімелеуші баяндау түрі
Арнайы әңгімелеуші | «Тозақ оттары жымыңдайды», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі, «Қайырсыз жұма» әңгімесі |
Бұл повесте қаламгердің айтқысы келген сөздерін, білгісі келген сұрақтарын журналист арқылы сұрап отырған. Мәселен, доктор Эдуард жайлы автор суреттемей, журналисттің хатшыға қойған сұрақтары арқылы доктордың бейнесін жасап шыққан. Ол повесте былай көрінеді: «- Доктордың бала-шағасы бар шығар?- деді шетелдік кісі оның сөзін бөліп.
-Баласы жоқ, әйелі де жоқ. Неге екенін бір тәңірім білсін. Ғылымға
беріліп кеткеннен деп те атайды. Кім білген? .. Өзіңіз де медицина жағынан шығарсыз?
-Жоқ, журналистпін.
-А-а-а, солай ма еді? Сіз маған мынаны айтыңызшы, журналист мырза, доктор Бейкер адам жасын ұзартатын дәрі жасап жатқан көрінеді. Сонда біз қайда барамыз? Ауру өлмейді, кәрі өлмейді. Жер бетіне қалай сиямыз, а? – Адамдардың жер бетіне сыймай қалатыны швейцарға біртүрлі қызық боп көрінді де, жөтелген секілді булыға күліп, көзінің астымен журналистке сығырая қарады.
-Доктор келе жатыр, ортадағысы доктор Бейкер... Оның оң жағында академик Клейтман... Сол шақ шеттегі доктор Холл.
Жалпақ, күңгірт көзілдірік киген, ұзын бойлы, ерекше тіп-тік доктор Бейкер бейтаныс қонаққа жақындап келіп:
-Сіз мені күтіп тұрсыз ба? – деді тәкаппарлықтан туатын батыл үнмен» [16, 143 б.]. Басты кейіпкердің мінезі мен сырт келбеті оның сөйлеген сөзінен, хатшының сипаттауынан байқалып тұр. Автор диалогтан бөлек, өзінің сипаттауын да қосқан. Бұл үзіндіде баяндау екіжақты жүрген. Яғни, кейіпкер және автор арқылы.
А.Пекуровскаяның 2004 жылы жарыққа шыққан монографиясында Ф.Достоевскийдің шығармашылығын сөз еткен. Ғалымның есептеуі бойынша Ф.Достоевскийдің 34 аяқталған шығармасының 24-і бірінші жақтан баяндалған екен. Ал қалған жеті шығармасын «біз» арқылы баяндаған. Осыдан шығатын қорытынды баяндаудың да бір нәрсеге әсер ететінін байқаймыз.
Баяндаудың үш түрі де Т.Әбдікұлы шығармаларында кездескен. Бұл - автордың шеберлігімен қатар ерекшелігі.
Т.Әбдікұлының үшінші бір ерекшелігі – эпиграф. Эпиграф – көзге түсетін элементтердің бірі. Алғашқыда эпиграф деп грек ескерткіштердегі сөздерді айтқан. Эпиграф қысқа әрі нұсқа болады. Шығармада эпиграф басында немесе барлық жерде де кездесе береді. Сонымен бірге, эпиграфтың тақырыпқа, стильге, мағынаға қатысты айыра білу керек. Авторлар кейде эпиграфты шығармасына қарама-қарсы мағынада алады, ал кейбірі шығармадағы ойды қысқа эпиграфқа сыйдырады. Бұл қаламгердің өзіндік стиліне байланысты. Қазақ әдебиетінде эпиграфты көп қолданатын жазушы – О.Бөкей. Жазушы шығармаларына эпиграф алу арқылы шығармада кездесетін ауыр оқиғаларды, мәтіндерді ашу кілттерін оқырманға ақырын ғана тастап кетеді. Яғни, шығарма оқылуға жеңілдейді.
Төлен Әбдікұлы «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» повестерінде эпиграфты пайдаланған. «Әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайды» деген эпиграфты «Ақиқат» повесінде қолданған. Бұл повесте Роберт сынды адамды профессорлардың бір істі ашуға байланысты қинауы баяндалады. Қылмысты ашу үшін Робертті пайдаланады, қиналған Роберт ақыры асылып өледі. Профессорлар Робертті қиналғанын сезбей, өзіне керек ақпаратты алуға тырысты. Бұл эпиграфтың повеске тікелей қатысының барын көресіз.
«Всякая власть – от Бога, это я признаю; но и всякая болезнь от Него же» деген Жан-Жак Руссоның сөзін алған «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі мықты дәрігердің өз тайпасының соңғы адамын құтқара алмауы жайлы өрбиді. Шынында да, өмірді беретін Аллах болса, оны алатын да Аллах. Бұл жерде қанша білікті болса да, адамның қолынан ештеңе келмейтінін дәлелдеді. Эпиграфты оқырман шығарманың негізгі бөлімінде түсінбегенімен, повесть соңына қарай эпиграф өз мағынасын ашады.
«Қайда жатыр мәселе - иә өмір, иә өлім.
Десе де, лайық па көндігу тәлкегіне тағдырдың
Қарсы тұрып немесе ұшан-теңіз нәубаттың,
Көзін жойған дұрыс па?
Жан алысып, жан беріскен ұрыста?!
Содан кейін бақилыққа көз жұму
Түнек қылып жарықты, бар дүниеден безініп,
Жан мен тәнді күйзелдірген сан мың ауыртпалықты
Жалғастырған, байластырған шынжырларды осылай
Үзгеніңді жүрегіңмен сезініп»,- деген У.Шекспир мен Роберт Пенн Уоренннің «Сен жақсылықты жамандықтан жасауың керек, үйткені оны жасайтын басқа ештеңе жоқ»,- деген сөздер - «Парасат майданы» повесінің эпиграфтары. «Парасат майданы» повесті күнделік иесі мен бейтаныс құрбы арасындағы психология, философия, өмір жайлы сұрақ-жауаптардан құралғандықтан, эпиграфтары да шым-шытырық өмір жайлы. Бұл жерде эпиграф шығарманы ашып тұрған жоқ, керісінше жалғастырып тұр. Шығарма соңының жауабы эпиграфта тұрған сияқты.
Төлен Әбдікұлының төртінші ерекшелігі - арнау. Қаламгер шығармасында арнаудың болуы - оның көңіл-күйін жеткізудің бір тәсілі. Әдебиеттануда И.Чернышевскийдің «Не істеу керек?» деген романын зерттей келе оның әйеліне арналғанын анықтаған. Оны анықтауға негіз болған себеп - Кольцовтың өлеңдері. Чернышевскийдің әйелі оған Кольцовтың өлеңдер жинағын сыйлаған. Ал автор оған деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ретінде оған «Не істеу керек?» романында Кольцовтың өлеңдерін арнау ретінде қолданған екен. Арнаудың да шығармадағы қасиеті осында болса керек.
Төлен Әбдікұлы өзінің бір шығармасында ғана арнауды қолданған екен. Ол шығармасы - «Парасат майданы» повесі. Арнау повесінің соңында былай берілген екен:
«Ойым бар менің
Ойым бар менің ерекше
Жақсылық жауып,
Дүниені мынау сел етсе,
Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын
Көрге алып кетем керексе.
Адамның бүкіл айыбын
Арқалап алып,
Азабын өзім көрер ем.
Жамандық басқан денемен,
Жандырып жатқан.
Тондырып жатқан тамұққа
Жамандығыммен төнер ем.
Бүкіл дүние жамандықтарын
Артыңдар маған, көтерем!
Қарызым болсын өтеген,
Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,
Бүгін-ақ өліп кетер ем.
Армансыз барып,
Көрімнің аузын жапқасын,
Дүниедегі тірілер
Жамандық іздеп бақпасын!
Жауыздық жатқан,
Арамдық жатқан көрімнің
Қақпасын келіп қақпасын!». Бұл өлең - ақиық ақын Мұқағалидың «Ойым бар менің» өлеңі. Автордың бұл өлеңді таңдауының өзіндік себептері де жоқ емес. Біріншіден, Мұқағали ақын өлеңдері сезімі мен көңіл-күйінің жеткізуші, екіншіден, өлең мен басты кейіпкер мақсаты бір ой жетегінде жазылған. Арнаудың шығармаға берер әсері осындай екен. Арнауды қазақ жазушыларынан Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқанов қолданған. Бірақ та ол өз зерттеуін таппаған.
Қаламгердің бесінші бір ерекшелігі – прозалық шығармаларынан көркем пейзаж, өткір образ бейненің көптеп кездеспеуі. Автор көркем пейзаждың орнына ащы шындық, өткір образдың орнына кейіпкердің ішкі жан дүниесіне, ішкі әлемін суреттеуді мақсат етсе керек. Мұның мәнісін Т.Әбдікұлы былайша түсіндіреді: «- Меніңше көп жағдайда тәсілді тақырыптың өзі анықтайды. Мәселен, философиялық шығармаларда оқиға, әрекет көп болмайды, сондықтан ішкі ой мен сөзімнің өзінен драма жасауға тура келеді. Ал шынында ойдың драмасы деген ғажап нәрсе» [26].
Келесі алтыншы ерекшелігі ретінде аз сөзге көп мағына беруін айтсақ болады. Бұл жайлы ғалым Г.Пірәлиеваның мына пікірі дәлел бола алады: «Тағы бір тоқталар жай – Т.Әбдіковтің тілі. Оның қай туындысын алмасаңыз, артық-ауыз әңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе, ділмарсыған кейіпкер, не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға және әр сөзінің әйтеуір бір роль атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы – қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік әдіс-тәсілі» [25,78 б.]. Сонымен бірге, шұбыртпалы құрмалас сөйлемдердің орнына қысқа жай сөйлемдерді көптеп қолданған. Төлен Әбдікұлы оқиға барысына орай құрмалас сөйлемдерді де қолдана білген. Мәселен, «Қонақтар»әңгімесінде Ерекеңнің өмір туралы ойларынан үзіндіден автордың сөйлемдерді құрастыру ерекшелігін байқаймыз: «Заманымызда біз де шалқыдық. Сайрандап бақтық. Бірақ ештеңе бітірмеппіз. Е, шіркін, баяғының кісілері-ай! Осы күнгінің адамдары ұсақтап кетті ғой. Әйнекібайлар тізерлеп отырғанда түрегеп тұрған адаммен бірдей еді. Пай-пай, жарықтықтар-ай! Біз күзектеміз сонда... Атты казактар үстімізден өтіп, адамдарды атып, ауылды тонап, жылқы алып кетіп жатты. Сонда Әйнекібай екеуміз ауыл адамдарын жиып, қол бастап, ұйықтап жатқан орыстарды байлап тастап едік» [16, 295 б.].
Жоғарыда авторға тән 6 ерекшелікті айтып шықтық (5-диаграммаға сәйкес). Автор шығармашылығына тән стильдік сипаттар деп ішкі психологизм, философиялық ой, өмір шындығын суреттеуді айтамыз. Сонымен қатар кейіпкердің ішкі әлемі мен жан дүниесіне көп үңілуі арқылы мөлдір сезім, лирикалық тон мен өршіл пафосты қазақ прозасына жаңа леп етіп әкелді. Төлен Әбдікұлының шығармаларындағы ерекшелік өз кезегіндежалғаса бермек. Себебі, адам күн сайын ескі пікірлердің өліп, жаңа пікірлердің тууымен таң атырады.
5-диаграмма. Т.Әбдікұлына тән ерекшеліктер