ХІ апта. 1 кредит-сағат. Дәріс тезисі:Қадыр Мырза Әли - достық атты адамдар бойындағы ең бір асыл қадір-қасиеттің жыршысы
Дәріс тезисі:Қадыр Мырза Әли - достық атты адамдар бойындағы ең бір асыл қадір-қасиеттің жыршысы. Оның «Миым менің қажығанда», «Досым болсаң!», «Айтқан бойда еретін», «Танып ниет теңізін», «Тағдыр мұны тілемесін, тілесін», «Келесің істен қалжырап», «Жолдас үшін үй жақын», «Күдеріңді досыңнан үз дегенде», «Талай-талай қызуыңнан от алдым», «Егер сүю күнә болса», «Тек биік деп» сияқты өлеңдерінде адамдар арасындағы достық сезімнің алуан-алуан әдемі суреттері бар. Адам бойындағы достық атты қасиетті, киелі сезімді жырлағанда Қадыр бұрын-соңды қазақ поэзиясында ұшырайтын көптеген көркемдік бояуларды қайталамайды. Ол тың поэтикалық өрнектерді табуға ұмтылады.
«Көне заман көріністері» деп аталатын бөлімінде туған ел, атамекен суретін бар болмысымен көрсеткен. «Жар-жар», «Бесік жыры», «Бәйге», «Қыз қуу», «Ән», «Бата», «Ауыл түні», «Көш» - қазақ даласының бейнесі бар. Бір өлеңі – атамекен даланың күлкісі мен қуанышы болса, енді бірі - қайғысы мен көз жасы, енді бірі - әні мен назы.Ақын бойындағы биік рух – Бабалар жеріне деген ұлы сезім. «Түркістан», «Торғай», «Сарысу-Талас» өлеңдері, «Алатау», «Алтай», «Көкшетау», «Баянауыл», «Қарқаралы» өлеңдері «Жерұйық» циклінен алынған. Оның әрқайсысында қазақ даласының тарихы жатыр, Дала тарихын поэзиямен өрген ақын туындылары – қазақ поэзиясының шырқау биігі.Қадыр өлеңдері драмалық ситуацияларға құрылған диалог, монолог элементтерін жетілдірді. Лирикасының кейде философиялық, психологиялық трактатқа айналып кететін кездері болады. Поэмаларындағы қоғам және адам, табиғат.Ол ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өсіп жетілуіне көп еңбек сіңірді. Оның поэмаларының көбі лирика-публицистикалық сипатта жазылған. Мәселен, оның «Қызыл кітап» (1986) поэмасы – ой-толғамы ауқымды, бүкіл адамзатты ойландырар пікір-тұжырымға бай, философиялық туынды. Адамзат тарихына шолу жасап, жер бетіндегі адамдардың өзіне көп зиян келтіргенін ақын өкінішпен жырлайды. Жер үстіндегі көптеген жан-жануарларды (аң-құс) қырып-жойып, аяулы жер-ананы жесір қалдырған, планета экологиялық апатқа ұшыратқан адамдардың зұлымдық іс-әрекетіне қарғыс айтады. Адамдардың осы зиянды істерінің түбі неге соғарында абайлап, ақынның жер бетіндегі бүкіл адамдарды, замандастарын ойлануға үндеуі – поэманың мағыналы, мәнді идеялық түйіні десе де болғандай.
«Заман-ай», «Бес жыл өткен соң» поэмалары – қазақ халқының ХХ ғасырдағы көркемдік тарихын оқырман санасына толық жеткізетін көрнекті эпикалық туындылар. «Өткелдер», «Махаббат», «Пайғамбар жасы», «Дерт», «Парламент», «Күдік» атты поэмалар осы циклді толықтырады.
Қ.Мырзалиевтің драмаларындағы тарихи сюжет және тартыс. Оның драмалық шығармаларындағы көркемдік жағынан көрнектісі - «Жаралы жолбарыс». Шығарманың бас кейіпкері - ақын, батыр, XIX ғасырдағы Ресей патшалығының отаршылығына, Жәңгір ханға қарсы қазақ халқы көтерілісінің (1836-37) басшыларының бірі Махамбет Өтемісұлы. Драмада Қадырдың үлкен жазушылық шеберлігімен сомдалған Махамбеттің әдеби образы жасалған. Автор пьесасында тарихи шындыққа арқа сүйей отырып, Махамбеттің өз шығармаларын да пайдаланған.Драмадағы негізгі тартыс екі кейіпкердің: Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның арасында өрбіп барып, шиеленісе түседі. Тартыстың шарықтау шегі - Махамбеттің жау қолынан қаза табуы. «Дұшпанның ең жаманы достан шығар» деп ақын айтқандай, драмада Махамбеттің ең жақын досы Ықылас атты кейіпкердің сатқыңдық әрекетін автордың сатиралық сөз жебесімен түйрей түскені көркемдік нысанаға дәл тиіп түр. Мұхтар Шаханов поэзиясының алтын діңгегі гуманистік арнамен тығыз байланысты. Тек осы гуманистік кіндіктен оның ақындық таланты күш алатын сияқты. Оны импровизатор ететін де,философ публицист ететін де, шуақ жаздай төгілген лирик ететін де тереңнен шымырлап шығатын гуманистік идеялары. Оның «Жігіттің екі сипаты», «Самолеттегі ой», «Мұрын жайлы әзіл», «Мені неге Мұхтар қойған», «Отан», «Алтын, күміс және қалайы», «Желтоқсан тағылымы», «Арал қасіреті» деген сияқты көптеген өлеңдеріндегі гуманистік идея, философиялық түйінге таңғалмау қиын. Осы азаматтық лирикаға жатқызатын тағы бірқатар өлеңдер мен дастандар бар: «Достық өлкесінің заңы», «Адам қанындағы поэзияны қорғау», «Мен қыз үшін ұялдым», «Мені неге Мұхтар қойған», «Сенім патшалығы», «12-3».
Ақындар поэмаларында көбінесе бірін- бірі қайталамауды көздеп, өз заманының адамын әр қырынан суреттеуге ұмтылатынын жиі көреміз. Өзінің талант деңгейіне, творчестволық ізденіс дәрежесіне қарай әр ақынның көркемдік бейнелеу амалдары, жазу мәнері, тіпті, ырғақ ұйқастары, сөз қолданыстары да әр алуан. Әрбір көркем шығарма идеялылығымен, көркемдігімен құнды. Кез келген шығармада автордың бастан аяқ нысана етіп ұстайтын негізгі идеялық пікір түйінді мазмұны болатыны белгілі. Шығарманың барлық көркемдік компоненттері сол идеялық түйінді ашуға, көріктендіруге, сомдауға, оқырманға жеткізуге қызмет ететіні сөзсіз. Қазіргі замандас туралы жазылған қазақ поэмаларының бірі ақын Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы. Оның басты идеялық түйіні – адамдар арасындағы достық сезімді ардақтау, құрметтеу проблемасы. Поэманың алғашқы жолынан соңғы нүктесіне дейінгі барлық көркемдік компоненттері біздің дәуір адамдарының бойын биікке көтеріп келе жатқан достық атты қасиетті сезімнің күш қуатын танытуға бағытталғаны көрініп тұр. Ақын поэманың прологында алдына үлкен міндет қойғанын бірден ақ аңдатып, оқушысын елең еткізе түседі. Бұл тұста ол символикалық өрнекті шебер де ұтымды пайдалана білген. Өз оқырманын «Мақсат тауының жайлауындағы Достық атты қазына аралына барып, бақытқа жетуге» ұмтылдырады. Символикалық бейнедегі «Достық аралында» сатқындардың, саудагерлердің, опасыздардың, алаяқтардың мүлде болмайтынын да деткізе айта білген. Осылайша ақын поэма идеясын ашу үшін әріден келе жатқан әдебиетттегі прологты пайдаланудың ежелгі дәстүрін өзінше жалғастыра түскен. Ақын «Танакөзде» айналамыздағы адамдарды қуаттандыра, ажарландыра, биіктете түсетін негізгі адамгершілік бітім достықтың дәстүрлі өнеге, асыл қадір қасиет екенін нанымды суреттеп берген.
Негізгі әдебиет:1.[1.20:54]; 2. [1.7:15].
Қосымша әдебиет:1.[1.5:7]; 2.[1.5:7].
№ 23дәріс тақырыбы:Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы