Тіл, қатынас және сөйлеу

Адамзаттың жануарлар дүниесінен ерекшеленуі мен табиғатты меңгерудегі басты іс-әрекетінің бірі және өзіндік қасиеті – оның дыбысты анық тілі. Дыбысты тіл арқылы адамзат өзара қарым-қатынас жасап, іс-қимылы мен өмір тіршілігінің бейнесін қалыптастырады, өмір тәжірибелерін ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырып отырады.

Тіл. Тіл дегеніміз – сөздік белгілердің жүйесі. Ал белгі – шындық пен болмысты білдіретін бөлшек. Осы белгінің қасиеттеріне орай әралуан іс-әрекеттер орындалып, жүзеге асады. Белгілердің немесе тілдің екі түрлі мәні бар. Жалпы тілдік белгілерді психологиялық фактар әрі құрал деуге де болады. Тілдік белгінің бірінші мәні – оның қоғамдық-әлеуметтік мәні. Адамзат тарихында бұл белгілер қоғам арқылы қабылданып, әртүрлі нәрселердің мән-жайын түсіндіреді. Мысалы көшелерде жүріп-тұру мен жол белгілері. Бұл – белгі, ал сөз – қару. Тілдік белгілердің екінші мәні – олар арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасап, пікір алысатындығы. Соған орай дара адам үшін әрбір белгінің мәні бар, олар оның саналы түрдегі іс-әрекетіне әсер етеді.

Тіл үш түрлі қызмет атқарады: 1.Адамзаттың қоғамдық тәжірибесі. Бұл қызмет адамның тіл арқылы білімді меңгеріп, дүниені танып білуін қамтамасыз етеді. 2.Тілдік қатынас нәтижесінде адамдар тілдесіп, бір-бірімен түсініседі. Тілдің мұндай қызметін ғылыми атауы да коммуникативті қызмет деп те аталады. 3.Әрбір адамның өз мінез-құлқы мен іс-әрекетіндегі даралық тәжірибелерді күнделікті тіршілікке қолданып отыруы, сөйтіп, сыртқы орта мен жағдайлардың өзгеруіне бейімделуі. Адам өзінің ғана емес, өзгелердің де тәжірибелерін қолданады, алға қойған мақсат-міндеттерін шешеді. Мұндай әрекеттер адамның ақыл-ойымен байланысты.

Ақыл-ой не интеллекті әрекет ең алдымен, іс-әрекеттерді жоспарлайды, екіншіден, оны жүзеге асыруды көздейді, үшіншіден, орындалған іс-әрекеттердің жемісін, алға қойылған мақсат-мүдделермен салыстырады. Осындай ақыл-ой нәтижесінде әр адамның мінез-құлқындағы даралық ерекшеліктері қалыптасады. Және әрбір адамның тәжірибесі, оның іс-әрекет түрлері, өзгелердің ісі қоғамдық тәжірибелер арқылы оларды тиісті міндеттерді шешуге қолданудың жолдарын іздестіреді, жүзеге асыру тәсілдерін қарастырады. Мұның бәріде тіл, сөйлеу әрекеті арқылы дамиды. Осы жайт тіл адамның ақыл-ой әрекеттеріндегі қатынас құралы екендігін тағы да бір қырынан ашып көрсетеді. Ал қатынас дегеніміз не? Адамдар өзара қарым-қатынас жасау нәтижесінде болмыс пен оқиғалар туралы жаңа мағлұматтарды меңгереді, білімін өсіреді, өздерінің әлеуметтік-тарихи тәжірибелерін дамытады.

Қатынас жасаудың түрлері қандай? Адамның қарым-қатынасында субъектіні (сөйлеуші адам) және объектіні (басқа адамдар, ал оның мәнін білдіретін құрал – тіл) ажыратып қараймыз. Қатынас әрекетіндегі объект – өзге адамдар және олардың санасы мен ниет-тілектері, сезім күйлері мен эмоциясы. Қатынас жасаудағы негізгі әрекет түрлері ең алдымен, білімдік маңызы бар жаңа хабарларды алмасу болса, екіншіден, сол қарым-қатынас жасау нәтижесінде адамдардың ниет-тілектерінің бағалы болуы, үшіншіден, белгілі іс-әрекеттер жасауға түрткі болатын себептер. Қарым-қатынас жасауда бұл жайттардың бәрі психологиялық жағынан түрліше мазмұнда болуы мүмкін.

Тіл арқылы адамдардың қарым-қатынас жасауы жеке адамдар (үш-төрт адам) арасында, не көптеген адамдар тобымен де болып отырады. Мұндай қатынас қоғамдық қатынас деп аталады. Бұлардың өзге топтар арасында да қатынастар болады.

Қарым-қатынас сөйлеу әрекеті арқылы жүзеге асып отырады. Бұл ретте сөйлеу әрекетінің бірнеше сатылардан тұратын заңдылығы бар. Мұны сөйлеудің фазалары не сөйлеу әрекетінің сатылары деп атайды. Бұлар: а)сөйлеуге даярлық; ә)жоспарлау; б)жүзеге асыру; в)бақылау сатылары. Сөйлеудің көптеген сипаттары ойлау әрекетіне ұқсас. Ойлау әрекеті адамның танып білу мақсатын көздейтін болса, ал сөйлеу әрекеті арқылы қатынас жасау ( коммуникация) мақсаты көзделеді.

Ерте замандардан бері адамдар арасындағы қарым-қатынастың кең тараған түрінің бірі – зат алмасу қатынасы болып саналады. Этнопсихологияда әрбір тайпаның , халықтың ұлттық дәстүрлерге байланысты әдет-ғұрпы, мысалы, абысын-ажын арасында сақина-жүзік, білезік алмасу, ер-азаматтар арасында ер-тоқым алмасу, сауға тарту, сәлемдеме жолдау тәрізді қатынастың басқа да сан алуан түрлері де бар. Сонымен, қатынас дегеніміз – белгілі мәні бар, айтылатын ой-пікірді, сезім күйі мен эмоцияны басқа адамдарға білдірудің тәсілі болып саналады. Коммуникативті әрекет сөзсіз де жүзеге асады. Дегенмен, адамдардың қатынасында сөйлеу арқылы қарым-қатынас жасаудың маңызы зор.

Сөздік әрекет. Сөйлеу арқылы іс-әрекет пен қарым-қатынас жасау тілді құрал етіп пайдалану нәтижесінде жүзеге асады. Сөйлесу арқылы әрқилы істер мен мәселелердің түйіні шешіледі. Адамдардың тіл арқылы сөйлесуі, тілді құрал етіп пайдалану әрекеті – күрделі психологиялық процесс. Мұндай жағдай сөйлесу әрекеті тек психология ғылымы тұрғысынан ғана зерттеумен шектеліп қоймай, тіл білімі арқылы да қарастырады. Психология ғылымы тіл білімінен ерекшеленіп, оның түрлі жағдайда қолданылуы мен атқаратын қызметін, адамның мінез-құлық бағытын белгілейді. Соңғы 30-35 жыл ішінде тіл білімі мен психологияның түйісуіне психолингвистика (тіл психологиясы) деп аталатын ғылым саласы пайда болды.

Сөйлеу әрекеті психология ғылымындағы өзекті мәселелер қатарына жатады. Соған орай сөйлеу әрекетінін атқаратын қызметтері ғылыми тұрғыдан мынадай үш түрлі салаға топтастырылып қарастырылады: 1.Сөйлеудің коммуникативтік қызметі. 2.Сөйлеудің сигнификативтік қызметі. Бұл латынның «сигнал» - белгі, таңба деген сөзінен шыққан. Сигнификативтік қызмет бойынша сөйлеуде адамдар бір-бірін белгілер мен таңбалар арқылы түсінетін болады. Мәселен, қауіпті жағдай туғанда берілетін белгі, адамдардың түрлі қимыл-қозғалыстары мен ым-ишаралары, зат алмасулары арқылы қарым-қатынас жасау – сөйлеудің сигнификативті қызметін білдіреді.

3.Сөйлеудің экспрессивтік қызметі – әр алуан хабарлар мен жай-жапсарлардың мәнерлі сөзбен, құлаққа жағымды үнмен, дауыс ырғағымен адамның жан дүниесін тебірентіп, өзгелерге жеткізілу тәсілі. Экспрессивті сөйлеуде әрбір сөз бен сөйлем адамның сезіміне әсер етіп, тұла бойын шымырлатып жібереді. Сондықтан сөйлеу әрекетінің бұл түрі сөздерді нақыштап айту мен ой жүйесінің қисынды болуын талап етеді. Сөйленген сөз, айтылған ой – адам психикасына күщті әсер ететін тітіркендіргіш.

Наши рекомендации