Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар

Төлен Әбдікұлы әріптестері сынды әдебиет майданына әңгімелер жинағын алып келді. Жазушының «Райхан» атты алғашқы туындыларының бірі Қазақстан жазушыларының 1964 жылы шыққан «Таңғы шық» жинағына еніп, жазушы жолын жеңіске жетелеген еді. Бұл кез жазушының студенттік кезеңіне сәйкес болатын. Университет қабырғасында қазақ және әлем әдебиетінен сусындаған тұлғаның шығармалары да өзге болды. Әр шығармасында шетел әдебиетінің элементтері кездесіп жатты.

Жазушы қаламынан туындаған танымал болған әрі танымал еткен десек те артық емес шығармасы - «Оң қол» әңгімесі. «Оң қол» әңгімесі - 70-жылдардағы қатты сыналған әрі оқылған шығарма. Қазақ прозасын зерттеп жүрген ғалым Г.Пірәлиева: «Жетпісінші жылдардың басы мен орта тұсында қазақ прозасында бір құбылыс әдеби жанрда бұрындары байқала қоймаған тың көркемдік тәсілдер туа бастады. Мәселен, роман-монолог «Аңыздың ақыры» - Ә. Кекілбаев, роман-диалог «Ақиқат пен аңыз» - Ә.Нұршайықов, әңгіме-түс көру «Оң қол» - Т.Әбдіков, повесть-новелла «Ақ ару-ана» - С.Санбаев және басқалар.Мұның бәрі қазақ сөз өнеріне өзіндікқолтаңбасымен, стильдік ерекшеліктерімен жаңаша леп әкелгендей еді», - деген пікірді айтады. Шынында да, Т.Әбдікұлы - жаңа леп әкелген жазушы.

Әңгіме жазу - жүгі ауыр өте қиын дүние. 10-15 беттің ішіне мән-мағына, өнеге, тәрбиенің барлығын қамту кез келген адамның қолынан келе бермес. Бұл жерде роман, поэма жазатындардың жұмысы оңай деуден аулақпыз. Әр жанрдың өз көтерер жүгі бар. Сонда да әңгіменің орны проза үшін ерекше. «Оң қол» әңгімесінде Алма дейтін кейіпкердің басындағы жағдай медицинада бар ұғым. Медицина тілінде «тұлғаның екіге жарылуы» деп айтады екен. Ал әдебиеттануда «адам ішіндегі адам» деген тәсілмен көрініс табады. Қаламгер тұлғасының екіге жарылуын түсі арқылы бейнелеген. Ж.Дәдебаевтың түске қатысты пікірі мынандай: «Қаламгер қай кейіпкерінің бейнесін жасамасын ол сөзге сараң, автордың ішкі сезімін сездіре бермейтін салқынқанды. Кейіпкерлері тек өз табиғатына, дәрежесіне тән сөздерді сөйлеп оларды толғайды. Шағын әңгімеде шашырап жатқан ой, оңды-солды пайдаланған сөз жоқ. Әдеби шығармада кейіпкер болмысын кесектеп, ішкі жан сырын ашуда айрықша рөл атқаратын түс ішкі монолог ретінде көрініс тапқан. Әңгімені әсерлі етіп, оқиғаны қоюлатып отырған түс – автордың үлкен табысы» [14,77 б.]. Түс - мифтің бір түрі. Саналы жаратылысқа тән қасиет болғандықтан, түс арқылы жазушы аз сөзге көп мән сыйдырады. Ж.Дәдәбаевтың айтқан пікірі осыны меңзесе керек. Сонымен бірге, О.Бөкейдің де «Жасын» атты әңгімесін түс тәсілі арқылы жазуының сыры осында.

«Оң қол» әңгімесіндегі бақытсыз қыздың арғы аталарының бірі өзін-өзіөлтірмекболып, бірақ идея іске аспай қалған. Генетикалық кодқа жазылған өлім әңгімеде былай берілген: «Оң қол Алмаға тек қалың ұйқы құшағына енгенде шабуыл жасайды. Яғни өзіне қанша түсініксіз болғанмен, өзін-өзі өлтіру ниеті қыздың миында бар деген сөз. Бірақ ол ниет кімнің ниеті, қайдан келген. Алманың бүкіл өткен өмірін, мінез-құлқын, адамдармен қарым-қатынасын зерттей келіп, мұны өз басынан туған ниет деуге себеп таба алмадым. Бұл қалайда қанмен, тұқым қуалап келген ниет. Науқастың шешесі, иә әкесі, иә әкесінің әкесі бір кезде өзін-өзі өлтірмек болған. енді олар әлдебір құпия заңдылықпен Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті» [16, 317 б.]. Енді генетикалық ақпаратқа енген осы идея пәленбай ұрпақтан кейін қыздыңжадында жаңғырып, ақыры жүзеге асып қыздың мерт болуымен аяқталады. «Оң қол» әңгімесінде автор идеясы – жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық іс-әрекеттер мен жауыздықтың түп-төркіні - ой мен соны іске асыратын қол. Жаман істің ойға келіп, бірақ іске аспаса да оның өзінен кейінгі болашағының генетикалық кодында сақталып, кесел болып жабысатынын автор әңгіме арқылы жеткізіп отыр.

«Бассүйек» атты әңгіменің желісі Хамит деген жас мүсінші-антропологтың мүсінді жасау кезіндегі ізденістері мен қиыншылықтары жайлы өрбиді. Хамитті атақты Герасимов сынды ғалым мақтап, оның дәрежесін өсірген болатын. Бірақ сол Хамит бүгін бір мүсін жасауда қатты қиналуда. Жасаған мүсінін достары жақсы баға бергенімен, халық бұл еңбекті мүлдем ұнатпайды. «Әсіресе, мүкіс құлағын қалқалап, түсінсін-түсінбесін қолын көлегейлеп қарап: «Қайдам, шырағым», - деп тұрған Мұқаш шалдың бейнесі көңілге қона кетті. Кенет қиқулана жымиып: - Мынау біздің милиция Оқап секілді екен, - деп, болмаса: - Ал былтыр өлген әкесіне бухгалтер Ермек әшекейлеп күмбез орнатты, көрдің бе?- деп, әлдекімдерді сыпырта боқтап отырған сахарға салып алғандай аппақ шалдың іші-тысы түгел танылғандай», «Мүсінді ел көзіне – ортаға қойғанда күтпеген жағдай болды [16, 321-322 б.]. Жиналған халық тас мүсінге аз-кем үнсіз қарап қалды да, артынша бәрі бірауыздан:

- ... Жоқ, бұл Жаубөрі емес, Жаубөрі мұндай болуға тиісті емес, - деп

шу ете қалды.

Хамит алғашында бұған қысыла қоймаған. - Мен мұны тек антропологиялық өлшемдер мен математикалық дәлдікке сүйеніп жасадым, - деп дәлелдеді ол отырған жұртқа. – Мен көркемөнер мүсіншісі емеспін. Мен мүсінші-антропологпын. Сондықтан Жаубөрі образын емес, антропологиялық пішінін ғана сақтауды мақсат еттім.

Ұзын бойлы көзілдірікті арық жігіт түрегеліп, Хамитке тесіле қарады.

-Егер жирафтың мойнының ұзындығын алып тастаса, ол жираф

болар ма еді?- деді көзін аудармай.

-Әрине, болмайды.

-Ендеше Жаубөрінің кескініндегі батырлықты алып тастаса, ол даЖаубөрі болмайды. Сізде солбырайған ауыз, мұрыннан басқа түк жоқ.

-Жоқ, мен антро...- деп Хамит бірдеңеге дәлелдемек болсада, санасының түкпірінде өзінің бірдеңеге түсініп қалғанын сезе кетті.

Тіпті қайдағы бір студенттің:

-Батырдың қабағы төмен салбырамайды, шаншылып тік тұруға тиісті,-деген сөзінің де біртүрлі жаны бар секілді.

-Сіздің мынауыңыз маска,- деді тағы да көзілдірікті жігіт. – Маскада ешқандай кескін болмайды. Өйткені онда мағына жоқ»,- деген жолдар Хамиттің жасаған мүсінінің сәтсіздігін баяндаған »[16,309 б.]. Хамит сәтсіздігінен кейін бассүйекті апарып орнына қоймақ боп жүргенде, Жаубөріні түсінде көріп, бұл апарып тастау ойынан айниды. Автор бұл әңгімеде де түс көру тәсілін қолданады. Белгілі ғалым, ф.ғ.д. К.Сыздықов: «Кейіпкер де автордың өзі сияқты жоғары оқу орнын бітіріп, таңдаған мамандығынан біршама мол мағлұмат алып, енді сол іштей жиналталған дайындықтарымен өз бетінше творчествалық еңбекке алғаш бой бұрған тұсы болуы керек» дей келіп, «Өзгені танығың келсе, өз ішіңе үңіл, өзіңді білгің келсе, басқаларды бақыла» -деген Ә.Науаи сөздерін тілге тиек еткен. Түптеп келгенде, бұл өзін-өзі тану - өзін-өзі жазу. Яғни, мұнда автор кейіпкерінің жан дүниесін, сезім құбылыстарын үнемі іштей кеулеп, қадағалап, соны ашып көрсетеді» - деген пікір айтады. [15, 150-151 б.]. Автордың айтпақ болған ойы К.Сыздықов пікірінде анық көрсетілді. «Бассүйек» әңгімесіндегі автор түйіні – әр адам өзгені тану үшін өзін тануқажеттілігі. Қанша мықты адам болса да өзін тани алмаса, өмірден бос өткені анық.

Келесі әңгіме - «Қонақтар» шығармасы. Тақырыптың өзі символ ретінде алынғандықтан, онда көптеген ой жатыр. Негізінен, бұл әңгіме кемпір-шалдың жалғыз ұлы жайлы өрбиді. Абайдың «Баламды медресеге біл деп бердім, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім» деген өлең жолдарындағыдай жалғыз ұлын оқытқан, «Адам болам десең, алдымен орыс тілін меңгер» дегендей орыс тілін үйреткен ата-ананың халдері баяндалған. Жалғыз ұлдарының орыстың қызын алып, немересін ауылға тастамай, орыс мектебіне беремін дегенін естіген қарт ата-ананың басындағы мүшкіл жағдай - қазіргі мына заманның ащы шындығы. Қаламгер идеясы осы ащы шындыққа негізделген. Бұл шындық әңгімеде былай көрінген: «Ертеңіне тұрысымен Сапабек қайтуға жиналды. Әке-шешесіне алған базарлықтарын, біраз жинаған ақшаларын қалдырды.

- Осының бәрі Томаның жинап жүргені. Сіздерге де осы шыбын-шіркей болып жүреді. Мен болсам қалтама түскен затты сол күні құртам ғой, - деп қояды. Осыдан барысымен посылка салатынын айтты. Одан соң:

-Ал, енді мына балаларың,-деді Жеңісті көрсетіп, - бір түйір қазақша білмейді, - чемоданының аузын жаба алмаған болып біраз қиналды, - таттанып қалған ба немене?... Ал енді оқу уже басталып қалды. Бұл арада орыс мектебі жоқ. Мұны қалай оқытамыз деп отырсыздар? Биыл жетіге келді.

Ерекең төмен қарап, үн-түнсіз ұзақ отырды.

-Алып кет өзіңмен бірге, -деді бір кезде даусы қарлығып. – Оқыт, өзіңдей қаңғыбас етіп шығар.

Сапабек тағы да қынжыла күлді.

-Ой, көке-ай, мені бір баласырап барады деп ойлайсың ба? Орыс мектебінің жоқ екенін айтып отырмын ғой. Әйтпесе ...

-Бар, бар, алып кет, - деді Ерекең. - Жолдарың болсын!» [16, 301-302б.]. Сапабек сынды санасыз ұрпақ жайлы Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында сөз еткен. Бұл жердегі ерекшелік «Боранды бекет» романында Сәбитжан шешесін жерлеуге келгенде бейітке емес, темір жол бойына жерлеуді ұсынған. Ал Сапабек өлімге келмесе де, ата-анасын ажалсыз өлтіріп кетті. Бұл тақырып Т.Әбдікұлы заманындағы жазушылардың да тақырыбы болғаны сөзсіз.

«Қайырсыз жұма» әңгімесі – кресло жайлы туындысы. Бұл жерде кресло – синехдоха. Кресло деу арқылы біз билік, мансап, атақ-даңқты сөз етпекпіз. Бұл әңгіме Әбен Ілиясовичтің бір күнде креслодан айрылып, қарапайым адамдар қатарына қосылуы туралы жазылған. Өз күшімен жеткен бұл орыннан ағаларының жоқтығынан айрылуы оның жүрегін ауыртады. Орнынан айрылған сәттен бастап ойға шомып, үйіндегі дүниеқор әйелін, нашақор ұлын ойлап күйзеліске түседі. Күйзелістің соңы жүрек инфарктісіне әкеледі. Биліктен түскен Әбеннің ішкі сөздері мынадай: «Билік дейді-ау, кімде бар ол билік? Министр түгілі әлгі хатшың да жоқ. Манағы қалт-құлт етіп қалған Қойбағаровтан оның артық жері қайсы? Қайта хатшыға қарағанда Қойбағаровтың ұйқысы да, жүйкесі де тынышырақ шығар. Тіпті сол билік біріншіңнің өзінде бар ма екен? Біреуге күжірейіп, біреуге кішірейген заманда билік туы тігілген жер біздің көзіміз жететін жерде емес. Осыны білсек, кінәласудың орнына бір-бірімізді аяйық» [16, 286-287 б.]. Билікте отырған жоғарылардың да қолында жоқ билік туралы жазылған бұл сөздердің астарында біраз мағына жатыр. Билікте биікке шығу қиын болғанымен, одан түсу бір секундтың жұмысы екен. Сонымен бірге, шенділер билікте жүремін деп баласының да тәрбиесін, өмірінің кейбір сәттерін жібергенін түсінеді. Бұл өкініш Әбеннің тұла бойын өртеп жатыр.

Билік жайлы, биліктегілер жайлы жазу көп жазушының қаламына негіз болмаған. Мүмкін бұл тақырыпқа бой алдыру Т.Әбдікұлының да билікпен қатысты өмір кезеңдерінен көрген-түйген ісі шығар. Әңгіменің түйіні – билік ол қашанда билік, адам оның құлы болып кеткенін одан айрылғанда түсінеді. Түсінген сәтте барлығы өз бояуын басқа бояумен араластырып, сіңіп кеткенін ғана көріп, «Қап!» деп санын соғумен аяқталады.

Автордың ерен туындысы – «Парасат майданы» повесі. Повесть «Күнделік иесі» мен «Бейтаныс құрбы» арасында өрбіген диалог бойынша жазылған. «Парасат майданы» шығармасының тың жаңалығы – мифтік ойын, мифтік иллюзия. Ә. Нұрпейісов: «Ағымнан жарылып айтайын, өткен жылы Т.Әбдіковтің «Парасат майданы» повесін оқып шығып ай бойы әлде бір сиқырлы әлемге арбалғандай күйде жүрдім. «Қазақ әдебиеті тіршілігін тоқтатты деп кім айтты? Жоқ, ол тірі, мұндай ғажап туындыны дүниеге әкелген әдебиет өмір сүре береді» деген жүрекжарды лебізімді дүркін-дүркін қайталаумен болғаным есімде қалыпты», - деп, баға беріп ғана қоймай, қаламгердің ерекше стилін тілге тиек еткен [17,34 б.]. Повесть өз бойына модернистік әрі постмодернистік үлгіні, диалог арасындағы интертекстуалдық өрістегі тартысты, сананың екіге айрылуы, кері оралыс сынды көркемдік құралдарды жинаған. Ең бастысы - философиялық шығарма. Сол себепті, оқырман бұл шығармаға бірнеше рет қайтып келеді.

Күнделік иесінің жан ауруымен ауруханаға түсуі оның адамдарға аяушылықпен, жанқиярлық сезімдерімен күресінен түскен. Бейтаныс құрбы – оның Иньнің Янды, Янның Иньді толықтырып тұратын заңдылығы іспетті. Қоғамдағы сұрақтарға сұрау салып, жауап алып жүрген күнделік иесінің ішінде тағы бір адамның барын білгенде, ол өз-өзіне қол жұмсайды. Өйткені, оның ойынша, оның бейтаныс құрбысы террористтік ұғымдардың иесі.

Шығармада «Оң қол» әңгімесіндегідей тұлғаның екіге жарылуы, дәрігерлер көмегі, палатадағы арпалыс, өлім сынды элементтер қайталанады. «Парасат майданы» повесінің «Оң қол» әңгімесінің кеңейтілген нұсқасы болу ықтималдығы жоқ емес. Өйткені, оқиға желісі, автор идеясы бір-бірін жалғаған. Әйтсе де, «Парасат майданы» повесінің айтар ойы мен идеясы тереңірек. "Құрметтi Бейтаныс құрбым! Кiршiксiз тазалықты талап ететiн ұғымдар бар. Мәселен: махаббат, арұждан, мұрат, әдiлдiк, адалдық т.с. Сәл-пәл арамдық араласқан адалдық, сәл-пәл әдiлетсiздiк араласқан әдiлдiк, сәл-пәл алаяқтау махаббат болмайды. Олар иә бар, иә жоқ. Мұны абсолют десең де, демесең де, негiзгi мағынасы осы. Ал iзгiлiк мұратының табиғаты туралы өткен хатта өз дәлелдерiмдi толық келтiрген болатынмын. Оны қайталап жатпаймын. Айтарым, iзгiлiк мұраты күн сайын өзiнiң орындалуын талап етiп отыратын заң емес, ол заң секiлдi жағдайға қарай өзгерiп, кезең сайын толықтырылып отырмайды. Мұрат - баратын жердi емес, жүретiн бағытты көрсетушi темiр қазық iспеттi рухани жұлдыз. Сондықтан адамның өзiнiң кемшiлiгiнен туындайтын жердегi берекесiздiктi көктегi жұлдыздан көрудiң ретi жоқ.

Жердегi өмiрдi жақсарту үшiн мұратты емес, адамды жөндеу керек, адамды», «Өмір – күрес. Адамдар алдымен қара күшпен күресетін болды. Одан кейін неше түрлі қару-жарақ ойлап тауып, соғыс ашып, халықтарды жаппай қырғынға ұшыратты. Енді, қатері одан кем емес, ақыл-парасат майданы шықты. Егер бұл майданда ізгілік жеңіске жетпесе, адамзаттың рухани күйреу дәуірі басталды. Одан құтқаратын күш жоқ. Сіз маған ізгілікке қалай сенсеңіз, зұлымдыққа да солай сеніңіз депсіз. Құрбым-ау, олардың өмірде бар екенін мойындау сенім қой. Сенім деген сол екеуінің біреуінің адам үшін қымбат екенін, артық екенін мойындау». Достоевский: «Сенім жоқ жерде – ізгілік те жоқ»,-дейді. Сонда бұл қандай сенім? Ізгіліктің болмыста бар екеніне ғана сену ме? Жоқ, бұл – ізгіліктің жеңісіне деген сенім. Ізгілікке сенім артпаған адам ешқашан да жасай алмайды. Сіз тағы да ештеңеге «жақсы», «жаман» деп айдар тағуға болмайды депсіз. Адам баласының хайуандар әлемінен жоғары тұруы әлгі «жақсы» мен «жаманды» айыра алатын парасатының арқасында ғана емес пе. Егер біз осы екі ұғымға лайықты айдар таға алмасақ, адамгершілік деп аталатын ұлы шариғат та тумаған болар еді» , - деген жолдардан түйетін нәрсе – әлемде не болса, адамға тікелей байланысты [18,6 б.]. Автор идеясы да жоғарыдағы сөздердің ішінде жатса керек.

Әлемді қатыстырып жазылған шығармалардың бірі – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі. Повесть астарында ұлттың жойылуы, санасыздық, дәрменсіздік, жауыздық жатыр. Эдуард Бейкер сынды мықты хирургтың шыққан тегін ұмытып, ал тайпа халқының күн сайын құрып келе жатқандығы повесте терең сипатталады. Журналисттің себепкерлігімен туған еліне сапар шеккен мықты хирургтың өз тайпасының соңғы адамын аман алып қалмағаны – ойлантарлық жағдай. Атағы жер жарса да өз тайпасының адамын өлтіріп алуы оның атағының бес тиын екенін дәлелдеді. Доктор Бейкердің туған елі, жері туралы мәліметтер айтылмайды. Өйткені, Бейкердің әке-шешесі елінің байлығына сұқтанғандардың құрбаны болып кеткендіктен, ол асыранды бала және Африкадағы құрып бара жатқан араку тайпасының өкілі еді. Тіпті, Эдуард Бейкер де оның шын есімі емес. Оның аты – Кияку, ал Эдуард есімін асырап алушысы қойған еді.

«-Бұрын бұл тұста қанша индеец тұрған?-деді сигарет ұстаған саусақтары қалтырап.

-Қанша болғанын дәл айту қиын. Осыдан 100 жылдай бұрын шамамен осы жердегі тайпада 150-200 мыңдай адам болған..

-Қазір қанша?

-20 адам.

Доктор аузына сигаретін апара алмады.

-Қалғаны қайда? – деді меңірейіп, не сұрап тұрғанын өзі де түсінбей.

Миссионер докторға таңырқай қарады.

-Індеттен қырылып қалды ғой» – деген сөздерден санаулыұрпақтың індеттен ғана емес, соғыстан да қырылғанын біледі [16, 193].

Доктор Бейкердің өз ұлты жайлы айтылған ойларды автор шығармаға былай түсірген: «Доктор Бейкер миссионердің бұрынғы индеецтер туралы, олардың әдет-ғұрпы, ойын-сауықтары, әкімшілік-басқару жүйелері туралы айтқан әңгімелерін тыңдай алмады. Тағы да сол жалғыздық дерті жанын күйзелтіп, «тым болмаса, басына түскен қайғы-қасіретімді бөлісетін адам бар ма?» деп ойлады ішінен «Кім бар?! Әлде әділет жоқшысы, журналист синьор Палетелли ме? Әлде құрып жатқан тайпалардың тұрмыс-тіршілігін тарихқа енгізу үшін жан аямай еңбек етіп жүрген ұжданы биік ғалымдар ма? Әлде индеецтерді қорғау қызметінің негізін салған атақты, мейірбан генерал Кандидо Мариано Родон ба?.. Жоқ! Синьор Палетелли бөлісе алмайды! Үйткені оған араку да, ваура да, бороро да, шаванте де, каражо да бәрібір. Ол тек дүниедегі әділет заңының принциптері бұзылмауы үшін күресіп жүр. Жоқ! Ұжданы биік ғалымдар да бөлісе алмайды. Олар тек тарих пен ғылымның ақиқаттығы үшін, шындық үшін күресіп жүр. Жоқ! Мейірбан генерал Родон да бөлісе алмайды. Ол тек өз нәсілі үшін жанын кемірген ар-ұяттың әмірімен қызмет қылды. Өзін тарих алдында ақтау үшін күресті. Сонда араку тайпасының рухын оятып, түндер бойы ұйқы көрмей, азап кешетін, жаны ауырып, көзіне жас келетін, сағынатын, іздейтін кім? Ол – мен. Мен – Эдуард Бейкер. Басқа ешкім де емес. Мен! Мен! Мен!..» [16,193-194 б.].

Туған елден айрылуды тозаққа теңеген Т.Әбдікұлы бір тайпаның ғана емес, әлемнің проблемасын қозғағаны анық. Автордың осы шығармасының тасада қалуыоның өзге ел туралы жазғаны еді. Жазушының өзгенің басында жайт арқылы өзінің ұлтын сақтандыру туралы идеясын шамасы кейбіреулер түсінбеген сияқты. 30 жыл ешкім түсінбеген шығарма «Ф.Кафка атындағы алтын жұлдыз» сыйлығының иегері атанды.

Қорыта келгенде, 1.1, 1.2-кестеге сәйкес автордың барлық идеясы - қазіргі заманның басты проблемалары. Бұлай болуы да жай емес. Себебі, оқырман қоғамда бар, заманда бар, тіпті, өзінде бар қажеттілікті кітаптан іздейді.

1.1-кесте. Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар

Автор идеялары Шығарма атауы
Жақсылық атаулымен қатар жүретін зұлымдық, жаман іс-әрекеттер мен жауыздықтың түп-төркіні - ой мен соны іске асыратын қол. «Оң қол» әңгімесі
Әр адам өзгені тану үшін өзін тану қажеттілігі. Қанша мықты адам болса да өзін тани алмаса, өмірден бос өткені анық. «Бассүйек» әңгімесі
Ұрпақтың ұлттық құндылықтардан айырылу, өзге ұлтқа үйленген жастардың тағдыры және тілден айырылуы «Қонақтар» әңгімесі
Билік ол қашанда билік, адам оның құлы болып кеткенін одан айрылғанда түсінеді. Түсінген сәтте барлығы өз бояуын басқа бояумен араластырып, сіңіп кеткенін ғана көріп, «Қап!» деп санын соғумен аяқталады. «Қайырсыз жұма» әңгімесі

1.2-кесте. Т.Әбдікұлы шығармаларындағы авторлық идеялар

Авторлық идеялар Шығармалары
Адамды жөндеудің жолдары, адамның адам болып қалу тәсілдері қашанда актуалды «Парасат майданы» повесі
Туған елден әрі жерден айрылған елдер жайлы жазу арқылы сақтандыру «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі

Наши рекомендации