Тілдік қатынас және когнитивті тіл білімі

Бүгінгі таңда адам факторы өзекті болуына байланысты тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Мұнда тілдің объективті (сөз субъектінің адресатқа ойын жеткізуі, хабарлауы) және субъективті (адамның тілдегі бейнесі) жағына ерекше мән беріледі. Когнитивті тіл білімінің дамуына байланысты тіл мен ойдың арақатынасы жаңа қарқынмен зерттеле бастады. Когнитивті тұрғыдан алғанда, тіл мен ойлау адамның танымдық қызметінің нәтижесі болып табылады. Бұл бағыттағы зерттеулер адамның болмысты қалай концептуалдандыратыны туралы мәселеге жаңа қырынан үңілуге жол ашып, концептуалдау теориясының дамуына негіз болды. Мұндай зерттеулер тілдің ақиқат болмыс туралы білімді сақтап, жеткізуші ретіндегі қызметін ескере отырып, тілдік категориялар мен олардың құрылымдарын жаңаша сипаттауға мүмкіндік береді. Алайда бұл мәселелер тілімізде енді ғана қалыптаса бастаған, бұрын-соңды мүлде сөз болмаған мәселелер деуге болмайды.

А.Байтұрсынұлы еңбектерін талдау арқылы ғалымның тіл жүйесінің негізгі концептуалды құрауыштарын көрсетіп, олардың грамматикада көрініс тапқан ұғымдар (және концептілер) құралатынын түсінгенін, «когнитивті лингвистика», «морфологиялық концепт» т.с.с. атауларды қолданбаса да, бұл саланың өзіндік ерекшелігін терең зерделегенін байқаймыз. Ғалым зерттеулерінде адам сөйлермен, өзіндік әлемі, өзіндік дүниетанымы бар саналы жан ретінде сипатталады. А.Байтұрсынұлы тіл ойды жарыққа шығару құралы болумен қатар таным әрекетіне өзіндік таңбасын қалдырып отыратынын ескертеді.

Тілде көрініс таба отырып, білім адамның ойлау қызметінің нәтижесін көрсетеді. Ойлау әрекеті тіл арқылы жүзеге асады, ойымыз тіл арқылы жарыққа шығып, басқаларға жеткізіледі. Сол себепті А.Байтұрсынұлы: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек», – деп жазады [1, 343-б.].

А.Байтұрсынұлы еңбектерінде тіл мен сана, тілдік сана, тіл мен таным, ұғым, концептуалдау және категориялау, сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары, грамматикалық мағынаның сипаты т.с.с. мәселелер жан-жақты сөз болған. Ғалым тіл мен ұлттық ділдің өзара қатысы туралы былай дейді: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [1, 142].

Ақиқат болмысты танып-түсіну нәтижесінде жинақталған ақпарат тілде көрініс табады. Ғаламның тілдік бейнесі негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданылып отырады. Адамның болмысты тану, түсіну нәтижесінде жинақтаған білімі тілдік бірліктерде көрініс табады. Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды. Адамның танымдық әрекеті – ақиқат болмысты тануға, қоршаған ортаны түйсініп, жинақталған білімдер негізінде әлемдегі орнын түсінуіне бағытталады. Адам қашанда әлемді танып, өз орнын айқындауға талаптанады. Тіл – сөйлерменнің дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтін құрал, ерекше ұлттық ділдің көрсеткіші, мәдениеттің негізі. Тіл – адам санасының көрсеткіші. «Тіл – мәдениет – этнос» мәселесінде этномәдени сананың орны ерекше. Этномәдени сана – белгілі бір қоғам үшін әлеуметтік мәні ерекше болатын білімдер жиынтығы, ол тіл арқылы көрініс тауып, сақталып отырады. Себебі тіл, мәдениет, этнос өзара тығыз байланысты. Тіл – мәдениеттің құралы, құраушы бөліктерінің бірі болумен қатар белгілі бір тілдік ортада дамитын этникалық тұлғаның өзегін құрайды. Әрбір сөйлермен мәдениетті жеткізуші болып табылады, тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде де қолданылып, ұлттық мәдениеттің ерекшелігін білдіреді. Сан ғасырлар бойы жинақталған білім қоры салт-дәстүр, дағды біліктер, ойлау ерекшеліктері, дүниетаным белгілі бір этникалық мәдени қауымдастыққа тән сипат алады. Тілдік таңба этнотілдік сананың көрсеткіші болып табылады, мәндер жүйесі этномәдениет жүйесін айқындайды. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Біз қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады. Бүтін пікірін айтып шығатын әңгіме ішінде түгіл, жалғыз ауыз амандасу жүзінде де әркім әртүрлі сөз қолданады. Мәселен, біреу «амансыз ба?» деп, біреу «есенсіз бе?» деп, біреу «сәлемет жүрсіз бе?» деп, біреу «күйлі, қуатты барсыз ба?» деп амандасады. Бәрінің де ой мақсаты бір, бәрінікі де амандық білу, амандық сұрау, бірақ әркім әртүрлі сөз қолданып, өзінше сұрайды», – деп жазады [1].

Тіл мәдениеттің дамуына ықпал етіп отырады. Белгілі бір этникалық және мәдени қауымдастықтың өкілі ретіндегі жеке адамның ойлауы тілге байланысты болады. Тіл – халықтың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Сол себепті тіл, әр ұлттың мәдениеті ерекше болады. Оларды біріктіруге, байланыстыруға болмайды. Мәдениет пен тіл белгілі бір этносқа тән ортақ заңдылықтарға байланысты болады. Тіл тағдыры мен этнос тағдыры өзара тығыз байланысты. Бұл орайда А. Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – деуінің терең астары бар. Тілдің табиғатын, өзіндік ерекшелігін түсіну үшін сөйлерменнің қандай ұлттың өкілі екеніне назар аудару қажет. Әр халық өзіндік ғалам бейнесін түзеді, әр халықтың ғаламның ұлттық бейнесі түрліше болады. Ғаламның тілдік бейнесінде белгілі бір тілдік қауымдастыққа тән түсініктер мен білімдер кешені тілде көрініс тауып, сақталады. Ғаламның тілдік бейнесі бірқатар өзгерістерге түскенімен, тұрақты сипатта болады, яғни әлем туралы білім белгілі бір құрылымға ие болып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады, сөйлермендердің тілдік санасы, ойлау жүйесі дәстүрлі түрде қалыптасқан категориялармен беріліп, сақталып отырады. Ғаламның тілдік бейнесі – халықтың болмыс туралы, тілдік таңбалар мен мәндерде көрініс тапқан түсініктер жиынтығы, ғалам туралы ақпараттың, сөздердің жүйелі мәндерінде белгілі бір тәртіпке келтірілген көрінісі.

Адамның болмысты түсінуі таным әрекетінің маңызды үдерістерінің бірі – концептуалдаумен тығыз байланысты. Ол адамның ақпаратты қабылдап, тәжірибесіндегі ең кіші бірліктерді айқындауына, заттар мен құбылыстарды концепт түрінде жіктеуіне байланысты болады. Бұл концептілердің негізгі бөлігі тілде сөз мағынасы арқылы бекиді, сол арқылы білім сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырады. Концептуалды мазмұн мен тіл екіжақты байланыста болады. Концептуалды мазмұнды тілдің көмегінсіз сипаттау мүмкін емес. Себебі санадағы құбылыстарды тіл ғана бейнелей алады. Осыған байланысты А.Байтұрсынұлы: «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де қызметін шама-қадарынша сөз өнері атқара алады, қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – деп жазады [1, 341].

Тарихи даму барысында танымның екі түрі – сезімдік және логикалықтаным қалыптасқан. Сезімдік таным адамның сезім мүшелері арқылы қабылдау, түйсіну қызметімен байланысты болса, логикалық таным ойлау нәтижесінде қандай да бір құбылыстардың мәнін, өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын айқындауға бағытталған. Тіл адам дүниетанымын білдіреді. Ғалам бейнесі – адамның түрлі сезім мүшелері (көру, есту, тері, дәм) қабылдайтын санасы арқылы түйсініп, ақпаратты өңдеу нәтижесінде түзіледі. Концептілер негізінен бейвербалды түзілім болып табылады. Оларға сенсорлық және моторлы репрезентациялар негіз болады. Сол себепті концептінің қалыптасуы үшін тілдің керегі бола қоймайды. А.Байтұрсынұлы еңбектерінде адамның сезім мүшелері түгел қамтылған: «Зат тегінде екі түрлі: біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз» [2]. А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі адамның сенсорлық қабылдауына қатысты жіктеулерін мектеп оқулықтарының авторлары ескеріп, деректі және дерексіз зат есімдерді топтастыруда сезім мүшелері түгел қамтылуы керек деп ойлаймыз. Бұл орайда «Қазақ тілі» оқулықтарында деректі және дерексіз зат есімдерді тануда сенсорлық қабылдау түгел ескерілмей жүргенін ескерткіміз келеді. Мұнда көз түйімі мен тән түйіміне (А.Байтұрсынұлының атауы – О.Ж.) мән берілгенмен, қалған қабылдау түрлері (дәм, мұрын, құлақ түйімдері) назардан тыс қалып келеді. Сол себепті қолмен ұстап, көзбен көруге болатын нәрсе атаулары деректі зат есім ретінде, «көзбен көрінбегенмен, адамның ойлауы нәтижесінде ғана танылатын құбылыс, ұғым атаулары дерексіз зат есімдер» ретінде сипатталған.

Наши рекомендации